Қазіргі таңда күллі әлемді құрсаулап, ғаламды бір тарының қауызына сыйдырған пандемияны тізгіндеу үшін біз оның талаптарына көнуге тиіспіз. Әйтпесе, індет кесірінен құтыла алмаймыз. Сондықтан қоғамда қалыптасқан кейбір әдет-жоралғыдан бас тартпасақ болмайды.
Әсіресе, қазақтың ас пен той мәселесі. Соңғы жылдары ел жаппай «тойжарыс»-қа түсіп кетті. Аталарымыз айтты емес пе: «той бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деп немесе осындай бір күндік қуаныш үшін мың күндік қайғы сатып алатын тозған дәстүр кімге керек. Көптеген таныс-туыстарды білемін той жасаймыз деп кредит алған, онысын өтеу үшін ыңыршағы айналып, зорға жүр.
Бұл мәселе қоғамды да, билікті де ойландыруы тиіс. Осыдан төрт-бес күн бұрын «Ана тілі» апталығына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың мақаласы шығыпты. Осы жазбада: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Расында біз қазір құндылықтары жаңарған мүлде өзге ғасырда өмір сүріп жатқанымызды естен шығармауымыз керек. Ашығын айтқанда, бізде ұлттық прагматизмнің негіздеріне қайшы келетін ысырапшылдық сияқты әдеттерге қарсы шаралар қабылдауда нақты ұстаным жоқ. Көрші елдерде туғаннан өлгенге дейінгі орындалатын салт-дәстүр, (той, ас, жаназа, т.б) әдет-ғұрып рәсімдерін заңмен реттеп қойғандықтан, халық қойылған талапты қалыпты түрде қабылдайды» депті Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар Қырымбек Елеуұлы, алдағы уақытта көпшілікпен кеңесе келе, біз де ғұрыптық рәсімдерді заңмен реттеу шараларын қолға алатын уақыт жетті, дейді. Бұл пікірге өз басым қос қолымды көтеріп қосыламын. Тіпті алдағы уақытта ас пен тойды ең көп дегенде 50 адамнан асырмай өткізсек, оны заңмен бекітсе деген ұсыныс бар. Оның сыртында той үстінде айтылатын мақтау-мадақ, дарақылық, ысырапшылдық біле білсек індеттен де жаман.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы