Бүгінгі таңда қоғамды алаңдататын ең басты мәселенің бірі ана тіліміздің жағдайы, келешегі, тағдыры екені күмәнсіз. Осы тұрғыдан келгенде өткендегі мынадай бір тарих еріксіз еске түседі. 1986 жылдың күзінде, ол кезде республикалық «Жалын» баспасының директоры едім, Орталық партия комитеті шақырып алып, менің республикалық «Казкнига» кітап саудасы бірлестігіне басшы болып баруым қажет екенін айтты.
«Қазақша шығатын кітаптардың тиражы, таралымы мандымай, өспей қойды, соны жолға қою керек» деген тапсырма берілді маған. Келген бойда жағдайды зерттеп қарасам, әсіресе солтүстік облыстардағы кітап саудасы мекемелерін басқаратын адамдардың да, қызметшілерінің де барлығы түгел орыстар, өзге ұлт өкілдері екен. Қайсыбір кітап саудасы мекемелерінде қазақша білетін бір адам да болмай шықты. Баспалардан келесі жылдың тақырыптық жоспарына енген кітаптардың тиражы «Казкнигада» күзде бекітілетін. Оны «тиражирование», «тираждау комиссиясы» дейтінбіз. Сондай алғашқы тираждау комиссиясын өткізгенім де есімде. Қазір нақты атауы есімде жоқ, қазақша шығатын бір кітапқа солтүстік облыстардың біріндегі кітап саудасы ұйымын басқаратын ұлты қазақ емес әйел адам: «біздің облысқа жиырма дана» деп жауап берді.
– Неге соншалықты аз? – деп сұрадым.
– Біз «Казпотребсоюз» емеспіз. Біздегі қалалар мен поселкелерде қазақша оқитындар жоқтың қасы, – деді әлгі әйел.
– Сіз мұны қандай негізге сүйеніп айтып тұрсыз? Облысыңыздағы қазақша кітап оқығысы келетін адамдардың қанша екеніне зерттеу жүргіздіңіз бе? Сіз олардың сұранысын толық қанағаттандырып отырмыз деп айта аласыз ба? – деп сұрадым.
– Былай да белгілі ғой.
– Жоқ. Ешқандай да белгілі емес. Қазақ тіліндегі кітаптарды насихаттау үшін нақты қандай жұмыстар жүргізесіздер? Астанадан, біз арқылы, кітап оқушыларымен кездесулер өткізіп, өз кітаптарын, өзге авторлардың, баспалардың жаңа кітаптарын насихаттау үшін қазақтың ақын-жазушыларын, баспа қызметкерлерін шақырған кезіңіз болды ма? Облыстық қазақ газеті, радио, теледидар арқылы қазақша кітаптардың насихатталуы жайында не айта аласыз? Өзіңіз басқаратын облыстық кітап саудасы ұйымында қазақша кітап оқитын, қазақ ақын-жазушыларын, авторларын білетін қызметкерлер бар ма? – деген сұрақтар қоюыма тура келді. Оларға әлгі әйел не айтарын білмей, қызарақтап, қатты қысылды. – Қазақша шығатын кітаптарға біздің «Казкниганың» беретін тапсырыстары «Казпотребсоюзбен» қоса алғанда поэзия үшін 7-10 мыңнан, проза үшін 20-30 мыңнан кем болмауға тиісті. Ал кітапты насихаттаудың қандай әдістері мен түрлерін пайдаланып отыруымыз керек екені өз алдына жеке әңгіме. Ондай мәселелермен ұйымдастыру бөлімі алдағы уақыттарда нақты айналысады. Облыстық кітап саудасы ұйымдарына қойылатын талаптар күшейтіледі, – деуіме тура келді.
Өзге республикалардың кітап саудасы ұйымдары «Өзбеккітап» «Қырғызкітап» болып аталып жүргенде, бір кезде өзіміздегі, Мәскеудегі ресми орындарда «Казкнига» болып бекітіліп кеткен атауды «Қазақкітап» деп өзгертіп, бекіттіруге (Мәскеумен келісіп, әрине) жарты жылдай уақыт кетті. Содан тағы бір-екі жылдай уақыт өткенде қазақша кітаптардың тираж алуы мәселесі бірыңғай орнықты шешілген болатын.
Тағы бір анықтағаным сол уақытқа дейін қазақтар көп тұратын өзге республикаларға, шетелдерге де мектеп оқулықтарынан басқа бірде-бір қазақша кітап жіберілмей келіпті. Осы дәстүрді, үрдісті бұзу үшін Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түрікменстанның, Моңғолияның, Қытайдың кітап саудасы ұйымдарымен байланыс жасап, кітап саудасы қызметкерлері мен жазушылардан бригада жасақтап, шетелдердегі, шет жерлердегі қазақ жұртымен кездесулер өткіздік. Көрші республикалардағы жергілікті партия, кеңес ұйымдарында болып, келіссөздер жүргізіп, солардағы, сондай-ақ Қытайдағы, Моңғолиядағы кітап саудасы ұйымдарымен қазақ тіліндегі кітаптарды жылма-жыл жеткізіп беріп отыруды міндетімізге алып, шарттар жасастық.
Сондай бір бригаданы Қазақ- станмен көршілес Астрахань облысына өзім бастап барған едім. Астрахань қаласы орталығындағы бір үлкен кітап дүкенінде қазақ кітаптарын сататын бөлім ашып, вагонға тиеп өзімізбен ала барған қазақша кітаптарды сөрелерге жайғастырып, жыл сайын Қазақстан баспаларының кітап шығаруға арналған тақырыптық жоспарларын біз арқылы алып, шығатын кітаптарға тапсырыс беріп, сатылатын кітап қорын үнемі толықтырып отыратындай етіп, облыстық кітап саудасы ұйымымен шартқа отырдық.
Содан соң облыстағы қазағы басым үш ауданның бірі болып табылатын, Құрманғазы бабамыздың сүйегі жатқан Володар ауданына сапар шектік. Ауылға жақындағанда, кішкене көпір жанында қазақ жігітімен және қызымен тілдестік. Олар өзара орыс тілінде сөйлесіп тұр екен. Біздің қазақша айтқанымызды түсінді ме, түсінбеді ме, «Извините, давайте лучше по русский», деді қыз. Таңырқадық. Колхозға келген бойда қарттар ғана болмаса, балалардың да, жастардың да бір-бірімен тек орысша сөйлесіп жүргенін аңғардық. Осындағы орта мектепте ауыл тұрғындарымен кездесу өткіздік. Мен өзіміздің келген мақсатымызды айта келе:
– Біз сіздерге қазақша кітаптар жеткізіп тұрмақпыз. Бірақ оларды кім оқиды? Қарттарыңыз ғана болмаса, жастарыңыз қазақша кітап оқи алмайды екен. Сондықтан колхоздағы орыс тіліндегі балалар бақшасын қазақ тіліне көшіріп, мектепте де біріншіден бастап, қазақша кластар ашқан жөн емес пе? Оларға тәрбиешілер мен мұғалімдерді Қазақстаннан жібертуге көмектесер едік, – дедім өз сөзімде. Мектеп директоры, жас жігіт, оның да қазақшаға шорқақтығы көрініп тұр:
– Ол болмайды. Қиын шаруа, – деп сөз қосып жіберді.
Залда бірнәрсе тарс ете қалды. Алдыңғы қатарда отырған иман жүзді қария таяғымен тақтай еденді тарс еткізіп, орнынан тұрған екен.
– Әй, шырағым! – деді ол мектеп директорына ашулана қарап. – Алматыдан келген жігіт дұрыс айтады. Осындай сөзді мен саған қашан айттым, есіңде ме? Анау деп, мынау деп маңына жолатпайсың. Қазір ауылда қазақша балабақша, кластар ашуға алдымен сендер қарсысыңдар. Бәрі қайтадан қазақша болып кетсе жұмыссыз қаламыз деп қорқасыңдар, – деді.
Қарияның сөзі ұнап қалды. Артынан онымен жеке әңгімелестім.
– Баяғыда осы колхозды мен басқарғанымын. Елуінші жылдардың аяғына дейін жағдайымыз жақсы еді. Ол кезде колхозымыздағы балабақша да, мектеп те қазақша болатын. Ауданымызда қазақ тілінде газет шығатын, радио жұмыс істейтін. Мектепке, балалар бақшасына кадрлар даярлайтын педагогикалық училищеміз де болатын. Елуінші жылдардың аяғында жағдай өзгерді. Әуелі обкомнан кісі келді. Ол:
– Сіздердің ауылдан шыққан жастар Мәскеудің, Ленинградтың жоғары оқу орындарында оқи алмайды. Орысшалары өте нашар. Біз көмектескіміз келеді. Әуелі ауылдарыңыздағы балалар бақшасын орысшаға көшірсек. Астраханьнан тәрбиешілер жібереміз. Содан соң келесі жылдары біріншіден бастап орысша сыныптар ашсақ. Сонда олар мектеп бітірген соң кез келген жоғарғы оқу орнына қиналмай түсе алады. Қызметте де жылдам өседі, – деді қамқорлық танытып.
Аңқау халықпыз ғой. «Жарайды», дедік.
Сөйтіп он жылдың ішінде ауылдағы бұрынғы қазақ мектебі бірте-бірте орыс мектебіне айналып шыға келді. Қазақша аудандық газет те, радио да, педагогикалық училище де жабылды. Балалар бақшада, мектепте орысша сөйлеген соң өзара да, өзгелермен де орысша сөйлесуге дағдыланды. Жастар арасында қазақ тілі ұмытыла бастады. Сөйтіп ата-бабамыздың жерінде жүз пайыз қазақ болып отырып (осы колхозда әлі күнге дейін қазақтан басқа бір ұлттың да өкілі жоқ), жас ұрпақ, өкінішке қарай, байырғы ана тілімізден, ал біз өсіп келе жатқан ұрпағымыздан айырылып қалуға жақындадық, деді қария ағынан жарылып, күйзеле, қынжыла, таусыла сөйлеп.
Қарияның айтып берген сол әңгімесі Кеңес Одағы кезінде барлық ұлттарды орыстандыру үшін жүйелі, тиянақты түрде жүргізілген ең нәтижелі, жемісті, шешуші саясатқа көзімізді ашқан еді. Ол – Ресейде, ұлт республикаларының бәрінде, астанасынан бастап барлық үлкен қалаларында, елді мекендерінде балабақша мен мектептерін орыс тіліне көшіру. Бұл саясат үздіксіз, жүйелі, қатаң жүргізілді, сөйтіп өзінің жемісін берді. Бүкіл Кеңес Одағында ұлттары басқа болғанымен тілдері орысша жаңа ұрпақ қалыптасты.
