• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Елбасы 06 Шілде, 2020

Уақыттан озған көшбасшы

852 рет
көрсетілді

Тарихта өз атын алтын әріппен жазып қалдыру бағы кез келген мемлекет басшысына бұйыра бермейді. Бұл тек өзгелерден ары көре алатын, ерік-жігері мықты, атқарған ісі толағай тұлғаларға артылатын жауапкершілік.

Өткен ғасырдың 90-жылдары күй­реген КСРО-ның орнына жас тә­уелсіз мемлекеттер пайда болды, оларға басшылық еткендер қатарында көпке танымал Н.Назарбаев, Б.Ельцин мен Ә.Елшібей және ешкімге белгісіз президенттер болды. Солардың арасында Назарбаевпен тең келері бол­мағаны – шындық. Қазақстан хал­қының игілігі үшін атқарған ерен еңбегі оны әлемдік ауқымдағы тари­хи тұлғаға айналдырды. Аме­рика дипломатиясының атасы Г.Кис­синд­жер «Ұлы көшбасшылар дара туады. Олардың басты ерекшелігі – әлі ешкім байқамаған сын-қатерлерді танып білуінде» деген екен.

Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген­ділігі мен стратегиялық ойлау қабі­летіне бірнеше мысал келтіре кетейін. 90-жылдары посткеңестік кеңістікті жаулап алған адуынды либерализм жаңадан құрылған мемлекеттерге қатер төндірді. Осы алмағайып сәтте ТМД елдері президенттерінің арасынан Н.Назарбаев бұл ырыққа көнуі қиын «демократияландырудың» қа­уіпті жағын бірінші болып аңғарды. Горбачевтік қайта құрумен бірге ке­­ңестік шындыққа айналған демократия цунами секілді буырқанып енді. Сол кездегі парламентшілерде белең алған «митингілік демокра­тия» барлық ел үкіметтеріне басқару тұт­қаларын сақтауға кедергі келтірді. Парламент алдында жауап беретін, түрлі депутаттық топтар тарапынан қысым көрген ел үкіметтері ты­ғы­рыққа тірелді: демократиялық озық идеалдар туралы ойлайтын шама болған жоқ.

Бұл жағдайда басты сұраққа жауа­п беру керек болды. Басталып кеткен қайта құру кезеңінде экономикалық, әлеуметтік мәселелерге басымдық берген дұрыс па, әлде саяси ырықтандыру мен демократияландыру маңызды ма? Осы сұраққа жауап беру барысында ТМД елдері көшбасшыларының реформа жүргізу тәсілі түрленді. Әкім­шілік ресурстардың көмегімен эко­номиканы саясаттан жоғары қоя­тын не болмаса керісінше жасайтын мемлекеттік билік құруды көздеді.

Нұрсұлтан Назарбаев атқарушы биліктің айналасында шоғырланған күшті мемлекеттік билік құруды таң­дады. Алайда сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевты түсінбеген замандастары да болды.

Транзиттік елдерде демократияландыру тек қуатты, қалыптасқан мемлекеттерде болуы мүмкін екенін тарих көрсетті. Сондай-ақ экономикалық ре­фор­малардың сапасы мен қарқыны саяси жүйенің демократиялығы мен ырықтылығын айқындайтынына да көз жеткіздік.

Н.Назарбаев қабылдаған шешімнің тарихи дұрыстығы, әсіресе бүгін анық байқалады. Әлемде кеше ғана ХХІ ғасырдың басты жетістігі деп саналған тектоникалық деглобализация жүріп жатыр. Ұлттық мемлекеттер бірінші орынға шықты. Әр елдің не халықтың тағдыры жаһандық институттардың емес, өз қолында екенін көріп отырмыз.

Назарбаевтың 30 жыл бұрынғы мемлекеттік аралас саяси жүйе қа­лыптастыру туралы шешімі ұтымды болды. Себебі бүгін дүние жүзінде либералды демократиядан бас тартып, авторитаризмге бет бұрғандар кө­бею­де. Франция президенті Э.Макрон да «демократияның сәннен шық­қа­нын» мәлімдеді. Назарбаев осыдан 30 жыл бұрын түсінген қағида Батыс көшбасшыларына енді жетіп жатқанға ұқсайды. Шынымен де, авторитарлы және либералды мемлекеттік басқаруды салыстырып қарасақ, көп ұқсастықты байқауға болады.

Билікті бөлу секілді ерекшеліктер авторитарлық режімде жиі кезде­седі және күрделірек заманауи пре­зиденттік-парламенттік жүйелердің атрибуттары болып есептеледі.

Жалпыға бірдей және тең сайлау өткізу арқылы биліктің заңдас­тырылуы – екі режімге де тән.

Осы тұста қатарынан төрт мер­зімге сайланған АҚШ президенті Фра­нклин Рузвельтті еске алсақ. Ол басшылық ет­кен уақытта АҚШ-та демократияның болғанын Батыста ешкім жоққа шығар­майды.

Ал Ұлыбритания немесе Ита­лияның премьер-министрі, Гер­манияның канц­лері болып ешқандай шектеусіз ұзақ уақыт қызмет ете беруге болады. Одан бөлек бұл ел­­дердің билеушілеріне бе­рілген құзы­реттілік те жоғары. Оның үстіне Ұлы­­британияда Парламент де­пу­таты, парламенттік көпшіліктің көш­­­басшысы және патшайымның премьер-министрі бола отырып, премьер заң шығарушы және атқарушы билік­­тің айрықша құзыретін өз лауазымында қатар атқарады.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан немесе Әзербайжан президенттерінің билігі демократиялығы мен заңдылығы жағынан АҚШ президенттерінің, Ұлы­британия премьер-министрінің немесе Германия үкімет басшысының би­лігінен асып түседі.

Ел дамуындағы көптеген өмір­лік маңызы бар көрсеткіштерде автори­таризмнің оң әсерін байқауға болады. Белгілі орыс саясаткері Радзиховский осыған байланысты бірнеше мысал келтіріпті. Бұрынғы КСРО-ға мүше болған «демократиялық» елдердің (Балтық Жағалауы + Украина + Мол­дова + Грузия + Армения + Қыр­ғыз­стан) халық саны 1989-2018 жылдар аралығында 72-ден 60 миллионға дейін азайған. Ал керісінше «ав­торитарлық» елдердің (Орталық Азия, Қырғызстанды қоспағанда + Қазақ­стан + Әзербайжан + Беларусь) халық саны 66-дан 84 миллионға көбейген.

Ішкі жалпы өнім көрсеткіштерін қарастырып көрсек. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, 1990 жыл­дан бастап 2017 жылға дейін жо­ғарыдағы екі топта 2011 жылдың долларымен ІЖӨ «авторитарлық» елдер тобында 386 млрд-тан 3 еседей өссе, «демократиялық» елдер тобында бұл көрсеткіш 690 млрд-тан 610 млрд-қа дейін азайған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жасампаз үдерістегі рөлін атап өтпеуге болмас. Егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап оның бойынан нағыз көшбасшыға тән қасиеттер байқалды. Сол кездегі жағдайды жедел әрі нақты бағалай келе, Н.Назарбаев халық алдына жан-жақты ойластырылған, перс­пективалы әрі нақты қол жет­кізуге болатын мақсаттар қоя білді. Өзінің сарабдал саясатымен, сенімді іс-әрекетімен ол отандастарына бел­гі­ленген межеге қол жеткізуге деген сенім ұялатты.

Республика білікті басшысының арқасында саяси тұрақсыздық пен әлемдік экономикалық дағдарыстар кезіндегі қауіп-қатерден аман өтті. Нә­тижесінде, егемендік алған екі он­жыл­дықтан кейін Қазақстан өрке­ниетті елдердің қатарына қуатты, қар­қынды дамып келе жатқан мемлекет, халықаралық қоғамдастықтың құрметті мүшесі ретінде енді.

Ел астанасын солтүстікке – Ақ­мо­лаға көшіру туралы сол кезде мүмкін емес секілді көрінген идеясын ұсынып, оны жүзеге асыру үшін Назарбаевқа қандай батылдық қажет болды? Қоғамдағы, интеллигенция арасындағы күмәнді пікірлер мен оппозицияның наразылығына төтеп беруге тура келді. «Бұл шешімнің не керегі бар?» деген сұрақтар жан-жақ­тан қойылып жатты. Бірнеше миллион халықты жұмылдыру үшін қандай ұйымдастырушылық, саяси және идеологиялық жұмысты жүзеге асыру керек екенін елестетіп кө­ріңізші. Іс жүзінде ен далада жаңа қала тұрғызу мақсатын орындау үшін қаншама нәрсеге мән беру керек болды, оның ішінде әлемдік қаржы-несие жүйесінің ерекшеліктерінен бас­тап технологиялық ресурстарға қол жеткізу мәселесіне дейін бар.

Н.Назарбаев өзі «Егер гранттар мен қай­тарымсыз инвестициялар есебінен салынған нысандарды айтсақ, тізім ұзақ болар еді» деп жазды. Мәселен, Президент рези­денциясы «Ақорда» Әбу-Даби Даму қорының гранты арқылы бой кө­терген, бұл миллион долларға жуық қаражат. Парламент Сенатының ғи­мараты Сауд Арабиясы бөлген 12 миллион доллар грантқа со­ғылған. Стадион құрылысын «Испат Кармет» қаржыландырады. Оған 38 миллион доллар кеткен. «Нұр-Ас­тана» мешіті Қатар мемлекетінің гранты есебінен тұр­ғызылған. Жалпы, әңгіме елор­дадағы тұтас шағын ауданға инвес­тиция тарту туралы болып отыр. Ке­лісілген уақыт­тан бастап қарқынды құрылыс басталып кеткен.

Жаңа астана құрылысы ішкі және сыртқы инвестиция саласына тиімді болғандықтан, бір қаланың ғана емес жалпы ел экономикасының дамуына тың серпін берді. Қыруар қаржысын қайда құярын білмей отырған әлемдегі қалталы инвесторлар үшін білдей бір мемлекеттің жаңа орталығының құрылысы тамаша мүмкіндік болып көрінді. Сондықтан да елордада заманауи биік қонақүйлер, кеңселер, банк­тер мен тұрғын үй салу үшін инвесторлар арасында әрбір метр жер үшін бәсеке жоғары болды деуге болады. Астананың қарқынды құрылысы барша Қазақстанның экономикасын көтергенін сол жерде қызмет етіп жүр­ген кезде өз көзіммен көрдім. Се­бебі ел экономикасы құрылыс саласымен және қала инфрақұрылымының табыс­ты жүзеге асуымен тікелей байланысты болды.

Кең-байтақ Ұлы даланың жүрегінде әлемге жаңа идеялар, тың инновация­лар мен батыл жоспарлардың отаны ретінде танылған таңғаларлық Нұр-Сұлтан қаласы бой көтерді. Бүгінде Қазақстан елордасы Еуразияның саяси, экономикалық және мәдени орталығына айналып үлгерді.

Қазақстанның Тұңғыш Президен­тінің бастамасымен жүзеге асқан бас­ты жобалардың бірі – түрлі мәде­ниеттер, халықтар мен конфессиялар арасында диалог орнату болды. Батыс пен Шығыс өркениеттерінің то­ғысында орналасқан көпэтносты Қазақстан мәдениетаралық және кон­фессияаралық ынтымақтастықты ілге­рілетуде маңызды рөл атқарып келеді.

Бүгін Нұрсұлтан Әбішұлы 80 жыл­дық мерейтойын атап өтеді. Біз құрдаспыз, соғыс жылдарының ба­лала­рымыз, бізді өткен ғасырдың 40-50 жылдарындағы аштық пен ызғар шы­нық­тырды. Екеуміз бірдей кеңестік білім алдық, партиялық-саяси мансабымыз да қатар жүрді. Ыстықкөл облысының губернаторы болған ке­зімде ол Президент атан­ған соң ғана жеке танысып, кез­десу мүмкіндігі туды. Ол отбасы­мен бірнеше күн Шолпан ата­да демалды. Бірде екеуміз «Қыр­шын» шатқалына атпен шықтық. Сонда жеке қалып сөйлескенімізде, оның ақыл-ойының тереңдігі мен күш-жігеріне, дүниетанымының кеңдігіне қайран қалдым. Өз халқының тарихы, дәстүрі мен мәдениетін қаншалықты жақсы білетініне таңғалдым. Қара­пайымдылығы мен адамгершілігі тәнті етті. Тағдырдың жазуын қара­саңыз­шы, 2000 жылы Қырғыз Респуб­ликасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне та­ға­йындалдым. Осы қызметтегі 9 жы­лым­ды саяси және шығармашылық жұмыс тұрғысынан өмірімнің ең же­місті кезеңі деп есептеймін. Мен әр­дайым Назарбаевтың жылы лебізі мен қолдауын сезіндім. Бұл, әрине көп­теген екіжақты мемлекетаралық мәселелердің тиімді шешілуіне әсер етпей қоймады. Сол жылдары «Нұрсұлтан Назарбаев. Көшбас­шы­лық заңдары» атты іргелі саяси еңбегімді жазып шықтым. Кейіннен туын­дының таныс­тырылымы Лон­дон мен Варшавада өтті. Сол себеп­ті де менің Нұрекені мерейлі мере­кесімен алғашқылардың бірі болып құт­тықтауыма және деніне саулық, отбасына мол бақыт тілеуіме толық негіз бар.

 

Жұмағұл СААДАНБЕКОВ,

қоғам қайраткері

Қырғыз Республикасы