• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2010

ӘДЕБИЕТКЕ ЖАУЫНГЕР ШИНЕЛІМЕН КЕЛГЕН

2742 рет
көрсетілді

Сәукең тудырған алуан кітаптардың басты кейіпкерлері ойдан шығарылған әдеби образдар емес, өмірде болған нақтылы адамдар. Олар – Дина Нұрпейісова, Шоқан Уәлиханов, Кенен Әзірбаев, Нұрмолда Алдабергенов сияқты тарихи тұлғалар, әрі Ұлы Отан соғысы­ның қаһармандары – Бауыржан Момыш­ұлы, Талғат Бигелдинов, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғазин, Темірбек Көкебаев. Шамамен 1958 жылдың қыркүйек айының соңы еді. Жетісудың дағдылы алтын күздерінің бірі. Шұбар ауылы. Бұл сол жылдарда атағы жер жарған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алда­бер­генов басқарған “ХХІІ партсъезд” атындағы ұжымшардың орталығы. Сол жылдарда-ақ көшелері асфальтталған, көрікті үйлер қатар-қатар сап түзеген, көгалдандыру жағынан да өзгелерге үлгі боларлық тамаша елді мекен. Өз ауылым­да қазақша мектептің жоғарғы сыныптары болмағандықтан, осы Шұбар ауылындағы орта мектептің тоғызыншы сыныбында оқып жүрген кезім. Мен тұратын туыс­қан­дарымыздың үйі ауыл­дың дәл орталы­ғында, Мәдениет үйінің іргесінде. Осында екі көше қиылысқан тұста, биік бағана­дағы радио күні-түні қақсап тұра­тын. Үйдің тап іргесінде болғасын ба, қолым боста осы радиодан түрлі концерт­терді, әрі әртүрлі әдеби хабарларды құлағымның құрышы қанғанша тыңдайтынмын. Бірде домбырамен күй тартылып жатты. Радио ілінген бағананың маңына келіп, құлағыма тосып тұра қалдым. Байқаймын, бағананың арғы жағынан да бір бейтаныс адам жақындап, күйге барынша ықылас қойды. Күй аяқталғанда: – Шіркіннің құйқылжытуын-ай! Нет­кен шеберлік десеңші! – деп, менен де бір жауап күткендей қалып танытты. Ал маған күйден гөрі сол адамның түр-түсі көбірек әсер еткендей еді. Бұл ауылдың адамы емес сияқты. Жасы 35-40 шама­сын­дағы, орта бойлы, күн тиіп, жел қақпаған ақшыл, таза өңді адам екен. Тосырқай қараған түрімді танып, маған жігер бергісі келді ме, әлгі кісі қайта сөйледі: – Шын күйшілерде бір құдірет болады. Қандай да бір күйді орындау барысында сол құдіреті, аруағы оянады. Міне, сондайда ғана күй тыңдаушының сүйегіне енеді. “Күй жүрек жарады”, деген сондайдан қалған. Мені баласынбай, әрі көптен таныс жандай әңгіме айтуы тұрған орнымда одан әрі шегенделуіме мәжбүр етті. Бір уақытта ғана: – Әй, бала, бері кел, – деп, мені сұқ саусағымен ымдап өзіне шақырды. Мен жақындадым. Бұл кезде екінші күй орындалып жатқан. Оны да ол еліте тыңдады. Ал менің назарым әлгі кісіде. Байқаймын, мынау жай тыңдаушы емес, күй өнеріне қатысы бар біреу сияқты. Күлімсіреген қой көздеріне күй ырғағына орай ұялайтын ұсақ тербелістер бұл жұмбақ жанның ішкі жан-дүниесін айқара аша бастағандай. Қасында тұрған мені бейне ұмытып кеткендей. Концерт аяқталғасын ол жалтыр басын сипалап, әлгі әуенді әрең қорыт­қандай біраз тұрды да менен жөн сұрады. – Ә, сен баланың бұл ауылға кел­геніңе үшінші жыл екен. Зерделі жанға үш жыл деген аз уақыт емес, ел танып, жер тануға толық жетеді. Мына үйде кімдер тұрады? – деп, сол маңдағы үйлер­дің бірін нұсқады. Мен айтып жатырмын. Осылай бірнеше үй жөнінде менен егжей-тегжейлі ақпарат алды да өзімен бірге қыдырыстауға шақырды. Енді екеулеп көше бойлап келеміз. Күз уақыты ғой, жиын-теріннің қызған шағы. Тұсымыздан ары-бері жүк мәшинелері, бірен-саран арбалар өтеді. – Аға, сіз кім боласыз? – деп сұрадым. Осы сәт ол маған кілт бұрылып қарады. – Сен өзің кітап оқисың ба? – деді. – Оқимын. – Қандай кітаптарды оқисың? – Романдарды, повестерді, өлең