• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 17 Маусым, 2020

Екпе туралы екіұдай пікірлер сараланды

509 рет
көрсетілді

Қазіргі күні Парламенттің қарауындағы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің екпені міндеттеуге қатысты жаңа нормасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселе бойынша кеше онлайн форматта «Міндетті екпе: қолдаушылар мен қарсы болушылар» тақырыбында арнайы жиын өтті.

Аталған іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Денсаулық сақтау вице-министрі Люд­мила Бюрабекова және азамат­тық қоғам өкілдері, сарап­шылар, БАҚ өкілдері қатысып, екпені міндеттеу мәселесіне қатысты пікірлерін ортаға салды.

Алдымен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз алып, дәл қазір халықтың қауіпті жұқпалы дерттен амандығы басты назарда тұрғанын, бұл ретте вакциналау мәселесінің өте маңызды екенін атап өтті.

– Біздің министрлік қо­ғам­дағы ең өзекті, елдің ең қа­рама-қайшы пікір­лері то­ғыс­қан мәселелерді ортаға салып, осындай ой-талас алаңында тал­қылап, дұрыс тұжырымдар жинақ­тауды дәстүрге айналдырды. Бүгінгі тақырыбымыз – елді жаппай вакцина­лау мәселесі. Әңгіме ауаны «Ха­лық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасының алдын алу екпелерін салуға қатысты кейбір тармағы туралы болып тұр. Біз бұл тақырыпты өзекті болғаны үшін ғана таңдап алған жоқпыз. Аталған шараларды заңнамалық деңгейде бекітудің қажет екенін әрбір азаматқа түсіндіру аса ма­ңызды. Бүкіл әлем коронавирус індетімен күресіп жат­қан кезде вакциналаудың маңызын қайта бағалау күрделі екені сөзсіз. Оның үстіне вак­цина әзірлеудің оңынан бол­ғанын тағатсыздана күтіп отыр­мыз. Осы тұста екпеге қарсылардың идеялары мен пікірлерін де түбегейлі жоққа шығаруға болмайды. Өйткені олардың көбі екпенің өзіне емес, оның сапасына қарсы, – деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, жаңа кодексте аталған мә­селенің ерекше­ліктері ес­керіліп, жауапкершілік, оның ішінде сапасыз екпе үшін нақты тетіктер енгізіледі. Ол осы тұр­ғыда барынша сындарлы саясат қажеттігін, бұл болашақ ұрпақтың амандығы үшін маңызды екенін айтты. Сондықтан да осындай ортада мәселені жан-жақты талқылап, сарапшылардың түрлі пікірлеріне құлақ асу құптарлық қадам болды.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Люд­мила Бюрабекова кейінгі кез­дері әлеуметтік желілерде вак­ци­налау жиі қозғалып жат­­қанын, министрлік ала­ңын­да бірнеше мәрте өткіз­ген онлайн талқылауда екпе жасау­дың маңызын түсін­дір­гендерін мәлімдеді. Сондай-ақ ол осы жиын ба­рысында да ата-аналарды толған­дырған сауалдардың жауабы табылады деген ойын жеткізді.

– Вакциналау инфекция­лық ауру­лардан қорғанудың тиімді тәсілі болып отыр. Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша екпе жасау жыл сайын 3 миллионнан аса адамның өмірін сақтайды, – деді Людмила Бюрабекова.

Конференцияға мамандар мен сарапшыларға қоса ата-ана ретінде қатысқандар да болды. Солардың бірі елор­дадағы М.Горький атын­дағы театрдың әртісі Светлана Фортуна ата-аналар екпеден кейінгі асқыну жағ­дай­ларын зерттеуге біраз уақыт жұм­­сайтынын алға тартып, екпе­лер­дің құрамына қа­тысты ал­дын ала нақты ақпа­рат­тан­­дыру шаралары қарас­ты­ры­луы керек екенін айтты. Осы орайда ол екпеге қатысты бар­лық мәлімет қамтылатын үкі­меттік сайт құру туралы ұсы­нысын жеткізді. Онда ек­пенің құрамы, асқыну жағ­дай­лары, тиімділігі жөнінде то­лық мағлұмат берілсе, құба-құп.

Екпелердің құрамына қа­тыс­ты күмән туғанда әңгі­меге «Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйым­дар­ды сараптау орталығы» бас­қармасының төрағасы Ар­нұр Нұртаев араласып, вак­­цина өндірісі процесінің қалай жүргізілетінін, вакцина құра­мына не кіретінін айтып берді.

– Ұзақ уақыттан бері адъю­вант, протеин, қант, фор­­маль­дегид, сынап не үшін қолданылатынын түсін­діруге тырысып келеміз. Вак­цина әзірлеу үшін түрлі тұрақ­тан­дырғыштарды, инак­ти­ва­ция­ларды пайдалану қажет­тігі туындайтын өте күрде­лі био­ло­гиялық тізбек қажет. Айта­лық формальдегид вирустарды, полио­миелитті инак­тивациялау үшін пай­дала­нылады. Бірақ вакцина құра­­мын­дағы формальдегид көлемі өте аз. Адамдар су іш­кенде, тамақтанғанда фор­маль­дегидті әлдеқайда көп алады. Жан-жақты орталық­тандырылған зерттеулер бар. Олар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Органикалық зерттеулер де өте көп өткізіледі. Он­да­ған мың түрлі зерттеулер вакцина өндірісі бары­сында пайдаланылатын заттардың мүлдем қауіпсіз екенін көр­сетіп отыр, – деді ол.

Бұл ойды қостаған Денсау­лық сақтау министрлігі жа­нындағы қоғам­­дық кеңес­тің, Еуразиялық ме­ди­ци­налық қауымдастықтың төрайы­мы Надежда Петухова қазіргі вак­цина­лардың сапасы төмен емес еке­нін алға тартты.

– Екпеге қарсы шығып жүрген дәрігерлердің де тобы пайда болыпты. Олар аутизм жайында, екпеден кейінгі асқынулар туралы пікір біл­дір­ді. Вакциналау сіздің бала­ңыз­дың ғана емес, сонымен қатар бүкіл қоғамның қор­ғау­шысы екенін айтқым келе­ді. Қазіргі уақытта коро­на­вирус індетіне байланысты жағ­дайды көріп отырмыз. Егер біз бүгінгі таңда вакциналау маңызын жете түсіне алмасақ, онда екпе са­лын­баған, белгілі бір аурулардан қорғал­маған балалар көп болған сайын ұмытып кеткен инфекциялардың қайта шығу қаупі туындайды, – деді Надежда Петухова.

Нұр-Сұлтан қалалық №4 емханасы педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Виктория Виниченко вакци­налау арқылы кейбір ауру түр­лері толықтай жойылғанын, сондай-ақ елімізде екпеден бас тартатындар өте көп деген мәліметтің жалған еке­нін атап өтті. Оның мәліметі бойын­ша, 2019 жылы вакцинадан бас тартудың 6 003 фактісі тіркелді. Бұл – 1 па­йыздан да аз, яғни 0,12 па­йыз шамасын­да. Аталған мерзімде 4 841334 балаға екпе жасалды, соның ішінде иммундаудан кейін қолайсыз көріністер 143 балада (0,003) байқалды. 2019 жылы Қазақстанда жарақаттан көз жұмған балалар саны 1 200 болса, ал вакцинадан – 0.

– Екпе түрлі аурулардың өршуіне алып келеді деген сияқты әңгімелер негізсіз. Мәселен, ағылшын дәрігері Уэйкфилдтің қызылша, паротитке қарсы аралас вакцина аутизмді тудырады деген шулы жарияланымын айтуға болады. Дәрігер өзінің бақылауында болған 170 баланың 12-сіндегі аутизмге тән мінез-құлық пен сөз сөйлеуіндегі кемшіліктердің себебі қызылша, паротитке қарсы аралас вакцина болған деген қорытынды шығарады. Дәл осы қадағалау барысы бір ғана ғылыми жарияланымға негіз болған және ол кейінірек жал­ған деп танылған. Ал дәрігердің өзі мә­лі­меттерді бұрмалағаны анық­талды. Аталған жарияла­нымда бала­­лардағы аутизм белгілері екпе салынған­нан кейін бірнеше күннен соң пайда болғаны айтылады. Ал негізінде балалардың бойындағы мұндай белгілер екпе салынғаннан кейін бірнеше айдан соң білінсе, енді біреулерінде екпе салынбай тұрып аутизм белгілері болған. Сәл кейінірек доктор Уэйкфилдтің аралас екпеден бас тартуға мүдделі болғаны және аутизмі бар пациенттерді зерттеуге әдейі таңдап алғаны анықталды. Өйткені ол қызылшаға қарсы жаңа моновакцина шығаруға қатысқан. Уэйкфилд әре­кеті заңға қайшы әрі клиника­лық сынақ жүргізудің бар­лық ережелерін бұзады деп та­ныл­ды. Сондықтан Ұлыбрита­ния­ның бас медициналық ке­ңесі оны өмір бойы медици­на қызметімен айналысу құ­қы­ғынан айырды. Қазіргі уа­қыт­та вакциналау мен аутизм арасында байланыс жоқ деп саналады, – деді Ви­к­то­рия Виниченко.

Сонымен қатар бұл жиынға Парла­мент Мәжілісінің депутаты Зәу­реш Аманжолова қа­ты­сып, атал­ған кодекс жо­ба­сындағы екпеге қа­тыс­­ты өзгерістер жөнінде пікі­рін біл­дір­ді. Бұл кодексті талқы­лау ба­ры­сын­да 3 мыңнан аса ұсы­ныс түсіп, са­лыс­тырма­лы кестеде 1,5 мыңға жуығы қа­ралып, 717 түзету мақұлданды.

Сөз соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева екпе төңірегіндегі даулы мәселелердің түйі­нін тарқатуға осындай кез­десулердің септігі тиетінін, ай­тылған ұсыныстар мен сын-ескертпелер назарға алы­на­тынын айтты. Қорыта айт­қанда, денсаулықтың қаді­рін ұқтырған қазіргі қысыл­таяң шақта «Халық денсау­лығы және денсаулық сақ­тау жүйесі туралы» кодекс­тің азаматтардың аман­ды­ғын қамтамасыз етуге бағыт­талғаны анық.