• RUB:
    4.88
  • USD:
    443.44
  • EUR:
    480.51
Басты сайтқа өту
Таным 16 Сәуір, 2020

Үкаша ата (142 мыңнан астам зияратшы-турист құдықтың құпиясына қанықты)

10368 рет
көрсетілді

Үкаша сахабаның арғы атасы Мұхам­мед­тің қауымдарына, үмбеттеріне, дінін жалғастырушыларына Алла тағала көп жеңілдіктер беретінін кітаптан оқиды. Сол кітаптарда жазылғандай, «Өткен жүз жиыр­ма мың тоғыз жүз тоқсан тоғыз пай­ғамбардың қауымдарын қияметте өзім сұрауға аламын, анасынан туғаннан өлген күніне дейін жауап бергіземін, ал соңғы пайғамбар Мұхаммедтің қауымдары, қай күні, қай жаста тәубаға келсе, мен сол күннен бастап анасынан жаңа­дан туғандай етіп, бүкіл күнәсін кешіп жіберемін. Қиямет қайымда Мұхаммед Мұстафа саллалаһу алейки уассалам (с.а.у.) өз қауымына шапағатшы, жаннатқа кіруіне жәрдемші болады», дейді Алла тағала.

Үкашаның бабалары кітаптан соны оқып: «О, шіркін, соңғы пайғамбар Мұхаммедтің қауымына үмбет болып сол заманда неге туылмадық екен, қиямет қайымда Мұхаммед пайғамбарымыздың шапағатымен жаннатқа кірер едік», деп арман қылып отырып, қалғып кетіпті де түс көріпті. Түсінде Алланың періштесі Жәбірейіл алейки салам (а.с.) аян беріпті: «Сіз өкінбеңіз, сіздің осы мұң-зарыңыз Аллаға жетті, ұйқыдан тұрғасын, Алладан Мұхаммедке дейін араңызды жалғастыратын ұрпақ сұраңыз және Мұхаммедке (с.а.у.) өтініш хат жазыңыз». Ұйқыдан тұра сала әлгі пақырыңыз: «Әй, Мұхаммед, мен сіздің дүниеге мың жылдан кейін соңғы пайғамбар болып келетініңізді өзге пайғамбарлардың кітабынан оқып білдім. Мен сізге ұрпақтарым арқылы сәлем жолдап жазып отырмын. Мен осы аманатым сізге жеткен күннен бастап сіздің үмбетіңіз болайын, Сіз менің қияметте, Алланың алдында сұрауға алғанда шапағатшым, жәрдемшім болыңыз», деп хат жазады. Сонымен арада бірнеше ғасыр мен қилы-қилы замандар өтеді. Бір күндері арманы орындалар уақыт жетіп, ата-баба­сынан келе жатқан аманат сәлемін Үкашаға тапсыру бұйырылады. Көнекөз қариялардың айту­ын­ша, бұл кісі де түс көреді. Түсінде Жәбі­рейіл періште аян береді: «Үкаша, тұр орныңнан, саған соңғы пайғамбар Мұ­хаммедке (с.а.у.) бұдан мың жыл бұрын өткен бабаларыңның аманат етіп кеткен сәлем хатын жеткізетін күн туды, соңғы пайғамбарды Меккеден табасың», деп санадан ғайып болады. Содан Үкаша ұйқысынан тұрып, қуа­ны­шында шек болмай түйесіне мініп, көз­ден аққан жасы жүзін жуып, Меккеге сапар шегеді. Содан тау асып, теңіз кешіп жолда бірнеше уақыт жүріп, Мұхаммедті (с.а.у.) Үкаша Меккеден іздеп тауып, ислам дініне кіріп, мұсылмандықты қабылдайды. Ата-бабасының аманат етіп, ұрпақтан-ұрпаққа жазып тапсырған шежіре аманат сәлемін Мұхаммедке (с.а.у.) тапсырады. Үкаша атаның қуаныштан жылағанын көргенде Мұхаммед (с.а.у) те қосыла жылап, Үкашаның алғашқы хат жазған ата-бабаларынан Үкашаға дейінгі ұрпақтың мұсылман болуын Алл­а­дан жалбарына тілейді. Алла тағала Мұхаммедтің (с.а.у.) тілегін, дұғасын қабыл етті, Үкашаның мың жылдан бері өзіне дейін мұсылман болғанын, қияметте шапағатшы болатынын айтқан Мұхаммед (с.а.у.): «Сенің бүкіл ата-бабаларың да, өзің де менің қауымым, үмбетім болдыңдар», деп Үкашаға бата береді. Содан Үкаша өзінің жолда келе жатып ойына, көңіліне бекіткен сертін айтады: «Сіздің табаныңызға кірген шөгір тікен менің маңдайыма қадалсын. Мен сіздің басыңызға төнген қауіпке кеудемді тосушы, қорғаушы болайын», деп, өтініш жасайды. Мұхаммед (с.а.у) Үкашаға ризалық білдіріп, өзінің әскери қолбасшысы етіп тағайындайды. Содан бастап Үкаша сахаба атанады. Үкаша сахаба Мұхаммедтің түйесін жетектеп жүретін ең сенімді батыры, қызметшісі болады. Мұхаммед алейки саламның әскері дұшпандарын жеңіп, Мекке-Мединада мұсылмандық орнайды. Арада талай жыл өтеді. Бірде Мұхаммедтің әскерлері жаумен кескілесіп, қырғын соғыс үстінде Үкаша сахабаның қылышы морт сынады. Үкаша не істерін білмей сас­қалақтап қалғанда, түйе үстінде отыр­ған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Үкашаға түйе айдайтын таяғын беріп: «Мә, мынаны ал да жауыңа сілте!», дейді. Сол уақытта Тәңірінің құдіретімен Алла елшісінің Үкашаға берген таяғы қылышқа айналып кетіпті. Үкаша сол қылышпен өмір бойы соғысыпты.

Бір күндері Мұхаммед пайғамбарымыз қатты науқастанып, ауырып қалады. Ішіп-жеуден де тыйылады. Сонда Мұхаммед (с.а.у.) Аллаға арыз айтыпты: «Я, Алла, менің шыдамым таусылды, бұдан арыға төзімім жетер емес, жанымды алсаң болмас па еді», деп өтініш айтады. Сонда Алладан Жәбірейіл періште арқылы хабар келеді: «Әй, Мұхаммед, Алла тағала саған сәлем жіберді, сіздің дертіңіз Алладан емес. Сіздің дертіңіз дініңізге қарсы дұшпандарыңыздан, олар сізге өлсін деп сиқыр жасаған, Алла тағала бұл дертіңе шипа берді, айығасыз. Енді қанша өмір сүремін десеңіз де өз еркіңізде. Осы дүниеде қаласыз ба, әлде о дүниелік боласыз ба, ойланыңыз», дейді Жәбірейіл періште. Мұхаммед пайғамбар ұзақ ойланып, жүзін төмен салып отырып қалады. Бір уақытта Мұхаммед пайғамбар Жәбірейіл арқылы: «Енді жылдан-жылға қартая түсем, ел болғасын дұшпансыз болмайды. Кешегі күні науқастанып жатқан уақытымда арман қылып едім, халқыма Алланың аманаттарын түгел жеткізе алмадым деп, міне енді сол армандаған күн туды. Бұдан кейін тағы ауырып қалсам күнім не болады? Қалған өмірімде Алламен бірге болайын, бірақ алдымда екі мейрам бар, Ораза айты мен Құрбан айтын өткізейін, со­дан соң Алла менің жанымды алсын», деп сәлем жолдайды. Ажал сәтінің таян­ға­нын сезген Пайғамбар (с.а.у.) мешітте соң­ғы құтпасын оқып: «Ей, жарандар, мен­де ақыларың болса алыңдар, – деді. Сонда топ ортасынан суырылып Үкаша ата ортаға шықты.

– Менің алашағым бар.

– Айт, – деді пайғамбар.

– Мен түйеңізді жетектеп келе жатқанда жауырынымнан шыбыртқыңызбен осып жібергенсіз.

– Ендеше, ақыңды ал, – деді Пайғамбар (с.а.у.) ыңғайланып.

– Жоқ, сіз менің жалаңаш етіме ұрған­сыз.

Пайғамбардың төрт шарияры қы­лыш­та­рын қаһарлана қынабынан суырды.

– Әй, қалаған дүниеңді ал, бітімге келсейші, – деп даурығысты. Алайда Үкаша ата алған бетінен қайтпады.

– Бұл дүниенің қарызын о дүниеге қалай арқалап кетейін, ал ендеше. Пай­ғам­бар (с.а.у.) шетке ығысып, жейде­сін көтерді. Мешіт іші ерекше нұрлы жарыққа толды. Пайғамбарымыздың қос жауырынының ортасында Алланың мөрі жанып тұрды. Еңірегенде етегі жасқа толған Үкаша аялап келіп мөрді сүйді.

– Тақсыр, әбестігімді кешірерсіз, менің көргім келгені осы еді.

– Үһ, – десті мешітке жиналғандар. Бұл Пайғамбарымыздың соңғы оқыған құтпасында болған жайт еді. Үкашаның ша­тыры тігілген жерге Алланың нұры түсті деп мұсылман дінін қабылдаған ха­лық­тар Үкашаның қабірі ретінде белгі қо­йып, бірнеше жерді ерекше қастерлейді. Үкаша сахабаның жамбасы тиіп, түнеген жерлерінің барлығына белгі қояды. Сол себепті Үкаша сахабаның қабірі жетеу деп айтылады. Үкаша сахабаның қабірі негізінен Қазақстанда, Түркістан қаласы Серт ауылының солтүстік жағындағы шағын шоқы етегіне орналасқан. Осы жерде Үкаша сахабаның басы түс­кен қасиетті құдығы да бар. Үкаша, Ер Қоян, Құттықожа сахабалар батырларымен келіп, мықтар мен тарсалармен Өгіз мүйісте (Өгіз мүйіс Жаңа­қор­ған­нан 20 шақырым жерде) алты ай соғысады. Үкаша сахабаның әскерлерін жау жеңе алмайды. Үкашаны атса, оқ өтпейді, шапса қылыш кеспейді. Осыған ызаланған қарсыластары айлаға көшеді де, Үкашаның жанды жерін білу үшін қар түскенде ізіменен аңдып келіп, Үкаша сахабаның тау арасында жасырына­тын үңгірін біледі. Содан бір мыстан жансыз кемпірді Үкаша үйінен шығып кеткенінде, қайыр сұраған бейнеде жібереді. Бүкіл сырды білу үшін кемпір Үкашаның есігін қағып, қайыр сұрайды. Үңгір ішінен жас келіншек шығып: «Неғып жүрген жансыз, шешей?», дейді. Сонда кемпір жылап қоя береді: «Менің балаларым соғыста қаза тапты, енді ешкі­мім жоқ, аштан қаңғып жүріп, адасып келдім», дейді. Бірнеше уақыттан бері шешесін көрмей жалғызсыраған келіншек жәдігөй кемпірге жаны ашып, үйіне кіргізеді. Үйіне кірсе, үйі кішкене үңгір екен, екі баласы бар. Содан кемпір Үкаша сахабаның үйіне жансыз болып жайғасады. Жас келіншекті жайлап сөзге тартып: «Сендер айдалада тау ішінде жүрген не қылған жансыңдар?», депті. Сонда жас келіншек: «Мен Иран патшасының қызы едім, Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбардың немере інісі Әзірет Әлі бүкіл сахабаларымен, әскерлерімен келіп, бізді мұсылман дініне кіргізді. Мені Үкаша сахабаға әйел етіп әперді. Қазір менің күйеуім бірнеше сахабасымен Өгіз мүйіз деген жерде тарсалармен соғысып жатыр. Жауды жеңіп, мұсылмандық орнағасын біз де ел боламыз», дейді. Кемпір жас келіншектің құпия сырын әрмен қарай алдаусыратып сұрай бастайды. «Иә, айтқаның рас шығар, бір батырың бірнеше әскермен келіп мына тарсаларды қойдай қырып жатыр. Бүкіл халық қаласынан шығудан қалды. Ол әскердің басшысын атса оқ, шапса қылыш кеспейді деп естідім, айналайын қызым, бұл сенің ерің екен ғой», депті. Сонымен бірнеше күн өткен соң Үкаша сахаба үйіне келсе, мұрны имек, жағы пышақтай, көзі шүңірейген, иегі қайқиған бір ұсқынсыз сұп-сұр сұмпайының отырғанын көреді. Үкаша сахабаның жүрегі дір етіп секем алады да, қылышын қынабынан суырып алып шауып тастамақшы болғанда, Үкашаның әйелі шапқызбайды: «Бұған тиме, бұл бір жүрген бейшара кемпір, ешкімі жоқ, бізге серік болсын деп кіргізіп алдық», деп араша түседі. Үкаша батыр әйеліне: «Менің жүрегім секем алып тұр, бұл жаудың жансызы болып түбімізге жетіп жүрмесін», дейді. Сөйтіп мыстан кемпірдің жаны әзер дегенде аман қалады. Тағы бірде Үкаша соғысқа кеткенінде мыстан келіншекті азғырады: «Сенің күйеуіңнің саған айтпай жүрген сыры бар, сен соны біл, оны неге атса оқ, шапса қылыш кеспейді, ол сені жақсы көрсе айтар еді», деп азғырады. Содан Үкашаның келіншегі ақыры азғыру алдаудың құрбанына айналады. Әбден мазасын алған келіншегі қоймай жүріп Үкашаға бар сырын айтқызады. Сахаба әйеліне: «Саған менің сырым сонша неге қажет болды екен, менің және екі ұлымның дәм-тұзы таусылатын уақыт жақындады-ау шамасы, сен білмей жүрген сырдың бары рас. Мен Алланың елшісі Мұхаммед алейки саламның екі