• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2010

“МЕТРОГРУПП” МӘДЕНИ ДЕМАЛЫСТЫ ДА ҰМЫТПАСА

606 рет
көрсетілді

Жақында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев “Метро­Групп” компаниясының өкілдерін қабылдады. Екі тарап Тараз қала­сы­нан ірі сауда орталығының құ­ры­­лысын салу мүмкіндіктерін талқылады. Баспасөз мәліметі бойынша, сауда орталығының құрылысына жұмсалатын қаржының көлемі  15 миллион еуроны құрайды. Әрбір кешеннің сауда алаңы 11 мың шар­шы метр болмақ. Болашақта онда азық-түлік және өнеркәсіп тауар­ла­рының 25 мыңға тарта түрі өтке­ріле­ді. Бүгінде осы алып құ­ры­лыс кешеніне ыңғайлы жер қарас­ты­рылу­да. Тараз қаласында бұрын “Гросс”, “Метроном”, “Smal” cияқ­ты үлкен әмбебап дүкендер шоғыры бар болатын. Бұлардың қатарын енді “МетроГрупптың” сау­да орталығы толықтыра түссе артық етпейді. Халық таңдағанына барады. Сол халықты өздерінің сауда сөрелеріне қарай тарту үшін олардың менеджерлері де тауар­ла­рын арзандата бастайды. Бір сөз­бен айтқанда – игілікті іс. Бірақ... Ойды ой қозғайды дегендей, та­рап­тардың осы жақсы бастама­сы­ның бас-аяғына жіті көз жі­бе­ріп, жан-жақты ойланатын болсақ, та­раз­дықтар атынан қосатын ұсы­ныстар да сұранып тұрғандай. Шынын айту керек, Тараз қа­ласы  Алматы мен Шымкент қала­ла­ры сияқты ірі мегаполистердің соңғы жылдардағы экономикалық және мәдени тұрғыдағы даму қар­қынына ілесе алмай, көрер көзге қа­рабайырлау көріне бастады. Облыс әкімі Қ. Бозымбаев осы ол­қылықтардың орнын аз уақыттың ішінде қалпына келтірмекші. Жо­ғарыда айтылған “МетроГруп­п­тың” Таразға қомақты қаржымен ке­луін де осы мақсаттағы баста­ма­ның бірі деп санап отырмыз. Сонымен... Айтайын дегеніміз, болашақта қолға алынбақ осы ірі сауда ке­ше­ні­нің ішінен неге мәдени және кө­ңіл көтеру орталығын да ашпасқа? Ондай үлкен орталықтар, мысалы, Астананы айтпағанда, Та­раз қала­сының қос қапталындағы Алматы мен Шымкент қалаларын­да да бар. Осы шаһарларға жолы­мыз түскенде кішкентайларымызды “Мегаорталық” деп аталатын сол таңғажайып думанды орындарға апарып, көңілдерін көтереміз. Адам  күнделікті тұтынатын тауар­лармен ғана өмір сүрмейді. Тамағы тоқ, көйлегі көк жан руха­ни қажеттілігін замана талап­та­ры­на сай өтегісі келеді. Ол үшін алыс-жақында бар мәдени орын­дар­ды аңсап, іздей бастайды. Ал біздің еліміз, құдайға шүкір, “ора­за-намаз тоқ­тықта” дейтін кезең­нен, әлде­қашан өтіп кетті. Дағ­да­рысқа да анау айтқандай даурыға қоймадық. Ендеше “сауда-сауда” дей бермей, сол сауданы қыз­ды­ра­тын орта­лық­тардың ішінен сау­да жасай жүріп бір мезгіл отба­сымен демалып, көңіл көтеретін орындар жасауды да естен шығар­маған абзал шығар. Мысалы, біз барып көріп жүрген мегаорта­лық­тардың ішінде сауда дүңгіршек­терінен бөлек, шағын мұз айдыны, шағын кинотеатр, боу­линг, кафе­лер мен кафетерийлер, неше түрлі әткеншектер дейсіз бе, әйтеуір, балалар түгілі ересектерді де еліктіретін қызықтардың бәрі қарастырылған. Біздіңше, бұл ұсынысты облыс әкімдігі қуана қолдаса керек. Ал облыс, қала басшылары қолдап, “осы жағын да ескеру керек екен” десе, берісі Азия, арысы Еуропа­да­ғы сауда орталықтарының көшбас­шы­ларының бірінен саналатын “МетроГрупп” үшін түк те емес деп ойлаймыз. Бұл, әрі, жаңа сауда ор­талығын басқалардан ерекшелен­ді­ріп, қала тұрғындарын өзіне бау­рау­да да үлкен рөл атқарар еді. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.