• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Президент 11 Маусым, 2021

Президент Шетел инвесторлары кеңесінің отырысында өңделген өнім экспортын дамытуға баса назар аударды

223 рет
көрсетілді

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетел инвесторлары кеңесінің 33-ші пленарлық отырысы онлайн форматта өтті. Шикізаттық емес тауарлардың экспортын дамытуға арналған жиынға ірі трансұлттық компаниялардың, мемлекеттік органдардың басшылары және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Қазақстан Прези­ден­ті шикізаттың ұзаққа созылған суперциклі аяқталып келе жатқанын айт­ты. Ұлттық экономикаларды «жасылдан­дыру» жөніндегі жоспарлар мен болжам­дар мемлекеттік саясаттағы нақты шара­лар­ға айналу үстінде. Бұл Қазақстан эко­но­микасын әртараптандырудың, озық тех­но­логияның, ауқымды түрде «жасылдан­дырудың» баламасы жоқ екенін көрсетеді.

– Қазақстан экономикалық жүйе ре­тін­де тек ішкі инвестицияға, ішкі сұраныс пен шикізат экспортына ғана сүйене алмайды. Еліміз сапалы шетелдік инвестиция тарту үшін мейлінше қолайлы жағдай жасау сая­сатын жалғастыра береді. Біз өңірдегі және ТМД-дағы көшбасшылық орнымызды сақтауға мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент жиынға қатысушылардың назарын өңделген өнімнің экспортын дамыту қажет екеніне аударды. Бұл – шикі­зат­тың құбылмалы бағасынан сақтанудың кепілі және ұлттық экономиканың сапалы әрі сұранысқа ие тауар өндіру, сондай-ақ қыз­мет көрсету қабілетінің көрсеткіші.  

Мемлекет басшысы өз сөзінде әлемдік сауданың құлдырауы Қазақстанды да айналып өтпегенін атап көрсетті. Былтыр елі­міздің сыртқы тауар айналымы 85 мил­лиард АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 13 пайызға төмен.

– Қазақстанның шикізаттық емес тауарларының экспорты 2,8 пайызға ғана төмендеп, 15 миллиард долларды құрады. Биылғы дағдарыс кезінде біз шетелден 18 миллиард доллардан астам тікелей инвес­тиция тарта алдық.  Былтыр шетелдік компаниялардың қатысуымен жалпы құны 1,6 миллиард доллар болатын 41 инвестициялық жоба іске асырылды. 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемдік экономиканың қайта қалпына келуіне орай, Қазақстан да экономикалық өсімнің қарқынын үдетеді. Үкіметтің болжамы бойынша 3,5 пайызға дейін өсім болуы керек, біз одан да жоғары көрсеткіш күтеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қа­зақстанның экономикалық моделі экс­портты экономикалық дамудың маңыз­ды факторы ретінде қарастырады. Елі­міздің өңдеу өнеркәсібінің қосымша экс­порттық әлеуеті 10 миллиард долларға, сон­дай-ақ қызмет көрсету саласындағы экс­порт­тық әлеуеті де 10 миллиард долларға ба­ғаланады. Шикізаттық емес тауарлар экс­портының көлемін 2025 жылға қарай 41 миллиард долларға дейін арттыру орта мер­зімдегі мақсат болып саналады. 

– Экспортты қолдау үшін 1,2 мил­лиард долларға жуық қаржы бөлінді. Осы ретте экспортты дамыту жөніндегі жос­парымыз институттық тұрғыдан да, қар­жы­лық жағынан да қолдауға ие болды. Сонымен қатар тауар экспорттаушыларды қолдау жүйесін жақсартуға байланыс­ты ұсыныстарыңызды естігім келеді. Азия даму банкінің экспортты қолдау ар­хитектурасын реформалау жөніндегі ұсы­нысы ерекше назар аударуға лайықты. Цифрлы трансформация, ең алдымен, шағын және орта бизнес үшін  сауда шы­ғындарын қысқартады деген оймен ке­лісемін. Осыған байланысты Сауда және интеграция, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне Азия даму банкімен бірлесіп, экспортты қолдау жүйесін цифр­ландыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әлемде кең қолданылатын экспорттық несиелерді субсидиялау тетігінің Қазақстанда әлі де қолға алынбай отырғанын айтты. Оның айтуынша, ақшаның тауар экспорттаушыларға ешқандай кедергісіз, жедел жетуі және ақылмен, есеппен жұмсалуы маңызды.

