• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Тарих 27 Маусым, 2021

Ақмола губерниясындағы ажал араны

621 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында 1920 жылдардағы аштық туралы мәліметтерді мұқият зерттеу керек екенін айтқан болатын.

Төл тарихымызды тұмшалаған отаршылық саясатының салдарынан талай ащы ақиқат айтылмай қалды. Олар туралы көзі тірі куәгерлердің әңгімесінен ғана еміс-еміс естідік. Адам жанын түршіктірер алапат аштық орын алса да, кеңестік дәуірде терең мән берілмей, бетінен қалқып өте шығып, 1932 жылы ғана ашаршылық болды делінетін.

Дегенмен миллиондаған адамның опат болуының басты себептері атал­май­тын. Нақты күнәһарды атау бола­шақ­тың еншісінде қалды. Бұл жабық тақырып болып саналды. Бірақ елім деп еңіренген ердің, намысты ұланның бұған қынжылмауы мүмкін емес еді. Енді ғана шындықтың беті ашылып, ашаршылық тарихы айқындалып келеді. Айқындал­ған сайын, оның аумағы мен аясы да ке­ңейе түсуде. Мұның өзі мамандарға, ғалымдарға үлкен жауапкершілік жүк­теп отыр. Олай дейтініміз, ашаршылық Қазақстанда ертерек белең алған. Елде сұрапыл ашаршылық 1921-1922 жылдары орын алды. Аштық салдарынан жер­гілікті жұрттың үштен бірі қырыл­ды. 1921 жылы Қазақстандағы жеті губер­нияның бесеуі ашаршылыққа ұшырады.

Осы арада анықтап алатын бір мә­селе бар. Біз, көбінесе аштық тарихын Кеңестік дәуірмен байланыстырамыз да, оның негізі одан да ертерек қаланға­нын, алғашқы нышандары патшалық Ресей тұсында көрініс бере бастағанын есепке ала бермейміз. Тарихшылардың мәлімдеуінше, Қазақстанда Қазан төңке­рісіне дейін, яғни 1873-1917 жылдар аралығындағы 44 жылдың ішінде 12 рет жұт болған екен. Жаратылысынан жуас халық сол алды-артын жалмаған сұра­пыл жұттардың себебін табиғат апаттары­нан көріп келді. Ал кейін белгілі болғанын­дай, жұттардың жедел қарқынмен орын алуына патшалық үкіметтің де саяси ықпалы аз болмаған сыңайлы. Яғни жоғарыда аталған кезеңде Қазақстанға ішкі Ресейден орыс шаруалары көптеп қоныс аудара бастағаны белгілі. Осыған орай, переселендерге қазақ жерінің құнарлы да құйқалы қоныстары босатылып берілді. Күштеп жасалған бұл әрекеттер көптеген қолайсыздықтар тудырды, сонымен бірге, елдің наразылығы да күшейе түсті. Атақты Ақан серінің «Пат­ша өкіметі» деген өлеңінде:

Барабар крестианға тең болмадық,

Тартылып қай жараға ем болмадық?

Малымыз, жерімізден пайда тиіп,

Қалайша патшамызға дем болмадық?

 

Орыс, ноғай, сарт, сауан саудагерге,

Қалайша малмен,

жермен тең болмадық?

Сексен бес жыл болыпты

бодандыққа,

Қайырсыз патшамызға

ел болмадық,

– деп ашына айтқаны дәл осы кезеңдер еді. Сондай-ақ әйгілі Столыпин рефор­масы – патшалық саясаттың қазақ жер­лерін иеленуге, жергілікті халықты өз қо­ныс­­тарынан күштеп ығыстыруға ба­ғыт­талған нағыз империялық отар­шылдық іс-шара болатын.

