• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Сәуір, 2020

Жаңа заң халықаралық қағидаттармен үйлеседі

848 рет
көрсетілді

Бүгінде «Бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» либералды және прогрессивті заң жобасы Сенаттың қарауына ұсынылды.

Ең алдымен, бұл заң жобасы адам құқықтары саласындағы халықаралық пактілерге, атап айтқанда БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы ха­лық­аралық пактінің 21-бабына сәйкес келеді. Онда ерік біл­діру құқығы қамтамасыз еті­ліп, «Бейбiт түрдегi жиналыс­та­р­ды өткізу құқығы танылады. Бұл құқықты пайдалану тек демократиялық қоғамның мем­­лекеттік немесе қоғамдық қауiп­­сіздiк пен қоғамдық тәр­тiп мүд­делерiн, жұрттың ден­сау­лы­ғы мен имандылығын сақ­тау және басқа адамдардың құқық­тары мен бостандықтарын қор­ғау қажет етiлетiн, заңмен көз­дел­­ген шектеулерден тыс шек­телуi тиiс емес» деп жазылған. Сон­дай-ақ митинг туралы заңда халық­аралық пактінің осы нор­ма­сын қайталайтын ҚР Конс­титу­­ция­сының 32, 39-баптары бас­шы­лыққа алынған. Жал­пы алғанда, заң жобасы Адам құ­қықтары мен негізгі бостан­дық­тарын қорғау туралы Еуропалық конвенцияның қағидаттарымен үйлеседі.

Заң жобасында мазмұндал­ған бейбіт жиналыстар өткізу презумпциясы – ЕҚЫҰ-ның «Бейбіт жиналыстар бостан­дығы жөніндегі басшылық қағи­даттарында» көрсетілген басты қағидаттардың бірі. Бұған қоса «бәрі рұқсат етілген, тыйым са­лынбаған» деген басқа қағидат та көрініс тапты. Заң жобасы – посткеңестік кеңістіктегі либералды құжаттардың бірі.

Көбі митингтерді тек саяси бағытпен байланыстырып жатады. Олай емес. Бұл – азамат­тар­дың конституциялық құқығын қор­­ғаудың кез келген түріне қа­тыс­­ты мәселе. Мәселен, эконо­ми­ка­лық, әлеуметтік, мәдени, білім бағытында болуы мүмкін. Оның бәрін түгендеп шыға алмайсың.

Заң жобасы бойынша арнайы орындар қалалардың орталық тұсында болуы, ұйымдастыру ыңғайлылығы, инфрақұрылым объектілерін пайдалану мүмкін­дігі, санитарлық нормалар мен ере­желердің сақталуы, жиналыс­тарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс.

Сонымен қатар заң жобасын­да арнайы орындардың болуы және жұмыспен қамтылуы туралы ақпараттың ашықтығы мен объективтілігін көздейтін тү­зе­тулер енгізілді. Осыған сәй­кес әкім­дік өзінің интернет-ре­сурсын­да осындай орындардың тіз­бе­сін және олардың жұмыспен қам­­тылуы туралы ақпаратты жа­риялауға міндетті болады.

Заңмен тыйым салынбаған кез келген жерлерде пикеттер өткізу мүмкіндігін бекіту ұсынылды. Ал тыйым салынған орындарға тек стратегиялық маңызы бар объектілер мен қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтауды талап ететін объектілер жатады. Мысалы, бұл теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілері, магистралдық құбырлар, байланыс желілері сияқты орындар.

Аталған құжаттан журналис­тердің қызметін реттейтін барлық нормалар алынып тасталды. Сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп туғызу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бұзу, мүлікке зиян келтіру, соның ішінде арнайы орынға шамадан тыс көп жиналу бейбіт жиналыс­тарды тоқтату негіздері ретінде нақты белгіленген.

Осылайша бәрі түсінікті және демократиялы өтті деуге болады. Көп жұмыс атқарылды. Заң жобасы көптеген кедергіге қарамастан едәуір жетілді. Заң жобасын әзірлеу барысында оның қоғамдық талқысына жұртшылық кеңінен белсенді қатысты. Азаматтық қоғамның заң жобасы жұмысына атсалысуы либералды және прогрессивті құжат дайындауға мүмкіндік берді. Бұл маңызды құжаттың жұмысынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері де қалыс қалған жоқ. Халықаралық сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері заң жобасы барлық алаңдарда толық, жан-жақты талқыланғанын көрсетті.

Бейбіт жиналыстар туралы заң қабылдауды Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ұсынды. Мемлекет басшысы бастама көтермесе, жаңа демократиялық реттеу болмас еді. Жақын арада жаңа заң қабылданып, көптеген мәселенің түйіні тарқатылады. Барлығы қауіпсіз әрі қолайлы болады. Көпшілік үшін митингтер әдеттегі үйреншікті жағдайға айналады. Оны уақыт көрсетеді.

Коронавирус індетінің әлегі­нен қашан құтыларымыз белгісіз. Егер қазір бұл заңды қабылдамаса, онда биыл күзге немесе келесі жылға қалып кетуі мүмкін. Онда жұрттың қынжылысын тудырған 1995 жылғы заңның нормалары күшінде қалар еді. Полиция немесе басқа мемлекеттік органдар болсын ескі заңның нормаларына бағдарлануға мәжбүр болады. Күз – саяси қарбалас, парламенттік сайлауға дайындық кезеңі. Оған дейін жаңа заңның қабылдануы оң ықпалын тигізеді. Сондықтан осындай ілгері жылжудың бол­ғаны жақсы.

 

Марат Башимов,

Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры