• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Мамыр, 2020

Еңбек пен ерлік елеусіз қалмайды

248 рет
көрсетілді

Жеңіс күні қарсаңында Президенттің «Ардагерлер туралы» Заңға қол қоюы игі қадам болды. Осы уақытқа дейін қоғамда Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысқандар туралы аз айтылған жоқ. Сондықтан да осы заң жобасы талқыланған сәтте чернобыльшілер ұйымдарының бастамасымен бірнеше мәселе көтерілді. «Ардагерлер туралы» жаңа Заңға сол ұсыныстарымыздың дені енгендігі қуантады.

1995 жылы қабылданған Заңда Чернобыль апаты зардабын жоюшыларды әлеуметтік қолдау туралы қарастырылған еді. Бірақ ол екі жылдан кейін тоқтап қалды да, біз заңы жоқ, мәселесі көп ұйымға айналып шыға келгенбіз. Атом зардабы ойыншық емес, оны жою­ға қатысқандардың көпші­лігі өмірден тым ерте кетті. Қазір қатарда жүргендерді де сырқат меңдеген. Осылай бола тұрса да кейде мәселемізді кімге айтарымызды білмей дағдарған кезіміз де есте. Сон­дықтан да жаңа Заңның қа­былдануы осы саладағы бар­лық құқықтық әрі әлеумет­тік кемшіліктердің орнын толтырды десек те болады.

Жаңа Заң бойынша біз соғыс ардагерлерімен теңес­тіріл­дік. Соған сәйкес жеңіл­діктер мен көмектер белгі­ленген. Бұл жерде ескере кете­тін бір мәселе, атом зардабын жоюға қатысқан азаматтардың дені жұмыс істемейді. Кезінде зиянды сәуле кесірінен көп­ші­лігі мүгедектікке шыққан. Бір зейнетақыдан басқа табысы жоқ. Сондықтан да арнаулы мемлекеттік жәрдемақының өскені кәдімгідей көмек.

Бұл Заңнан ардагерлердің жаңа санаттары қалыптас­ты­рылғанын көреміз. Отан со­ғы­сы, Ауғанстан соғысы арда­гер­­­лерімен қатар Тәжік­стан­да­ғы, Таулы Қарабахтағы қақ­тығыс­тарға қатысқандар да Заң аясында әлеуметтік қолдауға ие болып отыр. Бұл біздің қоғам­да ардагер еңбегінің елеусіз қалмай­­тындығын көрсетеді. 

 

Жұмабек ШАХАТОВ,

Қызылорда қалалық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрағасы