Қазақ тілін дамыту, оның мемлекеттік тіл мәртебесіндегі деңгейі туралы айтып, жазып жүрген тіл жанашырлары жеткілікті. Алайда еліне етене жақын «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген ел ағалары М.Жолдасбеков пен Б.Бодаубайдың туған тілдің тағдыры туралы мемлекеттік маңызы бар мәселе көтерген мақаласы тілші-ғалым ретінде мені тебірентіп, қолыма қалам алғызды.
Қазақ тілінің қолданылу аясы мен даму жағдаяты кешегі Кеңес Одағы кезінен бастап, бүгінгі тәуелсіз еліміздегі жай-жапсарына терең үңіліп, боямасыз, қаз-қалпында, үлкен патриоттық жүрекпен жазылғаны бірден назар аудартты.
«Тіл туралы» заңның қабылданғанына да отыз жылдам астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруде, оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында біршама іс атқарылғандығын жоққа шығара алмаймыз. Бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданды, оған мол қаражат та бөлінді. Бірақ мақала авторлары айтқандай, «қазақ тілін төрге шығару – мемлекет құраушы ұлтымыздың, қалың қазақтың әлі күнге жүзеге аспай келе жатқан асыл арманына» айналып отырғаны – ащы шындық.
Біздің ойымызша, қазақ тілін нақты мемлекеттік мәртебе деңгейіне жеткізу үшін заңды орындататын өзіндік тетіктермен толықтыру күн тәртібіне көтерілуі тиіс. Атап айтқанда, барлық мемлекеттік қызметкерлер, министрлер мен депутаттар мемлекеттік тілді меңгеру керектігі заңмен белгіленуі керек. Сонда ғана, қажеттілік туып, қазақ тілінде сөйлеп, жазуға машықтанатын болады. Осы жерде, бір жайтты айтқым келеді. Ұмытпасам, 2007 жыл болу керек, Президент Әкімшілігінен мемлекеттік органдардан келетін хаттар қазақ тілінде жолдануы керек деген тапсырма келгені сол екен, министрліктердегі мемлекеттік тілді білмейтін қызметкерлер қазақша жаза алатын мамандардың маңынан шықпайтын жағдайлар байқалған еді... Іс-қағаздарын қазақша жазуға арнайы бөлімнің ғана емес, барша мемлекеттік органдардың мамандары машықтанғанын көзбен көріп едік. Кейінірек, қасына орысша аудармасы бірге берілсін деген сияқты әңгімелер болып, игі идея іске аспай қалып еді. Өкінішті-ақ. Сондай-ақ еліміздің азаматтарына әлемнің айтулы жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасының үміткерлеріне мемлекеттік тілде тест тапсыру керектігі туралы қоғамдық пікірлер айтылғанда, оларға қазақ тілін білудің қажеттілігі жоқ екендігі мәлімденген болатын. Егер де оларға мемлекеттік тілді шет тілдерін меңгеру деңгейінен кем болмауы тиіс деген қағида қабылданса, міндетті түрде меңгеріп алатынына сеніміміз мол. Тағы да сол – қажеттіліктің жоқтығы. Жаңадан «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау маңыздылығы біз тілге тиек еткен бір-екі мәселеден-ақ көрініп тұрғанын көзіқарақты оқырман түсінген болар.
Жалпы, бұл шараны мақалада айтылғандай «ешбір айқай-шусыз, дау-дабырасыз, Қазақстанды мекендеген, оны өзінің Отаны санап, туған бауырлардай болып бірге тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерінің түсінушілігін, ризашылығын тудыра отырып» ұйымдастыра алсақ, барша жұртты жұмылдыра алсақ, ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Қазірдің өзінде, мемлекеттік тілді дамытуда атқарылар шаралар шашетектен. «Тіл тағдыры – халық тағдыры» екенін түсінген әрбір отаншыл азамат өзінің ана тілінің қарыштап дамығанын көргісі келуі керек әрі атсалысуды да ұмытпағаны абзал.
Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту қажеттілігі күн тәртібінен түспеу керек. Оны ғылым тілі ретінде қолдану аясын мүмкіндігінше кеңейту үшін атқарылар іс-шараларды мықтап қолға алу керек. Ғылым тілі терминологиямен тығыз байланысты екенін ескерсек, мемлекеттік бағдарламаларда белгіленген мақсат-міндеттердің бірі – терминологиялық лексиканы біріздендіру, қазақ терминдерінің қорын қалыптастыру, терминдерді қолдану мен қалыптастыруға байланысты көкейкесті мәселелер өз шешімін табуы тиіс. Осы мәселелерді үйлестіретін Үкімет жанындағы Терминологиялық комиссия құзыретінің консультативтік-кеңестік болуына байланысты, терминдерді бекіту құқығындағы Үкіметке тікелей бағынатын Терминология институтын құру керектігі жайлы Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру бойынша мемлекеттік комиссияның отырысында, соның мүшесі ретінде кезінде ұсыныс енгізген едім. Алайда әлі күнге дейін бұл ұсыныс өз шешімін таппай келеді. Біздің айтайын дегеніміз – Терминология институтында тілші-ғалымдармен қатар, сала мамандарынан құралған тұрақты негізде қызмет етіп, жалақы алатын қызметкерлер еңбек етуі керек. Терминология институты бекіткен терминдер ғана қолдануға міндетті болуы тиіс. Сонда ғана сынның садағына жиі алынатын терминология саласы өз тұғырына көтерілері анық.
Мемлекеттік маңызы мол – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі де қоғамды ойландырып отырғаны белгілі. Латынға негізделген әліпбиге көшу арқылы тіліміздің өзіндік ерекшеліктеріне сүйенген әліпби жасалғаны туралы ақпарат құралдарынан хабардар етілген болатын. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев латын әліпбиін енгізу мәселесінде асығыстық жасамай, жұмысты ғалымдармен жан-жақты сараптай отырып жүргізу керек екендігін айтқан еді. Ендеше, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің соңғы нұсқасын ғалымдардың ортақ пікірімен орайластырып қабылдауды жөн санаймыз.
Ел Президенті қазақ тілінің мемлекеттік тілі ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келетінін айтқан еді. Әрине, ол үшін жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Қазақ тілінің қыр-сырын жан-жақты зерттей түскеніміз абзал. Ол үшін қазақ тілін шет тілдерімен салыстыра-салғастыра зерделеуді жалғастыруымыз тиіс. Жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге осы салада магистрлік, докторлық диссертациялық тақырыптар ұсыну арқылы мемлекеттік тіл мен кез келген шет тілінің ортақ мәселелері мен айырмашылықтарын ашып көрсетуге жол ашылар еді. Сондай-ақ студенттер мемлекеттік тілдің мәртебесін салыстыру арқылы тереңірек ұғына түседі. Қазіргі кезде шет тілін мектептерде және жоғары оқу орындарында төл оқулықтармен оқытуға баса көңіл бөліне бастағаны қуантады. Төл оқулықтар арқылы туған тіліміздің мол мүмкіншілігін айқындауға, түп-төркінін қарастыруға, білім алушылардың тіл тылсымын тануға деген құштарлығын оятады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін бұл бағыт өз жалғасын табу керек деп санаймыз.
Жастарға орыс тілін, өзге де шетел тілдерін меңгертуде де мән беретін мәселелер де бар. «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасын іске асыруға да өзіндік үлесімізді қосуымыз керек. Әлемнің алпауыт мемлекеттеріндегі іргелі жоғары оқу орындары және ғылыми зерттеу институттарымен байланыстың негізгі діңгегі, әрине, тіл болып отырғаны баршамызға аян. Қазақстандық білім жүйесін әлемдік деңгейге көтеріп, халықаралық стандарттарға сай қимыл жасай отырып, төрткүл дүниенің төрінен табылайық десек, әлем тілдерін меңгерген мамандарға деген талапқа да жаңаша көзқарас қалыптастырар кез келді. Бұл тұрғыда тар бағдарлама аясында қалып қоймай, кез келген шет тілін үйретуді мемлекеттік тілмен бірге және табан астында тәржімалай алатын деңгейге жеткізу қажет. Бұл тұрғыда қазақтың біртуар азаматы Халел Досмұхамедовтің: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш» деп айтқан қабырғалы сөзін әрқашан есте ұстағанымыз абзал. Өйткені мемлекеттік тіл арқылы шет тіліне даңғыл жол ашудағы ұстанымымыз осы болу керек.
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруда, яғни оның қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінде жазылған ғылыми еңбектердің көптеп жариялануы, бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілдің қолданылу сапасын арттыру мен өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі сияқты күрделі мәселелер жайлы толғанатын тақырып жеткілікті. Олар туралы да келешекте сөз етерміз.
Ал осы мақаланың жазылу мақсаты – негізінен, қазақ тілін төрге шығаратын уақыт жеткендігі жайлы жалпыға жария жасап, қоғамдық ой өрбітуге өріс ашқан еліміздің ардақты ағаларының сөзіне үн қосу болатын. Ендеше, ұлт зиялылары жариялаған туған тілдің тағдыршешті мәселесін – елін, жерін, тілін сүйген, рухы биік жандар жаны қалмай, туған тілді тұғырына қондыру жолында сөзбен емес, іспен қолдауы қажет.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті