• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Шілде, 2020

Дәріхана алдындағы дүрбелең (Дертіне дауа іздегендер дәрі-дәрмек таппай жүр)

492 рет
көрсетілді

Қазіргі шырғалаң шақта дертіне дауа іздеп, дамыл таппай дәріхана­лардың алдын тоздырған жұрттың қатары күрт көбейді. Шектен тыс сұраныстың артуынан дене қызуын түсіретін дәрілерге қол жет­кізу шетін мәселеге айналды. Екі күн бұрын індетке қарсы шара­­­­лар пысықталған кеңесте Мем­­лекет басшысының Үкіметке дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз ету мә­се­лесін бес күннің ішінде шешуді тапсырғаны дәтке қуат болып тұр.

Індет қарқын алған тұста аурухана­ларға адам сыймай, дерттің жеңіл түріне душар болғандар дәрігерлердің кеңесімен үйлерінде ем-дом қабылдауда. Вирус меңдеп, мазасы қашқан мұн­дай азаматтардың көбі антибиотик алмақшы болып дәріханаларға қарай анталады. Бұған қоса басы ауырмаған былайғы жұрт та індеттің беталысынан қауіптеніп, нұсқаусыз берілетін дәрілерді алдын ала алып қоюға қам жасап жатыр. Осыдан келіп соңғы күндері дәрі-дәрмек тапшылығы қатты сезіле бастады. Оның үстіне дәріханалардың алдындағы ұзын-сонар кезек вирустың таралу қаупін күшейте түсті.

Кеше Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баспасөз мәслихатында халықтың жаппай дәрі-дәрмек сатып алу жағдайына қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тарап жатқан әртүрлі алып­қашпа әңгімелерден кейін халық жаппай «алда керек боп қалар» деген желеумен қор жинау мақсатында дәріханадан көптеп дәрі-дәрмек сатып ала баста­ды. Әсіресе ыстық түсіретін препараттар­ға сұраныс арта түсті. Осы ретте мұндай препараттардың елімізде жеткілікті көлемде өндірілетінін, өңірлерге жеткізу жолға қойылғанын айта кетейін. Дәріхана алдындағы дүрбелеңді ескере отырып, дәрі-дәрмекті сатып алу мен жеткізу ережелерін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Отандық өндірушілер дене қызуын түсіретін препараттардың ірі партиясын жеткізді. Аптаның аяғына дейін 70 мың қаптама «Ингавирин» мен 40 мың қаптама «Терафлю» көтерме қоймаларға жеткізіліп, одан әрі қарай өңірлерге жіберіледі. Бұл препараттар емдеу хаттамасына сәйкес амбулаториялық деңгейде Covid-19 індетін емдеуге қол­данылмайтынын қаперге салғым келеді», деді Алексей Цой.

Дәрі-дәрмекке сұраныстың күрт артуының бір себебі ретінде алдын алу мақсатында халықтың жаппай препараттарды сатып алып жатқанын айттық. Бұл ретте жетіспей жатқан дәрілерді азаматтар дәрігерлердің нұсқауынсыз, өз бетінше алып жатыр ма деген сұрақ туындайды. Осының жайын Нұр-Сұлтан қаласындағы №10 емхананың терапия бөлімінің меңгерушісі Гүлназ Жомартқызынан сұрап білдік.

Аталған емхана дәрігерінің айтуынша, жұрт жаппай алып жатқан «Парацетамол» рецептісіз сатыла береді екен. Ал бак­терияға қарсы «Амизон», «Тамифлю», «Азитромицин» сияқты препараттар емдеу хаттамасына сәйкес міндетті түрде дәрігердің нұсқауымен сатылады.

«Біз науқастарға дене қызуын түсіре­тін, қанның қоюлығын сұйылтатын дәрілер ұсынамыз. Мұны мен КВИ-дің жеңіл түріне ұшырағандарға қатысты айтып отырмын. Өйткені олар дәрігердің бақылауымен үйінде емделеді. Мұндай науқастар мүмкіндігінше жеке бөлмеге жайғасып, әр екі сағат сайын маскасын ауыс­тырып, қолын сабындап жуып, ыдыс­тарын да жеке қолданғаны жөн. Жақын­дарымен кемінде 1,5-2 метр арақашық­тық ұстауы керек. Ал жағдайы ауыр немесе орташа ауыр науқастар арнайы стационарларға жатқызылады. Үйінде оқшауланған науқастардан дәрігерлер күніне екі рет хабар алып тұрады. Жалпы, 14 күн бақылауымызда болады. Содан кейін ПТР-тест алып, тағы бір тексереміз. Егер вирус өкпеге түсіп кетсе, ПТР-тест анықтай алмайды. Сондықтан кейбір науқастарды КТ мен рентгенге түсіреміз», деді Гүлназ Жомартқызы.

Қазір елордадағы №10 емхананың провизорлық кабинетінде 700-ге жуық адам тіркелген екен. Яғни осынша адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның ішінде стационарға жатқандары да, үйінде оқшауланғандары да бар. Бұл емханаға күн сайын мыңға жуық тұрғын жүгінеді. Жалпы, емханаға 85 мың қала тұрғыны тіркелген.

Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Facebook-тегі парақшасында COVID-19 коронавирус инфекциясын диагностикалау және емдеу клиникалық хаттамасына толықтырулар енгізілгенін жазды.

«COVID-19-ды диагностикалау және емдеу клиникалық хаттамасының 10-редакциясына коронавирус инфекциясын емдеуде айтарлықтай толықтырулар енгізілді. COVID-19 кезінде бактерияға қарсы терапияны бактериялық инфекция қосылған жағдайда ғана қолдануға баса назар аударылды. COVID-19 кезінде өкпенің вируспен зақымдануы эмпирикалық бактерияға қарсы терапияны бастау үшін көрсеткіш бола алмайды», деді вице-министр.

Оның айтуынша, хаттаманы әзірлеу­шілер жағдайы орташа ауыр науқастарға вирусқа қарсы препараттарды стационарға жатқызғанға дейін амбулаторлық жағ­дайда қолдану ұсынысын құптаған. Бұл үшін хаттамаға амбулаторлық кезеңде емдеу сызбасы қосылып отыр: гидроксихлорохин және лопинавир/ритонавир.

Бұған қоса ендігі уақытта науқастар стационар деңгейінде Жапония мен Ресейде COVID-19-ды емдеуде кеңінен қолданылған «Фавипиравир» дәрісін ала алады. Пневмонияның ауыр түрінде терапия дексаметазон препаратымен толықтырылды.

Хаттаманың 10-нұсқасы жақын арада Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жарияланады.

Жалпы, дәріханалардағы дәрі-дәр­мек тапшылығы мәселесі көп ұза­май шешілетін сияқты. Бұл ойды Нұр-Сұл­тан қаласының Тауарлар мен көрсеті­летін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіз­дігін бақылау департаментінің фарма­цевти­калық қызметті бақылау бөлімінің басшысы Әсия Молдиманова да қуаттай түсті.

«Елордада дәрі-дәрмектің көтерме саудасымен айналысатын қоймалар негізінен филиалдар болып келеді. Басты кеңселері Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларында орналасқан. Олар қазіргі эпидемиялық жағдайдың ушығуы­на байланысты алдымен өз қалаларын­дағы дәріханаларды қамтамасыз етіп жатыр. Енді басқа өңірлерге де дәрілер жібере бастайды. Осы аптада дәрі-дәрмек астанаға жетеді. Сондай-ақ термометрдің жетіспеушілігі де жақында шешіледі. Бұл тауарлар Қытайдан әкелінеді. Қазір кедендік рәсімдеулерді тездету тапсырылды», деді ол.