• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қараша, 2020

Шектеулі мүмкіндігіміздің шекарасын кеңейтсе...

327 рет
көрсетілді

Ата-анам менің алты айлығымда көзімнің көрмейтінін біл­ген екен. Содан 6 жасымнан 20 жасыма дейін 11 рет ота жасатты. Бірақ, өкінішке қарай, ешбірінен нәти­же болмады. Мектепті сау балалармен бірге оқып бітірдім. Қос жанарым көрмесе де, сезім қабілетім жақсы дамыған.

Білімім жоғары. Магистр­мін. Мүмкіндігім шектеулі болғандықтан жоғары білімге ие болу үшін тағдырдың сан соқпағынан өтуіме тура келді. Студент атанған күннен бас­тап түрлі қиындыққа тап бол­дым. Өйткені жоғары оқу орын­дарында білім беретін педа­гог­тердің қоятын бірінші сұрағы: «Біз сені қалай оқыта­мыз?» деген сауал болды. Аудио форматта жазылған қазақ тіліндегі ақпараттардың тап­шылығынан екінші курста ерік­сіз орыс тобына ауысуыма мәжбүр болдым. Ерік-жігерім мен тал­пынысымның арқасында оқуым­ды үздік тәмамдадым. Қызыл дипломға бітірсем де екі қо­лыма бір күрек таба алмай біраз жүрдім. Ал он екі мү­шесі сау қатарластарым дип­ломдарын ала сала өздері қала­ған жұмыстарына орналасты. Артынша ордалы оңтүстіктен оңды бастама болмаған соң, астанаға жол тарттым.

Нұр-Сұлтанға келіп жұмыс істедім. Екі жылдан кейін тың­­­ғылықты дайындықтың ар­қа­сында магистратураға грант­­қа түстім. Магистр атан­­­ған­нан кейін Л.Гумилев атын­­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­­ситетінің ғылыми кітап­хана­сына жұмысқа тұрдым. Атал­ған мекеме меңгеру­шісі Бақыт­жан Әсетілдаұлы Ора­за­лиевтің қолдауымен инклю­­зивті ақпараттық ресурс­тар орталығы ашылып, жұ­мыс­қа кі­рісуіме мол мүмкіндік жа­сал­­ды. Осылайша, қыз­­­ме­тіме деген құлшынысым оя­­нып, өмір сүруге деген құш­тар­­лығым одан сайын арта түсті.

Ал осы мақаламда Прези­денті­міз Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың Жолдауында ай­тыл­­ған «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжы­рым­­­дамасы аясында билік­ке мүмкін­дігі шектеулі жандар­дың мәселелерін, ұсыныстарын жеткізгім келеді.

Мен Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі азамат ретінде 6 жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрдым. Жоғарыда айтып өткенімдей, елордаға қоныс аударуыма байланысты бірден үй кезегінен алып тастады. Осыған орай мүмкіндігі шектеулі жандарды қайда қоныс аударса да баспана кезе­гінен шығарылмағаны жөн деген ұсынысымды айтар едім.

Елімізде мүмкіндігі шек­теу­лі азаматтарды оқыта­тын, оның ішінде зағип жан­дар­ға білім беретін заманауи электронды жүйе енгізіл­ме­ген. Арнайы база жоқ. Осын­дай кедергілерді жою мақ­сатын­да елімізде білім алушы әр­бір студент, магистрант, док­торанттарға барлық жоғары оқу орындарында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында қарым-қатынас орнату, білім беру үшін даярлық курсы жүргізілсе деген өтінішім бар. Сол кезде университет қабырғасында қызмет ететін оқытушылар тарапынан зағип студент оқуға түскен кезде «Біз сені қалай оқытамыз?» деген сұрақ қойылмас еді.

Мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың қоғамдық көлік­терде жүруі де үлкен проблема. Олай дейтін себебім, инватаксидің жетіспеушілігінен ерекше күтімді қажет ететін жандар маршруттарға мінуге мәжбүр, сәйкесінше жол жүру ақысын төлейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мекенжайын ауыс­тырса, яғни бір қаладан екінші қалаға бара қалса, немесе бір облыстан келесі облысқа жолы түскен жағдайда, жалпы, республикамыздың барлық жерінде қоғамдық көліктерде тегін жүруіне жағдай жасалса жөн болар еді.

Бүгінде еліміздің барлық театрында аудиостудиялар бар. Сол студиялар негізінде жа­ңа жо­баларды неге жүзеге асыр­­мас­­қа?! Мәселен, аудио-әде­би кі­­тап­тарды актерлар оқып, оны тас­паға түсіріп, көп­шілік­ке ұсын­са, талай мүм­кін­дігі шек­теу­лі жан­ның таланты ашылар еді...

Арнайы зағиптар кітап­хана­­ларында да жағдай мәз емес. Кітаптарды электронды фор­матта оқытатын штат жоқ деуге болады. Бас­қасын айт­пағанда, Брайль жү­йе­сінде дәріс беріп, компьютер үй­ретуші маман мүлде жоқ. Ма­мандандырылған кітап­ха­на­ларда психолог маманы жұ­мыс істесе, брайль қарпінде үй­ре­тетін штат бөлін­се және дыбыс режис­серінің штаты да қарас­тырылса деген ұсынысым бар.

Мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғамда өз орнын то­лық­тай таппаған азаматтар. Елдегі барлық өңірде кітап­­хана, халыққа қызмет көр­сету орталығы, пошта, емхана және спортзал сын­ды бір­қатар қоғамдық орындар­дың қызметін бір жерден көр­сететін инклюзивті орталық ашылса құба-құп болар еді. Өйткені атауы айтып тұрғандай, біз­дің мүмкіндігіміз шектеулі. «Цифрлы Қазақстан» деп айтып жатырмыз ғой, расында осы бағдарлама аясында мү­ге­дектер үшін барлық қыз­мет түрлерін ұсынатын орын­дар арнайы бағдарлама шең­берінде бір жерге топтасты­рылса, біраз мәселенің шешілетіні анық.

Мен және менің тағдырлас­тарымның жүректерін жарып шыққан осы бір ұсыныстар газет бетінде ғана хатталып қал­май, Парламент депутаттары назарына алып, шектеулі мүм­кіндігіміздің шекарасын кеңейтіп берсе, біз де өзге аза­маттар секілді ел қатарлы өмір сүрер едік, сәл де болсын кедергісіз, әрине...

 

Гүлhая ЖУАШБАЕВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы инклюзивті ақпараттық ресурстар орталығының координаторы