• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 17 Маусым, 2021

Елбасының сенімді серігі: «Преодоление» (Беласу) телефильмін көргендегі ой

314 рет
көрсетілді

Қандай дәрежедегі биліктің беде­лін көтеретін де, түсіре­тін де сол билік лауазы­мын ие­лен­­ген нақ­ты тұлға екені хақ. Биліктің қайнар көзі халық екен­­дігі де мемлекеттік тари­хы­­мыз­дың тере­ңі­нен қа­­­­­лып­тасқан дәс­түр. Бұл ұғым жаңа дәуірдегі да­муы­мыз­дың жаңа Ата Заңында да бекі­­тіл­ген.

Сөз жоқ, халықтың, мемлекеттің тұр­мыс әлеуеті, оның өркендеуі, өсуі, ха­­лықаралық беделі, ең алдымен Мем­­лекет басшысының, яғни біздің Конс­ти­­ту­­­циямызға сәйкес Қазақс­тан Рес­пуб­­ли­ка­сы Президентінің қыз­ме­ті­мен тіке­лей байланысты.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев билік тіз­­гі­нін құлдырау мен қайшылыққа толы ең қиын кезеңде қолына алып, пре­зидент лауазымының әлеуетін мей­­лінше белсенділікпен, білімді бі­лік­­­ті­лікпен, айрықша қайрат­кер­лік­пен көрсете алды. Оның сан қыр­­лы то­­лассыз еңбегі елді рухани, саяси күй­­­­зе­лістен, тұрмыстық, эконо­ми­ка­лық дағдарыстан шығаруға арналды. Ұлт болып, ұйыстық. Ұлттық бір­­лі­гі­міз бен ынтымағымыздың, хал­қы­­­мыздың қоғамдық келісімге жү­гінген даналығының арқасында қақ­ты­ғыс­тарға жол бермей, жел сөзге же­лік­пей, жа­сампаздық ауанын қа­лып­тас­тыра ал­дық.

Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер бас­шы­лығымен отыз жылға жуық кезең­де одан бұрынғы жүздеген жылдарда ата-бабаларымыз армандап, қол жеткізе ал­маған талай игіліктер бүгінгі ұрпақ­тың үлесіне тиді. Мұның бәрі – заманы­мыз­дың өлшеусіз бақыты, тағдырдың сыйы.

Нұрсұлтан Назарбаев билігінің тарихи түйіні – 2019 жылдың 19 наурызында кешкі сағат 19-да жария етілген өзінің президенттік өкілет­тігін тоқтатып, ендігі жерде Мем­ле­кет басшысы қыз­метін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыр­ға­нын­да. Осы сәт­тен жаңа Қазақстандағы прези­денттік биліктің жаңа кезеңі басталады. Ресейдің белгілі публицисі Леонид Млечиннің пайымдауынша, бұл – ТМД кеңістігіндегі мемлекеттерде де, Еуропа, Азия елдерінде де бұған дейін болмаған, кездеспеген оқиға. Дүниежүзі сарапшыларының айтуынша, осы тарихи оқиғаның бірнеше ерекшелігі бар. Іс басындағы Президент өз бастамасымен ресми қызметтен кетіп, өзінен кейінгі, өзі да­йындап, ел басқарудың сан қырлы мек­тептерінен өткізіп, елге, дүние­жү­зілік қоғамдастыққа та­ны­­лып, ке­мел­денген дара тұлғаны ха­лық­­қа ұсын­ды. Осындай бейбіт әрі тағы­лымды қарым-қатынаспен билік ауыс­тыру мемлекетіміздің беделін көтеріп, дү­ние­жүзілік қоғамдастықтың құр­ме­т­іне ие болды. Қасым-Жомарт Кемел­ұлын хал­қы­мыз да, дүниежүзілік қоғам­­дастық та жылы қабылдап, оның бола­шақ қызметіне үлкен сенім артып, зор тілектестік білдірумен келеді.

Өткен аптаның соңғы күндерінде «Хабар» арнасынан көрсетілген белгілі теле­журналист Ерлан Бекхожиннің жаңа телефильмінде жоғарыда айтыл­­ған жағдайларды сараптаумен қатар, екінші Президентіміздің өмірбая­ны­нан көптеген жаңа деректер көрсе­тіл­­­ген. Фильм Қасым-Жомарт То­қаев­­тың Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуір­­дегі дипломатиясының қа­лып­тасуы мен оның дүниежүзілік қоғам­­дас­тық­тың мүшесі қатарындағы бел­сенді әрі жүйелі қызметінің тарихынан, күрделі келіссөздер мен халық­аралық дәрежедегі көрнекті тұлға­лар­­дың елі­­мізге көзқарастары мен пікір­лері­нен мол мағлұмат беретін «Беласу» («Преодоление») еңбегінің атымен орынды аталыпты. Әсіресе, жас кезінде адамның өмірі белгілі бір беласуларға жету, оны еңсеру, одан асудан құра­ла­тыны сияқты, мемлекет өмірі де бүгінгі, ертеңгі, болашақ асулардан тұрады. Фильмде бас кейіпкер аталған кітаптағыдай мектеп оқушысы кезінен өзінің болашақ мамандығын жазбай, жаңылмай таңдауы, соның жолында, білікті маман болу үшін табанды ізденіске бейімделіп, оқу, терең әрі әлемдік ауқымда мейлінше көп оқуы кімге болса да, әсіресе жастарға, мектеп оқушыларына өнеге-үлгі. Қан­дай технологиялық заман болса да жасөс­пірім баланың нақты адамдарға, көр­нек­ті тұлғаларға қарап, өмірге талпынатыны да табиғи сезім, сана, әрекет. Азамат­тар­дың белгілі бір мақсатқа ұмтылып, нақты нәтижеге қол жеткізуі де осындайдан басталады.

Қасым-Жомарт Кемелұлының ба­ла­лық, оқушы, студент шақтарының фото­­суреттері, әлемге кең тараған ла­уа­зымды дипломатиялық қызмет­теріндегі әртүрлі дең­гейдегі тәуелсіз еліміздің мүд­де­сін­де­гі келіссөздері, БҰҰ, ЕҚЫҰ, тағы бас­қа ха­­лықаралық мінберлердегі орынды, маз­мұнды баян­дамалары мен сөздері – бүгінгі Мем­лекет басшысының әлем­дік дең­гей­дегі қайраткерлік еңбегінің ай­ғағы.

Сондай-ақ фильм авторы еліміз­дің Сыртқы істер министрінің Қазақс­тан­ның көпвекторлы сыртқы саясатын ұтым­ды ұс­тану арқылы дүниежүзілік қоғамдас­тық­пен бейбіт әріптестік, өзара сенім қарым-қатынасын қалып­тас­­тыруына маңыз беруі шежірелі баян­­далады.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы мемле­кеттік тәуелсіздігімізді жария­лаған алғаш­қы күннен бастап, біздің егеменді­гі­міз­ді танып, мойындаған алыс, жақын мемлекеттердің көпші­лігімен дипломатиялық қарым-қаты­нас орнатып, әріптестік, достық келісім­дерге қол жеткізуді кезек күттірмес мін­деттер қа­та­рына қойса, соны орындаған лауазымды тұлға Қасым-Жомарт Тоқаев бол­ғаны фильмнің өне бойында анық, айқын көрсетіледі.

Қазақ жерінің шекарасы ежелден тұрақ­талған. Алайда ол шекара бұрын­ғы Одақ шеңберінде болды. Енді дербес мемлекет ретінде, ең алдымен, көр­ші­лес елдермен келіссөздер жүргізу арқылы халықаралық талаптарға сай ше­каралық келісімге қол жеткізу, оның сызы­ғын белгілеу (делимитация), арнайы шекаралық белгілермен жаб­дық­тау (демаркация) сияқты өте күрделі жұмысты жүргізіп, нақты нә­ти­жеге қол жеткізуді Елбасы кезінде Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсырған. Ол абыроймен орындалған. Осынау өте маңызды жұмысты жүргіз­гендер қатарында Қытайдағы елші р­е­тін­де өзімнің де болуымды зор бақыт деп санай­мын. Фильмде осы келіссөздерден де көрі­ністер бар.

Фильмнің маңызын көтеріп тұрған тағы бір бөлігі – біздің ұлтымыздың пер­­зенті туралы шетелдік халықаралық кеңіс­тікте танымал, беделді мемлекет қайраткерлерінің өте жоғары пікір­лері. Мәселен, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қасым-Жомарт Тоқаев­ты Мәскеу халықаралық қаты­настар институтының студенті кезінен біле­тінін айтып, оның дипло­ма­тия­ның ең күрделі салаларында шың­да­лып, шы­ныққанын, мол тәжірибе жинақ­та­ғанын, мінезінің өте табан­ды­лы­ғын, мақсатын орындаудағы қажыр­лылығын, кең ауқымды білімдар­лығын ерекше құрметпен дәріптесе, Аустрия Парламенті басшысының орынбасары Вольфганг Гроссрук осындай өте парасатты, жоғары дәрежедегі дип­­­ло­­мат­тың өз ұлтының дәрежесін Еуро­па елде­ріне танытып, құрметтетіп жүр­ге­ніне ерекше ризашылығын біл­ді­реді. Мәскеу халықаралық қаты­нас­тар институтының ректоры Анатолий Торкунов Қасым-Жомарт Тоқаевқа жан-жақты мінездеме бере келіп, оның осы жоғары оқу орнының түлегі екенін мақ­­та­нышпен айтады.

Осы көрсетілімде қазіргі Қазақстан, оның жетістіктерін тұңғыш және екін­ші прези­денттерінің еңбектерімен бай­ланыс­тырып, қазақ туралы жақсы сөз айт­қан Зербо Лассина (БҰҰ), Тансу Чиллер (Түркия), Ариэль Коэн (АҚШ), Тарья Хелонен (Финляндия), Сергей Орджаникидзе (БҰҰ), Роза Отунбаева (Қырғызстан), Рейнхольд Лопатка (Аустрия) тағы басқа әртүрлі беделді лауа­зымды тұлғаларға, халықаралық са­рапшыларға әділ пікірлері үшін алғы­сы­мыз шексіз.

Фильмнің өне бойындағы көрініс­тер­ден де тыс ақпараттық баяндаулар да телекөрермендерге жақсы әсер етеді.

Мұндай деректі фильмдер тек Тә­уел­­­с­із­дігіміздің 30 жылдығында ғана емес, үнемі, үзбей әзірленіп, халық назарына ұсынылуы тиіс. Бұл – басшыны дә­ріп­теу емес. Елге керек ақпарат. Лауа­зым­­ды тұлғалардың атқарып жүр­­ген жұ­мыстарын көрсету, әсіресе жас­тар үшін, жас ұрпақ үшін – бір жағынан өз мемлекетін танып-білу, екіншіден, оның тәрбиелік мәні де зор.

Бұл телефильм Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тек кәсіби дипломатиялық ең­бек жолына арналғандығын аңғар­дық. Ол да іріктеліп, бірнеше оқиға туралы ақпараттық қана ауқымда алынған. Шын мәнінде әр бағытқа арналған, басқа мемлекеттер өкілде­рі­мен жүргізілетін келіс­сөз­­дердің сал­ма­ғы ауыр-ақ. Мәселен, көр­шілес ел­дер өкілдерімен шекаралық келіс­сөздер, соның ішінде, әсіресе, Шы­ғыстағы көршімізбен болған шекара ке­ліс­сөздері өте маңызды тарихи оқи­ға­лар болғандықтан, олар туралы жеке деректі фильм дайындалса да ар­тық болмас еді.

Сол сияқты, кезінде Ресей-Грузия ара­сындағы қарулы қақтығысқа бай­ла­ныс­­ты Еуропадағы қауіпсіздік ын­тымақ­тас­тық ұйымының Пар­ла­мент­тік ассамблеясында арнайы баян­даманы нақты кім, қай елдің өкілі жа­сау керек дегенде ұзақ пікір алысудан кейін, 57 мемлекеттің Пар­ламент депутаттары бірауыздан Қа­зақ­стан Парламенті Сенатының Төра­ғасы, ЕҚЫҰ ПА Төрағасының орынба­сары Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаев­тың кандидатурасына тоқтаған. Сол жылдың күзінде Торонто (Канада) қаласында өткен ЕҚЫҰ Парламенттік ассам­б­лея­сының күзгі сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев сол баяндаманы өте жоғары дәрежеде жасап, Қазақ­стан­ның абыройын көтергеніне куә бол­ғанбыз. Баяндама бойынша сол жиналыста 62 депутат сөз сөйлегенде, түгел­дей дерлік Қасым-Жомарт Тоқаев­тың баяндамасының қарсы екіжақты жарас­тыруға арналғандығын баса айтып, Қазақстан делегациясының мәр­тебесі бір көтерілген. Мұндай та­ғы­лымды жайттар баршылық және олар мемлекет дамуының шежіресін құрайды.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері