Қатаң үнемдеу шаралары
Пандемия салдарынан мұнай бағасы күрт төмендеп, нарықтағы ахуал нашарлағаннан кейін «ҚазМұнайГаз» шұғыл түрде дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдады. 2020 жылы операциялық, күрделі және әкімшілік шығындар 147 млрд теңгеге қысқартылды. Алдағы бес жылда тағы да 586 млрд теңге үнемделмек.
Қарыз мөлшерін азайтып, оны төлеу мерзімін кейінге қалдыру шаралары қолға алынды. Қазан айында 750 млн АҚШ доллары көлемінде 12,5 жылдық еурооблигация шығарылымы ойдағыдай орналастырылды. Компания түскен қаражатты 2022 және 2023 жылдары өтелуге тиіс еурооблигацияларды мерзімінен бұрын өтеуге пайдаланды. Нәтижесінде, компанияның алдағы бірнеше жылда еурооблигацияларды өтеу бойынша қомақты бір реттік шығындары жоқ.
Орталық аппарат оңтайландырылды
Сәуір айында жаңа ұйымдық құрылым бекітілді. Соған сәйкес ҚМГ орталық аппаратында жұмыс істейтін қызметкерлер саны 249 адамға немесе 34%-ға, яғни 729 адамнан 480 адамға азайды.
Мамыр айында компания басшылығының жалақысы 30%-ға, орта буын басшылардың еңбекақысы 20%-ға азайғаны жөнінде жариялады.
Сонымен қатар орталық аппаратта басқарушы директор деген лауазым мүлдем жойылды, департамент саны үш есеге, 60-тан 20-ға дейін қысқарды. Бұдан бөлек ҚМГ жыл соңына дейін орталық аппарат қызметкерлеріне төленетін бонус пен сыйақыларды алып тастады және қызметтік көліктерден бас тартты.
Ауқымды дивиденд төленді
Мамыр айында шығындардың қысқаруына қарамастан, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында акционерлерге 2019 жылға 81,7 млрд теңге мөлшерінде дивиденд төлеу туралы шешім қабылданды. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп қаржы. 2019 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд төлеумен қатар ҚМГ өз акционерлеріне Нұр-Сұлтан мен Түркістан қалаларындағы әлеуметтік нысандардың құрылысына арналған қаражатты қоса алғанда, 20 млрд теңге ақша төледі.
Елеулі оқиғалар
Маусым айында Маңғыстау облысының Шығыс Бектұрлы барлау блогында мұнай бұрқағы атқылады. Дебиті тәулігіне 100 текше метрге дейінгі «қара алтын» тарихи деректерді кешенді геологиялық-геофизикалық зерттеу, бассейндік үлгілеу, жоғары технологиялық сейсмобарлау жұмыстарының нәтижесінде алынды.
Ал желтоқсан айында Шығыс Өріктау кен орнында екі ұңғыма тәжірибелік пайдалануға берілді. Бір жылдан кейін тағы да бес ұңғыма іске қосылмақ. Жоба табысты іске асып, оң экономикалық ахуал қалыптасқан жағдайда осы кен орнында тағы 58 ұңғыманы пайдалану мүмкіндігі қарастырылады. Жұмыстар сәтті өткізілген жағдайда, кеніштегі өндіріс көлемі жыл сайын 1,5 млрд текше метр газ және 500 мың тонна мұнайға дейін жетуі мүмкін.
«Сарыарқа» іске қосылды
Тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында жекеменшік үй иелерінен орталық газбен қамтудың орталықтандырылған жүйесіне қосылуға өтінім қабылдана бастады. Өтінімді елорданың газдандырылған тұрғын үй алқаптарында орналасқан заңды тұлғалар да бере алады.
Еске сала кетейік, «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы 2019 жылдың соңында аяқталды. Газ құбыры Қарағанды мен Ақмола облысының 171 елді мекенін газбен қамтамасыз етеді.
Қордай тұрғындары көгілдір отынмен қамтылды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Жамбыл облысы Қордай ауданының он елді мекені немесе 62 мыңнан астам тұрғыны мен 274 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылды. 2020 жылдың маусым-қазан айларында барлығы 392 шақырым газ құбыры тартылған болатын. Осы жұмыстың нәтижесінде қордайлықтарды көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 47%-дан 95%-ға дейін артты.
Індетпен күреске қаржылай қолдау көрсетілді
«ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы халыққа, облыс әкімдіктеріне және медициналық мекемелерге 3,6 млрд теңгеге демеушілік көмек көрсетті. Аталған қаражатқа өкпені жасанды желдету аппараттары, оттегі концентраторлары, жедел жәрдем көліктері және жеке қорғаныс құралдары сатып алынды. Бұдан бөлек, жұқпалы індетпен күресте ерен еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға, полиция қызметкерлеріне ыстық тамақ жеткізіп беру ұйымдастырылды.