Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 1 наурыз күні Қазақстан аймақтарындағы эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасын жариялады. Соған сәйкес бүгінде еліміздің бірде-бір өңірі «қызыл аймақтың» қатарында емес. Одан бір күн бұрын «қызарған» Нұр-Сұлтан қаласы қайтадан «сары аймаққа» өтті. Бұған қоса бұл санатта Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары бар. Ал өзге өңірлер «жасыл аймақта».
Елімізде эпидемиялық ахуал тұрақталып, індет жұқтырғандардың қатары кеміп келеді. Соңғы дерек бойынша бір тәулікте ПТР арқылы 622 адамның Covid-19-бен ауырғаны расталды. Сондай-ақ 547 адам індеттен айыққан. Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі уақытта 20 140 адамның коронавирус инфекциясынан емделіп жатқанын хабарлады. Оның ішінде 4 472 науқас стационарда, 15 668 науқас амбулаторлық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шалдыққандардың арасында 248 адамның жағдайы ауыр, 50 науқастың жағдайы өте ауыр, 44 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр. Ал коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмония 10 адамнан анықталды, 3 адам осы індеттің салдарынан дем жетпей бақилық болды.
Індеттің таралу қарқыны бәсеңдеп, жағдай айтарлықтай оңалып қалған еліміз қазір «жасыл аймақта» тұр. «Жау жоқ деме, жар астында» дегендей, қанша жерден қауіптің беті қайтқанмен, сақтық шараларын қатаң ұстануды әсте қаперден шығармаған жөн. Дегенмен «Самарқанның көк тасын жібітетін күннің» жақындауымен қатаң шаралар да біраз босаңситын түрі бар. COVID-19 індетінің таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 1 наурыздан бастап 7 күн бойы «жасыл аймақта» тұрған өңірлерде цирктердің, бильярд клубтарының, балалар ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне (толымдылығы 30%-ға дейін), спорттық іс-шараларды өткізуге (30%-ға дейін), жұма намазын оқуға (30%-ға дейін) және ас беру рәсімін өткізуге (30%-ға дейін, 50 адамнан артық емес) рұқсат етіледі. Бұған қоса бір апта «сары аймақтағы» өңірлерде жабық базарлардың (азық-түлік, азық-түлік емес), сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынбайды.
Сонымен қатар мониторингтік тексеру қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиялық талаптардың бұзылу фактілері көп тіркелген Маңғыстау, Қостанай және Жамбыл облыстарын қоспағанда, барлық облыста 1 наурыздан бастап 1-5 сыныптардың, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптардың оқушыларын аралас оқытуға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Түркиямен (қосымша 4 рейс), Өзбекстанмен (+4 рейс), Қырғызстанмен (+2 рейс) және Украинамен (+1 рейс) халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру туралы ұсынысы комиссияның қолдауына ие болды.
Жалпы, жаман індеттің құрсауынан біржола құтқаратын, қалыпты өмірге оралуға септігін тигізетін амал – вакциналау екені түсінікті. Елімізде ақпан айынан бастап ақ желеңді абзал жандардың өзі бастап, біраз азамат коронавирусқа қарсы екпе алды. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 6 млн-нан аса қазақстандық вакциналанбақ. Бұл ретте өңірлер иммунопрофилактика бойынша халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Алексей Цой айтты.
Оның айтуынша, Е-gov mobile «Вакциналау» және «Цифрлы құжаттар» қызметіндегі коронавирусқа қарсы вакциналау паспорты арқылы егілгендердің есебін жүргізу және иммундық жағдайды бақылау жоспарлануда. Бұл вакциналау көлемін және аурудың болжамын жоспарлауға көмектеседі. Вакциналаудың қолда бар нәтижелерін ескере отырып, осы жылдың екінші жартыжылдығына дейін эпидемиялық жағдайға болжам жасалды.
«Бүкіл әлем вакциналау ғана қалыпты өмірге карантинсіз оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Осыған байланысты өңірлер иммунопрофилактика бойынша халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», деді А.Цой. Министр оптимистік және шынайы болжамға сәйкес, жаппай маска тағу режімі, сондай-ақ әлеуметтік арақашықтықты сақтау нәтижесінде елдегі эпидемиялық жағдай тұрақталатынын және қатаң карантиндік шектеуге вакцина ғана балама болатынын атап өтті.
Наурыз айынан бастап вакциналаудың келесі кезеңі басталды. 1 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласында да КВИ-ға қарсы екпені мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері ала бастады.
Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша бұл топқа 15 мыңнан аса адам кіреді. Осы санаттағы адамдарды вакциналау үшін Нұр-Сұлтандағы 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында екпе егу бөлмелері ұйымдастырылды. Сондай-ақ екпе салдыртуда ведомствоаралық ұйымдар да қатысады. Мұғалімдер мен тәрбиешілерге вакциналау БМСК ұйымдарына білім беру ұйымы бекітілген жері бойынша жасалады. Вакцина алатындардың тізімдері жасалды, тиісті емханаларға жіберілді.
Ақпан айының басынан бері Нұр-Сұлтанда барлығы 2 126 адам коронавирус инфекциясына қарсы екпе алды. Өткен демалыс күндері басқарманың қоймаларына 7 мыңнан аса жаңа вакцина түсті.