• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Маусым, 2021

Жарқын жылдар шежіресі

672 рет
көрсетілді

 

Балаң шағыңнан көңілің құлай сүйіп, жан-дүниең құштар болғандықтан таңдап алған мамандыққа деген адалдық жауапкершілік жүгін еселей түсетіні бар.

Сартап болған сағым жылдар суреті көкірегіңнен өшпейді екен. Көңіліңнің бір бұрышында бұйығып жатады. Төл мереке қар­саңында тұс-тұстан андыздап, бас көтеріп ойға оралып қояды. Сондай бір оқиғаның  жадыма оралып тұрғаны. Сонау 1980 жылдардың басы. Берекелі қоңыр күз. Алқабында ақық дән тербелген Арқа төсін жиын-терін дүбірлетіп тұр. Ел егін орағына кіріскен. Ырзықты шашпай-төкпей жинап алуға жұмылған жұрттың ішіндегі ісі өнік, еңбегімен өзгеге үлгі боларлық дала ерлерінің берекелі болмысын көрсетпек болып Көкшетау облысының Зеренді ауданына қарасты «Ленин жолы» кеңшарына іссапармен бара қалдық. Кеңшардың партия ұйымының хатшысы Амангелді Ақынов шаруа жайын тыңдап алған соң ағайынды механизаторлар Матағаровтар әулетін ұсынды. Бір әулеттен құралған тұтас звено. Бәрі сайдың тасындай іріктелген, алдынан жұмыс үркіп отыратын майталман механизаторлар. Хатшының жөн сілтеуімен бірлігі бекем, берекесі мол звено мүшелерінің қажырлы еңбегін суретке түсіріп алдым. Келесі күні «Правда» газетінде жарқ ете түсті. Кейін Амангелді Ақыновтың жыр қылып айтқаны бар. Газет жарық көрген күні суретке көзі түскен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Оразбек Қуанышев кеңшарға өзі барып, звено мүшелерінің еселі еңбегіне алғыс айтып, суреттері шыққан газетті тапсырыпты. Мерейім өсіп қалды. Шынтуайтында бұл менің ғана мерейім емес, баспасөздің мерейі еді. Осы оқиға жадыма оралған сайын баспасөздің құдіреті керемет еді-ау деген бір ой көңілді меңдейтіні бар.

Газет бетіне бір суретің, жал­ғыз ауыз сөзің басылса, төбең көк­ке жеткендей қуанатын ба­лаң сезім баураған 1967 жылдары Қара­ғанды облысының бұры­нғы Жезді ауданының «Октябрь туы» газетіне жұмысқа орналас­тым. Қолымнан жетектеп әкеліп, сиқырлы әлемнің табал­дырығын аттатқан қазақ жур­налистикасының ірі өкілі – Көбейсін Еңсебаев еді. Әттең, бір әулеттің жалғызы болғандықтан, артына қарайлап, алысқа ұзап шыға алмады. Әйтпесе қаламы жүйрік, кісілігі мол Көбейсін аға кез келген басылымның ба­ғын жандырып, бағасын арттыратын қаламгер. Сол кісі маған: «Советжан, суретіңе мәтін жаза­сың, шекесіне жолын, бөлі­мін көрсетесің» деп тәп­тіштеп түсін­діретін. Әлі есімде, ол кезде Қара­ғанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті аптасына алты рет шығады. Аудандық газетте жұмыс істеп жүрген ке­зімде ел өмірінен шағын хабарлар, суреттемелер, очерктер жазып тұрдым. Әлбетте, кейіпкерлерімнің суре­тін өзім түсіремін.

