Қаруларын қысқартпақ
Өткен аптаның басты оқиғасының бірі – АҚШ пен Ресей Федерациясының президенттері Барак Обама мен Дмитрий Медведев Чехияның астанасында стратегиялық шабуылдаушы қаруларды (СШҚ-3) қысқарту жөніндегі шартқа қол қойды. Бұрынғы шарттың мерзімі өткен жылғы желтоқсанда-ақ өтіп кеткен еді. Біраз мәселелер жөнінде келісімге қол жетпей келген. Тіпті Ресейдің бұл шарттан бір жақты шығу мүмкіндігі барлығын ескерткен мәлімдемесі де болған. Бірақ екі держава басшылары да жағдайды тым шиеленістіру жақсылыққа апармайтынын ұғып, келісімге тоқтады. Соның арқасында екі жақтың ядролық арсеналының үштен біріндейі қысқармақ.
Сайлау ерте өтеді
Авиаапаттан қаза болған Польша президенті Лех Качиньскийдің алғашқы билік мерзімі осы жылдың аяғына таман бітуге тиіс еді. Бұл елде президент сайлауының науқаны басталып та кеткен болатын. Марқұм Качиньскийдің өзі де екінші мерзімге қайта сайлануға түсуі мүмкін еді. Енді жағдай мүлде өзгеріп отыр. Кезектен тыс сайлау бұрынырақ өтуі мүмкін. Ел басшысының міндетін атқарушы Сейм Маршалы Б.Коморовский кезектен тыс сайлаудың болатын уақыты жақында жарияланатынын мәлімдеді.
Кетудің себебі не?
Жұма күні биліктегі Моңғол халықтық-революциялық партиясының төрағасы Санжийн Баяр өз қызметінен кететінін мәлімдеді. Кетуінің себебін ол денсаулығына байланыстырып отыр. Ал саясатшылар оны соңғы күндердегі оқиғаларға байланыстырады. Дүйсенбі күні Улан-Батордың көшесіне бес мыңдай адам митингіге шығып, парламентті таратуды, үкіметтің қызметінен кетуін талап еткен болатын. Қазір 2,7 миллион халқы бар Моңғолияда адамдардың 40 пайыздайы кедейшілік шегінен төмен тұрады.
Билік үшін күрес
Ұлыбританияда 6 мамырда өтетін парламент сайлауының науқаны басталды. Онда жеңген партияның өкілі билік тізгінін ұстайды. Лейбористер, міне, 13 жыл бойы билікте. Алдымен Тони Блэр үш мерзім премьер-министр болса, одан эстафетаны қабылдаған Гордон Браун өз партиясын жеңіске жеткізе ала ма, жоқ па, ол белгісіз. Ал олардың бас қарсыласы консерваторлар осы жолы қалай да жеңуді мақсат етіп отыр.
Оппозиция ыдырауда
Күні кеше президенттікке таласқан Юлия Тимошенконы оның достары тастап кетіп жатыр. Сатқындық кімнен болса да жақсы емес. Бұдан бұрын өз фракциясының депутаттарын Аймақтар партиясы 1 миллион доллармен сатып алып жатыр деп мәлімдесе, оны дәлелдеу қиын. Бұл үшін Тимошенконы прокуратура шақырып, жауап алуда. Әрине, ешкім ақшаға сатылдым дей қоймайды. Бірақ Тимошенконың басқаға өкпелейтін жөні жоқ, өзі де кезінде В.Ющенконы сатып кеткен.
Аса ірі жаттығу
Сенбі күні Пәкстанда соңғы 20 жылдағы ең үлкен әскери жаттығу басталды. Оған барлық әскер түрінің 45 мың жауынгерлері мен офицерлері қатыспақ. Жаттығу кезінде қарулар мен құралдардың жаңа түрлері сынақтан өтеді. Жұртшылық бұл ірі жаттығуды көршілерге қыр көрсету деп қабылдады.
Ең үлкен жалақы
Не нәрсенің болса да тым артықтығы өрескел. Басқа елдерге қарызы шаш-етектен, өзі басқа елдің басқыншылығы жағдайында күн көріп отырған Ирактың премьер-министрі Нури әл-Маликидің айлық жалақысы 2 миллион доллар екен. Жұрт оның жалақысын АҚШ президенті Барак Обаманың жалақысымен салыстыратын көрінеді. Оныкі – 48 мың доллар. Маликидің бір айда тапқанын 3 жылда табады.
Қызбайтын шам
Еуроодақ елдері алдағы уақытта дәстүрлі Эдиссон ойлап тапқан қыздырылып жарық беретін электр лампаларын шығармайтын болып отыр. Олардың орнын электр қуатын үнемдейтін шамдар басатын болады. Еуроодақ үкіметі – Еурокомиссия сондай шешімге келіпті. Ал консервативтеу келетін неміс жұрты ескі шамдарды бар кезінде көптеп сатып алып жатқан көрінеді.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.