• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Мамыр, 2021

Расиманың асүйі

201 рет
көрсетілді

Шағын асханада жұмыс қауырт. Мұнда тамақтануға келетіндердің дені қарттар. Қайырымдылық мақсатта үлестірілетін тағамдар тек мұқтаж жандарға ғана арналғанына қарамастан, зейнет жасындағы тұрғындар үшін Расима Темербаева ашқан асханадағы дәмді тағамнан ауыз тию дәстүрге айналған. Осылайша, күнделікті Алматы қаласындағы Айманов және Шашкин көшелеріндегі дүңгіршектер маңы түскі мезгілде абыр-сабыр. Мұнда демалыстан тыс күнделікті 150-дей адам тегін тамақтана алады. Байқағанымыз, асханаға зейнеткерлер тамақтану үшін ғана келмейді. Бір-бірін сағына көріскен, әңгіме айтуға бейіл жандардың жүзінен жылылықтың нышаны байқалады.

Осыдан 6 жыл бұрын «Жобаларды басқару» тренингінен өткен Алматы қаласының тұрғыны Расима Темербаева тегін асхана ашу бастамасын қолға алған болатын. Алға қойған мақ­сатының қиындығына мойымастан іскер әйел әжесі мен анасының қайырымдылық жасау туралы қағидаларын қаперде ұстай­ты­нын айтады.

«Үйде анам мен ұлым және де жақын­дарым маған жігер беріп отырады. Деген­мен бар уақытым мен күш-жігерімді қа­йырымдылық істерге арнап жүргенімді тү­сінбейтіндер де кездеседі. Мен әрдайым көпбалалы отбасылардың балаларына, зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға көмектескім келіп тұрады», дейді іскер жан.

Расиманың әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға деген ойы осыдан 20 жыл бұрын шамасында туған. Психолог, қаржыгер мамандығы бола тұра, алдына осындай мақсат қойған қайырымды жан жобаны іске асырудың әліппесін зерттей бастайды.

«Мен АҚШ-та азық-түлік банкі бар екені жайында оқып білгеннен кейін осы жобаны қолға алуға қызығушылығым туды. Бұл жоба азық-түлік жинап, оларды мұқтаж адамдарға үлестіру сияқты қайырымдылықты көз­дейді. Жобаны зерттеп болғаннан кейін алған бағытымды анықтағандай болдым. Дегенмен жоба тұжырымдамасына сәйкес азық-түлік банкі толыққанды болуы керек. Алайда көп мөлшерде азық-түлік үлестіре алмағанымызбен де, алдағы уақытта бұл мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын», дейді кәсіпкер.

Жоба тегін тамақ үлестірумен ғана шектелмейді. Оның әлеуметтік сипаты басым. Өйткені қоғамда қамқорлыққа, мейірімге мұқтаж қарт адамдарға көңіл бөлу жағы жетіңкіремейді. Асханаға ке­летіндердің арасында бұрын ұстаз болып еңбек еткендер, дәрігерлер мен ғылыми қыз­меткерлер де бар. Расиманың айтуынша, олар үшін серуендеп қайтатын, көңілді орта әрдайым қажет. Келушілердің алды 80 жаста. Қарт адамдарға ас әзірлеп ішу қиынға соғатындықтан, асханадағы ыстық әрі буға бұқтырылған жеңіл тамақтар – зейнеткерлер үшін таптырмайтын ас мәзірі. Өйткені олардың арасында қант диабеті, созылмалы аурулары бар жандар баршылық. Мұнда ас мәзірі күн сайын өзгеріп отырады. Көпшілікке тарыдан жасалған тағамдар, борщ, бұршақ сорпасы ұнайды.

«Диеталық тағам қарттарға ғана емес, көпшіліктің денсаулығына да пайдалы. Түскі ас кезінде қарт адамдар бір-бірімен тіл табысып, осы маңға ортақ әңгіме дүкен құруға келеді. Жалғыз қалудан жалығатын жандар жастық шақтарын, жұмыс істеген жылдарын, отбасындағы қызықтармен бөлісіп, бір мезгіл көңіл көтеріп, сергіп қайтады. Біздің жобамыз осылайша жалғызілікті жандардың қоғамға қажет екенін, жасы үлкен болса да қандай да бір қоғамдық іске жарамды екенін сезінуге қолдау көрсетуді мақсат етеді. Қарт адамдардың мерейі үстем болса, қоғамда да ізгілікті орта қалыптасады. Мен өз жобамның қолдау тауып, қоғамға пайдасы тиіп жатқанына қуанамын», дейді Р.Темербаева.

Осындай игі ісімен көпшілік­тің алғысына бөленіп жүрген кейіпкеріміз 2015 жылы «Ең үздік ерікті» аталса, 2017 жылы «Алтын жүрек» сыйлығын иеленген. 2018 жылы «Қазақ­станның үздік әлеуметтік жобалары» республикалық байқауында 1-орын, 2019 жылы «Қайырымдылық керуені» байқауында да 1-орынды иеленген. Ал былтыр «Халық алғысы» медаліне лайықты деп танылды.

Қиыншылығы мен қуанышы қатар өрілген осынау игі істе Расимаға достары, жанашыр азаматтар мен алматылық бизнесмендер көмектесуде. Осы уақыт ішінде жоба қайырымдылыққа бейжай қарамайтын азаматтардың есебінен іске асып келеді. Асүйде бір кездері жобаға ерікті ретінде қатысқандар жұмыс істейді. Кәсіби аспаздар болмағанымен, салаға қатысты біліктіліктерін арттырып отырады. Олардың еңбекақысы Алматы қаласының жұмыспен қамту аясында төленеді.

«Біз қандай да қиындықтар болсын жобаны тоқтатып алмау үшін тырысып келеміз. Дегенмен ең қиын сәттер артта қалды. Осыдан төрт жылдай бұрын қа­ражаттың жоқтығынан жобаны бір жарым айға тоқтатуға тура келді. Осындай сәтте достарымыз бен жақындарымыз қол­дау көрсетіп, мен дайындаған жартылай фа­бри­каттарды сатып алды. Сол кезде де қариялар жағы сенім артып, жұмыстың қайта жанданатындығына қолдау білдірген болатын. Ақпарат құралдары да мәселе кө­теріп, нәтижесінде демеуші де табылды, жұмы­сымыз да алға басты. Сатудан түскен қара­жаттың да пайдасы зор болды», дейді Расима.

Оның айтуынша, қоғамдағы кез келген игі іс демеушілердің арқасында жүзеге асады әрі бірлескен күш-жігер қажет. Оған дәлел ретінде пандемияға байланысты төтенше жағдай кезінде Расиманың асүйі жедел жәрдем станса дәрігерлеріне де қол­дау көрсетіп, тегін тамақтандырғанын айта кеткен абзал. Бұл игі шараға Алматы мен Нұр-Сұлтандағы 20 дәмхана мен мейрамхана қосылды. Осы уақытта 20 мыңнан астам түскі ас берілді. Ауқат артылып қал­ған жағдайда басқа да қайырымдылық қор­ларына азық-түлікпен көмектесіп, көп­балалы отбасыларға, жалғызбасты адамдарға да қол­дау көрсетілді. Осылайша, бірлескен күш-жігер­дің арқасында көп­теген қиындық артта қалды.

Қоғамдағы мұқтаж, қамкөңіл жан­дар­­ға жақсылық жасауды мақсат еткен Расиманың асүйі қандай да болсын қиындықтарға қарамастан, әрдайым қуа­ныш­қа толы. Ал жанарларынан жылы­лық сезі­летін жандардың Расима мен осы ас­хана қызметкерлеріне алғыстан басқа айтары жоқ.

 

АЛМАТЫ