Бір қосатыны, айрықша атап өтетін ашаршылық саясатының Ақмола, Көк­шетау аймақтарында аса жедел қарқын­мен жүргізілгендігі. 1904-1906 жылдары Столыпин реформасы іске асыры­лып, ішкі Ресейден көптеген «қара шек­пенділер» көшіп келіп, жерімізге қо­ныс­­танған. Тіпті, патшалық үкімет бұл өлкелерді зерттеуге арнайы комис­сия жіберіп, оның құрамында жер зерттеуші ғалымдар кіріп, белсене жұмыс істеген. Зерттеуге тереңірек үңілсек, кезінде Қа­­зақ автономиялық респуб­ликасы Сая­­­си ағарту басқармасының (Каз­глав­по­лит­просвет) бөлім басшысы Н.И.Мар­да­ровский алғашқылардың бірі болып осы мәселеге назар аударып еді. Оның пікі­рінше, аштықтың себептері: патша үкі­ме­тінің отарлау саясаты, дүниежүзілік және азамат соғыстары, сонымен қатар ха­лықтың сауатының, мәдени деңгейінің тө­мендігі, яғни сыңаржақты, атүсті ба­ғалау.

Жалпы, аштық мәселесіне ғалымдар әртүрлі пікір білдіріп келген. Оның саяси, экономикалық, психологиялық, әлеу­меттік себептерін, негіздерін анықтауға, ғылыми тұрғыда баға беруге, тіпті таптық көзқараста да түсіндіруге тырысқан. Айталық, 1981 жылы А.М.Прохоровтың «Советский энциклопедический словарь» кітабында аштықтың қандай түрі болсын, ол тек «қоғамды социалистік қайта құру негізінде жеңуге болады» делінген. Ал Нобель сыйлығының лауреаты, Гарвард, Кембридж университеттерінің профессоры Амартиа Сен аштықтың себебін халықтың әл-ауқатының төмендеуімен, жұқпалы ауру, өлім-жітімнің көбеюімен байланыстырады. Мысал ретінде, Үнді, Ауғанстан, Африка, Орталық Америка елдерін келтіреді. Солтүстік Корея­да­ғы жасырын жағдайды, аштықты халық­аралық сарапшылар саяси билікпен тікелей байланысты екенін айтады. Ре­сей мұжығы, ауық-ауық елдің аш­тыққа ұшырауын үйреншікті үрдіс деп есеп­тейтін. Қуаңшылықты, табиғи апаттарды құдайдың қаһарынан көріп, егіннің шығу-шықпауын соған байланыстырып отырған.

Қазіргі отандық тарихнамада 1921-1922 жылдардағы аштық соғыс зардап­тары мен қуаңшылық, ауыл шаруа­шы­лығының артта қалуымен ғана емес, кеңес үкіметінің «әскери коммунизм саясатының кесірінен, яғни мал, астық, ет-ұн салығының қарапайым шаруалардан күштеп тартып алуына байланысты екендігі туралы көзқарас батыл жазылып жүр. Тартып алынған азық-түлік Ре­сейдің орталық аудандарына, Мәскеу, Петроград, өнеркәсіп орталықтарына, Қызыл Армияны қамтамасыз етуге үздік­сіз жөнелтіліп жатты. Мал санының ­азаюы, құнарлы егістік жерлердің қысқаруы, кәсіпорындардың, темір жол­дың негізгі бөлігінің істен шығуы – көш­пелі, жартылай көшпелі аудандардың жағ­дайын қиындатып, сыртқы дүниеден бөліп тастады деуге болады. Мұның өзі кейін қажетті жәрдем алуды қиындатты, мардымсыз көмек мүлде берілмей қалды.

Ашаршылықтың тағы бір себебі ре­тінде аштық жайлаған Украинадан, Ресейдің ішкі аудандарынан Қостанай, Ақмола губернияларына мыңдаған босқындардың өз бетінше қоныс аударуын айтуға болады. Үш жыл қатарынан болған жұт, 1921 жылдың қуаңшылығы, жаз айындағы қара шегірткенің қаптауы, көтеріліс, төңкеріс, соғыстың зардаптары, мал басының және азығының азаюы, аштық жайлаған аудандардан бос­­қындардың қаптауы, азық-түлік сая­сатының қатаңдығы бұрын-соңды бол­маған үлкен алапатқа әкелді. Халық арасында сүзек, тырысқақ, іш безгегі сияқты жұқпалы аурулар кең тарады. Үкіметтің оны ауыздықтауға дәрмені де болмады. Дәрі-дәрмектер, мамандар жетіспеді. Жетім балалар саны күрт асты.

