• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 22 Маусым, 2021

Ғасыр тоғысындағы ұлы көш

585 рет
көрсетілді

Адам өмірінде ұмытылмайтын, соны еске алған сайын жылы шуаққа малынған секілді әсерге бөлейтін шақтар болады. Сондай қимас сәттерімнің бірі деп жаңа ғасыр алдында Ақмола облысының әкімі болып қызмет атқарған уақытты айтар едім. Қазір сол бір кезді есіме алсам, жүрегіме жылылық ұялайды. Азаттық алғанымызға аз ғана мерзім болса да сол кезеңдегі түрлі қиындыққа қарамастан, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алатаудың етегіндегі ел астанасын Арқа төсіне көшіруге бел байлап, тарихи шешім қабылдады.

Ел астанасын көшіру оңай емес, алдымен оның геосаяси, демографиялық және этномәдени себептері сарапталып, кеңінен талқыланды. Сол кезде алдымен қордаланып қалған проблемаларды шешіп, астананы содан кейін көшірейік деген пікірлер де айтылды. Алайда ұлы ғалым А.Эйнштейннің: «Қолайлы мүмкіндіктер қиындықтар мен проблемалар арасында жасырынып жүреді» деген сөзін сараптай білсек, Тұңғыш Президент екі ғасыр тоғысындағы түрлі қиындық пен кедергіге қарамастан, нақты мүмкіндіктерді тауып, астананы ауыстырды. Мұны Қазақ елінің келешегіне бағытталған өте батыл стратегиялық шешім деп ұғынуға болады.

1997 жыл болатын, онда Премьер-Министрдің орынбасары қызметінде жүргенмін. Шілде айы, кезекті еңбек демалысына шығуға дайындалып жатқанмын.

 Ойда жоқта Елбасының қабылдауына шақырылдым. Президент жылы қабылдап, алдымен барлық жағдайды сұрап, содан соң тікелей мәселеге көшті. «Жақын арада еліміздің бас ордасы Ақмолаға қоныс аударады. Бұл – тарихи көш. Сондықтан сол өңірдің ерекшеліктерін білетін, дайындық жұмыстарын тыңғылықты істейтін жауапты басшы керек болып тұр. Соған мен сені лайық көріп отырмын» деді. Мемлекет басшысына келісімімді бердім.

Ақмола өңірі маған бұрыннан таныс болатын. Торғай облысында қызмет істеп жүргенде осы қалада төрт ай директорлық курста оқыдым. Тоқсаныншы жылдардың басында Көкшетау облысын басқарғанда көрші аймақ ретінде араласып тұрдық. Үкіметте істеп жүргенде осында іссапармен келіп, облыстың экономикалық жағдайымен, халықтың хал-ахуалымен танысып едім. Елбасының тапсырмасымен Ақмола облысын басқаруға дейін де мұнда жиі келіп тұрдым.

Елбасы облыс активіне мені өзі әкеліп таныстырды. Жұртшылық жылы қарсы алды. Сол жылы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев астананы Ақмолаға көшіруге қаулы қабылдап, арнайы комиссия құрылды. Ол кезде Ақмола қаласы – облыс құрамында. Қала әкімі Аманжол Бөлекпаев, осы жердің азаматы. Қысқасы, астананы көшіруге байланысты дайындық іс-шаралары басталып, құрылыс жұмыстары қарқын алды. Бұрынғы ескі ғимараттарды қайта жаңғыртуды қолға алдық. Қаланың бас көшесі – қазіргі Республика даңғылы бойы қопарылып жатыр. Соны көріп Аманжолға «Жол бойына барлық тастарды лақтырып тастапсың. Оларды қашан жинап аласың?» деп әзілдеп айтып едім, ол жымиды да: «Уақытында бәрі орнына келеді» деп жауап берді. Шынында да, қала басшылығы, қазақша айтқанда, «аттың жалы, түйенің қомында» жүріп, уақытпен санаспай жұмыс істеді.

