Қытайдың шығысындағы Жиансу провинциясында 41 жастағы ер адамның құс тұмауын жұқтырғаны расталды. Бұл – H10N3 вирусын адам жұқтырғаны туралы алғашқы дерек.
Қытайда құс тұмауының бірнеше түрі таралған. Кейбір түрі адамдарға да жұғады, әсіресе құс бағатын азаматтар арасында ауру жиі тараған. Дегенмен, дәл H10N3 вирусының адамға жұғуы кездеспеген-ді.
Женжанг қаласының тұрғыны 28 сәуірде дәрігерге шағымданған. Бір айдан кейін, 28 мамырда оның вирус жұқтырғаны анықталды. Алайда Денсаулық комиссиясы вирустың қайдан және қалай жұққаны туралы ақпарат бермеді.
Науқастың жағдайы тұрақты. Жақын қатынаста болғандардан вирус анықталмады. Әлем бойынша да бұл жалғыз дерек болып отыр.
H10N3 – төмен патогенді вирус, аса күрделі ауру тудырмайды. Сонымен қатар коронавирус сияқты жаһандық пандемияға себеп болу қаупі аз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Reuters агенттігіне науқастың вирусты қайдан жұқтырғаны анықталмағанын, әзірге басқа науқас тіркелмегенін айтты. Сонымен қатар бұл вирустың адамнан адамға жұғуы екіталай екен.
«Құс тұмауының бұл түрі адамға жұққаны әлемде тұмау пандемиясы әлі де аяқталмағанын білдіреді», деп мәлімдеді ұйым.
Тағам және ауылшаруашылық ұйымының үйлестірушісі Филип Клас мұны «әдеттегі вирустардан бөлек» деп бағалайды. 2018 жылға дейін 40 жыл ішінде 160 жағдай ғана анықталған. Вирус жабайы және суды мекендейтін құстардан табылған. Құстар Азия, Солтүстік Американы мекендейді. Бұл уақытқа дейін бірде-бір үй тауығынан анықталмапты.
Енді вирустың генетикалық ақпаратын зерттеу оның бұрынғы вирусқа ұқсайтынын, не ұқсамайтынын немесе тіпті бірнеше вирустың қосындысы болу ықтималдылығын білуге мүмкіндік бермек.
Қытайда құс тұмауы індеті 2016-2017 жыл аралығында тіркелген. H7N9 вирусы 1 668 адамға жұғып, 616 кісінің өмірін қиған.