«Ардагерлер туралы» Заңға 7 мамыр күні қол қойған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушы және Жеңіс күніне орай ұмытылмастай сыйлық жасады.
Бізге тағдыр 1991-2001 жылдар арасында тәжік-ауған шекарасында бұрынғы КСРО, қазіргі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының іргесін қорғауды бұйыртыпты. Осы бір беймаза аймақта әскери қызметін атқарған 250-дей бұрынғы жауынгер 2016 жылы бас қосып, «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар ардагерлері мен мүгедектері» Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық бірлестігін құрдық. Бірлестік мүшелері қарулас досымыз, 1995 жылы 7 сәуірде Пшихевар шатқалында болған ұрыста қаза тапқан жерлесіміз Радик Қаймолдиевті әрқашан мақтанышпен еске алады. Шымкентте құрылған 6506 әскери бөлімнің жауынгерлері күші әлдеқайда басым жаумен 5 сағат бойы арпалысып, 17 боздақ жанын қиды. Соның бірі – Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында туып-өскен сержант Радик Қаймолдиев болатын. Осы ерлігі үшін Радик ІІ дәрежелі Айбын орденімен наградталды. Бүгінде оның бейнесі 29 ауғандық жауынгермен бірге Орал қаласындағы Мәңгілік алау жанында, Жеңіс алаңына орнатылған.
Шыны керек, біз, тәжік-ауған әскери қақтығысына қатысқан жауынгерлер, осы күнді көп күттік. Міне, енді Тəжікстан-Ауғанстан учаскесінде ТМД шекарасын қорғаған əскери қызметшілер ғана емес, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан əскерилер де ардагер мәртебесін алды. Бұл мәртебе бізге түрлі әлеуметтік жеңілдік қана бермейді. Ең бастысы – біздің мәртебеміз өсті.
Қарулас достарымыздың бәрі де жаңа Заңға ерекше риза. Осы Заң арқылы енді біз мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы ала аламыз, біз де Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлерге көрсетіліп келген барлық жеңілдікті пайдалана аламыз. Бұл дегеніңіз – тұрғын үй кезегі, салық жеңілдігі, тегін медициналық қызмет, емдік-сауықтыру орындарына жолдама ғой. Біздің арамызда әлі күнге өз баспанасы жоқ көп балалы отбасылар бар, енді олар жаңа Заңның игілігін көретін болады.
Мен өзім 1992 жылы Чапаев аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, Жаркенттегі №2091 әскери бөлімінде борышымды атқардым. 1993 жылы 1 қыркүйекте 2 жеке атқыштар батальоны құрамында Душанбе қаласына жеттік. Одан әрі Хорог шекара бөлімшесіне, №6 заставаға түстік. Осы жерде 4,5 ай күзетте болып, әскери қақтығыстарға да қатыстым. Сондықтан мен үшін «Әскери қимылдар ардагері» мәртебесін иелену мақтаныш. Мен ең алдымен қарулас достарым үшін, осы шекарада қанын төккен, тіпті жанын қиған боздақтар үшін қуандым.
Дәрбек СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдар ардагерлері мен мүгедектері» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Батыс Қазақстан облысы