• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Маусым, 2020

Covid-19: Жедел жәрдем жұмысы қалай жүйеленді?

1231 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда елімізде Covid-19 індеті өршіп, жедел жәрдем қызметіне жүгінгендер саны күрт артты, шағымданушылар да көбейді. Осы мәселе бойынша Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен арнайы брифингте Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жүсіпов пен Нұр-Сұлтан қаласының жедел медициналық жәрдем стансасының директоры Мұрат Оразбаев жан-жақты мағлұмат берді.

Ұлттық шұғыл медицинаны үй­лес­ті­ру орталығы басқарма төраға­сының міндетін атқарушы Бауыржан Жүсіпов елі­міздегі жедел жәрдем қызметінің әле­уеті мен қазіргі күрделі жағдайға бай­ланысты мәселелерін атап өтті.

Қазақстан бойынша жедел меди­ци­налық көмек қызметі 18 дербес жедел медициналық көмек стансасынан, 87 қалалық кіші стансадан және 288 аудан­дық жедел көмек бөлімшесінен тұрады екен. Жалпы, елімізде жедел көмек шақыртуларына 1400-ге жуық жедел медициналық көмек бригадасы қызмет көрсетеді. Оның 23 пайызы – маман­дандырылған дәрігерлік бригада, 77 пайызы – фельдшерлік бригада.

Ал санитарлық автокөлікпен жаб­дық­­талу 93 пайызды құрайды. Қазіргі таңда 1967 санитарлық автокөлік бар. 2019 жылы жедел көмек авто­кө­лік­те­рі­нің тапшылығын жабу мақ­са­тын­да өңір­лерде 293 көлік сатып алынды. Биыл 807 көлік сатып алу жоспарланып отыр. Барлық көліктер отандық авто­кө­лік өндірушілерден лизинг аясында са­тып алынады. Қазіргі уақытта жедел көмек көліктерін кезең-кезеңімен да­йын­дау және жеткізу жүргізіліп жа­тыр. Жал­пы, барлық көліктер осы жыл­дың қара­ша айының соңына дейін пай­да­ла­нуға берілмек.

– Осы жылдың 5 айында же­дел көмек бригадалары 3 млн-нан аса шақыр­ту бойынша көмек көрсетті. Жалпы, республика бойынша жедел меди­ци­налық көмек бригадалары күніне 18 мың шақыртуға шықты. Сонымен қатар осы жылдың маусым айында жедел көмек шақыртулардың 10 па­йызға өскені байқалады. Оның ішінде айтарлықтай өсім 15-22 маусым аралығында тіркелді. Бұл күндері жедел көмек бригадалары тәулігіне 22 мыңнан аса шақыртуларға қызмет көрсетті. Өңірлер бөлінісінде шақыртулардың өсуі Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалып отыр. Осыған байланысты жедел көмек бригадасының шақырту орнына дейін келу уақыты 12 минуттан 13 минутқа артқаны байқалады. Бұл ретте бекітілген ережеге сәйкес келу уақыты шақыртулардың жеделдік санатына байланысты екенін айта кету керек. Яғни науқастың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайда жедел медициналық көмек бригадаларының келу уақыты 10-15 минуттан аспауы тиіс. Ал пациенттің өміріне, денсаулығына айқын қауіп болмаған жағдайда келу уақыты 60 минутқа дейін өзгереді, – деді Бауыржан Жүсіпов.

Бұған қоса спикер коронавирус инфекциясын диагностикалау және емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес пациенттерге жедел көмек көрсету алгоритмі бекітілгенін атап өтті. Осылайша жедел көмек бригадасы шақыртуға қызмет көрсету кезінде бірінші кезекте пациенттің жалпы жай-күйі, ентігуінің бар болуы, минутына тыныс алу жиілігі, дене қызуы және қанының оттегімен қанығуы бағаланады және осы көрсеткіштерге байланысты одан кейінгі әдіс анық­та­лады. Аурудың жеңіл ағымы анық­талған жағдайда ентігу және қауіп факторлары жоқ пациент үйде қал­ды­рылады. Әрі қарай емхананың учас­келік дәрігерінің қадағалауына жібе­рі­леді. Егер пациентте ауыр немесе орташа ауыр ағымы, сондай-ақ қауіп факторы бар, яғни жасы 60-тан асқан, қант диабеті, өкпенің созылмалы аурулары сияқты аурулар болған кезде одан әрі емдеу үшін стационарға жеткізіледі.

Жалпы, қазіргі уақытта жедел ме­ди­циналық көмек бригадаларының барлық қызметкері коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарды анықтау алгоритміне оқытылған. Бар­лық қажетті медициналық жабдық­тар­мен, дәрілік заттармен және қорғану құралдарымен жабдықталған.

Сонымен қатар Бауыржан Жүсіпов жедел көмек стансаларының жанынан арнайы call-орталықтар құрылғанын, онда медициналық көмек көрсету мәселері бойынша білікті мамандар кеңес беріп жатқанын айтты.

Бұған қоса Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында коронавируспен күрес аясында эпидемияға қарсы шараларды жүргізуге тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және қолдау үшін жедел медициналық көмек қызметкерлеріне қосымша төлемдер қарастырылған екен. Осы жылдың мамыр айында жедел медициналық көмектің 11 823 қызметкеріне 2 млрд теңгеден аса қосымша төлемақы берілді.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қа­ла­сы­ның жедел медициналық жәр­дем стансасының директоры Мұрат Оразбаев елордада эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты 103 қызметіне түсетін жүктеме арт­қа­нын мәлімдеді.

Оның айтуынша, маусым айының басынан бастап өтініштер саны 4 есеге өсті. Тәулігіне елорда тұрғындарынан 4 мыңнан аса өтініш келіп түседі. Қо­ңы­раулар саны екі есе артты. Көш­пе­лі бригада тәулігіне 3 мыңға жуық қала тұрғынына медициналық көмек көрсетеді.

Қазіргі уақытта желіде 118-ден аса көшпелі бригада жұмыс іс­тей­ді. Барлық көшпелі бригада қауіп­сіз жұмыс үшін жеке қорғаныс құрал­да­рымен қамтамасыз етілген және меди­циналық жабдықтармен 100% жарақтандырылған.

– Жедел медициналық жәрдемнің диспетчерлік қызметі базасында Сovid-19 мәселелері бойынша өтініш­т­ерді қабылдау үшін байланыс орта­лы­ғының қызметі ұйым­дас­ты­рыл­ған. Қажетті кеңес алу үшін қала тұрғындары 705-103 нөміріне хабарласа алады. Елордада күн сайын 5-7 адамға дейін ауыратын тұтас отбасы түріндегі жаңа инфекция ошақ­тары анықталады. Бұл жағдайлар отба­сы­лық салтанаттарды өткізу кезінде анықталады, бұған жол берілмейді. Қатаң санитарлық нормаларды сақта­май­тын адамдардың бейқамдығы отба­сының мүшелерін, соның ішінде қа­риялар, балалар, жүкті әйелдердің жұқ­тыруына әкеп соқтырады, – деді Мұрат Оразбаев.

Азаматтар елдегі жағдайдың ушы­ғып бара жатқанын ескеріп, сани­тар­лық нормаларды қатаң сақтау, әлеуметтік қашықтықты ұстау, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау сияқты сақтық шараларына барынша мән беруі керек.