жауырынының ортасындағы мөр мен Алланың салған нұрын сүйгенмін, сол нұр денемде сауыт болып тұрады. Маған ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді. Тек қана таң намазын оқыған кезімде, Аллаға жан дүниеммен тебіреніп берілетінім сонша, сол уақытта тіпті менің бір мүшемді кесіп кетсе де білмейтін күйге түсемін, айналадағы тасқа дейін балқып кетеді, – деп Үкаша әйеліне сырын ашып, – енді ешбір пендеге бұл сырымды айтушы болма, түгелдей құримыз», дейді. Әйелі сырын айтпауға Үкашаға уәде беріпті. Ертесіне мыстан кемпір жас келіншектен ерінің сырын тағы сұрайды. Келіншек: «Саған осы не керек өзі, жанымды қоймадың ғой қыңқылдап?», дейді. Сонда қуаяқ мыс­тан: «Жай әшейін айтқаным ғой, ол сені шын жақсы көрсе, неге сырын айтпасын?! Оның басқа жерде әйелі болу керек, әйтпесе саған неге сыр ашпайды», деп мысқылдап, жағымсыз күледі. Бұған ашуланған келіншек ызаланып, бар жайды жайып салады. Кемпір барлық сырға қаныққасын тарсалар ордасына қуанышпен хабарлайды. Сонымен бірнеше күннен соң жаулары таң намазын оқып отырған Үкашаның үстінен түседі. Шабуылдауға батпай тұрған әскерлерге кемпір: «Үкаша артына бұрылып та қарамайды, өйткені оның сендерден Алласы күшті. Сендердің найзаларыңнан да, қылыштарыңнан да қорықпайды. Шабыңдар басын», депті. Тарсалар патшасы: «Алласының күштілігін көрейін, жан­нан тәтті жоқ, қылыштан қорық­пай­тын жан жоқ, – депті де Үкашаға, – ар­тыңа қара!», деп ақырыпты. Аллаға қат­ты беріліп сыйынып отырған Үкаша мән бермейді. Оған ызаланған жау пат­ша­сы Үкашаның басын қылышпен шауып жібергенде, денеден үзіліп түскен бас айналып құбылаға қарап қалыпты. Одан сайын ызаланып қаһарланған жау патшасы: «Үкашаның басын қидалап шабыңдар!», деп әскерлеріне бұйрық беріпті. Әскерлер беттеген уақытта, жансыз басты періштелер домалатып, жоғарыдан төмен қарай ала жөнеліпті. Жау әскерлері атпен қуып жете алмапты. Үкашаның басы қырдың етегіне келгенде, Алланың құдіретімен қара жер қақ айырылып, Үкаша сахабаның басы отыз кез тереңдікке жер астына түсіп кетеді. Сонда жау патшасы: «Басты түскен жерінен алып келіңдер», деп бірнеше адамын құдыққа түсіреді. Сол сәтте қатты ағысты жер асты өзені пайда болып, бастың құбыла жаққа ағып беттегенін көріп, тарсалар қорыққанынан құдықтан әрең шығады. Содан соң жау­лары Үкашаның денесін қайта тіріліп кетер деген пиғылмен жеті, сегіз бөлікке бөліп, шауып тастайды. Жан досының қидаланып шабылған өлі денесін еңіреп жүріп жинаған Ер Қоян сахаба Үкашаның денесін түйеге артып, екі қырдан асқан соң «жау сүйегін қорламасын» деп құпия түрде жерлейді. Үкашаның шабылған денесін түсірген жерде түйесінің боздап иесін іздеп тасқа анық кіріп кеткен таңба ізі әлі күнге дейін бар. Үкашаның қаны тамған жерінің барлығын Ер Қоян сахаба таспен қалап көміп шығады. Сол себепті Үкашаның бейіті екі метрдей ұзын болып қаланған. Аңыз кейін Үкаша сахабаның басы жерасты өзенімен ағып барып, Меккедегі зәм-зәм сулы бұлақ астынан шыққанын айтады. Сонда сахабалар айтыпты: «Үкаша да бұл дүниеден өткен екен, Алланың құдіретімен Мұхаммед Пайғамбардың қасына жеткен екен», деп ақ жуып арулап, Пайғамбардың аяқ жағына жерлеген екен дейді.

Өткен жылы 142 186 зияратшы-турист Үкаша ата кесенесі мен құдығын тама­шалады. «Үкаша ата тарихы» музейі келушілерге есігін айқара ашты. Мұн­дағы музей экспозициясына 70-тен астам ар­­хео­логиялық, этнографиялық, құнды зат­­тар, фотолар және Үкаша атаға қа­тыс­ты деректі жазба жәдігерлер қойыл­ды.

 

Әбдікерім МАНАПОВ,

«Ясауи мұрасы» газетінің бас редакторы,

Берік БАЙБОЛОВ,

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі

 

ТҮРКІСТАН