Елорданың көшуіне байланысты Президент әрбір құрылымға, әр басшыға нақты тапсырма берді. Сондықтан қажетті жұмыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әуелі Алматыдан келетін мемлекеттік мекемелерге қажетті ғимараттарды белгілеп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көшіп келген қызметкерлер тұратын орындар анықталды. Жаңадан тұрғын үйлер бой көтере бастады. Осы жұмыстар Президенттің Жарлығымен астананы көшіруге байланысты құрылған мемлекеттік комиссия құзырында болды. Оны комиссия төрағасы Николай Макиевский мен орынбасары, Президент іс басқармасының басшысы Владимир Ни атқарды. Николай Михайловичті көптен танимын, бір жылдары екеуміз Үкімет басшысының орынбасары болғанбыз. Білікті құрылысшы. Кейде құрылыс жұмыстарына қаржы жетпей жатады. Сондай сәттерде ол кісінің: «Сендер неге менен ақша сұрай бересіңдер.Іскер болсаңдар ақшасыз салыңдар» деп қызынып сөйлейтіні бар.

Сол кезеңде өте маңызды жұмыстардың қатарында жаңа салынып жатқан астананы әлемге таныстыру, осы іске қажетті шетелдік инвестиция тарту көзделді. Бұл ауқымды жұмысты Елбасы тапсырмасымен бірінші лекте елордаға көшіп келген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев басқарған Сыртқы істер министрлігі тиянақты орындады.

Мемлекет басшысы облыс басшылығына да біршама тапсырма міндеттеді. Біздің басты мақсатымыз – осында тұратын халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау болды. Біз жоғарыда аталған мемлекеттік комиссиямен қоян-қолтық жұмыс істеп, маңызды мәселелерді бірігіп шештік.

Сол кездегі Ақмоланың басқа облыстардан ешқандай айырмашылығы жоқ, экономикалық даму деңгейлері бірдей болатын.

1997 жылдың 20 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Содан екі апта өткеннен кейін, яғни 8 қарашада астана атанған Ақмолаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер эталондары мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді.

Алдымен біраз жыл елордамыз болған аяулы Алматыдан ұлы көшті Бәйкен Әшімов, Мақтай Сағдиев, Сұлтан Жиенбаев, Сағидолла Құбашев, Сағадат Нұрмағамбетов, Шәңгерей Жәнібеков секілді халқымыздың абыз ақсақалдары бата беріп, шығарып салды. Салтанатты шара бұрынғы облыстық әкімшілік, қазіргі қала әкімдігінің алаңында өтті.

Тарихи мәні зор шарада сөз алған Президент Нұрсұлтан Назарбаев:

«Бүгін астана мәртебесіне ие болған қасиетті Ақмоланың жұлдызды сағаты соқты. Бұлай деуімнің өзіндік сыры бар. Ақмола – өз тарихында маңызы орасан зор талай қоғамдық-саяси оқиғалардың куәсі болған қала. Қазақтың қасиетті мекені болған Сарыарқа төсіндегі бұл қала даңқты тың игеру кезіндегі талай жұрттың өкілдерін жатсынбай бауырына басқан, құтты мекеніне айналған. Ендігі жерде ол тәуелсіздікті нығайтудың, мемлекеттілікті орнықтырудың, әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғырудың кіндігіне айналмақ. Және оның біздің мұратымызды ойдағыдай іске асыруға жәрдемдесеріне көзіміз әбден жетеді. Ендеше, тың игеру кезіндегіден бір кем түспейтіндей іс жасап, қажыр-қайрат, ықылас пен ынтымақ танытуымыз керек. Бүгіннен бастап астана тұрғынына айналған ақмолалықтар осындай биік тұғырдан көрінеді деп сенеміз», деді.

Одан кейін көнеден бүгінге дейінгі тарихымызды бейнелеген театрландырылған көрініс қойылды. Қаланың ең қарт тұрғыны Мұқат Мейірманұлы бастаған бір топ ақсақал жаңа астананың болашағына ақ жол тілеп, бата берді. Елбасының иығына шапан жауып, елорданың кілтін тапсырды.

Шындығын айтқанда, сол кезеңде экономикамыз әлі еңсесін көтере қойған жоқ, елдің тұрмысы жүдеу болатын. Бір жағынан, әлемді шарпыған Азия дағдарысының салқыны да бізге тиді. Нарықтық қатынасқа толық көше қойған жоқпыз. Мәселен, мұнайдың бағасы бір барреліне 17 доллар болды. Соңғы екі жарым жылда теңгеміздің құны екі есе төмендеді. Бір сөзбен айтқанда, өте күрделі уақытты бастан кешіп жаттық.

Облысқа келген күннен бастап жергілікті кадрлардың ішінде, осы өңірдің жағдайын жетік білетін, қолынан іс келетін Әділбек Жақсыбеков, Асқар Мамин, Сансызбай Есілов секілді білікті мамандарға арқа сүйедім. Алдымен бюджетке түсетін кірісті көбейтудің жолын қарастырдым. Өйткені зейнеткерлерге зейнетақысы мен бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын уақтылы төлеп тұру керек. Бірақ түсетін қаржы сұраныстан аз. Дегенмен осы мәселеге көп күш жұмсап, шешімін таптық.

Сол жылдары қаладағы жылу-энергетика жағдайы да оңып тұрмаған еді. Жылу жүйесі әлсіз жұмыс істеп, электр энергиясының күші жетпеді. Ал жаңа жылу орталығын салуға уақыт керек. Біз сол кезде шаһарды жылумен қамтамасыз етіп отырған, 13 жылдан бері жөндеу көрмеген 2-ші жылу энергетика орталығына күрделі жөндеу жүргіздік. Сол арқылы жылу орталығының қуатын көбейтуге және оның жұмысын тұрақтандыруға күш салып, 1-жылу энергетика орталығымен оны жалғадық. Өйткені 1-жылу орталығында сұйық отын пайдаланатын, мұның шығыны көп. Сондықтан екеуін біріктірдік. Осы күрделі жөндеу жұмыстарына 1 млрд 300 млн теңге, сол кездегі АҚШ-тың ақшасымен шаққанда, 17 млн доллар керек болды. Бұл қаржыны беруден үкімет бірден бас тартты. Сондықтан амалсыз Президентке ұсыныс айтып едім, бірден қолдап, тиісті қаржыны бөлгізді. Сөйтіп бұл мәселенің шешімін тапқандай болдық. Әйтеуір, сол жылы қыста қала тұрғындары үйлерінде суықтан дірдектеген жоқ. Осы жұмыстың басы- қасында Николай Тихонюк жүрді. Нағыз іскер адам, тіпті ол кей күндері жылу орталығына қонып жұмыс істеді.

Ендігі бір мәселе – облыстағы электр энергиясының тапшылығы. Құрылыс жұмыстары көбейіп, тұрғындар саны өскен сайын қалада электр энергиясының жетіспеушілігі байқалды. Сол уақытта облыс көлемінде электр энергиясы 300 МВт жуық болды. Бұл кезде электр энергиясын беретін мекемелердің жай-күйі жоқ еді. Олардың еңсесін көтеру қажет, оған кім көмек бермек. Тұрғындар да тұтынған электр энергиясының ақысын толық төлемейді, қарыз деген шаш етектен. Ауыл адамдарының 40-50 пайызы қарызға батқан. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін аудандар, шаруашылықтарға электр энергиясын сатып беретін болды. Пайдаланған электр қуаты төлемінің деңгейін көтеру үшін электр энергиясын есептеу қондырғыларын ауылдардың әрбір көшесіне қойдық. Қарызы көп көшелерге электр қуаты берілмейтін болды. Енді төлемдерді тұрғындар өзі қадағалады. Сөйтіп электр қуатына төлейтін қаржы жинағын 90 пайызға жеткіздік.

Ұмытпасам, 1997 жылы желтоқсанның ортасында қаланың тең жарымында жарық өшіп қалды. Шаһарға тоқ беріп отырған үлкен трансформатор істен шыққан. Оны жөндеуге біраз уақыт кетті. Бұл кездейсоқ оқиға емес, жүйелі проблема болатын. Көп жылдар электр желілері жөндеу көрмеген. Әсіресе ескірген трансформаторлар істен шыға берді. Оның үстіне төтенше жағдайларда электр жүйесі үзіліссіз жұмыс істеуге бейімделмеген. Осы мәселені індете зерттеп, қажетті қаржы жұмсап мәселені шеше бастадық.

Қала көшелеріндегі жолдардың жағдайы да сын көтермейтін. Оны толық жөндеу үшін бір жыл емес, ұзақ уақыт керек. Сондықтан алдымен басты көшелердің жолын жөндеуді бастадық. Жаңбыр суына арналған кәріз жүйесі де жасалмаған. Бұған да қыруар қаржы керек. Тіпті қар тазалайтын техника жетпейтін. Сол қыста бізге Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев жол тазалайтын техникаларын беріп, көмектесті.

Сонымен қатар астананың ауыз су мәселесі бізді ойландырды. Қала тұрғындарының саны жылдам өсіп келе жатқандықтан бұрынғы Вячеслав су қоймасы тіршілік көзімен толық қамтамасыз ете алмайтын болды. Ақмоланың бас жоспарында шаһарды үш ірі су көзімен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылған. Біріншісі – Нұра өзені, екіншісі – Ақмоланың астындағы үлкен су көзі, үшіншісі – Ертіс суы. Бірақ мұның бәрі оңай іске аспайды. Мысалы, бұрын Есіл – Нұра каналы салынған. Бірақ Нұраның суында зиянды заттар көп. Оны тазалауға көп қаражат керек. Ал жерастындағы судың тереңдігі – 5-60 шақырымға созылған. Бұл су тұщы, тазалығы да жақсы. Бірақ дүниежүзі бойынша жерастындағы су стратегиялық қор деп саналады. Сондықтан үшінші нұсқаны алдық. Содан 22 шақырымдағы Ертіс – Қарағанды каналынан тартылған суды Есіл өзеніне, одан әрі Вячеслав су қоймасына жеткізу көзделді. Ондағы №19 насос стансасы жанында шағын көл бар екен, соған тоқтадық.

Бұған дейін облыс өнеркәсібін дамытуға қатысты дұрыс реформалар жүргізілмеген. Кеңес заманында дүркіреп тұрған ауыл шаруашылығы машиналарын шығаратын өндіріс орындары («Қазақсельмаш», «Целинсельмаш») күйреген. Бізге «Қазақсельмашты» көтеруге мүмкіндік болмады. Өйткені олардың ауыл шаруашылығына арнап шығарған машиналарының технологиясы өте ескі, бүгінгі талапқа сәйкес келмеді. Оны қайтадан жасау үшін қомақты қаржы керек. Ескірген техниканы шығарудың ешқандай қажеттілігі болмады.

Ақмола аэропорты да шағын, жұпынылау болғандықтан, салмағы 75 тоннаға дейінгі самолеттерді ғана қабылдады. Сондықтан ұшақтардың класын көбейтіп, салмағы ауыр, үлкен боингтерді қабылдау үшін оған жаңғырту жұмыстарын жүргіздік. Мұны атқаруға көп күш жұмсалды.

Шын мәнінде, сол жылдардағы Ақмоланың көшелерінен кеңестік дәуірдің «иісі» аңқитын. Сонда мені: «Ақмола бас қалаға айналып жатыр, сырттан келген қонақтар өзге ұғымдарды беретін көше атауларын көріп, «мынау, қай елдің астанасы» деп айтуы ғажап емес қой» деген ой жиі мазалайтын. Сондықтан көшелердің атын өзгертуді қолға алдық. Президентпен ақылдасып, тура бір мезетте отыз көшенің атауын өзгерттік. Бұл бір жағынан тарихтың да талап еткен тілегі болатын. Мәселен, бұрынғы Студенттер даңғылын – Абылай хан бабамызға, Карл Маркс көшесін Кенесары ханға бердік. Біз ұлы Абылай ханның атымен ұзын көшені толық атаймыз деп ойлап едік, оның қисыны келмеді. Көпірдің арғы жағы даңғыл, бергі беті көше болды. Оның тағы бір сыры бар. Бұрынғы Карл Маркс көшесімен жоғары өрлесеңіз, қазіргі Қажымұқан стадионы тұрған жердегі сол кездегі Ресей патшалығының бекінісіне Кенесары хан шабуыл жасаған. Бұл – тарихи ақиқат! Сөйтіп хан Кененің есімі еліміз азаттық алғаннан кейін, өзі атойлап кірген бекініс орналасқан жерге көше болып оралды. Осы ауқымды іс-шарадан астана төңірегі тыс қалған жоқ. Облыстың алты ауданының тарихи атаулары қайтарылды.

Астананың рухани-мәдени өмірін де назардан тыс қалдырған жоқпыз. Сол жылы Ақмолада қазақ және орыс театры, облыстық филармония, музыкалық мектеп және бір мәдениет сарайы ғана болды. Енді осы мәдени мекемелердің деңгейін астаналық мәртебеге жеткізуге күш салдық. Еліміздің бас ордасы болғандықтан опера және балет театры болуы керек, оған бұрынғы Теміржолшылар сарайын беріп, күрделі жөндеу жүргіздік. Алматыдан бас қаланың мәдениетін көтеруге талантты скрипкашы Айман Мұсақожаева келіп, бүгінгі Қазақ ұлттық өнер университетінің іргесін қалады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дарынды опера әншісі Кенжеғали Мыржықбайға облыстық филармонияны басқаруды тапсырдым. Бұрын филармония Жастар сарайында орналасқан еді. Сондықтан оларға жеке тұрған «Целинный» кинотеатрын ұсынып, тозып тұрған ғимаратқа жөндеу жүргізілді. Сол жылдары Алатаудың етегіндегі әсем қаладан Ақмолаға зиялы қауым өкілдері қоныс аудара бастады. Олардың алдыңғы легінде көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов ағамыз, белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов және тағы басқалар болды.

Ақмола қаласы жазық жерде орналасқан. Дамуға ешқандай кедергі жоқ. Бірақ өмір сүруге ауа райының кейбір қолайсыздығы қиындық туғызды. Сондықтан Президент шаһардың айналасына ағаш егуге тапсырма берді. Алғашқы жылдары 5000 гектар жерге ағаш отырғызу жоспарланды. Алдымен қандай ағаштардың біздің табиғатқа жерсінуін зерттедік. Мысалы, қарағай мен шырша отырғызуды ойладық. Мұның тағы бір проблемасы шықты. Айталық, біріншіден, шырша бөлек тұрса, қатты желге шыдамайды. Оған қорған керек. Екіншіден, қарағай мен шыршаның тамыры жерастындағы тұзды суға барған кезде өліп қалады. Оларды жердің қатты қабығына құм мен тас араластырып ектік. Осындай ауқымды жұмыстарды атқару үшін «Жасыл аймақ» компаниясы құрылды. Қазір сондағы еккен ағаштар үлкен орман болып, тұрғындар серуендейтін тамаша демалыс орындарына айналды.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев маған еліміздің бас ордасын Алматыдан Арқа төсіне көшіру кезеңінде жауапкершілігі мол, аса зор істі тапсырды. Мен оны шамам жеткенше адал атқаруға күш салдым. Ақмола облысының әкімі болып бір жылдан да аз уақыт қызмет істесем де, сол кезең маған ғасырға татитын сәттерді сыйлады. Тарихымызда үлкен орны бар ұлы көштің басы-қасында жүріп, елорданың қалыптасуы мен дамуына бір кісідей үлесімді қостым. Соған мың да бір шүкіршілік айтамын!

 

Жәнібек Кәрібжанов,

мемлекет және қоғам қайраткері