жинақтарын оқимын. – Олардың бәрін қайдан алып оқисың? Өзіңде бар ма? – Жоқ, мына колхоз кітапханасына жазылғанмын. Содан алып оқимын. Біздің кітапхана өте бай, ескі кітаптар да, жаңа кітаптар да көп. – Иә, көрдім. Кітапханаларың шы­нын­да бай екен. Кітапхана өз алдына, жаңа түскен газет-журналдарға арналған арнайы оқу залына дейін жасап қойыпты. Мұндай кітапхана өзге ауылдарды айтпағанда, көптеген аудан орталық­тарында жоқ. Жалпы, Нұрмолда Алдабер­генов деген мұндағы жұрттың маңдайы­ның бағына біткен адам ғой! Сен, бала, кітап оқиды екенсің ғой. Ал “Дина” деген повесті оқыдың ба? – Оқыдым, ағай! – деппін жалма-жан. – Жылаған жоқсың ба? – Жоқ! – деппін тағы да. Алғашқы жауабыма қуанып, соңғысына ренжі­гендей маған қарап біраз үнсіз қалды. Сәлден соң ғана: – Сол “Дина” атты повестің авторы – Сәуірбек Бақбергенов деген жазушы ағаң мына мен боламын! Міне, қазақтың үлкен жазушысы Сәуірбек Бақбергенов ағамызбен таныс­ты­ғым осылай басталды. Бұл кісі сенің сұрақ қойғаныңды күтіп тұрмай, көп жайды өзі-ақ ақтарып салады екен. Осын­да сол жылдарда атақ-даңқы жер жарған әйгілі ұжымшар төрағасы Нұрмолда Алдабергенов туралы кітап жазуға кел­генін, анау Мәдениет үйіне қарама-қарсы, көшенің екінші жақ бетіндегі кішкентай мейманханаға орналасқанын айтты. Бұл менің Сәукеңмен алғаш танысуым еді. Кейіннен екеуміз жиі жүздесетін болдық. Сәукең соғыстан келген бетте “Социа­листік Қазақстан” газетіне қызметке орналасып, сол арқылы сонау жас кезін­де-ақ жер-жерді көп аралаған ғой. Міне, сондағы көрген жайлары таусылмайтын хикаяттарға айналатын. Оларды ауызша да, жазбаша көркем шығармалар түрінде де тарата беретіндей көрінетін. Сөз реті келгесін айта кетейін, мен “Тарих саба­ғында” деген атпен екі новелла жария­лаған едім, соның екіншісі осы Сәукең айтқан әңгіме негізінде жазылған бола­тын. Жалпы, бұл кісінің өмірді зерттеудегі тынымсыздығы жас қаламгерлерге үлкен сабақ. Өзі істейтін газет редакциясының шаруасымен жүріп, қазақ тіршілігінің қиын да неше алуан қатпарларына қырағылықпен үңілуге, сол кездің ең бел­гілі адамдарының еңбегі мен тағдыры арқылы заман ауанын терең тануға жанын салатын. Бұл жағын бірде өзі де ашып айтыпты. Кәне, Сәуірбек ағамыздың мына бір жүрекжарды лебізіне құлақ түрелік: “Социалистік Қазақстанға” мен әскери шинелімді шешпестен, 1945 жылы келдім. Бірден айтайын, өзімді осы газет өсірді. Баулыды. Ол маған ұшатын қанат, қонатын құйрық, баратын мұрат, жететін нысана берді. Әйтпесе мен сонау Елтай Ерназаров заманында Қазақстан Орталық атқару комитетінің мүшесі Нұрифа Досхановамен немесе 1937 жылғы КСРО сайлауындағы бірінші шақырылымының депутаты Салиха Оңғарбаевамен кездесе алар ма едім? Бұл екеуі де өмірде елеулі еңбек еткен ер мінезді әйелдер. Еңбек батыры Нұрмолда Алда­бергеновпен, соғыс батыры Талғат Бигел­диновпен де “Социалистік Қазақстан” газеті кездес­тірді. (“Егемен Қазақстан”, 23 желтоқсан, 2009 ж.) Сонау Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты тарихы мол, қасиетті Созақ даласында дүниеге келіп, жастайынан әке-шешеден айрылып, Түркістан жетім балалар үйінде тәрбиеленген Сәуірбек Бақбергенов қаламға тым ерте-ақ жармас­қан екен. Балалар үйінен кейін сол Түркі­стан қаласындағы теміржолшылар мектебінде, педучилищеде оқып жүріп-ақ өлең, әңгіме жазуға машықтаныпты. Алғашқы талпыныстары пәлендей нәтиже бермегенмен де оның әдебиетке деген құштарлығын шыңдай түсіпті. Мәскеу қаласын­дағы әскери училищеде дайын­дық­тан өткен ол соғыс басталғасын Сол­түс­тік-Батыс майданында Новгород, Псков, Калинин, Холм, Великие Луки түбін­дегі ұрыстардың от-жалынын бастан кешті. Атақты Панфиловшылар дивизия­сын­да взвод командирі, байланысшы офицер болды. Міне, мұның бәрі Сәукең сияқты қаламгерге қаншама азық болды десеңші. Сөйтіп, қаламға іңкәрлік өзімен замандас, қатарлас Әбу Сәрсенбаев, Қали­жан Бекхожин, Сырбай Мәуленов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Тоқаш Бердияров, Ғаббас Жұмабаев сияқты майдангер ақын-жазушылардың сапына енуіне себепкер болды. Демек, Сәукеңнің бейбіт тірліктегі еңбек тақыры­бы мен соғыс тақырыбын өз шығармашы­лығында қатар алып жүруіне ықпал етті. Әрі көркем проза, деректі проза аталатын екі жанрда еңбектенуге де итермеледі. Сондықтан да Сәукең тудырған алуан кітаптардың басты кейіпкерлері ойдан шығарылған әдеби образдар емес, өмірде болған нақтылы адамдар. Олар – Дина Нұрпейісова, Шоқан Уәлиханов, Кенен Әзірбаев, Нұрмолда Алдабергенов сияқты тарихи тұлғалар, әрі Ұлы Отан соғысы­ның қаһармандары – Бауыржан Момыш­ұлы, Талғат Бигелдинов, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғазин, Темірбек Көкебаев. *** Бұл жерде қайталап ескертетін бір жайт – жазушы Сәуірбек Бақбергеновтің Оңтүстік Қазақстан өңірінде, оның ішіндегі атақты Созақ жерінде дүниеге келуінің өзі ол кісінің әдеби еңбегіне өзінше өрнек салғандай еді. Мысалы, кезінде Сәукең арнайы тапсырыспен жоғарғы сынып оқушылары үшін “Менің Қазақстаным “сериясы бойынша “Қазы­ғұрт­тың басында кеме қалған” деген атпен сол Оңтүстік Қазақстан облысы туралы кітап (“Жалын” баспасы, А. 1984) жазған екен. Мұнда сол өңірдің ерекше­ліктері, арғы-бергі тарихы, географиясы, өсімдігі мен жан-жануарлар дүниесі өте қызықты баяндалған. Сыр бойы, Қара­таудың теріскейі мен күнгейі хақындағы небір ғажайып аңыздар жып-жинақы етіп келтіріліп отырған. Соның ішінде күй дарыған Созақ өңірінің кере­мет­тері де әрине, назардан тыс қалма­ған. “Қаратау­дың үшқаты мен аршасы, Сырдың қамысы мен құрағы өзінен өзі тұрып, әндете жөнелді” деп жазады автор аталмыш кітаптың бір тұсында. Сосын осында туып-өскен бұрынғы мен соңғы­ның тамаша ақындарын, жыршы-терме­шілерін тізе келіп, Әлшекей, Ықылас, Сүгір, Жаппас, Төлеген, Қасымбек, Файзолла тәрізді атақты күйшілерді де қадап айтады. Иә, Созақ шын мәнінде күй дарыған өлке. Кезінде ұлы Мұхтар Әуезовтің “Шаянға барсаң, әншімін деме, Созаққа барсаң, күйшімін деме” деуі де тегін емес. Демек, біз өмірі мен шығарма­шы­лы­ғы хақында сөз қозғаған Сәуірбек Бақбергенов қазақ күй өнерінің ең бір қайнаған ортасында көз ашып, оның кәусәрі­мен бала кезінен сусындаған. Демек, мақаламыздың басында айтылған­дай, жазушының сонау соғыстан кейінгі жылдарда-ақ, еліміздің батыс қиырлары­ның бірінде, күй өнерінің тағы бір үлкен ордасы Жайық өзенінің бойында туып-өскен, қазақтың ұлы күйші-композиторы Дина Нұрпейісова туралы арнайы повесть жазуы, әрі бұл дүниенің сол жылдарда оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болуы, әрі орысшаға аударылып, одақтық “Детская литература” баспасы арқылы басылып шығуы жайдан-жай емес. Алайда, Сәуірбек Бақбергеновтің күй өнері төңірегіндегі толғамдары осымен таусылмапты. Ол Дина Нұрпейісова жөнін­дегі тақырыпқа қайта оралды. Осының нәтижесінде “Қайран шешем” атты роман дүниеге келді. Бұл жерде мынаны ескерткіміз келеді. “Қайран шешемде” бұрынғы “Дина” атты повестің кейбір эпизодтары қайталанғанмен, екеуі екі бөлек шығарма ретінде өмір сүруге құқылы. “Динаны” негізінде жасөспірім­дерге арналған шығарма ретінде қараған жөн. Ал соңғысы, яғни “Қайран шешем” ересектерге арналған толыққанды роман ретінде бағаланатыны дау тудырмайды. Біз осы соңғысына аз-кем талдау жасамақпыз. Дина Нұрпейісова ең алдымен, көптеген өлмес-өшпес күйлердің авторы, ұлы композитор, орындаушы ретінде ел жадында қалған ғой. Сосын да болар, Сәукең осы романын жазуда, оның оқи­ға­ларын құрастыруда күйші-композитор­дың ең негізгі шығармаларының дүниеге келуіне байланысты жағдайларды жіпке тізіп, роман сюжетін соған орай құрған екен. Шығарманы оқып отырсаң, мұның өте бір ұтымды тәсіл болғанын аңғарасың. Динаның өнер адамы ретінде ел ішінде атағы ерте танылғаны шындық. Сосын да Жайық бойы, Атырау теңізінің жағалауы, Нарын құмы сияқты етек-жеңі кең-кең аймақтарда өмір сүрген, өзімен замандас күйші, әнші, ақын-термешілердің көбімен дәмдес-тұздас болған. Солардың ішіндегі ең шоқтық­тысы, әрине, күй атасы Құрманғазы Сағыр­­байұлы. Әрі атақты күйші Дәулет­керей­дің баласы, ол да күйші-композитор Салауаткерей, Түркеш, Сейтек, кіреші Жапақ дегеннің қызы, соқыр әнші Балғын, жеңгесі, әнші әйел Кербез, осы Кербезден туған атақты Кеней әнші, тағы басқалар бар. Міне, Нарын құмының қақ ортасында өзі қара шаруа, әрі атбегі, әрі балуан Кенже дегеннің үйінде дүниеге келген Дина тез есейді. Өзі қыз бола тұра кейбір ер балалардың өздеріне жәбір көрсетуден тайынбайды. “Иә, балуан әкесіне тартқан сүйекті, әрі қайратты ғой” деседі жұрт. Бірақ сол жұрт, сол әке мен шеше кіш­кен­тай Динаның басқа бір әуестігін де байқай бастайды. Міне, бұл әуестіктің сыры осы Кенже балуанның үйіне ойда жоқта Құрманғазы келгенде барынша ашылады. Әрине, бұл кездесу Динаның есінде мәңгі-бақи қалды. Оның себебі көп. Ең бастысы, ел ішінде атақ-даңқы әртүрлі дүмпу тудырып жүрген Құрман­ғазы атты кісіні көруі, әрі оның “Ақсақ киік” деген күйінің осы кішкентай Дина қыздың көз алдында дүниеге келуі еді. Сол Құрманғазы келетін күні күндіз, небәрі он жасар қыз Дина бір топ бала­ның қоршауында қалың құмда киік қуған аңшыларды көрген еді. Қыз байыптап байқаса, әке үйіне қонаққа кеп отырған Құрманғазы, бетінде найзаның терең түскен таңбасы бар аса сүйекті адам сол аңшылардың біреуі екен. Ақсақ киікті тезірек өлтірудің қамын жасаған да осы кісі екенін танығанда Динаның тұла бойын тіптен үрей жайлай­ды. Одан әрі тыңдаса, бұл кісі сол ақсақ киік үшін өзінің де тым қамкөңіл екенін аңғартады. Сол күні Кенженің әйелі Жанихаға сол өзі атқан ақсақ киіктің етін қазанға салғызбайды, өзінің енді қайтіп киік етін жемеуге ант бергенін баяндайды. Мұның бәрін Дина кейін біледі. Біледі де қайта шошынады. Себебі, кейін ол киіктің етінен әке-шешесімен бірге өзі де дәм татқан еді. Әрі Құрман­ғазы тартқан күйлердің әсері бар, “Ақсақ киік” күйінің қалай туғаны туралы ел ішіне тараған аңыздардың неше түрлі нұсқасы бар, бәрі қосылып, Динаны ауру етеді. Ол бір ай жатып, әрең жазылады. Ол осы уақыттың ішінде едәуір есейіп, өзгеріп кеткенге ұқсайды. Бұл болашақ дарын иесіне күй өнерінің алғашқы әсер етуі еді. Бұдан әріде “Қайран шешем” рома­нын­да Кенже балуан мен оның кішкентай қызы Динаның күй атасы Құрманғазымен екінші мәрте кездесуі суреттеледі. Бұл оқиға осы Нарын құмындағы атақты тұлға Ақбай ауылында болады. Бұл шаққа дейін Дина сәл-пәл домбыра өнеріне жаттығып та қалған еді. Анау-мынау күйлерді нақышына келтіріп орындап та береді. Міне, осындай шақта Құрманғазыны қайта көруі оны қанаттандырмай қайтсін. Алайда, Ақбай үйіндегі көп кісі қатысқан кешкі ас, әртүрлі жиындар үстінде Дина басқа жағдайларға да қанығады. Сары­арқа­ны, Алатау айналасын талмай кезіп, ел-елдің тұрмысын, жағдайын көзімен көрген Құрманғазы бір алуан жаңа күй­лер­ді шығарумен қатар басына бұлт үйіріліп жүрген де адам екен. Оның өнер­паз­дығын көре алмаған көп дұшпаны сыртынан әртүрлі қауесет тарататын әдет тауыпты. Мысалы, ел ішінде барымташы­лар, ұры-қарылар, баскесерлер көбейді, соның біразына осы Құрманғазы ұйытқы болып жүр деген қауесет тараған. Тіпті Құрманғазы жазадан қорқып, Қоқан патшалығына өтіп кетіпті, егер қазақ ішінде қара көрсетсе сол Қоқан патшалы­ғы­ның тыңшысы ретінде келіп жүргені дейтін көрінеді. Ал ондай керауыздармен дауласып көр! Мұның үстіне Нарын құмындағы атақты да беделді байлардың бірі осы Ақбайдың Әубәкір атты оқыған баласын жақында ғана теңіз бойынан келген барымташылар сойылға жыққан еді. Ақыры ол содан оңала алмай өледі. Міне, соның өлімін де сол Құрманғазыға апарып телиді. Дегенмен, Ақбайдың өз басы терең ойлы, аңғарымпаз адам еді. Бұл өсекке ол сене қоймайды, сосын да ел ішіне келген атақты күйшіні өз үйіне қонаққа шақырады. Есесіне оның екінші баласы, ол да оқыған Қасғали өз ағасы Әубәкірдің қазасын осы Құрманғазыдан көріп, жоғарыдағы ұлықтардың келісімі­нен кейін оны ұстап берудің әрекетін жасаған. Ал әкесі Ақбай оған үзілді-кесілді қарсы шығады. Міне, өзіне ең үлкен ұстаз, ұлы күйші Құрманғазы басындағы осындай қауіп-қатерді өз көзімен көрген Дина ерте есеймей қайтсін. Бұл Құрманғазы басын­дағы жағдай ғана емес, Еділ мен Жайық арасындағы Нарын құмын мекендеген қалың қазақтың қасіретінен елес беретін көріністер екенін де ойға түйеді. Жалпы, Дина романда тек домбыра тартумен, күй үйренумен ғана әуестенген жас емес, ән айтуға да, ел ішіндегі ертегі-аңыздарды есте сақтап, таратуға да ебі бар құймақұлақ қыз ретінде де танылады. ...Динаның барымташылардан өз үйінің жылқысын айырып әкеткен ерлігінің осы роман сюжетінің кейінгі дамуына қажет болған тағы бір қыры бар. Құдай қор қылғанда әлгі барымташылар­дың біреуі қазақтың тағы бір болашақ ұлы күйші-композиторы, атақты Сейтек еді. Бұл Сейтектің аса күрделі жағдайда өмір сүргенін, әрі өз басының да жаратылысы да бөлек болғанын осы Сәуірбек ағамыз­бен бірге атақты Созақ өңірінде дүниеге келген, екінші бір үлкен жазушы­мыз Тәкен Әлімқұловтың шығармалары арқылы да білетінбіз. Сейтек бұдан кейін сонау алыс Сібір, Қиыр Шығыс жаққа жер аударылып, талай өткелектерден өтіп келген ғой. Көп жылдардан соң Дина Нұрпейісованың күйші-композитор ретіндегі атағы жер жарған шақта екі ұлы күйшінің кездескені де белгілі. Сейтек сонда өз өмірбаянынан сыр шертеді. Тіпті Мәскеуде болғанын да айтады. Содан сөзден сөз шығып, екеуінің сонау жас кездерінде барымта үстінде бірінің барымташы, екіншісінің қуғыншы ретінде жолыққандарына көз жеткізіседі. Иә, мұның бәрі жан тебірентерлік оқиғалар. Замана қыспағы, таршылық, өзара дұшпандық қазақтың ең бір мар­ғасқа жайсаңдарын, ақын-жыршы­ларын, жалынды күрескерлерін қандай тәлкекке салмаған? Сол Сейтек жас кезінде қай бір жетіскеннен жылқы барымталауға қатысты дейсің. Осының бәрі С.