• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Саясат 13 Шілде, 2020

Экономиканы реформалауға басымдық беріледі

919 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен Қазақстан экономи­касының қазіргі жағдайы, сондай-ақ оның негізгі бағыттары және даму перспективаларына байланысты бірқатар ой-түйінді байқауға болады. Бұл туралы Baq.kz-ке сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Біріншіден, Президент Қ.Тоқаев экономика алдында тұр­ған проблемаларға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта ІЖӨ-нің 1,8% төмендеуі бай­қал­ды, қызмет көрсету саласы айтарлықтай зардап шек­ті, бюджетке түспеген кі­ріс­­тердің үлкен көлемі және осыған қатысты Ұлт­тық қор қаржысының айтар­лық­тай шығындалуы мем­лекеттік қаржы жүйесіндегі жағ­дайдың шиеленісіне әкелді.

Сонымен бірге Қаз­ақс­танның алдын­да тұрған бұл макро­эк­о­­номикалық проблемалар негі­зі­нен сыртқы факторлардың ық­палымен – шикізат баға­сы­ның құлдырауы мен коро­навирустық пандемиядан туындағанын атап өту қажет, ал бюджеттік са­ладағы жағдайдың шие­ле­ні­суіне көбінесе мем­лекет­тің осындай қиын ке­зеңде өз мойнына тұр­ғын­дар мен бизнеске көмек көрсету бойынша үлкен әлеуметтік міндеттемелерді қабыл­дауы себеп болды. Бұл өз кезегінде бюджет шығыс­та­ры мен Ұлттық қордан ауда­рым­дар­дың өсуіне әкелді. Мемлекет басшысы шағын және орта биз­несті қолдау үшін бұрын-соң­ды болмаған дағдарысқа қарс­ы шаралар қабылданғанын, «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы іске асырылып жатқанын, оның аясында 225 мың адам жұмыспен қамтылуы керек екендігін, пандемия кезін­де жедел мәселелерді шешу үшін ел Үкіметі мен өңірлердің бюд­жетінен 150 млрд теңге бөлін­генін атап өтті. Осы және басқа да дағдарысқа қарсы шаралар Ұлттық қордан респуб­ликалық бюджетке 4,7 трлн теңге көлеміндегі рекордтық аударымға себеп болды (қалыпты уақытта бұл транштың мөлшері шамамен 3 трлн теңгені құрайды).

Қазіргі әлемдік дағ­да­рыс жағдайында ел эко­но­ми­касында туындаған проблемалар жедел, так­ти­калық шешімдерді, сон­дай-ақ стратегиялық мән­де­гі кешенді шешімдерді әзірлеуді талап етеді. Бұл шешімдердің көпшілігі Пре­зиденттің сөйлеген сө­зін­­де айтылды. Ағым­­дағы жағдайды тұрақ­тан­дыратын және эко­номикалық өсу­ді қалпына келтірудің Кешен­ді жоспарын іске асыру­ға ықпал ететін жедел шара­ларға келер болсақ, Мем­лекет басшысының инфля­ция­ны 8-8,5% шегінде ұстап тұру, мемлекеттік ба­ғалы қағаздар нарығын дамыту бойынша жұмысты күшейту, пандемия кезінде туындаған мүмкіндіктерді пайдаланып сыртқы нарық­тар­да бәсекеге қабілетті өнімді шығару, дәрі-дәрмек өндірісін дамыту, шетелдік инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыстар жалғасу сияқты тапсырмаларын атауға болады.

Президент Қ.Тоқаев жұмыс­пен қамту саласы және аза­мат­тар­дың әлеу­мет­тік жағдайына пан­демия салдарынан туын­даған жағдайдың жағым­сыз әсері және бұл әсерді азайту шараларын әзірлеу қажеттілігіне жеке тоқ­тал­ды. Осыған байланысты, Үкіметке және Ұлттық банк­ке ағымдағы күйдің нашарлауы жағдайында салалар мен халықты қолдау бойынша қосымша шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды.

Ағымдағы шаралармен қатар, Мемлекет бас­шы­сының сөзінде ұлт­тық экономиканың стра­тег­ия­лық дамуының негізгі ба­ғыттары да айтылды. Президент дағдарыстарға бейім қазіргі шикізаттық экономикалық мо­дель­­ді неғұрлым прогрессивті және бәсекеге қабілетті модель­ге ауыстыруға әкелетін жаңа экономикалық бағыт­тың қажет­ті­лігін мәлім­деді. Қ.Тоқаев тиім­сіз бағ­дар­ла­малардан бас тартып, олардың орнына ден­сау­лық сақтау, білім беру, төмен көміртекті технологиялар, ҒЗТКЖ, экология сияқты өсудің ұзақ мерзімді векторларын таңдау, дамуға басымдықтар беру қажет­ті­лігін атап өтті. Ұзақ мер­зімді перспективада Қазақ­стан экономикасын дамытудың экономикалық моде­лін түбегейлі өзгер­туге негізделген стра­те­гия­лық бағыттар ұлттық дамудың перспективалары жағдайында өте маңызды болып табылады. Сонымен қатар қазіргі өте қиын кезеңде де Мемлекет бас­шы­сының экономиканы реформалау және модернизациялау бағытын қатаң ұстанатыны бай­қалды.

 

Вячеслав ДОДОНОВ,

Президент жанындағы ҚСЗИ-дың бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы