Ұлт руханиятының асыл арналарының бірі – сөз өнері. Көркемөнердің басқа салалары секілді, сөз өнерін оқытуда да даму үдерістері жүріп жатыр. Филологияның бүгінгі бағыт-бағдары, зерттелуі мен зерделенуі төңірегінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбекпен сұхбаттасқан едік.
– Биылғы оқу жылы коронавирус пандемиясымен есте қалайын деп тұр. Көктемде енген қашықтан білім беру қаншалықты тиімді болды?
– Қоғамның барша саласы, соның ішінде білім беру жүйесі де жер-жаһанды жаулаған пандемия шеңберіне енгені анық. Рас, оқытудың дәстүрлі үлгісі саптан шығып, оның орнын қашықтан білім беру жүйесі алмастырды. Еліміздің білім беру жүйесі пандемия жағдайында әлемдік тәжірибелерге ден қойғаны белгілі. Оқытудың балама және бейнесабақ, аудиотрансляциялау, электронды пошта қызметін пайдалану сияқты қосымша түрлері таңдалып, оқушылар мен студенттер қолжетімді жолдармен білім алды. Осы реттен келгенде, оқу мен оқыту ісіндегі жаңа формат – қашықтан білім беру орта мектеп пен ЖОО-ларға жеңіл тиді деп ешкім де айтпас еді. Жасыратыны жоқ, еліміздің ІТ-платформасы, цифрлы білім беру мен интернет жүйесі негізінде сабақ өткізу тәжірибесінің әлсіздігі, төмендігі байқалды. Бұған дайын бағдарламалардың, бағалау ережелері мен негізгі және көмекші нұсқаулықтардың болмауы, бастысы интернет платформалардың дұрыс жолға қойылмауы да кедергі келтірді. Қысқасы, ауыл мен қалаға интернет жүйесі мен цифрлы технология толық жетпегені, өз деңгейінде қамтылмағаны анық аңғарылды.
Гуманитарлық бағыттағы мамандықтар бойынша білім беру технологияларын тиімді пайдалану үшін бастапқы кезде платформалардың (ZOOM, MS Teams, т.т.) бірқатар жүйе, үлгі, сервис түрлері ұсынылды. Оқытушы-профессорлар құрамына (ОПҚ) әлеуметтік желілерді тиімді пайдалануға, компьютермен жұмыс кезінде қарапайым қауіпсіздікті сақтауға, оқу мен оқыту ісінде креативті болуға, цифрлы форматқа батыл қадам жасауға, жаңа педагогикалық технологияларды жан-жақты меңгеруге, маңыздысы білім беру мен оның сапасын арттыруға кең жол ашылды. «Platonus» жүйесіндегі оқу-әдістемелік кешендер мен силлабустар қатаң тексеріліп, қойылған талаптар өз деңгейінде орындалды. Бағдарламалық модульдер жүзеге асырылды. МАК төрағалары, техникалық хатшыларға да оқыту технологиялары туралы бейненұсқаулық, вебинар, семинарлар жедел де жүйелі өтті.
– Қазақ әдебиеті кафедрасының басты бағыттары мен негізгі ұстанымы, алдағы уақыттағы жоспар-жобалары қандай?
– Қазақ әдебиеті кафедрасы, оның басым бағыттары, басты ұстанымы туралы айтқанда, алдымен бұған дейін ҰҒА-ның екі академигі басқарғанын ойға алғанды асыл борышым деп білемін. Олар әрине ұлттық әдебиеттану ғылымының бірегей корифейлері– Р.Нұрғали мен С.Қасқабасов.
Кафедраның ОПҚ-да – 3 академик, оннан астам ғылым докторлары мен кандидаттары бар. Бакалавр, магистратура және докторантура бойынша дәрістер оқылып, таңдаулы пәндер өтеді. Білім беру бағдарламалары жаңартылып, бағыты мен мазмұны қазіргі кезеңнің даму үрдістеріне сай жүйе құрайды. Университеттің білім саясаты, оқу бағдарламалары басшылыққа алынады. Адам капиталының сапалық деңгейі, маман дайындаудың жаңашыл бағыттары, бәсекелестік пен кәсібилік, дәстүр сабақтастығы мен нарық талаптары, өмір тағылымының үздік үлгілері басты ұстаным етіледі. Маңыздысы, білім – ғылым – өндіріс сынды үштаған бағыты негізгі назарға алынады. Берік байланыс, сабақтастық болғанын қалар едік.
