• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Тамыз, 2020

Жер – қазына, жер – ырыс, жер – береке!

641 рет
көрсетілді

Президент Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында сараланып айтылған маңызды мәселелердің бірі – халықтың әл-ауқатын көтеру, тұрмыс-тіршілігін барынша жақсарту. Президент әсіресе, халықты отандық өніммен қамтамасыз етуге ерекше назар аударып, бұл туралы тиісті орындарға шұғыл тапсырмалар берді. Отандық өнім өндіру жолында 13 жылдан бері талмай ізденіп, қажырлы еңбек етіп келе жатқан үлкен ұжымның бірі Панфилов ауданындағы «Көктал-Агро» ЖШС.

Жүгерісі жасыл, дәні асыл

Қазір «инені тебенге, тебенді бізге жал­ғайтын», әркімге де он ойланып, бір қадам жасайтын кез болып тұр. Ауыл ша­руа­шылығын өркендету, халықтың тұр­мыс тіршілігін жақсартуға жасалған игі қа­дам екенін өмірдің өзі дәлелдеп бергені баршамызға аян.

Бұрынғы «Көктал» кеңшарының мың­даған гектар егістік пен жайылымдық же­рі­нің көбі бірнеше жыл игерілмей бос жат­қан-ды. Егістік жерлерді игеру жөнін­дегі сол кездегі заңда игерілмеген жерлер игеретін ұжымдарға берілетіні анық жа­зылған еді. Осы байлығымыздың бос жат­­пай, халық игілігіне жарауы үшін үл­кен ұжымдар екі мыңыншы жылдардан іске кіріскен еді. Компания басшылары жер игеруге кірісуден бұрын өздерінің жұ­мыс кеңсесі мен техникалық базасын құру, оған техникалық қызмет көрсету үшін Пан­филов ауданындағы Көктал ауылының жо­ғарғы жағындағы қирап қалған көне жүгері зауытының орнын тиісті құжаттар не­гізінде заңдастырды. Енді міне, бұл тас-талқаны шыққан жүгері зауытының ор­нында тұрақты жұмыс істейтін сапалы кә­сіпорын бой көтерді. Айқындап айтқанда, серік­тестіктің берік өндірістік техникалық базасы құрылды. Егістіктерінде жүгерінің өнімді тұқымдарын өндіруге батыл кірісті.

Алғашқы жылдары 200 гектардай ғана егістік жер болса, бүгінде егістік көлемі 1269 гектарға жетті. Осынша ал­қапта өсірілген өнімнің негізгі сатып алу­шысы Шамалғандағы крахмал және сироп өндіретін ірі зауыт. Жүгері ісі «Азия-агрофут» зауытына тапсырылады. Зауыт жүгеріні бірінші өңдегенде крах­мал шығарады. Крахмалдан сироп жасайды. Ал сироптан конфет, тоқаш, басқа да кондитерлік өнімдердің түр-тү­рін шығарады. Өткен жылы серіктестік Ша­малғандағы зауытқа 800 тонна сапалы жүгері өткізді.

Кондитерлік өнімге деген халықтың сұ­ранысы күн санап арта түсуде. Оның үстіне ол отандық өнім болса тұтынушылар оны іздеп жүріп сатып алуға көшті. Сол үшін де «Азия-агрофуд» зауыты кондитерлік өнім­нің санын да, сапасын да арттыруда.

Қазір серіктестік 273 гектар жүгері ал­қа­бын тамшылату әдісімен суаруда. Ком­пания директоры Жәнібек Охановтың айтуын­ша, келешекте 1062 гектар егістік жер тамшылатып суарылатын болады. Бұл жос­пардың өз мерзімінде іске асырылатынына сенім зор.

 

Сүті қаймақты, қамтыды аймақты

Аудандағы маңызды мәселе – ха­лық­ты таза да дәмді, майлылығы жоғары сүт­пен қам­тамасыз ету. Сапалы да мол сүт алу үшін ғылыми ізденіс, өзіміздегі жә­не ше­телдік озат тәжірибелер, мол қар­жы және білімді де білікті кадр керек екенін ой елегінен өткізген Жәнібек Мұхатайұлы ма­ңызды шешім қабылдады. Бірінші әр сиыры бір миллион тұратын «швид» тұқымды сиыр сатып алу керек болды. Екіншіден оны азықтандыратын, сауатын заманауи­ орын дайындау қажет еді. Үшіншіден, осы бағалы мал басын күтіп-бағатын мал­­шы мамандар мен сауыншылар керек. Асыл тұқымды малды алып келу үшін Нидерландта Ж.Оханов арнайы оқып, олардың озық тәжірибесін үйренді. «Швид» сиырын күтіп-баптау жеңіл-желпі жұмыс емес екен. Желінін, бауырын, үсті-басын, төрт аяғын арнайы щеткамен тазалаудың өзі шебер атқаратын жұмыс. Сауын сиыр­лардың жемшөп жейтін ақы­рын тазалау, малдың астын қырып, сыпырып шығу жұ­мыстары ұқыптылықты қажет етеді. Ал жемшөптің құрамы әртүрлі. Барлық жемшөп зоотехникалық талаптарға сай болып, белгіленген уақытта сауын сиырларға беріледі. Осы талаптардың бәрі бекітілген ережеге сай атқарылып келеді. Тазалық та мол сүт алуға әсер етеді. Сонымен бірге сиырлар әрлі-берлі қоз­ғалыста болып тұрады.

Қазірдің өзінде Аустралиядан «швид» сүтті тұқымды сиырлардан 284 бас сатып әкелінген. Әр сиыр күніне үш рет сауылып, 30 литрден майлы сүт береді. Денсаулыққа дауа десе болғандай. Келешекте сүтті сиыр­­дың санын серіктестік 480 басқа жет­кізуді межелеп отыр. Ұжымның тағы бір жоспары – сүттен кілегей, сарымай, қа­тық, құрт, сықпа өнімдерін өндіру. Оған да­йындық жұмыстарын бастап та кетті.

Бұл үлкен ұжымдағы жұмыстардың басым көпшілігі әртүрлі техника күшімен атқарылуда. Атап айтқанда, мамандардың кәсіби білі­мін жетілдіріп отыру да се­ріктестік бас­шысының назарында. Ме­ха­низаторлары трактор моторының кіл­типанын таба алады. Дәнекерлеуді де үйреніп алған. Техника тілін білетін тәжі­рибелі механизатор керек. Бұл – уақыт талабы. Шаруашылықта «JONH DEERE» комбайыны, «JONH DEERE» тракторы, бір «JCB» телескопиялық тиегіш, 6 «Беларусь» тракторы, 2 «21-21» тракторы», 7 «МТЗ» тракторы бар.

Серіктестікте өздерінің ізденімпазды­ғымен көзге түсіп, нәтижеге жетіп жүрген еңбеккерлер аз емес. Атап айтсақ, бас инженер Павел Мамзаркин, механик Ербол Әріпжанов, агроном Бақдәулет Қожаха­нов, бригадир Қайрат Асылбеков, зоотехник Ра­уан Исақұлов, мал дәрігері Олжас Ыс­қа­баев, механизаторлар Жолдасбек Сәр­сенбаев, Серік Тұрағалдиев сияқты уақыт­пен санаспай еңбек етіп, өздеріне бекітілген техникаларын талапқа сай кү­тіп, әрқашан да еңбек өнімділігіне жетіп жүрген азаматтар.

«Көктал-Агро» ЖШС-ның Көктал ай­мағындағы және мың адам тұратын Көк­тал ауылындағы тұрғындарға жасаған қам­қорлығы да аз емес. Айталық, былтыр өсір­ген 800 гектар жүгері пісіп жетілгенде арнайы комбайнмен жинады. Сонда 800 гектар жүгерінің собығы егістікте қала берді. Осы 800 гектар жүгері алқабының орнын Көктал ауылы мен Көктал ауы­лы­ның жанындағы тұрғындарға жайы­лым ретінде берді. Сонымен қатар Көк­тал ауы­лындағы тұрмыстық жағдайы тө­мен отбасыларға, жергілікті мешіттің жылу жүйесін тартуға, нәзірхана салуға қар­жы­лай көмек көрсетті.

 

Садық ЖҰМАБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың лауреаты

 

Алматы облысы