Алаштың астанасы болған Семей шаһарының көне көшелерімен күні кеше ұлы Абай жүрген, Алаштың ардақтылары Әлихан, Ахмет, Міржақыптар жүрген. Бүгінде тау тұлғалардың табаны тиген тарихи қаланың тар көшелерінде тар заманның бір ғимараты сақталса, бірі жойылып кеткен. Енді бірі қаланың қақ ортасында қаңырап бос тұр. Көненің көзіндей болып, мұражай қызметін атқарып тұрғандары да жоқ емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жариялаған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», деген еді. Содан бері қандай жұмыстар атқарылды? Семейді тарихи орталыққа айналдыру бағытында не істелді? Жуықта тарихи шаһарға арнайы барып, зиялылардың ізі қалған көне нысандардың жағдайымен танысқан едік.
Семей және Смағұл Сәдуақасов
Рас, Семейге келген жұрт Абай заманының, Алаш кезеңінің рухын сезінгісі келеді. Сол дәуірден қалған, ішіне сыр бүккен ғимараттарды көргісі келеді. Мұндай ғимараттар Семейде баршылық. Бұл ретте Абай қорық-музейі мен «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музей-үйін ерекше атап өтуге болады. Бұдан басқа Абай заманын, Алаш қайраткерлері билік құрған уақыттың тынысын сездіретін ғимараттар да бар екен. Мұны жұрттың бірі білсе, бірі біле бермейді.
Әуелі биыл 175 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан ұлы Абай заманынан, алашордашылардан қалған тарихи орындарға аз-кем тоқталсақ.
Абай көшесінің бір тұсы «Таткрай» деп аталады. Бұл жердегі ескі үйлерді ертеде татар көпестері салған. Көпестердің қолдарында қаржы бар. Қаржы болған соң билік те болды. Ал қазақтың өмір-тіршілігі жаңа Семейде өтіп жатты. Бірен-сараны ғана жел қайыққа мініп оң жағалауға өте-тұғын. Әлихан Бөкейханның өзі Омбыдан келе сала орталықтағы шаруаларын бітіріп, арғы бетке Алаш қаласына асығатын. Қаланың сол жағалауы ресми түрде Алаш қаласы атанғанымен, белгі болатындай ғимараттар сақталмаған екен.
Тарихи деректерге үңілсек, қазақтар сол жағалауда тұрғандықтан, Семей қаласы сол жылдарда Алтай аумағына өтіп кете жаздаған. 1919 жылдары ағайынды Барановтар қол жинап, көпшілік қолдап, «Семей Алтай аумағына қарайды» деген шешімді шығартып алған екен. Содан Смағұл Сәдуақасов Семейдің Ресейге кетуіне жол бермеу үшін Мәскеуге аттанған көрінеді. Жалынды жігіт қазақ жері үшін Ленинге дейін жетіп, шешімді бұзғызған. Қабылданып кеткен шешімді бұзу оңай шаруа емес еді. Ол «Сібірде бәленбай өзен бар, бәрі орыстікі, қырғыз ағайынға бір өзенді қимайсыздар ма?» деген мағынада хат жазған көрінеді. Сөйтіп Семей қазақ елінде қалды. Өкінішке қарай, қалада Семейге араша түскен алашордашының атымен аталатын көше жоқ. Ерте ме, кеш пе, Смағұл Сәдуақасовтың атына қаладан көше беріп, қасқайтып мүсінін қою да бүгінгі қала тұрғындарының парызы болса керек.
Ал қала тарихында ерекше орын алатын көне нысандар жайында алаштанушы Мұрат Кенемолдин әңгімелеп берді.
– Қазақтар Семейдің сол жағалауында тұрғанын білесіздер. 70-80-жылдары көп қабатты панелді үйлер салына бастағанда ескі нысандар сүріліп кетті. Жалпы, бұл Заречная Слободка елді мекені 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін-ақ ел аузында Алаш қаласы болып аталып келген. Оған Семей қаласындағы «Қазіргі заман тарихының құжаттама орталығында» сақталған «План города Алаш утвержденный 28-ноября 1916 г.» деп аталатын ресми құжат дәлел болады. Өкінішке қарай, Алаш қаласының атауы 1927 жылдың 15 қыркүйегінде өткен Семей облыстық атқару комитеті жиынының қаулысымен Жаңасемей қаласы болып өзгертілді, – дейді М. Кенемолдин.
