• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Маусым, 2021

Жарты ғасырға созылған есірткі соғысы

380 рет
көрсетілді

Женева. Осыдан елу жыл бұрын АҚШ президенті Ричард Никсон нашақорлықты «бірінші кезектегі қоғамдық жау» деп жариялады. Сөйтіп АҚШ-та және шетелдерде бұл қылмысқа қатаң қарауды талап етті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-тың жаһандық саяси, әскери, экономикалық және мәдени гегемониясымен қатар өрбіген «есірткіге қарсы күрес» белгіленген мақсатына мүлде қарама-қарсы болып шықты

Бүгінде есірткі табиғи және синтетикалық түрде өндіріледі. Заңсыз есірткі шағын және үлкен көлемде сатылады. Осылайша, ауыр үкім мен жиі түрмеге қамау, зорлық-зомбылық пен құқықтың бұзылуы, ақшаны жеп қою мен ұйымдасқан қылмыстың бәрі бәсеңдеудің орнына күшейе түскен.

 

1971 жылдан бастап жаңадан қызметіне кіріскен АҚШ әкімшілігі есірткіге қарсы күресті қалай жүргізетінін хабарлайтын. Мұндай саясат ұстану қоғамға мәдени, әлеуметтік және саяси тұрғыдан еніп кеткені соншалық, саяси көшбасшылар оны өзгертуге ұмтылған емес. Президент Барак Обаманың кезінде «Бас прокурордың ақылды қылмыс туралы бастамасы» деп аталатын агрессиялық саясаты есірткіге қатысты қылмыстар үшін федералды сот үкімдерін пропорционалды және нәтижелі түрде шешуге тырысты. Бірақ тамыры тереңнен басталатын есірткіге қарсы соғысты толық түсінбегендіктен, бұл бастама қамау мерзімін ғана өзгертіп, сәтсіз аяқталды.

2018 жылы президент Дональд Трамптың әкімшілігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында бүкіл әлемге үндеу тастап, есірткімен күресті қайта жандандыруға тырысты. 15 минутқа созылған бұл дипломатиялық әрекет ортақ келісімге қол жеткізе алмады. Соның салдарынан Германия мен Жаңа Зеландия бастаған бірқатар мемлекет оны қолдаудан бас тартты.

Осы уақытқа дейін АҚШ-тың саясаткерлері адам өмірін құтқару және зиянды азайту бойынша экономикалық тиімді қызметтерге аз қолдау көрсетіп келді. Мұндай қызметтер қауіпті есірткіні қолдану кезінде денсаулыққа келетін зиян мен экономикалық шығындарды азайтуға қатысты. Есірткі енгізген адамға таза ине бере отырып, мемлекеттік саясат бұл адамның заңсыз әрекетке баратынын біледі. Сонымен бірге адамның артық мөлшерде есірткі қолданудан өлмеуін, инфекция таралмауын, АИТВ немесе гепатит жұқтырмауын басты назарда ұстайды. Бұдан бөлек, есірткі мен есірткі заттарын сатып алу үшін ұсақ қылмысқа бармауын қамтамасыз етеді.

Зиянды азайту қызметтері қазіргі таңда өзекті бола түсті. Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының хабарлауынша, 2020 жылы мамырдан жыл аяғына дейін 81 мың америкалық есірткіні шамадан тыс қабылдағаннан қайтыс болған. Бұл – опиоидты дозаланудың рекордтық көрсеткіші.

Бақытымызға орай, бұл өлім саны АҚШ-тың саясаткерлерін оятқан секілді. 2021 жылы президент Джо Байденнің әкімшілігі таңғаларлық бастама көтеріп, батыл есірткі саясатын ұсынды. Онда кең көлемде емдеу, зиянды азайтуға баса назар аударылған. Дәлелге сүйенген, қоғамдық денсаулықты сақтау тәсілін қолдана отырып, Байден репрессия мен жазалау стратегиясының сәтсіздікке ұшырағанын аңғартты.

Байден әкімшілігінің «зиянды азайтуға бағытталған дәлелдерге негізделген күш-жігерге» баса назар аударуы – есірткіге қарсы соғыс тәсілінің түбегейлі өзгергенін білдіреді. Аталған бастама бірқатар тиімді және дәлелді медициналық қызметті қамтиды. Мәселен, опиоидты дозаланудың салдарын жоятын дәрі-дәрмек таратылып, стерильді инъекциялық жабдықтарды АИТВ және С гепатитін анықтайтын тестпен қоса берілмек. АҚШ билігі Американы құтқару жоспары аясында зиянды азайту ретінде мұндай ерекше қадамға 30 миллион доллар қаржы құймақ.

Бұл жаңа саяси тәсілдер артық дозаланғаннан туындайтын дағдарысты шешуге бағытталған мемлекеттік және қалалық деңгейдегі жұмыстармен үйлеседі. Кейінгі бірнеше жылда Филадельфия, Итака, Сиэттл, Санта Фе және Атланта секілді түрлі қалалар есірткіні заңсыз пайдаланушыларды қуғындау мен көмектесу бастамасының ұңғыл-шұңғылын зерттеп жатыр. Бұл есірткіге қатысты жергілікті және ұлттық еуропалық саясатқа үлгі болған Ванкувердегі төрт сатылы стратегияға ұқсас.

Байден әкімшілігі есірткі саясатын оң тарапқа өзгертіп жатқанда, АҚШ халықаралық деңгейде зиянды азайту саясатына көшетінінен үміттенетіндер бар. Кейінгі онжылдықта ұлттық және халықаралық тұрғыда қаржыландырылған қызметтер әлемдік қажеттіліктің тек 5 пайызын қамтыды. Швейцария секілді мемлекеттер тәжірибесіне көбірек көңіл бөлінуі тиіс. Аталған елде зиянды азайтуға мол қаражат салынып, есірткі қабылдайтын адамдар саны азайып, АҚТҚ-ның таралу қарқыны төмендеді.

Өкінішке қарай, зиянды азайту қызметі дамымаған немесе тыйым салынған елдерде гепатит, туберкулез және АҚТҚ секілді науқастар жаппай таралған. Әлемде ЖИТС/АИТВ-ті емдеу мен алдын алуға зор үлес қосатын елдердің бірі ретінде АҚШ енді әлемді сәтсіз жүргізілген есірткімен күрес стратегиясын реттеуге көмектесуі тиіс.

Екі мәселе бір-бірімен тығыз байланысты. 2003 жылдан бастап АҚШ ЖИТС/АИТВ-ке қарсы күреске 85 миллиард доллар қаржы салып, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды. Бірақ АИТВ әлемдік денсаулыққа қауіп келтірмеуі үшін есірткі саясатын өзгерту керек. Есірткіні қолданатын адамдар зиянды азайту қызметіне қол жеткізе алмағандықтан немесе заңды санкциялардан қорқып, бұл қызметтерді пайдаланғысы келмегендіктен инені қайта қолдану секілді қауіпті әрекетке барса, АИТВ біздің қоғамды мазалауын тоқтатпақ емес.

АҚШ әлемді есірткіге қарсы соғысқа бастады, енді Америка бізді одан құтқаруға көмектесуі керек. Есірткіге қарсы соғыс зиянды азайтпайды және азайта да алмайды. Керісінше, жағымсыз салдарын өршітіп, жаңа қауіп-қатерлерге әкеліп соғады. Заңсыз есірткі нарығы ХХІ ғасырға және Төртінші өнеркәсіптік революцияға тез бейімделіп жатыр. Өсімдік негізіндегі есірткі өндірісі өте күшті синтетикалық есірткілермен бірге тең дәрежеде таралған. Заңсыз нарық көшелерден көшіп, үйімізге келетін интернетке ауысып жатыр.

Елу жылға созылған сәтсіздік жеткілікті. Қазір АҚШ әлемді ХХІ ғасырдағы гуманистік, адамдарға арналған және дәлелге сүйенетін есірткі саясатына бастайтын уақыт келді.

 

Хелен КЛАРК,

Жаңа Зеландияның бұрынғы премьер-министрі

(1999-2008) және БҰҰ Даму бағдарламасының әкімшісі, Дүниежүзілік есірткі саясаты жөніндегі комиссияның комиссары,

Олусегун ОБАСАНЖО,

Нигерияның бұрынғы президенті (1976-1979, 1999-2007), есірткі саясаты жөніндегі жаһандық комиссияның комиссары,

Рикардо ЛАГОС,

Чилидің бұрынғы президенті (2000-2006), есірткі саясаты жөніндегі жаһандық комиссияның комиссары