– Былтыр Қазақстан алғаш рет 100-ге жуық отандық тауар экспорттаушыны Alibaba халықаралық электронды платформасына шығарды. 4 мыңнан астам қазақстандық тауар түрін әлемдік нарыққа шығару мүмкін болды. Шекаралар жабық болған кезде экспорттар легін жабылып қалған дәстүрлі бағыттардан жаңа нарықтарға шығаруға бағыттай алдық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы әрі экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты басым бағыттардың бірі болуға тиіс деп санайды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы былтыр тран­зит­тік темір жол тасымалы 17 пайызға артқа­нын жеткізді. Контейнерлік тасымал­дар өсімнің негізгі факторы болды. Мем­ле­кет басшысы Қазақстанның темір жол әлеу­е­тін сақтауды және күшейтуді міндеттеді.

– Былтыр шамамен 900 мың контейнер тасымалданған. Оның 91 пайызға жуығы Қытай – Еуропа – Қытай бағытына тиесілі. Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы тасымалда негізгі рөл атқаратынын сеніммен айтуға болады. Қазақстан – Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жаһандық жобасын іске асыруда маңызды әрі сенімді серіктесі. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Кеңестің көптеген мүшесі, атап айтқанда «General Electric», «Мару­бени», PWC компаниялары, Дүниежүзілік банк көлік-логистикалық қызметтердің, оның ішінде, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыру мәселесіне назар аударды. Бұл, шын мәнінде, шешімін күткен күрделі мәселе. Үкіметке шекарада, нақты айтқанда, Қорғаста контейнерлер қозғалысының нақты орналасқан жері, жол жүру уақыты, кідіру себептері көрсетілген өтпелі трекинг енгізуді тапсырамын. Ақпараттық жүйе Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да көршілерімізбен құрылатын барлық еркін сауда орталығында қызмет етуі тиіс. Қазіргі уақытта көлік қатынасы – Үкімет саясатының басым бағыты, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы кеңес мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Kaspi.kz ком­пан­ия­сының жетістігіне назар аударды. Ол Лондон қаржы биржасында IPO өт­кізіп, Қазақстандағы ең қымбат жа­рия компания болды. Президент отан­дық қаржы техникалық қызмет көрсету секторының зор әлеуеті туралы ай­та келіп, озық технологиясы бар халық­аралық компанияларда жұмыс істеген, тәжі­ри­белі қазақстандықтарды тарту бағ­дар­ламасын іске қосу жөніндегі «KPMG» компаниясының бастамасын қолдауға шақырды.

Бұдан бөлек Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Астана халықаралық қаржы орта­лығына «Дойче Банктің» ұсынысын зерттеп, Қазақстанда «жасыл инвестиция­лар» нарығын кеңейту бойынша нақты ұсыныс енгізу жүктелді.

Медициналық қызмет көрсету экспорты саласында Үкімет жеке медицинаны және медициналық туризмді енгізу ісін дамыту жөніндегі General Electric компаниясының ұсынысын қарастырады.

– Қазақстан – өзінің ғылыми әлеуе­тінің арқасында коронавирусқа қарсы QazVac отандық вакцинасын әзірлеп шығарған аз ғана елдердің бірі. Өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директорымен кездесу өткіздім. ДСҰ QazVac вакцинасын төтенше жағдайларда пайдалануға ұсынылатын дәрі-дәрмектердің тізіміне енгізуді қарастырып жатыр. Біз вакцина көлемін арттыруға және оны шетелге экспорттауға дайын екенімізді атап өткім келеді, –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шетел инвесторлары өз сөздерінде таңдалған тақырыптың маңызы мен өзектілігін атап өтіп, Қазақстанда шикізаттық емес экспортты дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Президент жиынға қатысушылардың Қазақстандағы салық жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі ұсыныстарына жауап берді.

– Үкіметке аталған мәселені мұқият пысықтауды тапсырдым. Бұл жерде қарама-қайшылықтар болмауы керек. Тұтастай салық салу жүйесін құрып, әлемдік үрдістер мен жетекші елдердің тәжірибесін мұқият зерделеуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қалдықсыз жасыл технологияларды енгізу жөніндегі Кеңес мүшелерінің ұсыныстары өзінің осы салада берген тапсырмаларымен үндесетінін айтты.

– Ernst&Young компаниясының сутегі өндірісі жөніндегі ұсынысын назарға алдым. Бұл – шын мәнінде, «болашақтың жанармайы». Қазақстан энергетикалық держава ретінде оны өндіру, пайдалану және экспорттау технологиясын игеруге міндетті. Осы бағытта жұмыстар басталып кетті. Мен оны үнемі бақылауда ұстаймын. Энергетика министрлігі мен «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына жаңадан құрылған Жаңа технологиялардағы құзырет орталығы қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде сутегі қуатын айқындауды тапсырамын, –  деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Қазақстан инвестиция тарту жөніндегі белсенді жұмыстарды жалғастыра бере­тінін атап өтті. Бұл бағытта жоғары технологиялы тауарлардың және қызметтердің өн­дірушілері мен экспорттаушылары үшін барынша тиімді әрі қолайлы жағдай жа­салады.

Бұдан кейін сөз алған Премьер-Ми­нистрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Кеңестің 32-пленарлық отырысында берілген тапсырмалардың бәрі орындалғанын жеткізді. Мәселен, білім беру бағытында алыс-жақын шетелдерден сарапшылар шақырып, техникалық және кәсіби мамандықтар бойынша 119 білім беру бағдарламасы әзірленген.

– Әлемнің үздік білім ордаларымен стратегиялық ынтымақтастық дами түсті. 2018 жылы университеттердің акаде­миялық және басқарушылық тәуелсіздігін кеңейту мақсатында «Білім туралы» заңға өзгерістер енгізілді.

Оқу орталықтарының базасында ма­мандарды қайта даярлау және олар­дың біліктілігін арттыру мақсатында білік­тілікті арттыру курстары ұйым­дас­тырылады. Қазіргі таңда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тізіліміне қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша 284 оқу орталығы кіреді. Бүгінге дейін 17 мыңнан астам адам оқытылды. Оның 75 пайызы жұмыспен қамтылған. 60 колледж базасында 136 мамандық бо­йынша орталықтар құрылды, – деді М.Тілеуберді.

Ол «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жұмыс берушілердің есебінен мамандар даярлау тәжірибесі жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Мәселен, былтыр 600 маман даярлықтан өтсе, биыл 1000-нан астам студент білімін шыңдап жатыр.

– Негізгі салалардағы құзыреттерді дамыту және беру бойынша жүйелік ұсыныстар енгізу бағытында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсыныстарды іске асыру жоспарын құрды және іске асырды. Жоспарды іске асыру шеңберінде нарықта сұранысқа ие жаңа мамандықтар мен құзыреттердің Атласы жасалды.

Шетелдік тараппен бірлесіп, инвес­торлар кеңесінің жұмыс топтарының ұсынымдарын қарау бойынша жұмыс шеңберінде мынадай жұмыс жүргізіледі. Экологиялық заңнаманың Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының стандарттарына және халықаралық тәжі­ри­белерге сәйкестігін қамтамасыз ету үшін биыл жаңа Экологиялық кодекске қол қойылды. Құжат 1 шілдеде күшіне енеді.

Кодексте ең озық қолжетімді техноло­гияларды енгізу көзделген. Бұл техноло­гиялық процестерді жаңғыртуға және қор­шаған ортаға эмиссияларды төмендетуге мүмкіндік береді. Бірінші кезеңде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, химия және электр энергетикасы салаларындағы 50 ірі кәсіпорынды қолжетімді технологияларға көшіру жоспарланған, – деді М.Тілеуберді.

Сыртқы саясат ведомствосы басшы­сының айтуынша, Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, салықтық құқық бұзушылықтарды декриминалдау жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Соған сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері пайда болатын ірі және аса ірі залал шектерін өзгерту бөлігінде жұмыс жүргізіп, Қылмыстық кодекске түзетулер әзірлеген.