«Мир труда» атты губерниялық га­зет­тің 11 маусымындағы санында жа­рия­ланған «Сарыарқадағы аштық» ма­қа­ласында Мағжан Жұмабаев былай деп жазды: «1922 жылдың күз айынан Ақмола губерниясы ажал аранының алаңына айналды». Маусым айының басынан тамыздың орта кезіне дейін Петропавл, Көкшетау уездерін аралап, қиын жағдайды өз көзімен көрген Мағ­жан кейін ашыққандарға көмек көрсету комиссиясына (АшКом) берген есебінде: «Көкшетау уезінің Шұңқырша, Қараша, Мезгіл, Айыртау болыстарында бол­дым. Жағдай өте ауыр. Халықтың 90 па­йы­зы жидек теріп күн көріп отыр. Има­на­лы, Сарыайғыр болыстарында мал ұрлау көбейген» деп жазып көр­сеткен. Айта кету керек, осы жылдың 9 маусымын­да Мағжан Жұма­баев губерния­ның әске­ри комиссары Приморскийге қазақ­тың 100 жетім баласын баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы хат жазады және оның орындалуын бақы­лайды. Көк­шетауда қазақ балаларына жетім­дер үйін салуға атсалысады. («Север­ный Казахстан» газеті, 2008 жыл, 20 маусым).

Атбасар уездік атқару комитеті жо­ғары жаққа мынадай мәлімдеме жі­бер­ген. Онда: «...уездің батыс, оңтүс­тік және шығыс жақ бөлігі қатты аш­тыққа ұшырады, азық-түлік салығын жеңі­л­­детуді сұрайды, көктемгі егіске тұ­қым қажет» деп көрсетілген. Осы құ­жат­тан қалыптасқан ахуалды айқын аңға­руға болады. Архив құжаттарында Баға­налы, Орта Арғын болыстарындағы аштықтың өршіп тұрғандығы да шынайы жеткізіледі. Көкшетау уездік комитетінің 1921 жылғы 12 желтоқсанындағы құпия баяндамасында «Кривоозер ауданын­да аштықтың белең алуына байланысты өз­дерін «махновшылар» деп атаған бандылар тобының пайда болуы, ашыққан, ашынған әйелдердің болыстық коми­теттерден нан талап етіп, астық қойма­ларын басып алу қаупі бар» екені туралы алаңдаушылық білдіріледі. 1921 жылдың екінші жартысында Ақмола губаткомының мәліметі бойынша ашық­қандардың саны 440 мың адамнан асқан, оның ішінде Ақмола уезінде – 66,5 мың, Көкшетау уезінде – 115 мың, Атбасарда – 110 мың, Петропавл уезінде – 150 мың адам аштыққа ұшыраған.

Көкшетау уездік атқару комитетінің төрағасы Жуков экономикалық жағдайды былай сипаттады: «Бидайды бір десятинадан орташа мөлшерде 5 пұттан ғана жинадық. Арпа, сұлы мүлде жоқ. 16 бо­лысты азық-түлік салығынан босату қажет... Қоймалар бос. Басқындар саны 90 мыңға жуықтады. Әсіресе қыр­ғыздардың (қазақтардың) халі мүшкіл, мал­дарына жемшөп жоқ, мал қырылып жатыр. Ұрлық көбейді, көшу тоқтар емес...».

Обалы нешік, осындай ауыр жағдайда жергілікті басқару органдары қолдан кел­генше аштықпен күресіп бақты. Ат­басар, Көкшетау уездерін ресми түр­де аштық аймағына жатқызу туралы бірнеше рет жоғары жаққа хат жолданды. Орталық Атқару комитеті (Каз ЦИК) Ақмола губер­ниясындағы өте қиын ахуалды былай баяндайды: «...жергілікті тұрғындар аштық салдары­нан өліп жатыр. Олар өлімтіктерді, адам мүрделерін де жеп жатыр...». Канни­бализм фактілерінің жиілеуіне байланысты Ішкі Істер Халық Комиссариаты (НКВД) арнайы қаулы қабылдап, ондай адамдарды бірден көпшіліктен аластатып денсаулық сақтау орындарына жеткізу қажеттілігін тапсырды. Ақмола губерниясының ұлан-ғайыр жерінде (37 мың шаршы метр, 15 уезд, 200-ден астам болыс, мыңға жақын елді мекендер) небәрі 4 дәрігерлік пункт жұмыс істеді, маман-дәрігерлер мүлдем болмады деуге болады. Статистикаға сүйенсек, 1922 жылы Ақмола губерния­сында сүзек ауруына шалдыққандар саны – 36 524, тырысқақпен – 4 731, безгекпен – 4 234, ішек ауруымен – 2780, цингамен (құрқұлақ) – 1137 адамға жеткен. Ауруханаларда 8373 адам қай­тыс болған.

Оның үстіне 1921 жылы 21 сәуір­де ғана Омбы губерниясының құра­мынан шығып, Қазақ АССР-нің құра­мындағы Ақмола губерниясы болып қайта құрылғанын ескерсек, үкімет би­лігінің әлсіздігін, жаңа жүйенің әлі де қалыптасып бітпегенін, соғыстан ке­йінгі ауыр жағдаймен ұштасуы – әри­не көп қиындық туғызғанын кө­руге болады. Бұл Сібір ревкомымен де аумақтық-шекаралық дау-да­май­дың бітпеген уақыты болатын. 1921 жылғы 23 маусым­да болған Кир ЦИК-тің (Қазақ АССР Орта­лық Атқару Комитеті) екінші сессия­сында Төралқаның атынан жасалған баян­дамасында Әлихан Бөкейханов: «Ақ­мола облысында бұрынғы биліктің не­гізінде мемлекеттік басқару аппараты құрылды... Осылайша бұл облыс Қырғыз (Қазақ) Республикасының құрамына енді деп хабарлады. Ал Мәскеуден шы­ғатын «Известия» газеті бұрынғы уез­дік деңгейдегі шағын ғана қала Пет­­ропавл ұлан-ғайыр байтақ Ақмола губер­ния­сының орталығы болды» деп жазды. Әкімшілік-аумақтық өзгерістердің де ашар­шылықты ауыздықтауға теріс әсері болғаны байқалады.

Осы жылдардың бір келеңсіз көрінісі – қорғансыз, панасыз балалар санының күрт өсуі еді. Кеңестік баспасөз беттері 1921 жылдан-ақ панасыз балалар туралы мақалалар жариялай бастады, кейін тіпті «Известия» газетінде балалар арасын­да­ғы қаңғыбастық, қылмыс жөнінде Жұмысшы-Шаруа Инспекциясының (РКИ) мәліметі берілді, бұрынырақ та мұндай ақпаратты тек шектеулі ғана адамдар, негізінен басшылар ғана білетін. Ашаршылықтың ауқымы кеңейген са­йын жетім балалардың да саны өсті. Айта­лық, республикада 1921 жылдың аяғында – 128 мың жетім бала болса, ал 1922 жылдың басында олардың саны 333 046-ға жетті. Оларға арнап тамақ­тану орындары, еңбек коммуналары, мектеп-колониялар ашылды. Балалар мекемелерінің лық толып, қабылдай алма­уына байланысты көшедегі бала­лар­ды тұрғындар арасына, не жұмыс орындарына бөлу немесе көршілес Ре­сей облыстарына, тіпті Украина мен оңтүстік өңірлерге орналастыру кең етек алды. Осы уақытта «Ақмола губер­ния­сын­дағы 14 балалар үйінде 9426 бала тәр­биеленген, ал көшедегі панасыздар саны 2963 адамға жеткен». Қаржы, ма­ман­дардың жетіспеушілігі және ма­те­риалдық жағдайдың қиындығына қа­ра­­мастан үкімет орындары бағусыз қал­ған балаларға көмек беру үшін әр­түрлі дең­гейдегі әлеуметтік бөлімдер құр­ды. Олар­дың құзіретіне балаларды орна­ластыру, емдеу, оқыту, санитарлық бақы­лау жасау сияқты міндеттер кірді. Орталық балалар комиссиясының жұ­мы­сының да нәтижесіз болмағанын айт­қанымыз жөн.

Осылайша, губерниядағы ашаршы­лықтың өршуіне және аштыққа ұшы­рағандардың, босқындардың, жергілікті тұр­ғындардың көбеюіне байланысты қалаларда ең кедей және жағдайы жоқ адамдарды тамақтандыру үшін асхана­лар ашудың шұғыл қажеттілігі туындады. Петропавл қаласында – 8, Көкшетауда – 5, Атбасар қаласында – 3, Ақмола қа­ла­сында 3 асхана ашылды. Осы асханаларда аштыққа ұшырағандардың бәрі болмаса да бір тобы тамақтандырылды. Петропавл қаласында 5000, Көкшетау қаласында 1500, Атбасарда 1250, Ақмо­лада 1000 адамға дейін қамтылды. Көк­шетау уезінде жергілікті халықтың қара­жатына 30 азықтандыру пункті ашылып, онда 900 адам тамақтандырылды (Орталық архив, Қор 1215, тізбе 1, іс 19, 53 бет).

1921-1922 жылдардағы ашаршылық туралы айтқанда, табылған құжаттар мен мұрағат көздеріне сүйене отырып, ашаршылық себептерінің тұтас кешенін бөліп көрсететін тарихшылардың пікірі­мен келісуге болады. Құрғақшылық жә­не бірінші дүниежүзілік және азамат соғыстары салдарынан ауыл ша­руа­шы­лығы құлдырап, күйзеліске ұшы­рауы, большевиктердің азық-түлік сая­саты, яғни азық-түлік салықтарының жо­ғары нормалары, сондай-ақ апат мөл­ше­рін кеш бағалаған жергілікті билік орган­дарының жауапсыздығы айналып келгенде ашаршылықтың негізгі себеп­те­рі болды. Жылдар бойы орын алған апаттар мен күйзелістен әбден әлсі­реген ­шаруалар құрғақшылық пен егін­нің шық­­пауына төтеп бере алмады. Әсі­ресе, жаңа қоғамдық қатынастарға бейім­дел­меген қазақ жұртына аталған аштық өте ауыр тиді.

Жас Кеңес үкіметінің осалдығына қара­мастан, ашаршылықпен күрес­тің не­бір тиімді әдістерінің де орын ал­ған­дығын айтқанымыз жөн. Олар­дың қ­атарына ашыққан адамдарды азық-түлік­пен қамтамасыз ету, халық­ты эва­куациялау, егіс науқаны, қайы­рым­дылық қорларының ашылуын, ха­лық­­аралық «Қызыл Ай» қоғамының кө­­ме­гін де атап өткен дұрыс. Қазақ Ор­­та­­лық Атқару комитетінің төрағасы Сейіт­­қали Меңдешевтің бастамасымен құ­­рылған «Ашыққандарға арнайы көмек» комитетінің (Компомгол) атқар­ған жұ­мысы көп еді. «Жылу» жинау нау­қаны мен «Комбед», «Жарлы», «Қос­­шы» ұйымдарының да біршама іс ат­қар­ғандығы тарихтан белгілі. Аштық құрбандарын зерделеу, ауқымын анықтау әлі де тың деректерді қажет етеді.

 

Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,

тарих ғылымдарының

кандидаты