Алаштанушы Мұрат Кенемолдиннің айтуынша, сол кездегі Алашорда үкіметі мен облыстық қазақ комитеті, Земство басқармалары кеңселері, «Сарыарқа» газеті және «Абай» журналы редакциялары Семейдің сол жағалауында, яғни Алаш қаласындағы Әбдірахман Жүсіпов, Қаражан Үкібаев, Александр Ерыкалов сынды дәулетті, зиялы азаматтардың үйлерінде орналасыпты. Сонымен қатар осы «Океан» және «Новостройка» базарлары аумағында бірнеше мұсылман бейіттері орналасқан. Тіпті бұл аумақтарда «Могильная» деген көше атауы да болған екен. Бұл көне зираттарда 1830 жылдары Алаш қаласының алғашқы іргетасын қалаушылар Тінібай Кәукенов пен Жоламан Жандарбеков тәрізді қазақтың игі жақсылары жерленген.
Көненің көзі – оң жағалауда
Оң жағалаудағы ең ескі көше – қазіргі Абай көшесі. Мұндағы ескі ғимараттардың көбі көненің көзіндей болып, бүгінге жеткен. Оң жағалау XIX ғасырдың ортасында татарлар көшіп келген соң ғана жаңара бастаған. Байқап қарасақ, олар салған үйлердің әлі сан ғасыр тұрары анық. Астыңғы қабаты кірпішпен жиналып, үсті бөренемен көтеріліпті. Тарихшылардың айтуынша, астыңғы қабатында жалшылары тұрса, екінші қабатында өздері тұрған. Ал балқарағайдан қиып салған бірден-бір себебі – мұндай үйде тұрып, қарағайдың ауасымен тыныстаған адам ешқашан құрт ауруымен (туберкулезбен) ауырмайды екен. Қақпалары да сол заманғы дизайнға сай қызыл кірпішпен өріліпті.
Көне көше бойында күмбезі көк тіреп тұрған – ағайынды Мусиндердің демеуімен көтерілген татар мешіті менмұндалайды. Сәл қиыстау 1850 жылдары салынған бу диірмені тұр. Тұрғындар бидайларын осында арқалап келіп, пұл төлеп, ұн тартқызыпты. Диірмен өнімді жұмыс істеп, ауқаттары артқан соң ғана мешіт салғызған.
Ескі диірменнің ғимаратын жақыннан көрмек ниетте есігін бетке алып едік, қызметкері болса керек, алдымыздан кесе-көлденең шығып рұқсат бермеді. Қысқасы – жеке территория. Алыстан қызықтап, сыртынан таңданып қайттық. Кірпіштері бәз-баяғы қалпында.
Семейдің негізі, жүрегі – Ертістің бойымен созылған Абай көшесі. Көше бойындағы көне ғимараттардың көбі сақталған. Бірі дүкен, енді бірі қарапайым отбасының тұрғын үйі. Мамандардың айтуынша, қала ішіне «Абайдың жүрген жолы» деп туристік маршрут жасап, сол заманның элементтерін пайдаланып, безендіріп қойса Абай заманындағы рух сезіліп тұрар еді. Бағытты Түйемойнаққа бұрып, одан әрі Әниярдың үйі, Абайдың барған кітапханасы деп жалғастыра беруге болар еді. Әниярдың үйі бүгінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына қарасты «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражай-үйі болып тұр. Ұлы ақын тоқтап жүрген екі қабатты үйде кейіннен Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатов отбасыларымен тұрғаны белгілі.
Түйемойнақ дейміз, үстінен қарағанда түйе тәріздес арал Абай заманынан бертінге дейін «Полковничий остров» аталып келген. Татарлардың сабантойы жылда осында өтіп, губернатор да осы аралда демалған. Губернатор осында болған соң телеграф, пошта, бәрі орталықта еді.
Телеграф ғимараты тозып кеткен
Телеграф демекші, Қазақстандағы тұңғыш телеграф Семейде болғанын жұрттың бірі білсе, бірі білмес. 1915 жылдары бой көтерген телеграф ғимараты бүгінде бүлінудің аз-ақ алдында тұр. Қабырғасындағы мәрмәр тақтасына қарасақ, 1989 жылдан бері мемлекет қарауында көрінеді. Мемлекеттің қол қусыра қарап қана отырғанынан не қайыр?! Жөнделмесе, қайта қалпына келтірілмесе...
Бізді Найманбаев көшесіндегі тарихи телеграф ғимаратына отставкадағы полковник Әлихан Омарбеков алып барды. Қаланың ортасындағы ғимаратты қаулап өскен тал жасырып тұрғандықтан көзге көп түсе бермейді. Есігінің алдында қоқыстың қос жәшігі тұр. Жақындап суретке түсіре бергеніміз сол еді, алдынан өтіп бара жатқан қыз «неужели восстановить?» деді. Не дерімізді білмей тосылдық. Өзін Ольга деп таныстырған қала тұрғыны телеграф тарихын өлкетанушы Павел Николаевич Жуков жақсы біледі деп жөн сілтеді, телефон нөмірін берді. Хабарластық.
