ҒАСЫР ҚҰРЫЛЫСЫ ТЫҢ СЕРПІН АЛМАҚ
Заманауи реформатор, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуекелшіл бастамасымен өмірге келген егемен еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес. Елбасы елорданы көшірудің онжылдығына арналған салтанатта сөйлеген сөзінде “Астананың құрылысы осынау жылдары біздің еліміздің әлеуетін танытып, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең орасан мегажобаға айналды” деп атап көрсеткен болатын. Шын мәнінде қазір Астанада құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын еліміздің жаңа құрылыс кластері қалыптасты.
Әлемнің дамыған елдерінің өзінде құрылыс индустриясын тұралатып, қуатты экономикаларды рецессияға ұшыратқан жаһандық қаржы дағдарысы кезінде де Астана құрылысының тоқырауға төтеп бергендігі де соның ашық айғағы. Қаржы тапшылығы қыспаққа алған дағдарыс кезінде Елбасы бас қаланың маңызды құрылыстарының тоқтамауына, әсіресе, алданып қалған үлескерлердің мүддесін қорғайтын тұрғын үй кешендерінің құрылысын жандандыруға батыл қадам жасады. Міне, осындай көрегендік жанашырлықтың нәтижесінде өткен жылы ондаған тұрғын үй кешендері пайдалануға беріліп, мыңдаған астаналықтардың қоныс тойын тойлауына мүмкіндік берді.
Бұл игі үрдіс биылғы жылы да лайықты жалғасын таппақ. Жалпы алғанда 2010 жыл бас қаламыздың құрылыс индустриясының жаңа қарқынмен дамитын бетбұрыс кезеңі болатын сыңайлы. Үстіміздегі жылы Астанада 1 миллион 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Алдағы жылы қаламыздағы үлескерлер проблемасы толық шешім табатын болады. Бұл ретте барлық проблемалық тұрғын үй кешендерінің құрылысын қаржыландыру мәселесі шешім тапқанын атап көрсеткен жөн. Қазір қаладағы осындай 61 тұрғын үй кешеннің 28-і биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін пайдалануға беріледі. Ал жыл соңында үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан қалған 33 тұрғын үй кешеннің құрылысы аяқталмақ.
Қала әкімдігі “Самұрық-Қазына” қорымен бірлесе отырып, “Водно-зеленный бульвар”, “Северное сияние”, “Изумрудный квартал” атты әкімшілік және тұрғын үй кешендері құрылысын қаржыландыру мәселесін шешті. Қазір аталған құрылыс кешендерінің жұмысын аяқтау шаралары қолға алынған.
Бас қаламыздың салтанатын арттырған сәулет өнерінің озық үлгілері саналатын ғимараттар баршылық. “Ақорда”, “Астана Триумфы”, “Пирамида”, Тәуелсіздік сарайы және басқалар ХХІ ғасырдағы сәулет өнерінің озық үлгілері болып табылады. Өткен жылы осы сәулет өнерлері жауһарларының қатарына “Қазақ елі” монументі архитектуралық ансамблі қосылды. Тоқсан бір метрлік зәулім тұғырдың ұшар басынан заңғар аспанға ұмтылған самұрық азаттық аңсаған әрбір қазақ баласының жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатты. Өткен жылы тура Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында 3500 орындық “Қазақстан” әмбебап киноконцерт залы пайдалануға берілді.
Биылғы жылы Астанадағы заманауи архитектуралық ансамбльдер қатары сәулет өнерінің қайталанбас жаңа үлгілерімен толықпақ. Осы орайда Қала күні мерекесі қарсаңында ашылу салтанаттары жоспарланған “Хан Шатыр” сауда-ойын-сауық орталығын, “Шабыт” шығармашылық сарайын, Жаңа университеттің бірінші кезектегі ғимараттарын атап айтуға болады.
Алдағы уақытта бас қаламыздың рухани-мәдени ғимараттарының қатарына бірнеше жаңа ірі құрылыс нысандары қосылады. Қазіргі күні қалада 5000 орындық “Хазірет Сұлтан” мешітінің, 1000 орындық классикалық опера және балет театрының, Тұңғыш Президент қоры және кітапханасының ғимараттары бой көтеріп келеді.
2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындары өткізілетін құрылыс нысандары қатарында биылғы жылдың қазан айында конькимен жүгіру стадионның құрылысы ашылады. Сол сияқты сол жағалауда сауықтыру және ойын-сауық орталығы, велосипед алаңы, қонақ үй және басқа нысандардан тұратын жаңа спорт кешеннің құрылысы да биылғы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Дәл осы мерзімде “Қазақстан” спорт сарайындағы қайта құру жұмыстары да аяқталады.
2010 жылды Астана қаласындағы әлеуметтік нысандарды дамыту жылы деп атаса да болғандай. Үстіміздегі жылы жүргізілетін құрылыс жұмыстарының басым көпшілігі осы саланың нысандарымен тікелей байланыста дамымақ. Бұл ретте әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше ден қойылып отырғандығын атап көрсеткен жөн. Астананың білім беру саласында орын санының жетіспеушілігі үлкен проблемаға айналып отырғандығы жасырын емес. Әсіресе, бұл келеңсіздік мектеп жасына дейінгі мекемелерде айрықша сезіледі. Бүгінде бас қаламыздың бүлдіршіндерінің 40 пайызы ғана балабақшамен қамтылған. 28 мың сәби балабақша кезегінде тұр. Мемлекет басшысы белгілеген “Балапан” бағдарламасы негізінде Астана қаласында балабақшалардағы орын тапшылығын жою жөніндегі жұмыс кең көлемде жүргізілуде.
Бұл реттегі кешенді жұмыс төрт бағытпен дамытылуда. Бірінші, бұрын сатылып кеткен балабақша ғимараттарын қайтадан мемлекет меншігіне қайтару. Қалада осындай 14 балабақша ғимараты әкімдікке қайтарылды. Бұл нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 3 мың сәби балабақша орнымен қамтылмақ. Екінші бағыт бойынша, қала әкімдігі салып жатқан тұрғын үй құрылысы кешендерінің бірінші қабатында балабақшалар ашу. Осы мақсатқа 15 тұрғын үй кешенінде 16 мың шаршы метр бөлінген. Өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында мектеп жасына дейінгі үш балалар мекемесі ашылды. Бұл бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстар толық аяқталғанда, 3 мың кішкентай астаналық балабақшаға орналасатын болады. Үшінші және төртінші бағыт бойынша мемлекет қаржысы есебінен 10 жаңа балабақша ғимаратын және жеке меншік балабақшалар салу міндеті белгіленген. Жалпы алғанда 2012 жылға дейін Астана қаласында 6 мың бүлдіршінге арналған 24 жаңа балабақша құрылысы бой көтермек. Міне, осы кешенді шаралардың нәтижесінде 2012 жылы қаламыздағы балабақшаға деген сұраныс толықтай шешім табады деп күтілуде.
Қаладағы жалпы білім беретін мектептердегі орын тапшылығы да өткір сезілуде. Қазір қала мектептеріндегі орын тапшылығы 13 мыңнан асады. 2012 жылға таман қала тұрғындарының өсуіне және 12 жылдық оқу бағдарламасына көшуге байланысты қала мектептеріндегі орын тапшылығы 20 мыңға дейін артпақ. Орын алған осы күрделі мәселені шешу Елбасы белгілеген “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Осы бағдарлама шеңберінде қалада 10400 орындық 9 жаңа мектеп ғимаратын салу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл жоспарда қарастырылған сол жағалаудағы интеллектуалды мектеп, “Москва” көшесіндегі және Оңтүстік- шығыс шағын ауданындағы орта мектептер ғимараттары пайдалануға берілді.
Ал қалған 6 мектептің құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін бітіру көзделініп отыр. Сөйтіп, биылғы жаңа оқу жылында Көктал-2 кентінде 800 оқушыға арналған жаңа мектеп, “Степной” гараж кооперативі ауданында 1200 оқушыға, жаңа әкімшілік орталықта 1200 оқушыға, Ильинка кентінде 1200 оқушыға, Тілендиев даңғылында әрқайсысы 1200 оқушыға арналған 2 мектеп жас астаналықтар үшін есігін айқара ашатын болады.
Осыған қоса биылғы жылы білім беру саласын дамыту мақсатында қалалық бюджеттен 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу қарастырылды. Бұл қаржы тұтастай білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын дамытуға жұмсалады. Сонымен бірге 1 сәуірден бастап, қала мектептерінің мұғалімдерінің жалақылары 25 пайызға өсірілді. Бұл туралы Елбасы өзінің биылғы Жолдауында атқарушы билікке нақты тапсырма жүктеген болатын. Сөйтіп, үстіміздегі жылғы сәуір айынан бастап мұғалімдер және бюджеттік саланың қызметкерлері бар, барлығын қосқанда 36 мыңнан астам астаналықтар көтеріңкі жалақы алатын болады.
Астана қаласының әлеуметтік саласын нығайту мақсатындағы міндеттер шеңберінде денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселесінің де маңыздылығы зор. Қала тұрғындарының денсаулығын жақсарту әкімдіктің әлеуметтік салада атқаратын жұмыстарының ең басым бағыттарының бірі екендігі де талас тудырмайды. Осыған байланысты 2010 жылы қалалық бюджеттен денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатына 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.
Ерекше атап айтар бір мәселе, бүгінде Астана қаласында Елбасының бастамасымен Орталық Азияда баламасы жоқ осы заманғы ең озық медициналық кластер қалыптастырылды. Бұл бағдарлама негізінде бас қаланың сол жағалауында бірнеше ғылыми орталықтардан тұратын, заманауи аспаптармен жабдықталған кешенді медициналық орталық бой көтерді. Оған қоса қалада соңғы үш жыл ішінде әртүрлі деңгейдегі 10 денсаулық сақтау мекемесі пайдаланылуға берілді.
Күн санап тұрғындарының саны үздіксіз өсіп келе жатқан қаламызда емхана жүйелерінің жетіспей отырғандығы да жасыратын жай емес. Қалада бүгін бір ауысымда 6155 адам қабылдайтын амбулаториялық емханалар жүйесі жұмыс істейді. Олар негізінен 370 мыңнан астам қала тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Бір ауысымға шаққанда қаламыздағы емханаларда 4855 адамға арналған орын тапшылығы байқалады. Міне, осы кемшілікті шешу мақсатында Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан “100 аурухана” бағдарламасы игі ықпал жасауда. Осы бағдарлама шеңберінде бас қалада 9 медициналық ғимарат салу жопарланған. Өткен жылы оның үшеуі пайдалануға берілді. Жақында тағы 360 орындық көп салалы аурухана ашылды. Қалған 6 медицина мекемелерінің құрылысы 2010 жылдың соңына дейін іске қосылмақ.
Иә, ерке Есілдің жағасында болашақ мыңжылдықтарға батыл қадам басқан ғасыр ғажайыбы – жаңа Астана күннен-күнге құлпырып, қанатын кең жайып келеді. Дағдарыстан кейінгі ел дамуының 2020 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму баспалдақтарын айқындаған бағдарлама аясында Елорданы өркендетудің тың белестері белгіленген. Жоғарыда айтылған 2010 жылға арналған құрылыс саласын дамыту шаралары сол өміршең жоспардың алғашқы серпінді қадамдары болмақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.