Бүгінгі таңда республика халқының 72 пайызы қазақтар болса (кей деректерде одан әлдеқайда көп), мектеп жасындағы қазақ балаларының да сонша пайызы қазақ тіліндегі мектептерге барады екен. Қазақ балаларының қалған 28 пайызы, яғни үштен біріне жуығы өз елінде, өз жерінде туып өссе де, орыс бала бақшалары мен мектептеріне бару арқылы олардың ана тілдері орыс тілі болып қалыптасып, өсіп келеді. Бұл үрдіс мемлекеттік деңгейде тиісті шаралар қабылданбағандықтан тәуелсіздік алған отыз жыл бойына осылай жалғасып келе жатқанын, болашақта да осылай жалғаса беретінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мұндай жағдай еліміздің барлық үлкен қалаларда, солтүстік және шекаралас облыстарымыз бен көптеген ауданымызда орын алуда. Сөзіміз жалаң болмауы үшін қазіргі таңдағы Қостанай облысының өмірінен мысал келтіруімізге болады. «Egemen Qazaqstan» газетінде (2.11.2020 ж.) жарияланған дерек бойынша Қостанай облысында бүгінгі таңда 488 мемлекеттік, 6 жекеменшік мектеп бар екен. Соның 118-і ғана қазақ мектебі. Облыстағы мектеп оқушыларының жалпы саны 110 206 болса, соның 32 784-і ғана қазақ тілінде білім алады екен. Бір көңіл аударатын мәселе бүгінгі таңда кейбір орыс мектептерінде оқитын оқушылардың басым көпшілігі өзіміздің қазақ балалары болып отырғаны. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелерімізде қызмет атқаратын ұлты қазақ азаматтардың көпшілігі өздерінің ана тілін білмейтін, не шала білетін қандастарымыз екені де белгілі. Мұны оларға кінә етіп тағуға да болмас мүмкін. Өйткені олар балабақшада, мектепте ана тілінде білім ала алмаған, орысша оқыған, аулада, көшеде де бір-бірімен орысша сөйлесіп өскен.
Әлемге әйгілі саясаткер Уинстон Черчилльдің мынадай сөзі бар екен: «Саясаттың да серті болады. Оның біріншісі – кешікпеу. Ұлттық мүдде ұтатын жерде еш уақытта кешікпеу керек. Шешімді тез қабылдаған жөн. Екінші – асықпау. Ұлттық мүддеге нұқсан келетін, я болмаса аяқ асты етілетін жағдайда шешім қабылдауға еш уақытта асықпау керек. Сағыздай созып, созбұйдаға салып, оны келесі буынның үлесіне қалдырып кету керек», депті ол. Қалай терең айтылған!
Президент, Үкімет, Парламент, Жоғарғы сот, Прокуратура, министрліктер аппараттарына, барлық мемлекеттік мекемеге қызметке алу кезінде мемлекеттік тілді білетіндерге басымдық берілуі қажет. (Қазір, өкінішке қарай, олай болмай жүр). Мемлекеттік қызметте істейтін, бірақ мемлекеттік тілде сөйлей алмайтындарға өз білігін арттыру, мемлекеттік тілді меңгеру үшін белгілі бір уақыт белгіленуі қажет екені де толғағы жеткен мәселе. Еліміздің 1997 жылғы шілденің 11-і күні қайта бекітілген тіл туралы заңының 23-бабындағы: «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген талаптың да содан бергі 23 жылдан бері Үкімет тарапынан әлі күнге орындалмай, жүзеге асыруға әрекет те жасалмай келе жатқаны түсініксіз.
Осы тұста Балтық жағалауы елдерінің мемлекет қаржысымен жұмыс істейтін балабақшаларын бір кездегі бізден де қысылтаяң, қиын жағдайда тәуелсіздік алысымен-ақ ана тілдеріне бірден көшіріп жіберіп, енді соның жемісін көріп отырған, сынақтан өткен жемісті тәжірибесін бізге неге қолданбасқа деген ой келеді.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» дегенді Елбасымыз да, Президентіміз Қ.Тоқаев та анықтап айтты. Ол үшін мемлекеттік тілді балдырғандарға балабақшадан бастап үйрету ісі дұрыс жолға қойылып, мектептерімізде одан әрі жалғасуына лайықты қамқорлық жасалуы қажет-ақ.
Тілімізді өзінің лайықты орнына, төрге шығару – ұлтымыздың жүзеге аспай келе жатқан асыл арманы. Осы арманды жүзеге асыруға ұйтқы болып, халқымыздың, еліміздің көсегесін көгертуге қол жеткізген ұлт басшылары мен қоғам қайраткерлерінің есімі тарихымызға алтын әріппен жазылып қалатыны күмән тудырмайды.
Болат БОДАУБАЙ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері