Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында жолшылар шұңқырларды жамау және жолдарды таңбалау жұмыстарына кірісіп кетті. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы облысында бүгінгі таңда «Алматы – Нұр-Сұлтан» автомобиль жолының 45-59 шақырымында, «Алматы – Бішкек» жолының 25-27 шақырымында шұңқырларды жамау жұмыстары басталды. Жөндеумен қамтылған жолдардың жалпы ауданы 80 мың шаршы метрді құрайды. Аталмыш жұмыстар екі ай ішінде аяқталады деп жоспарлануда. Шараларға мамандандырылған техниканың 7 бірлігі мен 20-дан астам маман жұмылдырылған. Сондай-ақ, мұнда жолдардың қозғалыс бөлігін таңбалау, жарықтарды жою жұмыстары басталды.
Түркістан облысында «Жизақ – Гагарин – Жетісай – Асықата – Сарыағаш – Жібек жолы» жолында шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, жолдың қозғалыс бөлігін таңбалау, жол белгілерін орнату жұмыстары аяқталған.
Жамбыл облысындағы жолдардың 8 мың шаршы метрінде шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Жол қызметтері мұндай жұмыстарды «Алматы – Ташкент – Термез» жолының 239-240 шақырымында аяқтаған. Қазіргі таңда жолдарды таңбалау және жол бойын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 2020 жылы Қазақстан жолдарының шамамен 484 мың шаршы метрінде шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілмек. Жолдардың 28 мың шақырымы таңбаланып, 12 мың жол белгілері ауыстырылады деп жоспарлануда.