• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Маусым, 2021

Аға буынға артылған міндет зор

288 рет
көрсетілді

Елiмiздегi ең үлкен құқықтық құрылымның тәуелсiздiк жыл­дарындағы алғашқы қадамын нықтау оңайға түспегенi белгiлi. Үкiмет тарапынан қабылданған жаңа реформаларды сауатты жүзеге асыру үшiн тығырықтан жол таба бiлетiн бiлiмдi, көрген-түйгенi, тәжiрибесi мол мамандарға үлкен сенiм артылды. Бұл тұста осы саланың аға буын өкілдеріне артылған міндет те зор еді.

Бүгiнде облыс көлемiнде 5 мыңға жуық iшкi iстер органда­рының ардагерi тұрады. Олардың басын бiр арнаға бiрiктiрiп отыр­ған облыстық iшкi iстер орган­дары мен Ұлттық ұлан арда­гер­лерi кеңесi тарапынан атқа­рыл­ған шаруалар елеулi. Поли­ция қыз­меткерлерiнiң кәсiби шебер­лiгiн шыңдау арқылы беделi мен мәртебесiн көтеру – кеңес­тiң күн тәртiбiнен түспейтiн келе­лi мiндетiнің бірі. Әсiресе па­триот­тық тәрбие беруде аға буын өкiлдерiмен жүздесудiң мәнi зор.

Ішкі істер органдары ардагер­лерінің өмірі бүгінгі жастарға өнеге. Халқымыздың рухани құн­­дылықтарының iшiнде жасы үл­кендi құрметтеп, олардың өне­­гелi өмiрiнен үлгі-өнеге алу ал­дыңғы орында тұрады. Осы құн­­дылықтарды арқау еткен арда­герлер кеңесi өңiрдегi береке-бiр­лiктi нықтап, ұйыса жұмыс iс­теудi өздерiне тұғыр етiп келедi.

Полиция болу оңай емес. Өйткенi тәртіп сақшысының жұмысы ауыр әрi жауапкершiлiк жүгi салмақты. Оған бүкiл жан-дү­ниеңдi, болмысыңды арна­уың қажет. Отыз жылдағы жетiс­тiк­терге осындай лайықты жан­дардың арқасында жеттiк. Бүгiнгi iзбасарлар да сол сара соқпақтан ауытқымай, елдiң тыныштығы үшiн аянбай қызмет етуi тиiс.

Мен екi дәуiрде құқық қор­ғау саласында қызмет iстеген адам­мын. Ол кезде де, қазiр де iш­кi iстер саласына қойыл­ған та­лаптың қатаң екенiн бай­қай­мын. Жалпы, бұл салаға жұм­сақтықтың жұғыса бермейтiнi аян. Бiрақ сол бiр сексенiншi жыл­дары Мәскеуге көбiрек жалтақ­тайтын едiк. Сол жақтан пәр­мен күтетiнбiз. Құ­дайға шүкiр, қазiр өз билiгiмiз өз қолы­мыз­да. Кеңестiк кезеңде майор шенiне жетудiң өзi арман болатын. Қазiр адал қызметiмен көзге түскен қазақ жiгiттерi подполковник, полковник, тiптi генерал дәрежесiне дейiн көтерiлiп жатыр. Бұл әрине, жақсы үрдiс. Жiгiттердiң полиция қызметкері болуға ынтасы, талабы арта түседi. Бірақ қазiр заман басқа, заң да соған сай жетiлу үстiнде. Замана үдерiсiнен болар, бүгiнде қыл­мыстың сипаты да өзгердi.

Қазір әлдебір сараптамалық жұмыс­тарды тіпті техникалық тұр­ғы­дан жүргізуге, ықтимал қа­терлер­ді болжап, оларды ал­дын ала той­таруға болады. Ең бас­тысы, ха­лықтың сені­мі­нен шығу үшін полиция барын салып жұмыс істеп жатыр. Ха­лық қылмысты ашуға, санын азайтуға көмектесуі, күмәнді немесе күдік­ті жайттар туралы поли­цияға ха­бар­лап отыруы тиіс. Бұл полиция мен халықтың бір-бірі­мен ты­ғыз қарым-қатынаста болып, қо­ғамда тәртіптің орын алуына алып келеді.

Мемлекет басшысының тапсыр­масымен, сервистік модельге көшу және «жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыру да – өте дұрыс шешім. Бұл жұ­мыста негізгі рөл құқық бұзушы­лықтардың алдын алу сала­сын­дағы негізгі буын ретінде учас­келік полиция инспектор­лары қызметіне беріледі. Атап айтсақ, учаскелік полиция қызметкері азаматтар үшін танымал, қол­жетімді, беделді болуы керек.

Бұрын біздің кезімізде учас­келік полиция инспекторын құқық бұзушылық жасағандар ғана танитын. Бүгінде олар халықпен жиі кездесулер өткізіп, байқасақ, әр аудан өз учаскелік полиция инспекторларын жақсы таниды. Бұл да қазіргі полицияның халыққа жақын екенін көрсетеді. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, полиция халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Өйткені сервистік модельге көшудегі басты субъект – бұл заңға бағынатын азаматтар. Біз бұл жағдайда менталитет пен мәдениетті, заңнама мен ресурстық мүмкіндіктерімізді ескеруіміз қажет. Сондай-ақ «қадамдық қолжетімділік» прин­ципі бойынша полицияға жүгіну процесін қолжетімді ету. Бұл мобильдік посттар, полиция қыз­меткерлерінің жеделдігін арттыру, сонымен қатар қыз­меттерді цифрландыру. Ең бас­тысы, халықпен тығыз байланыс әрі әріптестік орнату керек. Жергілікті халықтың проблемасын жергілікті қауымдастықпен бірлесе отырып шешу қажет.

Полиция – бұл халық, ал халық – бұл полиция. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің полиция қызметіндегі сервистік модельді іске асыруы нормативтік тұрғыдан бекітілуі тиіс. Негізгі мақсат – қажеттіліктерге жауап беретін және қоғаммен серік­тестікте жұмыс істейтін кәсіби полиция құру.

 

Сержан ТҰРСЫНБЕКОВ,

Шымкент қаласы ІІО мен

Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі