• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Маусым, 2020

Көңіл төріндегі Қарабауыр

529 рет
көрсетілді

Ежелден көптің аузындағы Қарабауыр әңгімеге өзек болса, елең ете қаламыз. Бұл ауылдың тарихи жадымыздағы орны ерекше. Алдымен Қазақ елі тағдырында шуақты бетбұрыс жасаған хан Абылай заманы көңіл төрінде көлбей тұра қалатыны бар.

Ұлық баба Бурабайда хан көтеріліп, қырық жылдан астам билік құрғанда, көрегенге Көкше жұртшылығы ғана емес, өңірдің кеңқолтық табиғаты да қолдау-пана болғанын айтқымыз келеді. Жаугершілік уақытта алаңсыз саясат жүргізу айтқанға оңай. Сол мүмкіндікті Бурабай тауларына жапсар Қызылағаш, Қарабауыр жоталары жасап отырғанына тәнті боласың. Біздің қылаң бүр­кіт кәрі тарих Қарабауырдың жеті жотасында шырақ жанып тұ­ратынын айтады. Қиястан жау шаба қалғанда шолғыншылар алдымен дабыл көтереді. Ерте қамданған қазақ қолының шоқ­тығы биік тұратыны содан. Жоң­ғарға қырғын салған батырлар тынысын кеңейтіп, іргедегі Ораз­дың бұлағынан шөлін басатыны ғажаптың ғажабы деңіз. Сол жарықтық Ораз аталық бұлағы әлі күнге мөлдір суымен сылдыр-сылдыр сыр шертеді.

Қарабауырға жеткенімізше осы­нау бір өркенді өткеніміздің өнегелі құша­ғында едік. Бүгініміз де жарқын. Тәлімді тәрбиенің сөлі тарқамаған, Тәуелсіздік ұс­танымының ұстындары берік көрінді. Қиястау келген қайта құру талай ауыл­дардың қабырғасын қайыстырып, іргесін сөгіп кеткені рас-ау! Бірақ бұл ауылдардың жөні бөлек. Қарабауыр қуаттанып қалған, Қызылағаш Абылай хан атанып, айбаттанып тұр. Мә­селе – қазақы дәстүрді тәу еткен тұрғындарда, туған жерге деген ыстық махаббатын алау­латқан азаматтарда екендігі айқын. Жолбасшымыз ауылдық округтің әкімі Жеңіс Көбеновке деген ілтипатымыздың өсіп бара жатқаны да содан шығар. Бұл жігіт – туған елін тынбай жырлаған Қазақстанның халық ақыны Ғалия Жұбандықовтың ұрпағы, агроном ақын Нұрмияш Көбеновтің ұлы.

Ауылға кіреберісте қара джип қаңта­рулы тұр екен. Сұңғақ бойлы, ашаң жүзді, күлімкөз Жылқыбай ізетпен амандасты. Қазақы қалып­тағы ілтипатқа ішіміз жылып қалды. Өңірге әйгілі Төлеген жыл­қышы ұлына Жылқыбай есімін беруінде үлкен мән бар сияқты. Атакәсіпті жалғастырып қана қоймай, өндірістік сипатқа айналдыра білген жігітке бәрекелді дейміз іштей. Жотаны жағалай қонған ауылдың архитектурасында еркіндік бар. Аққұтандар келіп жапатармағай қонғанды елестететін үйлер шашырай жайылып жатыр. Малшы жұрттың қора-қопсысы мен аулалық өсім­дік жайы кеңінен көсілген. Қыстақ төрін­дегі қос қабатты зәулім ғи­ма­рат алыстан қол бұлғайды. Жыл­қыбай бізді сонда бастады. Төрге жайғасып, саумалдан су­сын басқанымызша отағасы Бурабай шипажайынан келген әріп­тестерімен кездесуге мұрсат сұраған.

Қалаға бергісіз үй тіршілігіне көз саламыз байқатпай. Мұнда тұрмысқа қолайлы жағдайлардың барлығы қамтылғаны көрі­ніп тұр. Қол шайғанда ыстық суы да суық суы да сарқырайды. Үй мен оның едендері шетелдік пешпен жы­лытылады екен. Теледидар, интернетіңіз қосылулы. Қабыр­ғада – үкілі домбыра. Бір қызығы, үй ішінде бізге бәйек болып жүрген Жылқыбайдың жары Сәуледен басқа ешкім көрінбейді. «Келін, бала-шаға аман ба?» деген сұра­ғымыздың аужайын түсінген ол: «Шүкір. Барлығы оны-мұны ша­руада ғой», деген жауап қат­ты. Осы кезде бөгеліңкіреген Жылқыбайдың мәселесі шешіле түссін деген тілектің үстіндегі бізді ол көпсалалы шаруасымен таныстыруға кірісті.

Иә, қазір кісінің үйде отырар жөні жоқ. Жылқыбайдың отба­сылық ұжымы 350 жылқы, еттік бағыттағы ірі қара мен қыруар қой өсіреді. Мал бүгінде ата қоныс – Көкөзек, Шөжек, Батпақ өзек аталатын шұрайлы жайлауларда бағылуда. Ауылдың отыз адамын тұрақты жұмыспен қамтып отырған Жылқыбай Төлегенұлы Қалиақпардың жігіттері күні кеше 630 гектарға сұлы, арпа дақылдарын сеуіп, көңілі жай­ланған жайы бар. Жалпы, 3 мың гектарлық жайылымдық, екпе шөп алқа­бының түсімі де жылдағыдан жоғарыға бағалануда. Қыстау басындағы қоралар маңында балғын шөп маялары бой көтере бастағаны содан. Егістен босаған Мақсат Майкотов, Алмас Сұл­танов, Дәурен Әлжа­нов сияқты механизаторлардың еңбе­гінің жемісі бұл.

Негізі, Қарабауырдың аты бал қымы­зымен шыққан. Сондықтан әңгімемізді осы төңірекке ыңғай­лай бердік.

– Ес білгеннен жылқы со­ңын­­дамын. Әкем көп нәрсе үй­ретті. Мақсатым – ол кісінің асыл құрығын төмендетпеу. Оңтай­­­ландыру кезіндегі қиын­шылық ұмы­­­тылмайды. Ауыл шеті сиреп қалды. Мамандығыма қарай шақырғандар болған. Туған жер, кең жайлауда өскен менің көшу деген ойыма кірген емес. Тәуекел қылып, 2003 жылы «Жас» шаруа қожалығын құрдық. Ата кәсіптің қыр-сырын жақсы білетін анам Көпейдің ақылымен бие сауып, қымыз баптадық. Дайындалған азды-көпті өнімді екі аяқты мо­тоциклмен Бурабайдағы шипа­жайларға жеткізіп отырдым, – дейді бүгінгінің табысты шаруасы.

Осы мезетте «Шоферымыз Ер­кін Исабаев Бурабай курорттарына қымыз алып баруы керек еді, соны жөнелтейін», деген Жылқыбай алдымызға қалыңдау көк дәптерді тастай берді.

Көк дәптеріміз деректер жиын­тығын­дағы күнделік есебінде екен. «Мал басын ұлғайту» деген тақырыпшаның астына «2008 жылы «Даму» бағдарламасымен 10,5 млн теңге несие рәсімдеп, жылқы және қара мал сатып алдық. Ол кездегі үстеме 8 пайыз болатын. Ауыл адамдарымен кездесіп, он кісіні жұмысқа тарттық. Ниет білдірушілер әлі де бар. Қазіргі күні бұрынғы екі Қарабауыр бір ауыл болып отымыз» деп жазылыпты.

Бізді «Қымыз баптау» бөлі­мінің қызық­тырғаны оның тәлім­ділігінде еді. Дәптерде кәсіби тұрғыдағы мынадай сөздер бар: «Мақсат – халықтық дәстүрдегі таза қы­мыз өндіру. Бірде «Оқ­жетпес» санато­рийінде демалып жатқан академик Есенеевтің шәкірті телефон шалды. «Қымыз өндірудің технологиясын қайдан алдыңыз, Германиядан ба?» дей­ді. Мен «ата-бабамыздан келе жатқан технология» деп жауап бердім. Бізде ұнтақ (порошок) қосу түсінігі жоқ. Ақ дәмге мұны араластыру – күнә. Күбі дәрулік шөптермен ысталып, қымыз жыл­қы қазысының майымен бапталады».

Сапа жағына қатысты ай­тыл­ған мына мәселелер де кө­ңіл­­ге қонымды. Қымыздың 80 па­йызы судан, 1-1,5 пайызы май­­дан тұрады. Арада 2-3 күн өткенде сары су бөлінеді. Мұны су қосты деп есептеу дұрыс емес. Мемлекеттік стандарт бойынша да осындай.

Жайлауда – 120 бие бай­­лауда. Жедел жеткізілген сау­малдың күбілерде бапталып жатқанын көрдік. Жұмыс қолмен атқарылмайды. Механи­каландырылған піспе. Бүгінгі ауысымда сауыншылар Айсұлу Хамзина мен Зәмзәгүл Аманбаева кезекшілік атқаруда. Дайын өнім тоңа­зытқыш «танктерде» сақ­талады екен. Жылқышылар Қайыр­жан Хамзин мен Қайыр­бай Біржановтың іске жауап­кер­шілікпен қарайтыны атап өтілді. Отбасы мүшелерінің де әрқайсысының өз міндеті бар. Жылқыбайдың інісі Мұрат мал шаруашылығына, ұлы Абай егістік ісіне жауап береді. Жұбайы Сәуле жабдықтау, келіні Зәуре қымыз цехының меңгерушісі, қайын апасы Айгүл Әлжанова сатушы, қызы Сәния есеп қызметін атқарса, Жұлдызы Щучинск қаласындағы дүкенді ұстайды әрі жоғары оқу орнында оқиды. Қарағанды мем­лекеттік университетінің сту­ден­ті Ғасырбек каникул кезінде қожа­лық шаруасына көмектесіп жүр.

– Маусым енді басталды. Қазір күніне 600 литр қымыз дайындаудамыз. Өнімді Көкшетаудағы Жібек жолы базарына, «Алтын палас», «Ботай» дүкендеріне жә­не Бурабайдағы шипажайларға жеткіземіз. Төтенше жағдай ке­зінде де жұмысымыз тоқтаған жоқ. Маған арнайы рұқсат қа­ғаз берілген. Осы пандемия ке­зін­де, ораза айында қымызды тұ­тынушыларымызға төмен бағамен ұсындық. Ауылда бие байлайтындар көбейді, – дейді қарабауырлық кәсіпкер Жылқыбай Қалиакпар.

 

Бақберген АМАЛБЕК,

журналист

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы