Түрлі диагноздары бар «ерекше» балалар қоғамның қолдауына ерекше мұқтаж. Олар қоршап жатқан әлемнен іркілмей, өздерін оның бір бөлшегі ретінде сезінуі өте маңызды. Қоғамның, ұйымдардың, әсіресе әлеуметтік сұрақтармен айналысатын ұйымдардың осы мәселеге көңіл бөліп, оны шешу жолындағы әрекеттері балалар мен олардың ата-аналарына үлкен үміт сыйлайды.
Тең мүмкіндіктер үшін күресіп, мүгедектігі бар балаларға қол ұшын беріп келе жатқан ұйымдардың бірі – «Болашақ К» қоғамдық қоры. Ұйым Атырау облысы бойынша жұмыс жасайды, ересектер мен балаларға арналған орталықта оңалту қызметтерін ұсынады.
«Біздің ұйым 20 жылға жуық әлеуметтік жобалар аясында аймақ тұрғындарына көмек беріп келуде. Дегенмен технологияның дамып тұрған заманында тек дәстүрлі оңалту әдісін қолдану балаларды аяққа тұрғызу уақытын тежейтінін түсіндік. Орталықтың жұмыс істеу тиімділігін арттыру, сондай-ақ емделуші балалардың санын көбейту мәселелерін шешудің жаңа жолын қарастыру керек болды. Қолдау көзін іздеп жүріп, «Әрекет» гранттар байқауы жайында естідік», - деп әңгіме өрбітті ұйым басшысы Жібек Бисенова.
Ұйым қызметкерлері көп ойланбастан берілген мүмкіндікті қолдану керек деп шешті. Осылайша олар байқаудың алғашқы кезеңіне «Әлеумет үшін әрекет» жобасының өтінімін жолдады. Аймақтық кезеңдерден сәтті өткен жоба идея авторларына елордаға жолдама сыйлады. Байқаудың соңғы кезеңінде барлық коммерциялық емес ұйымдар оқудан өтіп, алған білімдерін жобаны ұсыну және жүзеге асыру кезеңдерінде қолдануға мүмкіндік алды. Нәтижесінде «Болашақ К» қоры командасы «Samruk-Kazyna Trsut» қоры ұйымдастырған байқауда үздік деп танылған 27 КЕҰ қатарына ілікті. Көп ұзамай қор мүшелері жобаның алғашқы қадамдарын бастап кетті.
Жоба аясында орталық жаңа физиотерапиялық емдеу жабдықтарымен жарақтандырылды. Заманауи портативті электротерапевтикалық аппараттарда оңалту шараларын жүргізу бойынша орталықтың 3 маманы оқытылды. Бұның барлығы қызмет көрсету сапасын жақсартуға және ерекше қажеттіліктері бар балаларды көбірек қамтуға мүмкіндік берді.
«Баламның диагнозы церебралды ми салдануы екенін білгенде оның өмірінде оңалту шараларының қаншалықты маңызды болатынын елестеткен жоқпын. Қызым тұрақты түрде жылына бірнеше рет оңалту курстарын алып тұру керек. Мұндай жиілікпен мемлекеттік мекемелерде көмек алу мүмкін емес, себебі кезек ақырын жылжиды. Ал қымбат оңалтуды қалтамыз көтере бермейді. Бірақ «Болашақ» орталығында бізге жеңілдік қарастырылған. Ол үшін біз ерекше алғыс білдіреміз», - дейді Несібелінің анасы.
Орталықта кешенді көмек көрсетіледі: реабилитолог, невролог, педиатр мамандарының кеңесі мен ем жүргізуі, емдік дене шынықтыру, Войт және Бобат әдістерін қолданып оңалту, кинестетикс және кинезиотерапия. Сонымен қатар педагогикалық түзету де қарастырылған - логопед, дефектолог, эрготерапевт мамандарының коррекциялық сабақтары мен және психологиялық қолдау.
«Әлеумет үшін әрекет» жобасы аясында атыраулық ерекше қажеттілігі бар балаларға, атап айтқанда церебральды ми салдануы бар (4 формасы), аутизм спектрі бұзылған, Даун синдромы бар балаларға және т.б. оңалту курстары ұсынылды. Курс 10-15 күн жүргізіледі, оған мамандардың сабақтары мен кеңестері, массаж түрлері, жаттығулар, жаңа жабдықтарда жасалатын ем шаралар сынды кешенді қызмет түрлері жатады. Жобаның арқасында ақылы көрсетілген қызметтердің есебінен 28 «ерекше» балаға тегін көмек көрсетілді.
«Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыта келе біз тұрмыс жағдайы төмен, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға тегін қызмет көрсете аламыз – бізді бақытты ететіні де осы. Ал жобамыздың қаржылай тұрақтылығы ақылы қызметтерді көрсетумен негізделген», - дейді ұйым басшысы Жібек.
Орталық ұжымы қазіргі жетістіктермен шектеліп қалмақ емес. Ұйым мүшелері «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Әрекет» жобасы аясында ұйымдастырған оқу бағдарламаларында алған білімдерін шыңдап, тәжірибеде жүзеге асыруға ынтық. Соңғы болған жағдайларға қарамастан орталық жұмыс тұрақтылығын сақтап қала алды. Қазіргі таңда ұйым барлық карантиндік шараларды сақтай отырып жұмыс жасайды.