Бақбер­геновтің осы “Қайран шешем” романын­да рет-ретімен ашылып отырады. Бұл Сейтек пен Динаның соңғы кездесуі кейініректе болған жай. Ал оған дейін Дина өмірі қалай дамыды, ол жағына романда, әрине, кең орын берілген. Бұл күйші-композитор әйелдің отбасылық өмірінде көптеген трагедиялық жағдайдар да орын алды. Әкесі Кенже ұзақ ауырып өлді. Нұрпейіс шал мен оның баласы Нұралы да бақилық дүниеге аттанды. Айында, жылында бір көрсе де өзіне ұстаз, әрі арқа сүйер таяныш ретінде сезінетін Құрманғазы да солардың соңынан кетті. Бес баламен қалған жесір Дина ақыры Нұрпейіс шалдың жамағайы­ны Жәпек дегенге әйел үстіне тиді. Бірақ жігерлі әйел үйі бөлек, күйі бөлек тәуелсіз жан ретінде күн кешті. Бұл Жәпекке де Дина алты бала тауып берді. Сөйтіп, Дина он бір балалы ана атанды. Өстіп, отбасылық өмірдің ащы-тұщы­сын көріп жүріп, Дина өнердің де қиян өріне басты. “Төремұрат”, “Жігер”, “Бұл­бұл”, “Байжұма”, “Көгентүп”, “Кіш­кен­тай”, “1916-жыл”, “Жеңіс”, “Ана амана­ты”, тағы басқа санап тауысқысыз терең мағыналы күйлердің бірінен соң бірін қоздатты. Бұл күйлердің әрқайсысының туу тарихы өзінше бір-бір хикаят. Роман авторы ол жағын оқырманның мәңгілік жадында қалардай етіп бейнелейді. Мысалы, “Төремұрат” күйін алайық. Ең алдымен, сол Төремұрат дегеннің өзі кім, соған назар аударыңыз. Баяғыда Кенже балуанның әйелі Жаниха босанып, осы Динаны табатын түні Төремұрат түнделе­тіп осы ауылға қыз аңдуға келген жас жігіт ретінде көрінеді. Сосын да осы жаңа туған қызының атын қоюды әкесі Кенже әлгі Төремұрат дегенге тапсырады. Сөйтіп, ол Динаға өкіл әке атанады. Кейін, Төремұрат басынан біраз әпселеңдер өткергесін осы Динаның сұлу да өнерпаз, әрі ақылды, жесір жеңгесі Кербезге үйленеді. Енді Төремұрат пен Кербезден Кеней атты тамаша әнші бала туады. Бұл Кенейдің әншілігі соншалық, мұны кейін ұлы күйші-композитор Дина Нұрпейісова өз қасына серік етеді. Кейінгі заман өзгерісіне байланысты оқиғаларға осы Дина мен Кеней бірге қатысады. Тек бір өкініштісі, Төремұратты, жаңа заманға тез бейімделе бастаған Төремұратты, көзі ашық, көңілі ояу, әрі балуан Төремұратты Сұлтанғали қажы дегеннің тапсыруымен Жылқайдар деген банды шапқылап өлтіреді. Ал әйелі, әрі әнші Кербез бұл қорлыққа шыдамай күйіктен өледі. Міне, бұлардың бәрі Динаның ежелгі таныс­тары. Ерлі-зайыпты Төремұрат пен Кер­без өмірлерінің осылай қиылуы, олардан Кеней атты күміс көмей, жез таңдай әншінің қалуы Динаның жанына үлкен қозғау салады. Ішінен ауыр зар төгердей қиналыста жүреді. Ақыры, “Төремұрат” атты күйді шығарады. Өлмес, өшпес шын өнер туындысының дүниеге келу тарихы көбіне осылай болатынын жазушы Сәуірбек Бақбергенов оқырманға әдейілеп құлаққағыс еткендей болады. Романдағы кіреші Жапақ дегеннің қызы, соқыр әнші Балғынға қатысты беттерді де сүйсінбей оқу мүмкін емес. Кейініректе Дина осы Балғын мен Кербез жеңгесі тағдырларындағы ұқсас­тық­ты ойша елестетіп, ұзақ-ұзақ саруайым­ға бататын да әдет табады. Бірақ жігерлі әйел тез қайраттанып, басындағы ауыр-ауыр мұңдарды домбыраның қос ішегі арқылы күмбірлеген күйге айнал­дырады. Динаның Түркеш, атақты күйші Дәулеткерейдің баласы Салауатк­ерей­мен кездесулері де осындай қырлары­мен оқыр­ман есінде қалады. Жалпы, С.Бақ­бергеновтің “Қай­ран шешем” романы­ның әсері соншалық, бұл шығар­ма туралы сөзді соза бергің келеді. Бірақ мақала көлемін де ойлау керек қой. Тек өзіміз аз-кем талдаған осы шығар­маның тағы бір қырын ашпақ ойымыз бар. Сәуірбек Бақбергенов мейлі күй ме, мейлі ән бе, қандай да бір музыкалық шығар­маның әуенін көркем сөз арқылы жет­кізу­де қазақ жазушыларының алдыңғы сапында тұрған қаламгер деп атауға толық негіз бар. Бұл жағы бұдан бұрынғы “Дина” повесінде де анық байқалған, ал мына “Қайран шешем” романында тіптен дамытыла түс­кен. Төгіліп тұрған ғажап тіл арқылы суреттелгенде сен кітап оқып емес, сол күйдің, не әннің өзін тыңдап отырғандай әсерде қаласың. Табиғат суретін бергенде де солай. Романның бас кейіпкері қазақтың әйгілі күйші-композиторы туралы болғасын ба, мұндағы құмды кеңістіктер, олардағы өсімдік дүниесі бәрі ән салып, адамның ішкі дүниесімен үндестік іздегенге ұқсайды. Сәуірбек Бақбергенов өз шығарма­шылы­ғында тек өнер атты дүниенің ғана төңірегінде айналшақтап қалған жоқ. Замана тынысына мұқият құлақ түре жүріп, басқаларымен бірге ауыл шаруа­шылығы тақырыбына арналған “Адам және көлеңке”, өндірістік тақырып­қа арналған “Кентау” атты романдарды да жазды. Алғашқысының бас кейіпкері – кезінде атақ-даңқы бүкіл Одаққа жайылған атақты ұжымшар төрағасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов еді. Мақаламыздың басында ескерткеніміздей, бұл тақырыпты Сәукең 1958-59 жылдары зерттей бастаған ғой. Солай десек те бұл шығарманың алғашқы тараулары сол жылдарда қағазға түсіріл­генмен жазушы көп ұзамай ол жұмысты доғаруға мәжбүр болды. Себебі, Нұрмолда Алдабергенов басқарған шаруашылық ол жылдарда ет, сүт, жүн, қант қызылшасы, бидай, тағы басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекетке тапсыру жөнінде бүкіл республика, тіпті Одақ бойынша алдыңғы орынға шығып жүрсе де кенет ақай-тоқайсыз бұл атақты ұжымшар төр­ағасы орнынан алынды. Осыған бай­ланыс­ты берілген ресми түсініктемеде “ауыл шаруашылығының оқымаған академигіне” әртүрлі жалалар жабылды, қара күйе жағылды. Енді Нұрмолда Алдабергенов туралы роман түгілі, баспа­сөз бетінде жылы лебіз білдірудің ауылы алыс қалды. Мұндай жағдайда Сәуірбек ағамыздың жұмысты тоқтат­пауы­на амалы қайсы? Тек СОКП Орталық комитетінің 1964 жылғы қазан Пленумынан кейін жағдай сәл өзгерді. Жоғарғы басшылар Нұрекеңе сәл жұмсақ қарай бастады. Жұмыссыз жүрген оны көп ұзамай Талдықорған өңіріндегі ең артта қалған ұжымшарлардың бірі – Мұқырға төраға сайлады. Жаңа жұмысқа асқан жігермен кіріскен Н.Алдабергенов оны екі жылда аспанға көтерді. Күнді қолмен жабу мүмкін емес қой, сол сияқты мұны да көрмей қалу мүмкін емес еді. Нұрекеңнің теңдесі жоқ ұйымдастырушылық қабіле­тін, жаңа жетістіктерін әспеттеген мақа­лалар одақтық, республикалық баспасөзде қайтадан шыға бастады. Міне, сол шақта Сәуірбек Бақбергенов осы кісі туралы үзіліп қалған жұмысын қайта қолға алып, оны “Адам және көлеңке” деген атпен 1969 жылы “Жазушы” баспасы арқылы жарыққа шығарды. Әділіне көшсек, бұл роман оқырман қолына тигесін көп ұзамай атақты Сәбит Мұқанов, ол кезде жас жазушы санатын­дағы Ғаббас Қабышев, тағы басқалардың сынына ұшырады. Неге? Әрине, Сәбит Мұқанов Нұрекеңмен жақсы қатынаста болған. Сондықтан да ол кісіні жақсы біледі. Бір жайдан мұндай қатаң пікір айтуы дұрыс та еді. Мұндағы кілтипан неде? Кілтипан сонда – төсінде қос Ал­тын Жұлдыз жарқыраған атақты ұжым­шар төрағасының ақай-тоқайсыз орнынан алынуының нақтылы себебін ол кезде былайғы жұртшылық білмейтін. Нұр­молда Алдабергеновтің нағыз бағы жанып тұрған шақта орнынан алынуы ол кезде КСРО атанған елдің бірінші басшысының кесірлі мінезіне байланысты еді. Алайда, солай деп айтуға кеңестік идеология тала­бы жол бермейтін. Сосын да С.Бақбер­генов алғашқы тараулары бұрын жазылып қойған романның осы тұсын қиыстырған­да, амал жоқ, Нұрекең­нің орнынан алынуын ойдан шығарылған басқа бір себеппен байланыстырды. Яғни, оны ұжымшардың отыз жылдық тойын ас та төк етіп ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп санағандардың іс-әрекеттерімен байла­ныс­тырды. Әрине, бұған оқырман да, сыншылар да сене алмап еді. Әрі роман оқи­ға­сындағы ішінара олқылық та осыдан туындап еді. Бұған сол заманның ыңғайы­на орай объективтік себеп те болғанын мұқият қайталап ескерткіміз келеді. Алайда, сондай аздаған “әт­тегенайы” болғанмен “Адам және көлең­ке” романы сол кездегі ауыл өмірінің көп қыр-сырын ашқан, әрі дұрыс ұйымдас­тыру­шылар табылса халықтың еңбекке деген құлшы­ны­сының еселеп артатынын, Жер-ананың да иіп сала беретінін, жер мен адам қашан да ана мен баладай туыстықта екенін дәлелдейтін елеулі туынды. Ал осы “Адам және көлеңкеден” соң көп ұзамай жарық көрген “Кентау” романын жұрт бірден жылы қабылдады. Жақсы пікір білдірілген рецензиялар жарияланды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шенінде Қазақстан Жазушылар одағының “Қазақ әдебиетін­дегі жұмысшы образы” деген тақырыппен өткен бір жиынында С.Бақбергеновтің осы “Кентау” романы жан-жақты талқыланып, әжептәуір жақсы баға алды. Осы “Кентаумен” бір мезгілде жазыл­ған дерлік көлемді “Өрімші” повесін де С.Бақбергенов шығармашылығындағы үлкен бір бел деп атар едім. Бұл повестің құрылымының өзі әдеттегіден тыс. Бірнеше “өрімнен” тұрады. Ал “өрім” дегені бұл жерде тарау дегені. Әрине, шағын тараулар. Сөйте тұра олардың әрқайсысында қазақ өмірінің ішкі сан қилы қатпарлары жатыр. Жазу­шы Қаратаудың терістігіндегі Ақ­қолтық деген жердегі өз туған ауылына барып, Құдай­назар деген өрімші шалмен ұзақ-ұзақ сұхбаттасады. Ел ішінде Найзабас шал деген тағы бір лақап есімі бар бұл қария Сәукеңнің әңгімеге зейін қойғыш, әрі ұғымтал екенін біліп, айызы қанғанша ақтарылады-ау. Сонда оның төккені не жыр дейсіз ғой. Әр “өрімде” өзінше өрілген қысқа-қысқа хикаялардың кейіпкерлері бұрынғының ел қорғаған батырлары, ел аузына іліккен сұлу қыздары, атбегілері, шабандоздары, тігін­ші­лері, етікшілері, үйшілері, зергерлері, өрмекшілері, киіз басушылары, ши тоқушылары, тағысын тағылары. Мұндай өнерпаздар қай ұлтта болса да кездеседі ғой, алайда, қазақтан шыққан мұндайлардың кескін-келбеттері, үрдістері басқа бір де бір ұлттікіне ұқсамайды. “Міне, біз нағыз қазақпыз” деп, өздері-ақ сайрап тұр. Бұл жағына келгенде “Өрімші” біз жоғарыда сөз еткен “Дина” повесімен, “Қайран шешем” романымен аздап үндеседі де. Тек жазылу формасы, түйген түйіндері мүлдем өзгеше. Әттең, осы “Өрімші” повесін дұрыстап, өзге тілдерге аударса, бұл қазақ ұлтының салт-дәстүрі үшін нағыз насихат құралына да айналар еді. Себебі, мұның көркем шы­ғар­ма ретіндегі қасиеті өз алдына, бұған қоса этнографиялық қырлары да көз тұндырады, көңіл көкжиегіңді кеңей­теді. Қазақ деген халықтың тұрмыс-тірші­лігін, психоло­гиясын, жетістіктері мен кемші­ліктерін тереңірек тануға жол ашады. Ал С.Бақбергеновтің соғыс тақыры­бына арналған шығармалары өзінше бір төбе. “Қарға тамған қан”, “Алтын күрек” атты романдары мен “Жанғожин”, “Белгісіз солдат”, “Барлаушылар” повес­тері кезінде қазақ жастарының сүйіп оқыған шығармаларына айналып еді. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов өміріне арналған “Қоянкөзге құлаған жұлдыз”, тағы басқа деректі повестері де солай. С.Бақбергенов сондай-ақ ауыл шаруашылығының өзекті проблемаларына орай көптеген әңгімелер, очерктер, өткір мақалалар да жариялаған. Спорт тақыры­бына да қалам тартып, “Он үшінші ойыншы” атты повесть те тудырды. Әттең, осылардың әрқайсысына жеке-жеке талдаулар жасалса ғой. Сондай-ақ, С.Бақбергенов шығармашылығы өзінің ғылыми зерттеушілерін де күтіп тұр. Ол кісінің қаламынан туған роман-повес­тердің, деректі туындылардың көркемдік деңгейі, өмірлік шындықтары, қуаты, тілдік қасиеттері, ғылыми негіз­дері, этно­графиялық қырлары сыншылар тарапы­нан ашылуы керек деп ойлаймын. Ұзақбай ДОСПАНБЕТОВ, жазушы.