Адамды адам ететін, оның рухани дүниесі. Ынтымақтастық, құрмет, жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық, кемелдену, этика-әдеп, табандылық, отансүйгіштік, кішіпейілділік, сүйіспеншілік, жомарттық, әділдік, эмпатия, қанағат, тазалық, денсаулық, батылдық, ар мен намыс – адамның рухани дүниесіне жатады.
Осындай құндылықтар – бұл адам және қоғам үшін маңызды, адамдарға өмірдің қиыншылықтарына төтеп беруге көмектеседі, әлеуметтік шындықты реттеуге мүмкіндік береді.
ХІХ ғасырда ұлы ақын Абайдың «бес асыл ісі» мен философ Шәкәрімнің «Үш анығында» қазақ қоғамына қажетті құндылықтарды соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіріп береді. ХХ ғасырдың басында бірлік, тәуелсіздік, еркіндік, азаттық ұғымдары басты құндылық болды.
Алаштың ардағы, арысы, асылы, дауылпаз ақыны М.Дулатов:
«Көзіңді аш, оян қазақ,
көтер басты,
Өткізбей қараңғыда
бекер жасты»,
деп халқын азаттыққа шақырса, ендігі бір өлеңінде;
«Бірлік жоқ, алты ауызды
халықпыз ғой,
Қатардан сол себепті
қалыппыз ғой»,
деп бірлік пен ынтымақтың жоқтығынан қазақ қоғамының алауыз болғанына ашынады.
Бүгінде егемен еліміз Елбасының дара жолымен кезең-кезеңмен жаңғыру үстінде келеді. Бірінші жаңғыруда көгімізде көк Байрақты желбіретіп, Елтаңбамызды айшықтап, Әнұранымызды әуелеттік. Екінші жаңғыруда ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» мемлекеттік стратегиясын қабылдап, дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. Үшінші жаңғыруда әлемнің 30 озық елінің қатарына қосылу мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға кірістік.
Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде.
Бүгінгі білім жүйесіне жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойына сіңірген санасы ашық, саналы азаматты қалыптастыру міндеті қойылып отыр.
Саналы азамат дегеніміз – Төртінші өнеркәсіптік революция жетістіктерін және бірнеше тілді жетік меңгерген білімді, білікті маман.
Сананың ашықтығы дегеніміз – жаһандану мен жаңа технология өмірімізге алып келген өзгерістерді қабылдауға дайын болу деген сөз.
Елбасы қоғамдық сананы жаңғыртуға, ұлттың рухани құндылығын қалыптастыруға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялады.
«Рухани жаңғыру» – бұл жедел әрекет емес, барлығымыздың, әсіресе қазақстандықтардың жас буынының қоғамдық санасын жаңғырту жөніндегі ұзақ, іргелі жұмыс.
Сындарлы бағдарламалы мақаланың «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Жаңа адамгершілік білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру» жобалары арқылы сананы жаңғыртудың сара жолдары айқындалды.
Осы жобалар бойынша Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкерлері әзірлеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жағдайындағы Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылы 15 сәуірдегі №145 бұйрығымен бекітілді.
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде тәрбиенің сегіз бағыты берілген және оған адам бойындағы құндылықтар топтастырылған. Құндылықтар арқылы қоғамдық сананы жаңғыртудың алғашқы баспалдағы – мектеп. Қоғамдық сана мектепте қалыптасады. Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегені бүгінгі күні де өзектілігін жойған емес.
Сонымен бүгінгі күні қоғамдық құндылықтар қандай?
«Қоғамдық сананы жаңғырту аясында қазіргі заманғы қазақстандық қоғам құндылықтары» тақырыбында кезең-кезеңмен жүргізілген сауалдама қорытындысы ұят, ар, намыс құндылықтары бүгінде өзекті екенін анықтап берді.
Жаһандану жағдайындағы жастардың бойынан жауапкершілік, намыс, отансүйгіштік қасиетін көріп жүрміз. Әсіресе әлемдік ареналарда өнер көрсетіп жүрген спортшыларымыз жарқын үлгісін көрсетуде. Бұған әлемнің түкпір-түкпірінде өткен дүбірлі додаларда орын алған жайттарды мысалға келтіруге болады.
Аз-кем аялдап, өткенге ой жүгіртейікші. 2017 жылы Ресейдің Сочи қаласында самбодан өткен әлем чемпионатында, 2019 жылы Үндістанның Бангалор қаласында өткен Азия чемпионатында, 2019 жылы Араб түбегіндегі Әбу-Даби қаласында каратэден әлем чемпионатында техникалық ақаулар салдарынан еліміздің Әнұраны үзіліп қалған. Ар мен намыс сыналар сын сағатта жеңіс тұғырында тұрған спортшыларымыз Әнұранды іліп әкетіп әуелете шырқаған. Оларға дүние жүзінен жиналған жарысқа қатысушылар мен көрермендер ұзақ шапалақ соғып спортшыларымызға тәнті болып, құрметін көрсеткен. Бұл сәттерде қандай құндылықтар көрініс тапты?
Біріншіден, «Отан алдындағы жауапкершілік». Спортшы ел үмітін ақтап жеңістің биігіне көтерілді. Ел мерейін асырды.
Екіншіден, намыс. Әлем алдында туған елдің рәмізін қорлауға жол бермеді. Әділетсіздікке көніп тұра беруге спортшының намысы жібермеді.
Үшіншіден, шынайы патриотизм. Спортшының жеңіс тұғырына көтерілуі мен жанкүйерлер рәмізге құрмет көрсетуі жан тебіренткен көрініс.
Даңқты боксшымыз Геннадий Головкиннің өмірі толған өнеге. «Менің әкем – орыс, шешем – корей, өзім – қазақпын» деген спортшы шетелдік журналистерге берген сұхбатында шынайы патриот екенін тағы бір танытты. Сұхбат алушы даңқты боксшының ресейлік боксшыларға қатысты пікірін білгісі келді.
«Г.Головкин: – Мен Ресейден емеспін.
Журналист: – Қазақстаннансыз, окей!
Г.Головкин: – Ол Ресей емес, шатастырмаңыздар».
Осы бір қысқа ғана сұхбаттан отансүйгіштік, батылдық, шыншылдық құндылықтары көрініс тапқан.
Миллиондаған фанаттары бар отандық жұлдыздар осындай өнегесімен заманауи жастарды елжандылық, ынтымақ, бірлік, намыс, төзімділік, жауапкершілік сияқты аса қажет құндылықтарға тәрбиелеп отыр.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде спортпен қатар мәдениетіміз де қарыштап дамыды. Өнерпаздарымыз ел мерейін асырып, жер-жаһанға танылды.
Мәдениет әлемі – құндылықтар әлемі. Бұл күнде дүние жүзінің дидары Димаш пен Ержанға бұрылғаны шындық. БАҚ беттерінен, интернет желісінен ана тіліміздің әуезділігіне таңдай қағып, тамсанған шетелдіктерді көргенде, олардың қазақ әндерін қосыла шырқағанын естігенде төбеміз көкке жеткендей қуанамыз. Димаш пен Ержан арқылы Ұлы даламыз ән салып тұрғандай көрінеді. Әншілеріміз әлемде қазақ халқының талғамы биік, өнерпаз халық деген ұғым қалыптастырды десек те болады.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның жарқын болашағының іргетасын қалайтын жастар, өскелең ұрпақтың өткені мен болашағын айқын танитын саналы, толерантты болуы тиіс. Осы тұрғыдан бiлiм беру жүйесiнің басты міндеті – ең алдымен білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді өз бойына біріктіріп, ұштастыра білетін, өз елінің нағыз жанашыр азаматтары ретінде қалыптасуға тәрбиелеу. Елбасы сөзімен айтсақ, «мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ұлт болу» жолында мақсаты айқын, мұраты биік, саналы азамат қалыптастыру.
Болат БАЙҚАСОВ,
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері