Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжі жанында жастарға азаматтық-патриоттық, эстетикалық-экологиялық тәрбие беріп, салауатты өмір салтын насихаттайтын пәндік үйірмелерге 800-ге жуық студент мүше.
Жалпы медицина мамандығының өзі қайырымдылық, яғни бөгде адамға көмек беруден бастау алады ғой. Сондықтан колледж студенттері тәжірибелік сабақтарда түрлі ортаға барып, ел медицинасының дамуына қатысты мәліметтерді жинайды. Ірі сауда орталықтары мен базарларда, халық көп жиналатын орындарда адамдардың қан қысымын жүйелі түрде өлшеп тұрады. Бұл іс олардың оқу бағдарламасына кірмейді. Бірақ болашақ кәсібіне сай адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату, халықпен мәдениетті, сауатты сөйлесе білу, жалпы коммуникативтік дағдысын қалыптастыру мақсатында жүргізіледі. Емдеу мекемелері мен жедел-жәрдем стансаларында өткізілетін тәжірибелік сабақтардан бөлек, түрлі әлеуметтік мекемелерде де олар алған білімін тәжірибе жүзінде байқап көреді. Ал патронаждық күтімге бару арқылы ерікті ретінде учаскелік медбикеге көмек көрсетеді. Мұнан басқа емделушілерді электронды жүйеге тіркеу, олардың ауру тарихындағы мәліметтерді компьютерлік жүйеге енгізу, емделушіні қабылдау кезіндегі кәсіби көмектер сынды жұмыстар емханаларда жетерлік. Осының бәрін медициналық кәсіпке машықтанып жүрген еріктілер атқаратыны сөзсіз.
Денсаулық басқармасы жанынан жұмыс жасайтын көптеген ұйымдар, мысалы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығы, СПИД, ВИЧ – ауруларымен күрес орталықтары, Қан орталығы мамандары да колледж еріктілерінің қызметіне жүгінеді. Айталық, «Медбикелік іс» бөлімінің «Мейірім» үйірмесі еріктілері мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі ұйымдарда қол жуу техникасын үйрету сабақтарын жүйелі түрде жүргізеді. Ал «Аялы алақан» үйірмесі учаскелік дәрігерлерге қолғабыс етсе, «Гиппократ» үйірмесінің мүшелері мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін орталық қызметкерлеріне жиі көмекке барады. Олар өз қолымен тоқыған ойыншықтарын сыйлап, жалпы күтім бойынша алған білімін іс жүзінде қолданады. «Акушерлік іс» бөлімінің еріктілері өз мамандығына сай мектептер мен колледждерде, жоғары оқу орындарында «Қыз балалардың жеке бас гигиенасы», «Жоспарсыз жүктілік салдары», «Отбасын жоспарлау», «Қыз тағдыры – ел тағдыры» тақырыптарында танымдық дәрістер мен тренингтер өткізуді дәстүрге айналдырған. «Фармация» бөлімінің еріктілері аталған мамандықты мектеп оқушыларына мейлінше насихаттауды мақсат етсе, «Гигиена және эпидемиология», «Лабораториялық диагностика» бөлімінің еріктілері тазалық, жеке бас гигиенасы, салауатты өмір салты, зиянды әдеттерден аулақ болу сынды тақырыптарда ақпараттық дәрістер, видеороликтерді оқу орындарына таратумен айналысады. «Емдеу ісі» бөлімінің еріктілері жедел жәрдем стансаларында, каникул кезінде ауылдық фельдшерлік амбулаторияларда маусымдық вирустық дерттерден сақтандыру немесе алдын алу жұмыстарына белсенді араласады.
2020 жылдың Еріктілер жылы деп аталған сәтінен бастап, колледждегі белсенді студенттер топтасқан Жастар комитеті мүшелері еріктілікке талпынысы бар жастардан волонтер тобын жасақтап, жоғарыда тізбектелген іс-шараларға қосымша бірнеше жұмысты атқарып үлгерді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі белгілеп берген еріктіліктің 7 бағытын негізге алған Жастар комитетінің «Ашық жүрек» еріктілері «Білім» бағытында колледждің бітіруші түлектеріне «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы жөнінде толық ақпарат беру мақсатында «Мемлекеттік бағдарламалар жастарға қызмет етеді» тақырыбымен Жастар ресурстық орталықтары мамандарымен, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының маманымен, Jas Otan жастар қанаты өкілдері қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырды. «Үміт» бағытында «Шапағат» медициналық-әлеуметтік мекемесіне «Күлкі терапиясы» бағдарламасымен барып, мүгедек балалардың көңілін көтеріп қайтты. Қалалық жастар ресурстық орталығының жастарымен бірігіп, қаламыздың ардагерлерінің үйіне әр аптаның бейсенбі, жұма күндері барып, денсаулықтарына бақылау жасап тұру «Қамқор» бағытында жолға қойылған. «Асыл мұра» бағыты «Ұлы жолдар өз табалдырығыңнан басталады» ұранымен колледж кітапханасында кітаптарды түптеу, желімдеу жұмыстарын атқарып, әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған Орал қалалық зағип жандарға арналған арнаулы кітапханасында да санитарлық, тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ колледж еріктілері өздері құралыптас жастарға алғашқы көмек көрсетудің оңтайландырылған әдісінен мастер-класс ұйымдастырып отырады.
Елде жарияланған Төтенше жағдайға байланысты қашықтан оқыту режімінде білім алушылар карантин кезінде де «Қол жуу алгоритмдері» бейнеролигін түсіріп, әлеуметтік желі арқылы көпшілікке таратты. Індетпен күрес кезінде колледжіміздің 19 студенті жедел жәрдем стансасы қызметкерлері қатарында тең дәрежеде ел игілігіне еңбек етіп жүр. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш.
Әсемгүл МИМАРУКҚЫЗЫ,
Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжі
Жастар комитетінің инспекторы