Таяуда «Egemen Qazaqstan» газетінде «Джокович Федерерден оза ала ма?» (29.01.21) атты мақала жарық көрді. Сол мақалада біз әр жылдары әлемнің бірінші ракеткасы деген мәртебелі атаққа ие болған санаулы ғана саңлақтар жайында біраз мағлұмат бердік. Бүгінгі тақырып – әйелдер теннисі. Осы спорт түрі тарихында WTA рейтингі бойынша көш бастау бақыты кімдерге бұйырды екен? Енді осы сауалға тұщымды жауап беруге тырысайық.
Әйелдер арасында Штеффи Графтың алдына түсетін ешкім жоқ. 1982-1999 жылдар аралығында атой салған Германияның Мангейм қаласының тумасы «Үлкен дулыға» турнирлерінің барлығында бас жүлдені олжалады. Тарқатып айтсақ, Уимблдонда – жеті, Ролан Гарроста – алты, АҚШ-тың ашық біріншілігінде – бес және Аустралияның ашық біріншілігінде – төрт рет топ жарды. Барлығы 107 турнирде дара шықты. Граф бақандай 377 апта бойы WTA тізімінде көш бастады. Яғни сол кездері Жер-жаһанда неміс теннисшісімен теңесе алатын ойыншылар кемде-кем еді. Тіптен, Штеффидің басты бәсекелестерінің бірі саналған испаниялық Аранча Санчес-Викарионың: «Оны енді ешкім тоқтата алмайды. Мен Жаратушыдан бір-ақ нәрсе сұраймын – Штеффи тезірек күйеуге шығып, үлкен спорттан қол үзсе екен. Біздің бақ жұлдызымыз сонда ғана жарқарай жанады», деп жыларман болғанына миллиондаған жанкүйер куә. Иә, бұл – рас сөз. Неміс теннисшісі өз дәуірінің ең мықты ойыншыларының барлығын сыпыра ұтты. Оған тек Мартина Навратилова ғана лайықты қарсылық көрсете алды. Екі мықты 18 мәрте кездесіп, әрқайсысы тоғыз реттен жеңіске жеткен екен.
Кезінде Штеффи Графтың өзін қаймықтырған Мартина Навратилова жайында да ұзақ әңгімелеуге болады. Ол 332 апта бойы ешкімге есе жіберген жоқ. Чехословакияның астанасы – Прагада туып-өскен Мартина кейіннен АҚШ-қа қоныс аударды. Спорттық карьерасын 1975 жылы бастаған ол 2006 жылы кортпен қош айтысты. 30 жылдан аса уақыт аралығында Навратилова Уимблдонды – тоғыз, АҚШ-тың ашық біріншілігін – төрт, Аустралияның ашық біріншілігін – үш және Ролан Гарросты екі рет ұтты. Барлығы 167 турнирде қарсылас шақ келтірмеді. Америкалық теннисші 50 жасқа келгенде ғана үлкен спортпен қош айтысатынын ресми түрде жария етті.
Қазіргі кезде өрелі өнерімен көрермендерді қуантып жүрген Серена Уильямс 319 апта ең биік тұғырдан түскен жоқ. Кезінде оның да таңдай қағарлықтай табыстарға қол жеткізгені жанкүйерлердің жадында. Жекелеген сайыстарда АҚШ-тың Мичиган штатының тумасы Аустралияның ашық біріншілігі мен Уимблдонда – жеті реттен, АҚШ-тың ашық біріншілігінде – алты және Ролан Гарроста үш рет жеңімпаз атанды. Барлығы – 23. Сонымен қатар Серена өзінің туған әпкесі Винус Уильямспен бірге жұптық бәсекелерде де «Үлкен дулыға» турнирлерінің барлығын ұтты. Бұл күндері жасы 40-қа таяп қалған америкалық ойыншы әлі де бабында деуге болады.
ХХ ғасырдың 1972-1989 жылдар аралығында өнер көрсеткен америкалық Крис Эверт 260 апта бойы алдыңғы лектен көрінсе, швейцариялық Мартина Хингис 209 апта шашасына шаң жұқтырмады. Ол өз мансабын 1994 жылы бастап, 2017 жылы аяқтады. 1989-2008 жылдары кортты шайқаған АҚШ-тың тағы бір өкілі Моника Селеш 178 апта биік тұғырды босатқан жоқ. Бір айта кетерлігі, Навратилова мен Селеш социалистік жүйені ұстанған мемлекеттерде туып-өсті. Нақтылап айтсақ, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Мартина Чехословакияда туса, Моника – Югославияның тумасы. Алайда нағыз кемелденген кездерінде олар дәулеті тасыған өзге елдің – АҚШ-тың туы астында өнер көрсетуді құп көрді.
Үздіктер тізімінде жетінші, сегізінші және тоғызыншы орындарды бельгиялық Жюстин Энен (117 апта), америкалық Линдсей Дэвенпорт (98 апта) және даниялық поляк қызы Каролина Возняцки (71 апта) иеленуде. Бұл ойыншылар спорттық карьераларын аяқтаған. Енді олардың өз көрсеткіштерін жақсарта алмайтыны анық. Ал одан кейінгі сатыларға жайғасқан румыниялық Симона Халеп (64 апта), аустралиялық Эшли Барти (57 апта), беларусьтік Виктория Азаренконың (51 апта) жоғарылауына тамаша мүмкіндік бар. Себебі бұлардың барлығы да дәп қазіргі кезде өрелі өнерлерімен көзге түсуде. Мәселен, 24 жастағы Барти бұл күндері әлемдік рейтингте көш бастап тұр. 29 жастағы Халеп екінші орынды олжаласа, 31 жастағы Азаренко 13-сатыға жайғасқан.
Сондай-ақ Амели Моресмо (Франция, 35 апта), Анжелика Кербер (Германия, 34 апта), Динара Сафина (Ресей, 26 апта), Наоми Осака (Жапония, 25 апта), Трейси Остин (АҚШ, 21 апта), Мария Шарапова (Ресей, 21 апта), Ким Клейстерс (Бельгия, 20 апта), Елена Иванович (Сербия, 18 апта), Джениффер Каприати (АҚШ, 17 апта), Ана Иванович (Сербия, 12 апта), Аранча Санчес-Викарио (Испания, 12 апта), Винус Уильямс (АҚШ, 11 апта), Каролина Плишкова (Чехия, 8 апта), Гарбинье Мугуруса (Испания, 4 апта) және Ивонн Гулагонг-Коули (Аустралия, 2 апта) сынды сұлулар әр жылдары әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Ондай бақ небәрі 27 теннисшіге ғана бұйырған екен.
Қазақстанның теннисшілері арасында ең үздік көрсеткішке Елена Рыбакина қол жеткізді. Былтыр Аустралияның ашық біріншілігінде үшінші кезеңге дейін жеткен жерлесіміз әлемнің 17-ракеткасы атанды. Өзге қыздарымыздың ең үздік нәтижелері мынадай: Ярослава Шведова – 25 орын (2012 жыл), Юлия Путинцева – 27 орын (2017 жыл), Зарина Диас – 31 орын (2015 жыл) және Галина Воскобоева – 42 орын (2012 жыл).
Ал әлемдік рейтингте жоғарылауына тамаша мүмкіндік берілетін «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда ең тәуір нәтиже көрсеткен ойыншылар – Шведова мен Путинцева. Ярослава Ролан Гаррос (2010, 2012 жылдары) пен Уимблдонда (2016 жыл) ширек финалға дейін жетсе, Юлия Ролан Гаррос (2016, 2018 жылдары) пен АҚШ-тың ашық біріншілігінде (2020 жыл) дәл сол межеден көрінді. Зарина Диас болса, 2014 және 2015 жылдары Уимблдонның төртінші кезеңінде күш сынасты.