Қазіргі алмағайып кезеңде көңілі алаң ағайынды түрлі алыпқашпа әңгімелер арандатып жатыр. Сондықтан халыққа дер кезінде дұрыс кеңес, шынайы ақпарат тарату – аса маңызды. Осыны қаперде ұстаған Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын күйіп тұрған мәселелер бойынша нақты мәлімет беруге тырысып жатыр.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз жиынында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алдымен дәрі-дәрмек жетіспей жатқанын айтқан жұрттың көңіліне демеу болатын деректерді алға тартты.
Жер-жаһанға ортақ жау – Covid-19 індетімен күресте халықаралық әріптестер үнемі бір-бірімен кеңесіп, қолдау көрсетіп отыр. Министрдің мәліметі бойынша Қазақстанға бауырлас Өзбекстан елінен 2 млн маска мен 2 млн қолғап келді. Сондай-ақ жақында Ресейден бір топ медицина маманы келіп, көмек қолын созды. Бұған қоса еліміз Ресейге арнайы борт жіберіп, індетпен күресте қажетті дәрі-дәрмек пен қорғаныс құралдарын алдырады. Препараттар тиелетін тағы бір борт Үндістанға қарай жол тартпақ. Осылайша, ведомство фармацевтикалық компанияларға қолғабыс етіп, дәріханалар алдындағы дүрбелеңді басуға күш салып жатыр.
«Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге басымдық беріліп жатыр. Біз дәрі-дәрмек нарығын дамытуға септігін тигізетін қауымдастықтармен, сондай-ақ бөлшек саудамен айналысатын көтерме компаниялармен жүйелі келіссөздер жүргіздік. Қазақстанда мемлекеттік дәріханалар жоқтың қасы, тек кейбір медициналық ұйымдарда қарастырылған. Дүрбелең тудырып отырған – жеке дәріханалар. Жақында біз препараттарды тездетіп нарыққа қосатын көптеген рәсімді жылдамдататын бұйрықтарға қол қойдық. Қазірдің өзінде көтерме сауда қоймаларынан дәрі-дәрмектер бөлшек сауда желілеріне жедел түрде түсіп жатыр», деді А.Цой.
Facebook әлеуметтік желісінде Қатар елінен гуманитарлық көмек ретінде келген препараттар дәріханаларда сатылып жатқаны туралы айтылып, дау туған еді. Мұндай секемді ойға дәріханаларға әкелініп жатқан қораптарға Qatar Airlines деп жазылғаны жетелеп отыр.
Журналистердің сұрағына жауап беру барысында осы мәселеге Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова тоқталды. Ол Қатардан гуманитарлық көмек ретінде костюм, көзәйнек, маска, бахил сияқты қорғаныш құралдары келгенін, олардың арасында дәрілік заттар болмағанын айтты. Ал бұл келген заттар әзірше бірыңғай дистрибьютерде сақтаулы тұр екен. Жақын арада медицина ұйымдарына таратылмақ.
Министрлікке қарата қойылған сауалдардың арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардан бөлек пневмониямен ауырып жатқандар мәселесі көтерілді.
«2020 жылдың соңғы алты айында өкпе қабынуы бойынша 1 172 өлім-жітім тіркелді. 2019 жылдың алты айында 1 780 адам қайтыс болған еді. Бұл – жалпы сипаттағы өкпе қабынуы. Толықтай алғанда биыл өкпе қабынуына шалдығу өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары болып тұр. Біз өкпе қабынуына байланысты сараптама жасамақпыз. Коронавирус инфекциясының ең ауыр түріне қолданылатын ем-дом түрі пневмонияны емдеуге де қолданылады. Сонымен қатар әлемде де өкпе қабынуына шалдығу деректері өткен жылғы статистикаға қарағанда биыл біршама жоғары», деді А.Цой.
Министр коронавирус дертіне шалдыққандар ресми есептен көп болуы мүмкін екенін растады. Өйткені қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесінің алдында барлығын 100 пайыз тестілеу міндеті тұрған жоқ. Осы аурудың алғашқы белгілері бар тікелей науқастарға басымдық жасалып отыр.
Жалпы, министрлік өкпе қабынуына шалдыққандар санын да көрсетпек. Таяу уақытта тұрақты түрде нақты мәліметтерді ұсынып отырады. Бұған пневмонияның да өршуі себеп болып тұр. Соңғы кезде өлім-жітім де бар. Ведомство басшысы бұған қатысты деректерді сайтта немесе ақпарат көздерінде жариялауды жоспарлап отырғанын, келесі аптада нақты мәліметтер ұсынуға тырысатынын атап өтті.
Сонымен қатар министр әлеуметтік желілерде түрлі кеңеске жүгініп, өз бетінше ем-дом жасаудың да қауіпті екенін алға тартты. Ол бас ауырып, дене қызуы көтерілгенде бірден антибиотиктер қабылдауға болмайтынын, оның кері әсер етуі мүмкін екенін, сондай-ақ интернеттен қарап, қолдан жасаған тыныс алу құралдарын қолданғанда абайлау керек екенін айтып сақтандырды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызы өкпесі қабынған науқастар дәрі-дәрмекті дәрігердің рецептімен ақысыз алуға болатынын, учаскелік дәрігерлер антибиотиктер мен қызу түсіретін дәрілерді жеткізіп беретінін атап өтті. Бұл үшін арнайы мобильді топтардың жұмысы ұйымдастырылып жатыр. Ел бойынша емханалар жанынан халыққа медициналық қызметтерді кешенді түрде көрсететін 465 әмбебап мобильді топ құрылады. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы 31 емхана жанынан әрқайсысында 2-3-тен мобильді топ құрылған. Жедел жәрдем стансаларында да мобильді топ құру үшін келісімшарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасап, сол мобильді топтардың жұмысын қамтамасыз ететін қаражат табуы керек.
Жиын барысында Денсаулық сақтау министрі карантин шараларының созылуына байланысты пікірін айтты.
«Бастапқыда карантинді ұзартуға қатысты ұсыныс енгізілді. Онда режімнің барынша ыңғайлы және індеттің тез тарауымен күресуге қауқарлы болғаны, бизнес-қоғамдастық жұмысы туралы ұсыныс-тілектер ескерілді. Кез келген бағалау инкубациялық кезеңмен, яғни 14 күнге байланысты болуы тиіс. Қазір біз қандай да бір аралық нәтижелерді көріп отырмыз, бірақ нақты нәтижені біз екінші аптаға жақынырақ немесе бағалау жүргізгеннен кейін бірден көре аламыз. Шектеу шараларының жалғасуы немесе күшейтілуі карантин аяқталғаннан кейін түсінікті болады. Біз бұл мәселені ел ғалымдары және шетелдік әріптестерімізбен бірге пысықтаудамыз», деді министр.