Ол шұбат болуы тиіс
“Басқа адамдар маймылдан жаралса жаралған шығар, ал қазақ жылқыдан жаралған”, дейді екен Асқар Сүлейменов ағамыз. Төрт түліктің төресі жылқыға жақын қазақтың ең қадірлі тағамы жылқы еті болғанымен, осы жерде де пысықтарға есе жіберіппіз. Отырықшы жұрттың баласы, есік пен төрдей жылқы емес, аяғын салаңдатып есек мінгенді тәуір көретін өзбектің бір баласы жылқының қазысына, шұжығына халықаралық сертификат алып қойыпты. Ет-майын араластырып, ащы сарымсақ, бұрыш секілді дәмдеуіштерін қосып, өзі жасап шығарған іспетті өз атына тіркетіп алған. Халықаралық саудаға шығарып көр, біліп қалса сотты боласың. Қазақ жаралғалы қазы жеп келе жатқаны есеп емес. Мәселе – құжатта.
Шымкентте Мұсатілла Тоқанов деген мазасыз ғалым бар. Жақсы мағынасында. Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетекші маманы. Астана, Алматының өлшемімен қарағанда ауылда тұратындай көрінетін ғалымның әр саладағы зерттеу еңбектерінің әрқайсысы бір-бір арбаға тең болатындай.
–Елбасының биылғы Жолдауы еліміздің әрбір азаматына ол кәсіпкер болсын, ғалым болсын, жай азамат болсын үлкен ой түрткі, талпынысын оятатындай,– дейді ғалым. – Қазақстанның экономикалық дағдарыстан кейінгі дамуының бірден-бір жолдары елдің экономикалық қауіпсіздігін сақтау болып табылады. Президент өз Жолдауында экономиканың қауіпсіздігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін жинау, сақтау, тасымалдау және толық өңдеу жұмыстарын жолға қоя отырып, сырттан келетін өнімдерді 20 пайызға дейін азайту қажеттігін баса айтты. Бірақ, бізде бүгінде, өкінішке қарай, бұл көрсеткіш 40 пайыздан асып кетті. Мәселен, сүт өнімдерінің 63 пайызы, көкөніс тағы басқа тұқым өнімдерінің 80 пайызы сырттан келеді. Отандық рынокты жаулап алған шетелдің тауарына әбден арқа сүйеп алған халық бүгінде оны да шымырқанбай тұтанатын жағдайға жетті.
Шынында да, біздің ауыл шаруашылығында экономиканың дамуына әсер ететін салаларға көңіл бөлу әлде де болса жетіспейді. Ең алдымен бұған мемлекеттік көзқарас қажеттігін ұмытпауға тиіспіз. Мұнайлы ел қатарына жатқанымызды мақтаныш тұтқанмен, сол мұнайдың да түбі жоқ емес. Олай болса, болашақты болжай отырып, бүгін атқарылатын істі кейінге қалдырмауымыз керек. Елімізде түйе шаруашылығын дамытып, оның сүтін жоғары технологиямен өңдеу ісін жолға қоя алатын болсақ, онда біздің экономикалық өрлеуімізге оң ықпалын тигізетіні, экономикалық бұлақтың бірден-бір көзі болуы сөзсіз. Егер ресми ақпаратқа сүйенсек, Оңтүстік Қазақтан облысы бойынша бүгінге дейін 16 мың түйе бар, ал бұл көрсеткіш республика бойынша 150 мыңға жуықтайды. Түйе сүтінің өнімдері мұнай өнімдеріне қарағанда 38-40 есе қымбат екен. Мысалы, халықаралық биржада 1 баррель мұнай 70 доллар, 1 тонна мұнай 350 доллар. Ал шұбаттың 1 литр сатылу құны Қазақстанда 400-600 теңгені құрайды. 1 тоннасы – 400-600 мың теңге. Ал шетелге шығатындай жағдайда әлбетте кем дегенде 2-3 есе қымбатқа сатылады. Сондықтан, мұнаймен салыстырғаңда шұбаттан түсетін табыс айтарлықтай көлемді. Ғалым осылай дейді.
Төрт түліктің төресі, түйе малына өндістік көзқарас болатын болса, болашақта қазіргі таңдағыдан мал саны 10-20 есе көбейтуге болады.
– Елбасы халыққа арнаған Жолдауларында экономиканы көтеріп, халықты жұмыспен қамтамасыз ету керек дегенді жиі айтады, – деп ойын сабақтайды ғалым. – Ал енді еліміздегі Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының көптеген жері шөл-шөлейт болып бос жатыр. Осындай жерлер түйе шаруашылығын дамыту үшін пайдалануға қолайлы дер едім. “Түйе малы кедейдің малы” деген халықта қағида бар. Өйткені, түйе малы, шөлге төзімді, кой және сиыр сияқты өзіне арнайы күтімді онша қажет етпейтін жануар. Егер осы іс жеке кәсіпкер, мемлекет тарапынан қолға алынып, біз ұсынған технология негізінде жүргізілсе, онда шұбат Казақстанның ұлттық бренді ретінде әлемге танымал тағам ретінде белгілі болары айқын және әлеуметтік экономикалық жағдайды түзеуге мүмкіндік беретін бір сала болады.
Ең алдымен шұбаттың емдік қасиетіне тоқталатын болсақ, бір литр шұбат адам ағзасын тәуліктік қажет ететін витаминдермен, кальциймен және басқа микроэлементтермен толық қамтамасыз ете алады. Шұбатта жылқы, сиыр сүтінен ашытылып дайындалған өнімдерге қарағанда қоректік заттар өте жоғары. Бір литр түйе сүтінің қуаттылығы – 911 ккал болса, жылқыда –528 ккал, сиыр сүтінікі 660 ккал-ға тең екен. Сондай-ақ, адамның тыныс жолдарының, ас қорыту мүшелерінің, бауырдың, өт жолдарының созылмалы ауруларын емдеуде поливитамин ретінде қолдануға тиімділігі клиникалық тәжірибемен дәлелденген.
Шұбаттың шипалылығы негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Еуропа, Америка, Африка, Азия құрлықтарының халқын түйе сүтінен дайындалған өнімдермен қамтамасыз ету бағдарламасы қабылданды. Осыған орай, Жапония, Еуроодақ, Америка, Австралия сүт индустриясының белді компаниялары түйе сүтінің өнімдерін өңдеу технологияларына қызығушылық танытуда.
Шұбатта жылқы және сиыр сүтінен ашытылып, дайындалған өнімдерге қарағанда көректік заттар жоғары. Алайда, оны қалай ұзақ мерзімге сақтауға болады. Жаңа сауылған түйе сүті мықтағанда екі аптаға шыдас береді екен. Әрі қарай айнып кетеді. Ол үшін не істеу керек?
Академик Ақылбек Баймұхановтың бас болуымен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Дастанбек Баймұханов, ғылым кандидаты Мұсатілла Тоқанов пен Болат Тоқанов бастаған ғалымдар тобы түйе сүтінен йогурт және шалап дайындауды өндіріске қойды.
Мұсатілла Тоқановтың ғылыми мәліметтері бойынша, шұбатта табиғи иммундық қасиеті адам денсаулығына пайдалы түйіршік минералдар бар. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Тамақ академиясының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Төрегелді Шармановтың мәліметтері бойынша өкпе, бауыр ауруларын, холециститті, өт жолдарының қабынуын шұбатпен емдеуде клиникалық тиімділігі дәлелденген. Отандық және батыс ғалымдарының мәліметтері бойынша, алты ай бойы күнделікті ас ішу алдында 30 минөт бұрын бір литр шұбат қолданылған жағдайда рак, СПИД, тыныс алу, ас қорыту жолдарының және жүрек-қан тамыры сияқты ауруларды емдеуге ықпал жасайды екен.
Шұбат таблеткасын шығаруды Шымкенттегі “Химфарм-Santo” фармацевтикалық фабрикасы алдағы шілде айынан өндіріске қоймақ ниетте. Шұбатты таблетка етіп шығару үлкен инвестицияны қажет ететіндігі сөзсіз.
Мұсатілла Тоқанов Бүкіләлемдік банктен 9 млн. теңге грант ұтып алған. Оның сыртында Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми жаңалықты қолдау үшін 4 млн. теңге бөлген. Ал жобаны толықтай жүзеге асыру үшін орасан қаржы керек.
Қазір дүние жүзінде балалар тамағына, актимел, иммунел, биойогурт және қышқыл сүтті тағамдарға сиыр сүті пайдаланылып жүр. Ал, ол жетіліп өсіп келе жатқан бала организміне оншалықты пайда әкеле бермейді дейді ғалымдар. Құрамы жағынан ана сүтінен алшақ жатқандықтан, зат алмасу процесін бұзып, қант диабеті сияқты аурулардың белең алуына жол ашады екен. Ал түйе мен бие сүті табиғи иммунамодулятор. Бие сүтінде 120-дай химиялық элементтер бар, құрамы жөнінен ана сүтіне ең жақыны осы.
Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Ералиев ауылында Жанділда деген ағамыз бар. Жұрт “Коля” дейді. Ертеректе аурулы болып, жарты өкпесін алдырған сол ағамыз қыстай ыңқылдап шығатын. Ауыл малды. Барлық үй үйір-үйір жылқы ұстайды. Ауыл әйелдері мол қымызды қысқа тосап жапқандай жауып алуды үйренді. Ешқандай құпиясы жоқ. Жаз соңы, күз басында көңілі қалаған күні сабадағы қымызды шараға қотарып алады да, арасаннан босаған құтыны тапса спирт, таппаса арақпен бір шайып алып құрғақ құтыға қымыз құяды. Көп етіп. Сосын қыстай ішіп жатады. Ағамыздың қазір жанын алып қалып жүрген сол сары қымыз. Күнде бір құтысын ішіп алады да екі бетінен қаны тамып отырады. Күзде жапқан қымыз көктемгі бие сауымға дейін жетеді. Шымкенттік ғалымдар ана сүтіне ең жақын, түрлі ауру-сырқаулардың мың да бір емі деп жүрген қазақ сусындарының құдіреті осы. Адамның болмысы ішкен тағамына әбден байланысты. Шұбат пен қымыздан құрғақ ұнтақ, таблеткалар алып, өндіріске шығарар болсақ, қазақтың әлемдік рынокқа иығымен кимелеп кірер жері, төрге шығар тұсы осы-ау.
БҰҰ Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі департаментінің Еуропа, Америка, Африка және Азия елдерін түйе сүті және қышқыл сүтті тағамдармен қамтамасыз етуге шақыруы біздің мемлекетті ойландыруға тиіс.
Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.