– Өзгерістер салық заңнамасын ша­ма­лы мөлшерде бұзуға жол берген салық тө­леушілерді қылмыстық қудалау шеңберіне тарту тәуекелін болдырмауға бағытталған.

Адами капиталдың сапасын жақсарту шеңберінде халықты жұмыспен қамтуға және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­ламасы іске асырылып келеді. Бағдар­ла­маның негізгі міндеті – еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кадрлар даярлау.

«Көші-қон туралы» заңға шетелдік жұ­мыс күшінің еңбек қызметіне рұқсат алу рәсімдерін реттеу бойынша түзету­лер енгізілді. Заңда екі және одан да көп өңір­лердің аумағында әрекет ететін шетел­дік қызметкерлердің еңбек қызметіне рұқ­сат­тар беру, сондай-ақ шетелдік жұмыс күші үшін квоталар белгілеу кезінде эко­номикалық қызмет түрлерін және санаттар бойынша бөлуді алып тастау көзделген. Шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілеу жөніндегі өкілеттіктер Үкі­меттен Еңбек және әлеуметтік қор­ғау минис­трлігіне берілді, – деді М. Тілеу­берді.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов кездесу барысында COVID-19 салдарынан пайда болған экономикалық және әлеуметтік тұрақсыздық әлемдік саудаға, оның ішінде қазақстандық экспортқа да әсер еткенін айтып өтті.

– Дағдарыс қазақстандық экспорттың географиясына да әсер етті. Пандемия кезеңінде соңғы 3 жылда өз тауарымызды жеткізіп отырған елдер саны 190-нан 119-ға дейін қысқарды. Оған үшінші елдер арасындағы санкциялар нәтижесінде қосылған құн, сауда серіктестерінің тауарларды тасымалдауға карантиндік шектеулері себеп болды.

Дегенмен осы ретте Багам аралдары, Камерун, Судан, Босния және Гер­це­говина, Сальвадор, Никарагуа, Кай­ман аралдары мен Гайана сияқты жаңа нарықтар ашылды.

Карантинге байланысты шектеулер мен тауар жеткізу тізбегінің үзілуі ауылшаруашылық тауарларына әсер еткен жоқ. Мемлекеттердің азық-түлік та­уарларын жаппай сатып алуы нәтижесінде қазақстандық өңделген ауылшаруашылық тауарының экспорты 18,1 пайызға ұлғайды. Десек те локдаун нәтижесінде азық-түлік емес тауарларға сұраныс шамамен 20 пайызға азайды. Жалпы, 2020 жылы экспортталған тауар көлемі 5,8 пайызға азайды. 

Отандық өндірушілерді қол­дау мақсатында 2019 жылы біз экспорт­тау­шы­ларға өңделген тауарды зауыттан импорт­таушыға дейін жеткізу шығынын қайтару құралын енгіздік. Қолдау нәтижесінде 300-ге жуық кәсіпорын өз тауарын алыс жерлерге жеткізе бастады. Басымдық берілген экспорт тауарларын жеткізудің оңтайлы нұсқасын реттеу мақсатында Еуразиялық тауар өткізу жүйесі мен көлік хабтарын құру жұмысы қолға алынды.

Экспорт көрсеткіші жылдан-жылға жақсарып келеді. 2020 жылы өңделген тауар экспорты 2019 жылдағы көрсеткішке қарағанда 7 пайызға өсіп, 3,8 млрд АҚШ долларын құрады, – деді Бақыт Сұлтанов

Отырыста «Дойче Банктің» Солтүстік және Шығыс Еуропа бойынша аймақтық басқармасының бас атқарушы директоры Йорг Бонгартц сөз сөйледі. Оның айтуынша, Қазақстандағы шикізаттық емес экспортты ілгерілету климаттың өзгеруі және тұрақты даму мақсаттарына жету сияқты әлемдік тенденцияларға сәйкес келеді.

– ESG қағидаттарын стратегиялық тұрғыда енгізу арқылы тұрақты даму мақсаттары Қазақстанның шикізаттық емес экспортының өсуіне ықпал ете ала­ды. ESG (экологиялық-әлеуметтік-корпо­ративтік даму)  қағидаттары – ұзақ мер­зімді құндылық пен бизнесті тұрақты да­мы­тудың негізгі компоненттері. Өйт­кені олар ұзақ мерзімді есепке алады әрі стратегияларда қамтылған. Соңғы бір­неше жылда бүкіл әлемдегі инвесторлар белгілі бір компанияның қаржылық жә­не өндірістік көрсеткіштеріне ғана емес, сонымен қатар оның қызметі ESG қағи­дат­тар­ына қаншалықты сәйкес келетініге де көбірек назар аудара бастады, – деді Йорг Бонгартц.

Оның айтуынша, Дойче Банк инвес­торлардың капиталы мен портфелдерін Париж келісімінде айтылған мақсаттарға сәйкестендіруін күтеді. Осылайша, ESG-ның инвестициялық стратегиясына маңыз беріліп отыр.

– Соңғы жылдар ішінде Қазақстан ESG қағидаттарына сәйкес келетін халық­аралық реттеуді енгізу үшін өте жақсы негіз құра алды. Енді мемлекет пен қазақ­стандық корпорациялар мұны халық­аралық капитал тарту кезінде бәсекелестік ба­сым­дық ретінде пайдалана алады. Бүгін­гі таңда біз Қазақстан Үкіметі мен ком­па­нияларына ESG-мен байланысты жа­сыл облигациялар мен қаржы құрал­дарын шығаруды және осы капиталды шикізаттық емес секторды ынталандыру мен дамыту үшін пайдалануды ұсынамыз, – деді Йорг Бонгартц.

Ол сондай-ақ Қазақстанға Астана ха­лық­аралық қаржы орталығы арқылы жер­гілікті жобаларға ESG талаптарына жауап беретін инвестициялар тартуға болатынын атап өтті.

– «Дойче Банк» ESG портфелін 2023 жылға дейін 200 млрд еуроға өсіруге міндеттеме алды. Біз ESG стандарттарына сәйкес келетін және шикізаттық емес экономиканы қолдауға арналған қазақстандық жобалардың осы міндеттемелерге кіруін асыға күтеміз, – деді Deutsche Bank басшысы.

«Еуразиялық даму банкі» басқар­ма­сының төрағасы Николай Подгузов өз сөзінде былтыр пандемия әлемдік эко­номиканың көптеген саласына теріс әсер еткенін жеткізді. Оның келтірген де­рек­теріне сүйенсек, ауыл шаруашылығы саласы ғана індетке қарамастан, оң көр­сет­кішке ие болған.

– Кедергісіз және шектеусіз тиімді азық-түлік сауда жүйесін құру – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерінің интегра­циялық өзара әрекеттесуінің маңызды басым­дықтарының бірі. Жоғары Еуразиялық эко­номикалық кеңестің отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ның мүд­­делі елдерімен ортақ тауар тарату желі­сін құру мүмкіндігін зерттеу қа­жеттігі тура­лы бастама көтерді. Осыған бай­ланыс­ты, биылғы сәуір айында Банк қолдан­балы зерттеулер арқылы Еура­зиялық тауарларды тарату жүйесінің тұжырым­дамасын қалыптастыру жобасын іске қосты. Жұмыс ЕАЭО елдерінде, Тәжік­стан Республикасында, Өзбекстан Респуб­ликасында жүзеге асырылады, – деді Н.Подгузов.

Зерттеу нәтижесі жыл соңында әзір бол­мақ. Спикердің сөзіне сүйенсек, Еура­зия­лық тауарларды тарату жүйесін ілге­рі­­лету Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал ететін бірқатар стратегиялық мәсе­ле­ні кешенді түрде шешуге мүмкіндік бе­реді.

– Қазақстан Республикасында ауыл­ша­руашылық және тамақ өнімдерін өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызға ие. Жеткізілім тізбегін оңтайландыру және инфрақұрылымды жаңарту арқылы тауарларды өндіру, өңдеу, сақтау және тасымалдау кезінде шығындар азайтылады.

Дамуды ілгерілету үшін қолданыстағы экспорттық арналарды жетілдіріп, жаңасын құру қажет. Оған қоса ЕАЭО елдері­нің бағытын оңтайландыру да ма­ңыз­ға ие. Өз кезегінде өнімділіктің артуы және жаңа нарықтарға шығу азық-түлік тауарларының бағасын тұрақ­тан­дыруға және өндірушілердің кірістерін арт­тыруға мүмкіндік береді, – деді Н.Под­гузов.

Камеко корпорациясының президенті және бас атқарушы директоры Тим Гитцель Шетел инвесторлары кеңесінің басқосуына қатысқанына қуанышты екенін айта келе, Қазақстандағы уран өндіру бойынша ұлттық оператор саналатын «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-мен серіктестігіне тоқталды.

– Бүгінде «Камеко» мен «Қаз­атом­өнеркәсіп» уран өндіру бойынша әлем­дік көшбасшыларға айналды. Екі ұйым­ның ортақ мақсаты – әлемге ядролық энер­ге­ти­каның басымдықтарын ұсыну. Былтыр Қа­зақстан мен Канаданың көптеген саладағы серіктестігінің нығаюына куә болдық.

Қазақстан – Канаданың Орталық Азия­дағы ең ірі сауда серіктесі. Канада үкіметі Қазақстанды басымдық берілген 24 дамушы нарық қатарына қосты. Ал Қазақстан болса, 2017 жылы Канада азаматтарына ресми серіктестікті дамыту мақсатында елге визасыз кіруге рұқсат берді. 

Бүгінде Канада – Қазақстанның 15 ірі инвестициялық серіктестерінің бірі. 2019 жылы Канададан Қазақстанға бағытталған тікелей инвестиция көлемі 200 млн Канада долларын құрады. Ал екі жақты тауар айналымы 620 млн Канада долларына жетті, – деді Тим Гитцель.

Азия даму банкінің вице-президенті Ашок Лаваса өз сөзінде серіктестіктің тиімді механизмдерін талқылауға қатысып отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл механизмдер 2025 жылға қарай шикізат экспортының үлесін 41 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.

– Әріптестік жылдарында Қазақстан инфрақұрылымының сапасын жақсартуға, саудаға жағдай жасау үшін аймақтық байланысты нығайту, орта және шағын өнеркәсіпті қаржыландыруды ұлғайту шараларына қолдау білдіріп  келеміз.

Үкіметтің экспортты дамыту үшін қазіргі институттық құрылымын қайта қа­рау жоспарын қолдаймыз. Орта және ша­ғын кәсіпорындарды қолдау шикізат экс­пор­тының ұлғаюына жол ашпақ, – деді ол.

Сондай-ақ отырыс барысында Еуро­па қайта құру және даму банкінің прези­денті Одиль Рено-Бассо, «Шетел инвес­тор­ларының қазақстандық кеңесі» қауым­дастығы басқармасның төрағасы Ерлан До­сымбеков, EY жаһандық ұйымының клиент­терге қызмет көрсету мәселелері жөніндегі басқарушы серіктесі Энди Бол­дуин, «Бейкер Макензи» жаһандық атқа­ру комитетінің мүшесі, «Бейкер Макен­зи Интернэшнл» компаниясы төраға­сының орынбасары Констанц Уль­мер-Айлфорт, ERG Директорлар кеңе­сінің төрағасы Александр Машкевич, «Дже­нерал Электрик» компаниясының вице-президенті, «Дженерал Электрик» компаниясының Ресейдегі және ТМД-дағы президенті және Бас атқарушы директоры Рональд Джеймс Поллетт, «Лукойл» ЖАҚ президенті Вагит Алекперов, Marubeni Corporation компаниясының вице-төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі Ичиро Такахара, Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі PWC компаниясының серіктесі, бас атқарушы директоры Ник Кош, Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша Дүниежүзілік банктің өңірлік вице-президенті Анна Бьерде, ТМД-дағы KPMG Бас операциялық директоры, Басқарма төрағасының орынбасары Шон Майкл Тирнан сөз сөйледі.

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,«Egemen Qazaqstan»