• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Маусым, 2021

Ұжымдық иммунитетке қол жеткізу оңай

254 рет
көрсетілді

Лондон. COVID-19 вирусына қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру жөніндегі ғалымдардың айтқан деңгейіне, яғни әлем халқының 80 пайызын вакциналауға қашан қол жеткіземіз? Көп адам бұған 2023 немесе 2024 жылы деп жауап береді. Бұл бақуатты елдерден басқа жерлердегі вакцина салу деңгейінің төмендігіне байланысты туындайтыны сөзсіз. Сондықтан таяуда өткен «Үлкен жетіліктің» саммитінде биылдан бастап екі жыл ішінде кедей елдерге вакцинаның миллиард дозасын беру жөніндегі ұсынысы жағдайды түпкілікті өзгертуі мүмкін.

Бірақ үмітсіздікке салынбау қажет және G7 елдерінің әрекетін әсіре мақтау да дұрыс емес. Егер вакцина салудың қазіргі күнделікті қарқынын сақтасақ, әлем халқын вакцинамен қамтамасыз ету мақсатына 2022 жылғы қаңтарға қол жеткізуіміз мүмкін. Кез келген тиімді әрекетке бастайтын алғашқы қадам – проблеманың шешілетініне сену. Осы мақсатта әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 34 қайраткер мен ойшыл «Пандемиядан кейінгі саясат жөніндегі жаһандық комиссия» деп аталатын жоғары деңгейлі, тәуелсіз топ құрды. Олар әлемдегі вакцина салу қарқынын есептеп шығарды. Таңғаларлығы, шартарапты екпемен қамтамасыз ету біз ойлағаннан әлдеқайда жеңіл екен. Оған қоса G7 елдері жоспарлаған мерзімнен бұрын қол жеткізе аламыз.

Есептеу өте қарапайым. Бірақ алдымен халқы ең көп Қытайды үлгі тұтамыз ба, әлде ерекше жағдай ретінде қарастырамыз ба? Соны анықтап алу керек. Our World in Data мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қытайда күніне 17-20 миллион екпе салынады. Ал әлем бойынша бұл көрсеткіш 33-36 миллионға тең. Егер Қытайды есепке алсақ, жаһан халқын 200 күн ішінде толықтай қамтып шығамыз. Ал Қытайды қоспасақ, мерзім 370 күнге дейін ұзарады. Бұл айырмашылық өте маңызды. Өйткені межелі деңгейге 2020 жылғы қаңтарда емес, шілде айында қол жеткіземіз. Тіпті қытайлық вакциналардың тиімділігі төмен болғандықтан, 90 пайыздық шекке жету қажет болса да, осындай уақыт керек.

Сандарды сөйлетейік. Әлем халқының саны 7,9 миллиардты құрайды. Олардың 5,85 миллиарды ересектер (74 пайыз). Егер мақсат иммундық деңгейді 80 пайызға жеткізу болса, 4,7 миллиард адамға екпе салу қажет. Вакцина екі мәрте егілетіндіктен, 9,4 миллиард доза керек. Our World in Data мәліметтеріне сай, 2021 жылғы 11 маусымға дейін бүкіл әлемде 2,3 миллиардтан астам екпе салынды. Яғни енді бізге 7 миллиардтан астам доза қажет. Мұны бір күнде шығарылатын вакцинаның орташа көрсеткішіне (34 млн) бөліңіз. Сонда шамамен 211 күн шығады. Ал бұл 2022 жылғы қаңтарға сәйкес келеді.

Әрине 7 миллиард – өте көп. Бірақ мынаған қараңыз. Күн сайын Қытай 17-20 миллион доза салады. Ал Үндістанда күнделікті екпе алғандар саны 3 миллионнан асты. Тіпті Африкада 900 000-ға жетті. Яғни осы айдың басына қарағанда вакцина егу көрсеткіші 37 пайызға өскен. Оған қоса, көптеген елде бұл көрсеткіш көбейіп келеді. Орташа табысы бар елдердің бәрі Қытайдың қарқынына ілесе алмаса да, ең кемі ынталандыруға мүмкіндік сыйлайды.

Бертінге дейін ұжымдық иммунитет қалыптастыруға негізгі тежеу болып, уайымдатқан – вакцинаның жетіспеуі еді. Бірақ өндіріс күрт өсіп келеді. Дүниежүзі бойынша кемі бір ірі реттеуші орган мақұлдаған вакцинаны шығару көлемі сәуірде 420 миллион дозадан мамыр айында 822 миллион дозаға дейін ұлғайған.

Осының жартысынан астамы Қытайдың екі вакцина жасаушы Sinovac және Sinopharm компанияларына тиесілі (Сәуірдегі 164 миллион дозаны үш есеге көбейтіп, мамырда 454 миллион доза шығарады). Еуропалық одақ бойынша Pfizer-BioNTech және Oxford-AstraZeneca вакциналарын шығару екі есеге көбейіп, 69 миллионнан 140 миллионға жетсе, АҚШ-тағы Pfizer-BioNTech, Moderna және Johnson & Johnson дозаларының саны 71 миллионнан 105 миллионға дейін өсті. Өндіріс баяулап тұрған жалғыз ел Үндістан ғана. Мұндағы өндіріс сәуірдегі 76 миллион дозадан мамырда 62,6 миллионға дейін төмендеді.

Алдағы айларда маңызды мәселе енді жабдықтау тапшылығы емес, негізінен қаржыландыру және материалдық-техникалық проблемалар болмақ. Әсіресе инфрақұрылымы шектеулі және денсаулық сақтау саласы дамымаған кедей елдерде жағдай қиын. Дәулетті елдер өз өнімдерін басқалардың тезірек сатып алуына жағдай жасаса, денсаулық сақтау жүйелері мен вакциналарды сатып алуды қолдау үшін екіжақты және көпжақты көмекке қаржы құйылса, бұл тосқауылдарды жоюға мүмкіндік бар.

Қателеспейік. Мүмкін Қытай бұл үдерісте үлкен және жетекші рөл атқаруы мүмкін. COVID-19 вакциналарының әлемдегі ең ірі өндірушісі ретінде (Батысқа қарағанда онша күрделі емес түрі болса да), Қытай қыркүйек айына дейін немесе күзге таман елде ұжымдық иммунитет қалыптастырады. Осылайша, әлемнің басқа елдерін қамтамасыз етуге қажетті қосалқы өндіріс қуаты пайда болмақ.

Сондықтан G7 саммитінде айтылған Батыстың ұсынысы жаппай қолдау иеленгеніне қарамастан, әлі де жоспарға сәйкес келмейді. G7 елдері бөлген миллиард дозаны 2021 жылдың соңы мен 2022 жылдың басында, өздеріне ыңғайлы мерзімде бермек. Бірақ кедей және орташа табысы бар елдерге вакцина мүмкіндігінше ертерек керек. Демек, Қытай үлкен нарықты жеке-дара иеленіп, дипломатиялық мүмкіндікті пайдалана отырып, 2021 жылдың соңғы тоқсанында айына 500 миллион доза вакцина жеткізіп береді.

Егер жағдай осылай өрбісе, төрткүл дүниені вакцинамен қамтамасыз ету таңғаларлықтай қысқа мерзімде орындалуы мүмкін. Африканың ауылдық жерлері мен Латын Америкасының тұрақсыз аймақтары үлкен қиындық туғызуы ықтимал. Әйтсе де оны дамыған елдердің, соның ішінде Қытайдың және ірі қайырымдылық қорлары көмегімен жеңуге болады. Дамушы елдерде жаппай вакциналау науқанын жүргізу жаңалық емес. Бұл мәселеде табысқа жету жомарттыққа, саяси ерік-жігерге, шешімнің қажетіне және оған сенімге байланысты.

Бұған дейін вирусты бақылауына алған жерлерде жаңа түрлері шығып, індеттің таралуы ауқымы тез жайылып жатқанда COVID-19 жаһандық проблема болып қала береді. Қазір оның шешімін жаһандық деңгейде ғана табатынымыз анық. Жаһандық комиссияның есептеулері көрсеткендей, бізге қажет жағдайға қол жеткізу өзімізге ғана байланысты.

 

Билл ЭММОТТ,

The Economist журналының бұрынғы бас редакторы, Пандемиядан кейінгі саясат жөніндегі жаһандық комиссияның тең директоры