Бастысы, ЖОО-ның заңнамалық деңгейдегі тиісті нормативтік-құқықтық базасы барынша қатаң сақталады. Білім беру бағдарламалары (БББ) мен оқу һәм оқыту ісіне жіті назар аударылады. Білім беру сапасын арттыруға, бітірген түлектердің жұмыспен қамтылуына, магистранттар мен докторанттардың дер кезінде оқу мерзімін аяқтап, бекітілген тақырыптары бойынша қорғап, уақыт талабына сай маман болып шығуына әсер-ықпал етеміз. Білім-ғылым жүйесінде қалып, ұстаздық қызмет бағытында болғанына да жаңа жол, мол мүмкіндіктер ашамыз. Ғылыми бағытта болып, зерттеушілік іспен айналысуына да кең өрістер бар. Бұдан басқа, кафедрадағы ОПҚ жеке жүктемесі, ондағы өзгерістерді негіздеу, студенттер мен магистрант, докторанттардың тақырыптары мен жетекшілерін бекіту, шетелдік тағылымдама мен ондағы жетекшілермен байланыс орнату да арнаулы кесте-жоспар бойынша жүзеге асады. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларын әзірлеп, алыс-жақын елдермен байланыс орнатып, білім-ғылым жүйесі, ондағы ұтқырлық бағыты мен қос диплом жөнінде келісімшарт жасалады (мысалы, ЕҰУ мен Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институт арасындағы келісімшарт, 2019, 10-16 қараша).
Орта және жоғары мектеп арасындағы берік байланыс – №40, 48-мектептер арасында тұрақты орнағанын айту абзал. Кафедраның оқытушылары аталған мектеп ұжымдарында жиі болып, арнаулы дәрістер оқиды. Ортақ мұраттар төңірегінде келелі кеңес өткізіп, дөңгелек үстел мен конференцияға қатысады. Орта және жоғары мектепте өтетін пән олимпиадалары, Әл-Фараби, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Фариза оқулары тұсында да ортақ іс – елдік мұраттар, руханият арналары төңірегінде жиі бас қосады.
Сондай-ақ Алаш одағы – атақты қаламгер Ж.Аймауытұлының – 130, ел әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-қайраткер С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Дөнентаев, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, т.б. – 125 жылдық мерейтойлары конференция, ғылыми семинар, дөңгелек үстел, кеш-кездесу, сұхбат алаңы аясында аталып өтті. Осы тұста арнаулы кітап, жекелеген жинақтар мен конференция материалдары жарық көрді.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, оның алдындағы «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», «Ұлы даланың жеті қыры», т.с.с. бірқатар жоба туралы не айтасыз? Қазақ руханиятына, оның ішінде әдебиетке бұл жобалар қаншалықты пайдалы болды?
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызы зор. Меніңше, мұның бастапқы кезеңі – 1980-жылдардың бел ортасында-ақ басталған. Сол кезеңде Мәскеудің идеологиялық бағытында бетбұрыс басталып, саяси құрбандарды ақтау мәселесі қозғалды. «Тарихта да, әдебиетте де ұмытылған есімдер, ақтаңдақ орындар болмауға тиіс. Әйтпесе, бұл тарихта, әдебиетте емес, жасанды құбылғыш конструкциялар болып шығады» деген нұсқау көпке жетті («Социалистік Қазақстан», 1987, 15 ақпан).
Ғылыми-шығармашылық топтың жанкешті ерен еңбегі мен жауапкершілік жүгі мол ізденіс, зерттеулері негізінде «Ақын Шәкәрімнің шығармашылық мұрасы жөнінде» қаулысы шықты («Социалистік Қазақстан», 1988, 14 сәуір). Ақын өмірбаяны, шығармашылық мұрасы көпке жетті. Қоғамды демократияландыру бағыты кең өріс алды. Алдымен, Мәскеудің өзінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың есімі мен еңбегі ақталып, қалың көпке жете бастады.
Алаш ақиқатының, руханият кеңістігінің жарқын беттерінің бірі ҚҚП ОК-нің «Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық мұрасын зерттеу жөніндегі комиссиясының қорытындысы» баспасөз бетінде жарияланды («Социалистік Қазақстан», 1988, 28 желтоқсан).
Асылы, Алаш арыстарының өмірбаяны, қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасының ақталу сыр-себептері – Ж.Әбділдин ( «Өмір-өзен» – 2014), С.Қирабаев («Ұлт тәуелсіздігі және қазақ әдебиеті» – 2011), Р.Нұрғали («Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» – 2002), Ш.Елеукенов («Тәуелсіздік биігінен» – 2007), Т.Жұртбай («Ұраным – Алаш!..» – 2008, 2011), т.б. зерттеу еңбектерінде кең орын алды. «Алаш қозғалысы» атты энциклопедиялық анықтамалығында да жан-жақты берілді (2014).
Ойға алар және бір жайт: «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу», «Халықтың тұтастығы мен ұлттық тарих» жылдарының (1997-1998) тағылымы мол болғанын айту абзал. Бұдан өзге: «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң күшіне еніп, қызыл империя тұсында орын алған тоталитаризм, геноцид сыры ашылды. Еліміздің жер-жерінде жазықсыз жазаланғандарды еске түсіретін мемориалдық ескерткіштер ашылды. Асыл да аяулы боздақтардың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында алуан бағыттағы мәдени-рухани іс-шаралар өтті. Көше аттары өзгертілді. Еңселі ескерткіштер бой көтерді. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.
Еске алар және бір маңызды жоба – «Мәдени мұра» (2003) мемлекеттік бағдарламасы дер едік. Аталған бағдарлама аясында ұлт тарихының арғы-бергі кезеңі қайта қаралып, археологиялық қазба жұмыстары, ежелгі ескерткіш, әдеби-мәдени жәдігерлер жіті зерттеліп, байыпты зерделенді. Бастысы, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер, бірқатар халыққа қажетті нысандар қайта жаңғырып, қолдануға берілді. Ойға алсақ, бағдарлама аясында – «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» қалың көпке жетті. Жүз томдық – «Бабалар сөзі» сериясы халқымыздың рухани байлығының ғажайып үлгісі, басты белгілерінің бірі болды. «Бабалар сөзі» – қазақ фольклорының теңдессіз жобасы ретінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханада, ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде, Майндағы Франкфурт қаласындағы кітап көрме-жәрмеңкесінде таныстырылымы өтті. «Фольклорын жүз томға жинап, бастырып шығарған әлемдегі жалғыз ұлт – қазақ» екені айрықша аталды. Ұлт пен ұрпаққа үлгі етілді. Орта және жоғары мектеп кітапханасынан кең орын алды.
Бұдан басқа, «Халық – тарих толқынында» (2013), «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» (2017), «Ұлы даланың жеті қыры» (2018) сынды маңызды жобалар аясында ұлт мұраты айқындалып, елдік мүддеге қызмет ететін мың сан жұмыстар қолға алынып, жүзеге асып келеді.
Тараз, Түркістан қалаларының – 2000, 1500, Қазақ хандығының – 550 жылдықтары жалпыұлттық деңгейде өтті. Атақты хан, белгілі би-шешендер мен танымал тұлғалардың мерейтойлары аталды. «Алыптар тобы» С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Мұқанов, М.Әуезов, т.б. мен Алаштың қайраткер-қаламгерлерінің (мысалы, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов, М.Шоқай, т.б.) есімі мен еңбектері де кең түрде сөз етіліп, зерттеу жүйесіне айналды. Орта және жоғары мектеп бағдарламасына енді. Оқулық пен хрестоматиялардан лайықты орын алды.
– Биылғы Жолдаудың маңызды тұстарын еске алсаңыз? Ол жерде өзіңіз басқаратын кафедраға тиісті жерлері бар ма?
– Қазақстан халқына арналған – «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдаумен оқып-танысқанда, ел дамуының жаңа кезеңдері мен өркендеу өрістеріне жетудің мол мүмкіндіктері байқалды. Әсіресе Ұлт жоспарын жүзеге асырудың қажеттілігі басты назарға алынады. Заман талабына қатысты мемлекеттік мүдделер, қоғамдық-саяси өмірді жаңғырту жайы, экономикалық реформаларды іске асырудың мәні, басты қағидаттары алға тартылады.
Жасыратыны жоқ, дипломды маман көп, десе де бос жұмыс орны бола тұра, кадр тапшылығы сезіледі. ЖОО-да мамандықтар қайталанатынын ешкім де жоққа шығармайды. Керісінше, ІТ-мамандары, биотехнология, машина жасау, маркетинг, металлургия, тамақ өндірісі, радиотехника, логистика сынды мамандықтарға сұраныс жоғары екенін айтқан жөн. Бұл тұста, сөз жоқ еңбек нарығын зерттеп-зерделеу қажеттілігі, қоғамға, өмір-тұрмысқа аса зәру мамандықтарға грант санын еселеп арттыру мүмкіндігі терең танылады. Осы орайда Жолдауда: «...Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек», деген тұстарға мән берген жөн.
Асылы, аталған жайттардың бәрі – ел дамуына, ұлттық мұратқа негізделіп, оны өркениет деңгейіне көтеру бағытына арналғаны көңілге қуаныш орнатады. Қысқасы, ел ертеңі мен кемел келешегіне қатысты нақты жұмыстар, маңызды мәселелер, сапалы өзгерістер мәнді де нанымды, жүйелі жеткізіледі. Бұдан сөз жоқ, ел еңсесі көтеріледі. Ұлт мұраты айқындалады. Жасампаздыққа жол ашылады.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛ,
«Egemen Qazaqstan»