• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Маусым, 2021

Абай адам болмысы туралы

3411 рет
көрсетілді

Сөз басында заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің  Абайдың ұлы ақын болып қалыптасуының рухани үш бұлағы туралы ойын еске түсіре кетсек. Бұл адамзаттың Абайы атанған түсініктің алтын кілті іспеттес.

«Мұның біріншісі – қазақ халқының, есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, ауызша әдебиет қоры.... Екінші бір қол артқан қазынасы   араб, парсы, түрік тіліндегі Шығыстың көркем классик поэзиясы. Үшінші үлкен өнер, мол азық алған зор саласы – орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Еуропа мәдениеті». Осылай алдымен өз халқының рухани құндылықтарын бойына сіңірген Абай әлемдік мәдениеттің қол жеткен озық үлгілерін талғаммен, таңдаумен және өзі өмір сүріп отырған қоғам мен  туған халқының өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып қабылдады.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басы Ресей империясы­ның Қазақстанды отарлау саясатының тереңдей түсуімен ерекшеленді. Қазақ­тың елі де, жері де өзгенің қолына көшті. Сөйтіп отаршылдық саясаты ешбір елмен салыстыруға келмейтін патшалық Ресей қазақ даласын саяси дербестік пен табиғи даму жолынан айырды. Жергілікті халық тілінен, діні мен ділінен алыстауға бет алып, қоғамда күрделі де қайшылықты өзгерістерге жол ашылды. Ұлттық намыс пен сана-сезім, мәдениет мен ата салт аяқасты етілді. Содан хакім Абайдың «Тоғызыншы сөзде» «Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме өзім ыза болғаннан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты» деп жазуы немесе «Жиырма төртінші сөзіндегідей», «Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістетерлік күн болар ма екен?» деп ­уайымдады, халқын өркениетке жетелер түзу жолды армандады.

Осындай жағдайда «мыңмен жалғыз алысқан», өмірінің саналы бөлігін бо­лыс­тық пен ел билеудің түрлі тағдырлы тір­лігін басынан өткізген, талайдың мінез-құлық пен іс-әрекеттерін көзбен көріп, құлақпен естіген, санамен саралаған Абай шығармаларының басты тақыры­бы, негізгі нысанасы өз кезіндегі феодал­дық патриархалдық қоғам, оның басты тұл­ғасы адам болды.

Хакім Абайдың өз заманындағы қо­ғамды тереңірек білуіне, оның өзекті мә­се­лелеріне жауап беруіне Батыс ойшыл­дарының әсер еткенін, оның өзінің әрі інісі, әрі ең сүйікті шәкірті Шәкәрім Құ­­дай­бердіұлына ағылшынның атақты әлеу­­меттанушысы Герберт Спенсердің шығармаларын оқуды ұсынуы тегіннен тегін емес еді. Ұлы Абай қоғамның сая­си қырын да терең түсінді, бірақ оның өзі­не аса жақын, күн өткен сайын қай­шы­лығы күшейе түскен рухани жағын мұрат еткен сияқты. Содан «Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ, Наданның көзін қойып көңілін ашпақ...» деген өлең жолдарындағы асыл тұжырымды қара­сөздерінің де азаматтық кредосы етті. Біз осы жанрдағы Абайдың адам болмысына қатысты кейбір ойларына ғана қысқаша жүгініп отырмыз.

Алдымен мына жайларға назар аудара кетейік. 1890 жылдары ақындықтың асқақ шыңына шыққан, ойшылдық кемелі толысқан, алайда өз сөздерімен айтқан­да, ер ортасы жасқа келген, қажыған, жа­лыққан, істерінің баянсызын, байлау­сызын көрген, бәрі қоршылық екенін біл­ген Абай ақындық асқақ қуатына мақ­сатты түрде қарасөз жанрын серік етеді. Мұның үстіне Ділдадан туған екінші ұлы Әбдірахман 1894 жылы науқасқа ұшырап, 1895 жылы қайтыс болғаннан кейін әке болмысында үлкен күйзеліс кезеңі басталады. Осы жылдары жазылған жиырма жеті өлеңнің он үші Әбдірахманға арналды. Қайғы сәл басылып, 1896 жылы жиыр­мадай өлең, араға бір жыл салып, 1898-1899 жылдары 15 өлең жазады. Содан 1903 жылға дейінгі төрт жылда барлығы 11 ғана өлең жазылған. Мұның барлығы төр­кінді мәселелер болатын.

Мәңгілік өсиет пен айрықша аманатқа тамылжыған қарасөз маржандарының ақ қағаз бетіне түскендеріне ғасырдан асты. Алайда олар дәл бүгін айтылған­дай айқын, қазір жазылғандай жарқын, жарқырап тұр. Бұл, бір жағынан, ұлы Абайдың шынайы хакімдігін тағы да паш етсе, екінші жағынан, қазағымның да сонау заманнан тым ұзап кете қоймағанын байқатады.

Ұлы ойшыл ең бірінші адам болмы­сының бөлек туынды екеніне, сонан оның жанының хайуаннан ірі жаратылғанын түсіндіруден бастап, оған тән қасиеттер мен қажетті дүниелерге, оның ерекшелік­теріне, қоғамдағы қалыптасуы мен жеті­луіне барынша назар аударады. Бұған өзінің бай өмір тәжірибесін, ақыл парасатын, хакімдік қаракетін бағыттаған. 1891 жылы жазған «Жетінші сөзінде»: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны біл­меген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдайтағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан...» деп адамзат қауымын хайуандар дүниесінен бөлек екенін, оның ерекшеліктерін көрсетеді. Осы ойды әрі қарай жетелей, тереңдете түсіп: «Жас бала да анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, Һәм өзі өспейді, қуат таппайды». Ал «көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді» және «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» дегендердің барлығы жан құмары екенін атап көрсетеді. Бірақ осы адам жанының өз-өзінен өсіп, жетілмейтіндігі мен күрделілігі «Он тоғызыншы сөзде» былайша айтылған: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұс­тап, татып ескерсе дүниедегі жақсы жа­манды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» дейді. Сонымен қатар әрбір естіген нәрсенің жеке өзі ештеңеге жарамайтыны, сол естілерден естіп, жақсы нәрселерді ескеріп, жаман дегеннен сақтанса, сонда ғана оны естігені іске жарайтын адам десе болатыны ескертіледі. «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» деп адамды өсуге, жетілуге жетейлейтін, кемелдікке келтіретін жолдар көрсетілген.

Абай «Қырық үшінші сөзінде» бұрын айтылған адам баласының екі нәрсемен: «бірі – тән, бірі – жанмен» ерекшеленетінін, бірақ қайсысы еріксіз болатын табиғи, туа біткен, қайсысы еңбекпен табылған қасиеттер екенін білу керектігін тағы да ескерте отырып, адамзат өмірінде кәсіби қасиеттер болып саналатын ақыл, ғылым күшімен көрмегенді көреді, білмегенді таниды дейді. Ал «Көзбенен көріп, құлақ­пен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі» деуі осыдан. Бұдан әрі адамның есею, ақыл жинау үдерісінің аса күрделі екені, ол жүйелі ойды, жоғары жауапкершілікті, ерекше жинақылық­ты талап ететіні былайша суреттеледі: «Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейте алса, ол – көп жиғаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын – бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай етіп бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз».

Өз замандастарының жетіле түсуін армандаған, оған жеткізетін асыл қасиет­терінің бірі жадының мықты болуына ерекше көңіл бөлген Абай «Отыз бірін­ші сөзінде»: «Естіген нәрсені ұмыт­пас­тыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкі­регі байлаулы берік болмақ керек; екін­ші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғиб­рәтлану (үлгі алу) керек, көңілденіп, тұ­шынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қай­тарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек». Бұл айтылғандар адамды өсіретін, қалыптастыратын, тұлға ретінде әлеуметтену, толысу үдерісіне жетелейтін қағидалар мен ұстанымдар. Ал «ой кеселдері» деген, Абай атап көр­сеткендей, «уайымсыз, салғырттық, ойыншы күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер». Бұлар – адам ­баласын өсірмейтін, өшіретін өріссіз әдет, бүкіл қоғамды кері кетуіне ықпал ететін зиянды тірлік.

Абай өзінің көптеген қарасөздерін­де адам тәрбиесіндегі еңбектің рөліне ерек­ше мән берді. Жоғарыда айтылған қарасөздердегі ойлардың да негізі еңбекте, ақылды әрекетте жатыр. «Екінші сөзінде» өз елін солтүстік, оңтүстік көрші жатқан аймақтармен, көрші халықтармен салыс­тыра отырып, олардың артықшылықта­ры өнерлерінде, кәсібінде, сауда-саттық­пен айналысуында екенін атап көрсете­ді. «Еңбек етіп, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда», «Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері» деп өзге елдердің өнегелерін үлгі етті. Ал «Жиырма тоғы­зын­шы сөзінде» қазақтың «Жарлы болсаң, арлы бол» дегенін қолдай отырып, «Ардан кеткен соң, тірі болып жүргенің құрысын» деп арсыздықты өліммен теңгеріп, ал жаныңды қинап, маңдай теріңді төгіп, еңбекпен мал табу – «ар кететұғын іс емес» екенін ескертеді. «Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп алдыңғы ойды күшейте түседі. Абай бұлармен шектелмей, еңбектің мақсат мұратына «Отыз жетінші сөзде» былайша арнайы көңіл бөледі: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек кыл­саң, Алланың сүйген құлының бірі бо­ласың». Ал «Төртінші сөзінде» «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» деп адам болмысына қайшы қасиеттерді барынша өткір, аяусыз сынаса, «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп адал еңбекті марапаттады, ха­­лықты осы еңбекке шақырды, үндеді.

Қалың халық арасында көп болып, талайлардың тағдырына көз жіберіп, ой тоқтатқан ұлы ойшыл қазақ даласындағы барлық жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы болып, адамды «ақыл, білім, ар, мінез» арқылы жоғары дәрежеге көтеріп, асқақтататындай қоғамның прогрессивті дамуын аңсады, армандады, соның жолын іздеді. «Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше белгілі бір парқын көрдім» деп басталатын «Он бесінші сөзінде» адам баласы пенде болып жаратылғаннан соң дүниедегіні қызық көрмей жүре алмайтынын, алайда есті адамның орынды іске қызығып, құмарланып іздейтінін ескертіп, ал «Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын ит қорлықпен өткізіп алады екен» дейді. Сонымен қатар «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деп жинақылыққа, жүйелілікке, реттілікке, жауапкершілікке жетелейді. Осылай өткенді салмақтап, өмірдің құнын бағалай білуді, оны «не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен» өткізе алдым ба, әйтпесе босқа кетті ме деп ақыл таразысына салуға кеңес береді, терең ойлылықты нұсқайды. Шынына келгенде, адам болмысы да осылай өседі, қалыптасады, же­тіледі емес пе?

Абай адам үшін ең басты қажеттілікке білім мен өнерді жатқызды, сондықтан адамның жан азығы – білуге құмарлығы, бұл болмаса оның малдан айырмашы­лы­ғы жоқ деп кесіп айтты. Білмекке құмар­лық­ты қанағаттандыру – дүниенің көзге көрін­ген және көрінбеген қасиеттерін танып білу, іздену, сұрап білу, ғылымға ұмтылу, дүние сырын білу, бұлар көкірекке сәуле, көңілге сенім береді деп өмірдің адам болмысы үшін шынайы мән мағынасын айқындады. Ал өнер, ғылымды қайдан үйренуге, қалай білуге болады деген сұ­раққа өзінің «Жиырма бесінші сөзінде» ең жақын солтүстік көрші Ресейді өнеге тұтты: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыс­та зор. ...Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады». Онан әрі хакім ғылым мен өнердің – дүниенің кілті екенін, оны білгенге дүние арзанырақ түсетінін шегелеп айта отырып: «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұят, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма» деп ойын барынша жан-жақты, тиянақты түйіндейді. Алайда Абай орыстың тілін, оқуын, ғылымын білгенде оның пайдасына ортақ болумен қатар «зарарынан қашық болуды» да естен шығармауды ұсынды, ойсыз бас шұлғи беруден сақтандырды.

 Шығармашылықтың алғашқы жыл­дарында-ақ Абай «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп өкінген, іле шала «Ғылым таппай мақтанба», қоғамда өз орныңды «таппай баптанба» деп ескертіп, ғылым жолының ауыр екенін, оны жаны таза, ізгілігі мол жан ғана игере алатынын айтқан болатын. Бұл ойлар «Он сегізінші сөзінде» одан әрі дами түсті. «Те­гінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп ғы­лымды игеруді бүкіл адам баласының басты қасиеттерінің бірі ретінде атады. Әсілі ғылыммен қоғам да, адамзат баласы да ілгері жылжитынын, алға басатынын, ал ұлы Абайдың бұған «ақыл, ар, мінезді» жайдан жай қосып отырмағанын терең түсінген абзал. Бұл ойлар кімге болса да аса бір тағылымды дегіміз келеді.

Абай қазақ қоғамы осылай өзінің рухани дамуында түбегейлі өзгерістерді қажет етіп отырғанын және мұндай өзгерістер ең бірінші білім мен ғылымның арқасында ғана жүзеге асатынына өз қарасөзде­рін­де қайта-қайта оралып отырды. Адам баласының білім арқылы өз ақыл ойын, дарын қабілетін, таным түсінігін, рухани өресін, адамгершілік пен имандылық қасиеттерін үнемі, тоқтаусыз жетілдіре, байыта түсетініне сенді, оған бойдағы бар күш-жігерді мақсатты түрде жұмсап отыруды қажет деп санай отырып, «Отыз сегізінші сөзінде» күллі адам баласын қор ететін ортақ үш нәрсенің барын, содан қашудың қажетігіне кеңірек тоқталады. «Күллі адам баласын қор ететін ортақ үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» деумен шектелмей, автор олардың ішкі себеп-салдарларын жан-жақты ашып берді. «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білім­сіздік хайуандық болады» деген ойын: «Надандықтың кесапаты әр жерде-ақ маң­дайымызға тисе де, ата жолдасымыз бол­ған соң, біз де қиып айрылмай келеміз. Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты. ...Дүниеде ер­ге теңдік, кемге кеңдік, азды көпке тең­геретін ғылым менен өнерді, елсізді елдіге теңгеретін, жоқты барға теңгеретін ғылым менен өнерді керек қылатын қазақ аз» дегенмен жалғасыра түсті, замандастарын ойға алып налыды.

Ал «Еріншектік – күллі дүниедегі өнер­дің дұшпаны. Талап­сыздық, жігер­сіздік, ұятсыздық, ке­дейлік – бәрі осыдан шығады» деп Абай бар әлеуметтік ке­­селдің қайнар көз­дерін көрсетеді. «За­лым­­дық – адам бала­сының дұшпаны», сон­дықтан ол адамды әлеуметтік топтан айырып, хайуандар, тіпті, жыртқыштар әлеміне қосады дейді. Бұдан ащы айту мүмкін емес. Ал қазір осы Абай айт­қан сөздерге ғасырдан асқанда, өз тізгі­німіз өзімізде тәуелсіз ел атанғанда жоға­ры­дағы надандық, еріншектік, тіпті зұ­лым­дықтан құтыла алдық па, әлде бұл құ­былыстар түрлі көріністерге ие болды ма? Әсілі жаппай сауаттылық пен өркениеттің белгілі дәрежесі қоғамдағы бұл көріністерді жоя алмайтын сияқты. Бүгінгі қоғамдағы қылмыскерлер арасынан бірде бір сауатсызды, сана сезімнен артта қалулықты табу қиын болары сөз­сіз. Міне, тәрбиесіз білім қауіпті деген әл-Фараби ұстанымының мәні осында жатыр. Күллі адам баласын қор ететін үш нәрсе туралы ойлары Абайдың бір жағынан қазақты қаншалықты сүйе алса, соншалықты оның қайшылықты жай­ларын сынай да алғанын көрсетсе, екін­ші жағынан хакім Абайдың әлемдік дең­гейдегі ойшыл екеніне тағы бір таптырмас дәлел бола алады.

Біз әңгіме объектісі етіп отырған қа­ра­сөздердің кез келгені тағылымды, адам болмысының сан қырларын ашады. Де­генмен «Он жетінші сөзді» адам болмысын қалыптастыруда ерекше мағыналы, айрықша мазмұнға бай дегіміз келеді. Шіркін осыларды терең түсініп, әркім өмірлік мұрат етсе, бақыты алдынан шығар еді. Абай осында адамның келесідей асыл қасиеттеріне тіл бітіріп, сан жетпес үлгі өнеге, өсиет ұсынады. «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп» әрқайсысы өзінің ерекшеліктерін, өзгеден артықтығын айтып, өздерінің мәртебелерін көтере отырып, ғылымға жүгініпті, сонда ғылым үшеуінің де сөз­дерін, өзіндік артықшылықтарын атап көрсете келіп: «Осы үшеуің бір кісі­ден менің айтқанымдай табылсаң­дар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сон­­да, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қал­­пыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, – депті». Бұл сөзден алар тәліміміз, біріншіден, тірлікте бірліктің, түсіністіктің және үйлесімділіктің қа­жеттігі. Екіншіден, ұжымдық іс-әре­кет, бірлесе, тұтаса қимыл жасау – бере­келі тірліктің бастауы. Үшіншіден, таза­лық, қалпыңның тазалығы – адами болмы­сыңның асылдығы мен құндылығы.

Мұның барлығы өз кезіндегі феодал­дық патриархалдық қоғамның басты құн­дылығы – адам, жәй ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толымды адамның, Абайдың арманындағы толық адамның іргетасы, соның бойына қажет асыл қасиеттер болатын. Ал кемел не толық адамның қоғамдағы орны қандай деген мәселеге де назар аудара кеткен артық емес. Соңғы кезде қазақстан­дық­тар­дың ел өміріне белсенді араласу­ға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ын­тасы артып келеді. Бұл жайдан жай емес. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы­ның болашағы мол. Мұны жетілдіре түсу аза­маттық қоғамға барар жолымыз да, соны құрар амалымыз да дегіміз келеді. Тек бұл мәселеде шынайылық, тазалық, әді­леттілік және батылдық қажет. Бұл – әді­летті қоғам, мемлекет құрудың әлеу­мет­тік тәсілдері, осындай қоғамның толық мүшесін қалыптастырудың да құдіретті де таптырмас құралы.

Құдайға шүкір, халқымыз сан ғасыр күресіп, жеткізген тәуелсіздіктің отыз жыл­дығына таяп қалдық. Қоғамның бар­лық дерлік саласында үлкен өзгерістер жү­ріп жатыр. Әлемдік қауымдастық­тан өз орнымызды ойып алдық. Алайда хал­қымыздың санасы Абай заманынан ерекше артып кетті дей алмаймыз. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, біз сан жылдар алдымен патшалық Ресейдің «бұратана» халқы болдық. Екіншіден, жалғыз партияның билігіне сүйенген ке­ңестік қыспақта болдық. Жеке билік еш­уақытта жақсылыққа бастаған емес. Үшін­шіден, тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл­дай болса да, тәуелсіздік алдымен сана­ның тәуелсіздігі екенін терең түсіне алғанымыз жоқ.

Адам болмысын, оның жеке асыл қасиеттері туралы көп толғанған, ылғи да толғаныс үстінде болған, қазақ қо­ғамы үшін келешек ғасырларға, бүкіл адам­затқа қызмет ететін мол мұраның иесіне айналған Абайды тану, оның шы­ңына көтерілу, оның ұлылығын, нағыз ойшыл­дығына терең бойлау – аса маңызды мә­селе. Әсіресе, Абай танымындағы адам­ның әлеуметтену үдерісін білу, зерттеу, бүгінгі тәуелсіз елімізді тұғырлы ете түсу­де адам факторының ерекше маңызды еке­ніне көңіл бөлу қажет-ақ. Осы бағытта Абай академиясы арқылы өткен рухани һәм тарихи құндылықтарымызды сонау әл-Фарабиден бастап Алаш ардақтыла­ры­ның ұлы мұраларын кеңінен зерделеуге, терең де жан-жақты насихаттауға бет бұрсақ, ұтарымыз көп болар еді. Бұл алдымызда тарихына отыз жыл толатын тәуелсіздігімізді тұғырлы етуімізге де мүм­кіндіктерді байыта түсер едік.

 

Әбдіжәлел Бәкір,

саяси ғылымдар докторы,

профессор