Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Бозжыра шатқалы аумағында қонақ үй тұрғызу жоспарына байланысты азаматтардың әлеуметтік желідегі алаңдаушылығына жауап берді
«Министрлік барлық азаматтар секілді еліміздің табиғат байлықтарын бұзбай сақтап, қоршаған ортаны қорғау мүддесін ұстанады. Осыған байланысты Бозжыра аумағындағы нысанның құрылысы қоғамдық тыңдаудан, заңға сәйкес тиісті органдарда экологиялық сараптамадан, оның ішінде қоршаған ортаға әсерін бағалаудан өтуі тиіс. Бұл жағдайда құрылыс ережелерінің сақталуын, сараптамадан өту процесін жергілікті атқарушы органдар, яғни аймақтағы әкімдік бақылайды. Қазір Бозжырада қонақ үй салу мәселесі жоқ. Тек туристер түнеп кететін шағын пункт (бутик отель) тұрғызу жоспарлануда.
Қорықша аумағында құрылыс нысандарына жер учаскесін бөлу ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құзыретіне жатпайды. Маңғыстау облысы әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, Қарақиян ауданы әкімінің Бозжыра аумағынан 80 гектар жер бөлу туралы бұйрығы дайындалып жатыр», делінген хабарламада.
Экология министрлігі қарамағындағы Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті және оның аумақтық бөлімшелері заң талаптарының орындалуын бақылайды.
«Бұған дейін жергілікті экологтар кей туристердің Маңғыстау облысының табиғи орындарында көп қоқыс қалдыратыны туралы да мәселе көтергенін атап өткізіміз келеді. Бұл проблема Қазақстанның барлық өңірі үшін актуалды. Осыған байланысты Экология министрлігі азаматтарды табиғат аясында демалғанда тазалық пен тәртіпті сақтау қажеттігін ескертеді. Экологиялық заңнаманы сақтамауға қатысты жазаны күшейту туралы нормалар қазір ҚР Парламентінде қарауда жатқан жаңа Экологиялық кодексте қарастырылған», делінген хабарламада. «Бозжыра» жергілікті деңгейдегі «Жабайшұқан» қорықша орналасқан. «Жабайұшқан» қорықшасы Маңғыстау облысы әкімінің 2012 жылғы 31 шілдедегі №182 қаулысына сәйкес құрылған. Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарайды. Аумағы – 316 141 гектар, Маңғыстау облысының Қарақиян ауданы аумағында орналасқан. ҚР «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтары туралы» заңның 69-бабына сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар территориясындағы шаруашылық қызмет паспортпен реттеледі. Паспортта табиғи ресурстарды орнықты пайдалануды қамтамасыз ететін, экологиялық жүйеге кері әсерін тигізбейтін дәстүрлі шаруашылық қызметтің негізгі түрлеріне рұқсат беріледі. Туристік және рекреациялық қызмет пен жер учаскелерін туристер тоқтайтын орын әзірлеуге пайдалануға, сирек кездесетін немесе жоғалып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлерін қолдан көбейту, өсіру мақсатында питомниктер құруға, заказник қызметкерлері тұратын үйлер, яғни «кордондар» салуға, оларға шаруашылық үшін жер теліміне беруге болады. Ал қорықшаның экологиялық жүйесіне кері әсерін тигізетін табиғат пайдалану және шаруашылық қызмет түрлеріне тыйым салынады немесе шектеу қойылады.