• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2010

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚОРҒАУ – БАСТЫ МАҚСАТ

566 рет
көрсетілді

Алматыда Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында “Орталық Азия қауіпсіздігінің қауіп-қатерлері” атты дөңгелек үстел болып өтті. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, ҰҚШҰ бас хатшысы Николай Бордюжа қатысып, сөз сөйледі. Көпшілікке белгілі, бүгінгі таң­да жаһандық және аймақтық қауіп­сіз­дік жүйесін нығайтып, бұл ба­ғыт­тағы іс-шараларды одан әрі же­тілдіру маңыздылығы жоғары мақ­сатқа айналуда. Бұл орайда әлем­де­гі халықаралық лаңкестік пен экстремизм, қару-жарақ сауда-саттығы, есірткі тасымалдау, заңсыз көші-қон және мемлекет­аралық ұйымдасқан қылмыс ауқы­мы­ның уақыт өткен сайын кеңеюі Орталық Азия аймағының елдері үшін үлкен қауіп-қатер болып қала беруде. Әсіресе, көршілес орналас­қан Қырғызстан мемлекетінде орын алған тұрақ­сыздық аймақтағы жағдайды күрделендіре түсуде. Міне, бүгінгі күн тәртібінде тұр­ған бұл мәселелер жөнінде “Ор­та­лық Азия қауіпсіздігінің қауіп-қатерлері” атты дөңгелек үстелге қатысушылар жан-жақты пікір алмасты.  Ауғанстандағы әлеуметтік және саяси жағдай, Қырғыз­стан­дағы бүгінгі күнге дейін сақталып отырған тұрақсыздық көпшілікті қатты алаңдатуда. Бұл аймақтар­да­ғы этносаралық, конфессияаралық қарама-қайшылық өткір күрделілік болып отырғандығы жасырын емес. Мұндай қауіп-қатерге қарсы тұрып ықпал ету үшін аймақтағы елдердің бірлескен әрекеті қажет болуы да мүмкін. Солардың ішінде ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы және аймақтық көшбасшы ретінде Қа­зақ­стан бұл түйткілді шешуге баса назар аударуда. Мұндағы страте­гия­лық басты мақсат — Орталық Азия аймағын халықаралық қатынас­тар­дың тең құқылы субъектісі ре­тінде қалыптастыру. Дөңгелек үстел басындағы кездесуде Қазақстан Республикасы Президентінің жа­нын­дағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының дирек­то­ры Болат Сұлтанов Мемлекет басшысының бұл бағыттағы игі бастамаларын тілге тиек етті. ҰҚШҰ бас хатшысы Николай Бордюжа дөңгелек үстелден кейін БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда ол бұл ұйымның осындай қауіп-қатерлі жағдайларды реттеу­де­гі атқаратын ықпалды іс-шара­ла­ры төңірегінде сөз қозғады. Қазіргі кезде бұл ұйымның құрамында шамамен алғанда қатысушы елдер­дің жиырма мыңға жуық әскери қызметкерлері бар. Олар әскери шие­леністерге қарсы тұрып, арнау­лы операциялар да жүргізеді. Оның ішінде, әрине, есірткіге қарсы атқарылатын іс-шаралар да бар. Н.Бордюжаның айтуынша, жақын арада Тәжікстанда, жыл аяғына дейін басқа да республикаларда арнаулы операциялар өткізіледі. – Қырғызстан туралы айтсам, менің ойымша, ондағы жағдайға әскерилердің кірісуі орынсыз сияқ­ты. Бұл қырғыз халқының ішкі ісі, сондықтан да оған шетелдіктердің араласуының орны жоқ. Келешекте қырғыз халқының билік жүйесін өздері анықтап, жақын арада онда мемлекеттік жүйе азаматтардың де­мо­кратиялық бостандығына сәйкес қалыпқа түсетініне сенімдіміз, – деді Николай Бордюжа өз ойын ортаға салып. Ол, сонымен қатар, Қа­зақстандағы ынтымақтастық және экономикалық-әлеуметтік даму жөнінде де өз пікірін білдірді. Ол бұл орайда Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің ұжымдық күш құру жөніндегі бастамаларын атап көрсетіп, мұның өзі қазіргі таңдағы ең ықпалды шешім екендігін де атап айтты. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.