– 1915 жылы бой көтерген Қазақстандағы тұңғыш арнайы телеграф – осы. Ғимараты өте әдемі, үлкен еді. Кейін Лушиников есімді азамат құнды жәдігерлермен толтырып, мұражай етті. Өкінішке қарай, ол өмірден өткен соң түк қалмады. Қазіргі қалған бөлігі осы ғана. Қайта қалпына келтіру керек. Қолда бар құнды ғимараттардың бірі, – дейді жанашырлық танытқан П.Н.Жуков.
1918 жылы 20 наурызда «Алашорда» төрағасы Әлихан Бөкейханның тапсыруымен Халел Ғаббасов автономия құру жөнінде Семейден телеграф арқылы Сталинмен келіссөз жүргізген. Сол жылдың сәуірінде Ә.Бөкейхан, Ә.Ермековтермен бірге Алаш автономиясын алу жөнінде телеграф арқылы Сталинмен тағы да сөйлескен. 1918 жылғы 21 сәуірде Халық комиссарлары кеңесі мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатына жолдаған жеделхатында Алашорда автономиясын дереу мойындау туралы талап қояды. Бірақ жауап болмаған. Демек, алашордашылар осы телеграф арқылы байланысулары әбден мүмкін.
Түрмені де туристік орынға айналдыруға болады
Қолда бар дүниенің қадірін кеш біліп жататынымыз шындық. Оны айтып отырғанымыз, 1870 жылдары шойын жолдың бойына салынған тарихи түрмені де жермен-жексен етіпті. Кірпішін көлікке тиеп жатқанын көзіміз көрді. Біле-білсек мұнда Абайдың ұлы Тұрағұл, Әлихан, Ахметтер отырған. Кейін тәуелсіздік жолында құрбан болған Қайрат Рысқұлбековті де осында қамаған.
Изоляторда он бес жыл басшы болған Әлихан Омарбеков «түрме де туристік орынға айналар еді ғой» деп өкінеді.
– Қазақстанда жүз ескі ғимарат болса, бірі осы тергеу изоляторы еді. Әрине адам жанын түрме түршіктіреді. Бірақ бұл – тарих. Мұнда талай адамның тағдыры қиылды. Мәди әнші: «Абақты қатар-қатар болады екен, Ішіне жақсы жаман толады екен» деген. Көрдіңіз бе, нақақтан нақақ қамалған жақсылар да болған. Ғимаратты сақтап қалудың жолы бар еді. Бұзылар алдында шырылдап, жазбаған жеріміз қалмады. Ақшаның дүрілдеп тұрған кезінде адам пікірін тыңдай ма?! Қала ортасы. Үй салуға, бизнеске ыңғайлы жер. Сатылды да кетті, – деп күрсінді Ә.Омарбеков сүріліп кеткен түрменің орнына қарап.
Қаншама қан төгілген, жан қиылған жерге үй соқсын, бизнес нысанын көтерсін, тылсым күштің әсері болмас па екен деген үрейлі ой келетіні рас. Берлинде «Гестапо» деген болған. Ол коммунистерді ғана қинаған жоқ, немістерді де аямады. Германия неге «Гестапоны» тарихтан жоқ қылып жібермеді? Өйткені ақылды халық. Ертең халықтың мәдениетке деген көзқарасы өзгереді, әл-ауқаты артады, Семейге Абай, Әлихан, Мұхтарлардың жүрген жерін көреміз деп туристер ағылады. Сонда «бұл жерде түрме болған» дегеннен гөрі, «бұл – түрме» десе, әлдеқайда артық еді ғой.
Аралдағы әйгілі Алькатрас түрмесіне де туристер толассыз қатынайды. Керек десеңіз, Германиядағы мыңдаған адамның қаны төгілген концлагерьлер де тарихи нысанға айналған. Ал біздікі – бүлдіру, жою. Жау кеткен соң қылышты тасқа шапқандай болып аттандаймыз. Халық үніне құлақ асатын басшы болса, бүйтпес пе едік. Міне, семейлік зиялыларды осы мәселелер толғандырады.
Жергілікті билік Президент мақаласындағы тапсырмаларды бұлжытпай орындайтын болса, қаңырап тұрған телеграф ғимараты да, 1875 жылы салынып, екі рет өртке оранған зооветинституттың алып ғимараты да жөнге келтірілер еді. Жаңартылмаса да сырттан келген ел санасына сіңіретін рухани сабақтастықтың орнына айналдыруға әбден болады.
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
журналист
СЕМЕЙ