Шынайы маман болу үшін талапқа қоса берік білім қажет. С.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің журналистика факультетінің күн­дізгі бөлімінде оқып, білім алуға ұм­тылдым. Ол кездегі тәртіп бо­йынша жоғары оқу орнының іріктеуінен өту үшін басылымдарда жарияланған материалдарың болуы қажет. «Социалистік Қазақ­­стан» газетінің редакто­ры Ұзақ Бағаевтың берген мінез­демесі әлі күнге дейін сақ­таулы тұр. Мінездемеде былай  деп жазылған: «Социалистік Қазақ­стан» газетінің штаттан тыс тіл­шісі Совет Мағзұмов жолдас 1968 жылдан бастап үзбей жазып келеді. Ол бұл уақыт ішінде қысқа хабардан бастап очеркке дейін жазды. Атап айтқанда, «Шабытты шахтерлер», «Алғыс­қа бөленген адам» атты очерк­тері мен басқа материал­дары жа­рық көрді. Қа­рағанды облысы­ның көптеген еңбек озаттарын түсірген бірнеше суреті де басылды».

Талапкер үшін таудай баға. «Социалистік Қазақстан» газеті­нің кеңсе меңгерушісі Мағзұм Көшеков мінездеме жазып берді. Осы арада есімде қалған бір жай, хатқа басылған мөрдің жартылай ғана түскені. Жан жадыратар жы­лы сөзі де жадымда.

– Баламсың ғой, алдыңнан жар­қын жол ашыла берсін, – деп жалма-жан мөрді екінші рет басқан.

Осылайша, жақсы мен жай­саңның ақ батасы қолдап, жолым болды. Қазір ойлаймын, оқуға түскенде ғана емес, жалпы, журналистика саласында да. Білім алып жүрген кезде де республикада қазақ тілінде шы­ғатын барлық басылымда суреттерім жарияланып тұрды. Екінші курста оқып жүргенімде республикалық «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Энгельс Чи-ко-ванның әдейі іздеп келгені бар. Тырнақалды туындыларыммен танысқан атақты фототілші фото өнерінің қыр-сырын ұғындырды. 1970 жылы халықаралық бай­қау­ға Кеңес Одағының атынан қатысып, бас бәйгені ұтып алған аса дарынды суретші мен құмартқан өлкенің өзіндік сырын көкірегіме құйып берді десем де болар. Тіпті тамақ алып беріп, қамқорлығын көрсетіп отырып, қандай сурет түсіруім керектігі туралы тапсырмалар беретін. Тапсырмаларын мұқият орын­дайтынмын. Объективіме ілінген суреттер газет бетінде шығып жататын. Энгельс Чи-ко-ван республикалық «Қазақ­стан пионері» газетінің редак­торы, белгілі ақын Фариза Оңғар­сыноваға қолымнан жетектеп әкеліп, табыс етті. Бас редактор Энгельс таныстырғаннан кейін бе екен, бірауыз сөз айтпастан жұ­мысқа қабылдады. Өмірдегі бір бақытым, жақсы мен жайсаңға жолығып, жолым болып тұрды.   

Төртінші курста оқып жүр­ген кезімде республикаға есімі белгілі қарымды қаламгер Сапар Байжанов «Социалистік Қазақ­стан» газетіне қызметке алды. Универ­ситетті бітіргенше қазақ журналистикасының майталмандарымен бірге жұмыс істедім.

Тағы бір көңіл тоғайтар дү­нием, ұзақ жылғы жұмыс барысында қарапайым еңбек адамдарымен бірге бірнеше мемлекет басшыларын суретке түсірген екенмін. Тұтас бір дәуірдің жылнамасын жасадым десем де болады. Жан аямай, уақытпен санас­пай істеген ісімнің нәтижесі бол­ған­ды­ғына шүкіршілік деймін.

Бір кезде республикалық «Социа­листік Қазақстан» газеті­нің басшыларынан оқуға түсуге жолдама алғандықтан, бүгінгі ел газеті – «Егемен Қазақстан» мен үшін өте ыстық. Шыға баста­ғанына жүз жыл толуына орай өткі­зілген мерейлі мереке барысында мерекелік медальмен марапаттады. Ең бастысы, ұзақ жылдарға созылған әріптестіктің үзілмеуі.

 

Советбек МАҒЗҰМОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі