• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Шілде, 2021

Елорда – Тәуелсіздіктің бірегей жетістігі

2023 рет
көрсетілді

Халықты жасайтын – тарих, тарихты жасайтын – жеке тұлғалар. Дәуір ағысын алыстан аңдап, қажетті шешімдерді дер кезінде шығарып, уақыт толқынын бағындыра білетін ұлт көсемдері. Елдікті сақтайтын да, ел сенімін ақтайтын да солар. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осындай тұлғалардың бірі емес, бірегейі.

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде ел­дің ес жиып, етек жауып, өркениетті мемлекеттер қатарына қосылғаны, Еге­мендігіміз баянды, Тәуелсіздігіміз табанды болғаны, ұлтымыздың рухани қуатын шыңдап жатқан уақыт — Елбасының сауатты да салмақты тұлғасының ұзақ жылғы табысты еңбегінің заңды жемісі, тарих алдындағы жеңісі екендігі ақиқат.

Елбасы туралы айтқанда Елорда туралы сөз қозғамау мүмкін емес. Елорда – Елбасының жасампаз идеясынан жарып шыққан қайталанбас қолтумасы. Жалпы әр адамның тағдыр жолы сан тарау, пешенесі әрқалай қалыптасады ғой. Бірақ әркімнің өмірінен бөлек, бір ортада табысқан, бір арнада тоғысқан ортақ тағдырлар болады. Оның жарқын бір мысалы – Елорда және елордалық­тар дер едім. Әрине, тәуелсіз еліміздің тұңғыш астанасы жайлы бүгінге дейін айтылған әңгімелер аз емес. Десе де, Елорда туралы естеліктер қанша болса да сөз сарқылмайтын, теңеу таусылмайтын, айтылған сайын ашыла түсетін өміршең тақырып.

Елдің тірегі Елорда болғанда, бас қаланың жүрегі – оның тұрғындары. Себебі Елорда – тәуелсіздігіміздің ны­шаны, халықтың болашаққа деген ұмты­лысының, ізденісінің көрінісі. Елорда – әр адамның жүрегінде, сондықтан ол туралы әрбір тұрғынның өз айтары бар.

Бұл ретте мен ел астанасының Алатау етегінен Сарыарқаның төсіне ауысуы – өткен 30 жыл ішіндегі тәуелсіздігіміздің ең маңдайалды, жарқын да жоталы жетістіктерінің бірі емес, бірегейі деп санаймын.

Сөз жоқ, бұл тек тәуелсіздіктің ар­қа­сында ғана қол жеткізуге болатын та­рих­тың сындарлы сәті, тағдырдың баянды бағы еді. Біздің буынға осы ұлы өзгерістер мен мүмкіндіктің куәсі болу бақыты бұйырыпты. Әрине, мұның барлығы өздігінен бола салатын дүние емес. Бас қаланың жоқтан бар болуы ең алдымен – елдің қамын ойлаған Елбасының мемлекет мүддесі жолындағы өлшеусіз өрлігі мен талассыз ерлігінің арқасы. Тұңғыш Президенттің өзіне ғана тән асқақ азаматтық еркі мен биік рухы, қайыспас қайраты мен пайымды парасаты, көреген көшбасшылығы мен кемел көсемдігі біздің халқымызға бүгінгі елорданы сыйлады. Елбасының жаңа астана салу туралы идеясы бол­мағанда – Сарыарқаның төріндегі сәу­леті дәулетіне жарасқан бүгінгі бас қала­мыз да болмаушы еді.

Бұл шешімнің жеке адамның өмірін ғана емес, тұтас қоғамның көңілін шар­пыған, жалқының ғана емес, жалпының тағдырын қамтыған тағдыршешті, тарихи бетбұрыс болғанына бүгінгі уақыт дәлел.

Бас қаланы жаңадан салу идеясынан бастап, оның әрбір даму кезеңін көңі­лінде түзіп, жүрегінен өткізіп, әрбір бой көтерген ғимараттың іргетасынан бастап қаланған кірпішіне дейін қадағалаған Елбасының ерен еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды.

Қала әкімінің орынбасары болып тұрған кезде өзім аңғарған, көзім анық жеткен бір ақиқатты айта­йын. Елордада қандай ғимарат бой көтерсін, қандай құры­лыс салынсын, барлығында Ел­ба­сының өзіндік қол- ­­таңбасы, қамқор жа- ­­на­шырлы­ғы, ерекше назары тұрды. Қан­дай нысан болсын үлкен немесе кіші, әлеуметтік немесе коммерциялық деп бөлмей, барлығына бірдей қарады. Бүгінге дейін де бас қаланың даму барысы мен бағытын үнемі жеке назарында ұстап келеді.

Сондықтан, Президенттік өкілдіктен өз еркімен бас тартып, тарихи шешім қабылдаған соң, қалың халықтың қала­уымен, тұтас қоғамның қолдауымен бас қалаға Нұр-Сұлтан атауының берілуі – тарихи әділдік болғаны даусыз. Елорда тек қала тұрғындарының өмірін ғана емес, тұтас елдің тағдырын өзгертті. Ел дамуымен бірге бой көтерген жаңа ел астанасы халықтың жалпы тұрмыс-тіршілігі мен өмір салтына ғана емес, қоғамның ой-өрісіне, талғам-танымына үлкен әсер етті. Бүгінде ел өңірлері – бас қалаға қарап бой түзейді, ел азаматтары өз келешегін, балаларының болашағын елдің астанасымен байланыстырады.

Астананы ауыстырудың, әсіресе, тә­уелсіздік ұрпақтары үшін танымдық әрі тәрбиелік маңызы зор болды деп санаймын. Өскелең ұрпақ тәуелсіз елдің тұғырлы елордасы болатынын білді. Елордалар тізбесінің тамыры терең тарихын ұғынып, ел дамуының қарқынды қалпы қай кезеңде де оның астанасымен тығыз байланыста болатынын түйсінді. Бұл ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің ұрпақ бойына терең сіңіп, патриоттық сезімнің қалыптасуына түрткі болды.

Елордада тұрақты түрде әскери па­рад­тар өткізіліп, мемлекеттің Бас Туын кө­теру рәсімін жыл сайын салтанатты шара аясында ұйымдастыруды жолға қойдық.

Бүгінде елорда – жастар қаласы. Яғни болашақ зияткерлік ортаның дәл осы орталықта қалыптасатыны – талассыз болжам. Оның алғышарттары бүгінде жоқ емес. Қалада орта мектептер саны 1997 жылы 46 болса, бүгінде 123-ке жетіп, оқушылар саны 200 мыңға өсті. Шәкірттердің бүгінгі заман талабына сай­ ізденістеріне толық жауап беретін за­ма­науи стильде, қажетті техникалармен жаб­дықталған жаңа «Оқушылар сарайы» ашылды.

Қай заманда да студенттер ең бел­сенді жастар тобына жатады. Мектеп бітірген әрбір жас жоғары білім алуды армандайды және ел астанасына келіп студент атануды мақсат тұтады. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 16 ЖОО бар және республика бойынша ел студенттерінің 10%-дан астамы бас қалада білім алып жатыр.

Солардың арасында әсіресе білім бе­ру­дің әлемдік барлық стандартына то­лық сай келіп отырған «Назарбаев Уни­верситетінің» танымалдығы мен өзіндік білім беру ерекшелігі ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де үлкен қызы­ғушылыққа ие екендігін ерекше атап өткім келеді.

Бүгінде елорданың өзінің жас интел­­лигенциясы толық қалыптасты. Мә­де­ниет саласында «Жастар театры» жеке отау тігіп, құрылды. Жазушылар ода­ғы­ның елордалық филиалы бүгінде өзі­нің деңгейіне сай нығайып, елдің ең негізгі шығармашылық орталығына айналды. Мұның барлығы да елорданың өзіндік руханиятының, мәдениеті­нің қалыптасып, дамуына үлкен серпін беріп келеді.

Менің бас қаладағы қыз­метімнің басталуы – ел астанасының алғашқы 10 жыл­дық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Оны лайықты ұйымдастырып, абы­ройлы өткізу – біздің сол кездегі жас мемлекетіміз үшін маңызды еді. Сол кезден бастап табан аудармай 7 жыл бойы бас қаламыздың дамуы мен өсіп-өркендеуіне, соның ішінде қаланың әлеуметтік саласының қыр-сырына қа­ны­ғып, маңызды мәселелерін шешу жо­лында қолымнан келгенше еңбек ет­тім. Сол жылдары әсіресе астанадан мүм­кіндік іздеп, ел ордасына ағылған ішкі көші-қон ағыны қарқынды болды. Қала тұрғындарының саны жыл санап емес, ай санап ұлғайып отырды. Бұл өз кезегінде – балабақшадан бастап, мектеп, аурухана, халықты жұмыспен қамту, мәдениет үйлерін, спорт ғимараттарын салу сынды толассыз да тынымсыз жұмыстардың дер кезінде шешімін табуын талап етті.

Қаланың бүгінгі күнге дейінгі өсу қарқыны еш тоқтаған жоқ. Мысалы, 1997 жылы қалада 36 ғана балабақша болған екен. Қазір қала бойынша 410 мектепке дейінгі орталықтарда 55 мың­нан астам бала бар. Дегенмен, бала­бақшалар санының қарқынды өсуіне қара­мастан, орын жетіспеушілігі мәсе­лесі елордалықтар үшін әлі де өткір тұр. Мұның өзі астанадағы бала туу көр­сеткіші мен көшіп келіп жатқан жас от­басылар қатарының қаншалықты қар­қынды екендігін көрсетеді.

Жалпы, қаланың алғашқы Бас жос­пары бойынша елордалықтардың саны 2030 жылға қарай 1 миллион 200 мың адамды құрайды деген болжанған. Деген­мен ел азаматтарының бас қалаға кө­шіп келу қарқынының нәтижесінде бұл көрсеткіш жоспарлы мерзімінен 10 жыл бұрын орындалды.

Астаналықтардың өмір сүру ұзақ­тығы 1997 жылдан бері 69 жастан 75 жасқа жетіп, республикалық орташа көрсеткіштен асып тұр. Мұның өзі тұр­ғындардың әлеуметтік тұрмысының кө­­теріліп, қаланың денсаулық сақтау сала­­сының жүйелі жетілгендігінің көр­сет­кіші. Бір ғана мысал, егер 1994 жылы сол кездегі Ақмола қаласында 10 ғана емхана болса, бүгінгі күні түрлі бағыт бо­йынша медициналық орталықтардың саны 250-ге жетіп отыр.

Астаналықтардың ғана емес, бүкіл елдің игілігіне айналған, қала берді ха­лық­аралық маңызға ие болған бас­ты ғимараттар да осы жылдар ішінде бой көтерді. Олардың қатарында, «Тәуел­сіз­дік Сарайы», «Хан-Шатыр» сауда орталығы, «Қазақ Елі» тәуелсіздік монументі, «Мәңгілік Ел» салтанатты аркасы, сәулеті келіскен «Астана-Опера» опера және балет театры, еліміздегі тұң­ғыш жабық «Астана-Арена» стадионы, Qazaqstan орталық концерт залы, «Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Қазмедиа орталығы», руханият орталығы – «Хазірет Сұлтан» мешіті сияқты сәулеті мазмұнына сай ны­сандар бүгінде халық игілігіне жаратылып келеді.

Астана тек біздің еліміздің ғана саяси-әкімшілік ордасы болумен шектелген жоқ. Қысқа уақыттың ішіне жас қала­мыз – әлемдік деңгейдегі халықаралық орталыққа айналып үлгерді. Жаһан жұрт­­шылығы Қазақ елінің астанасын – бей­бітшілік пен тұрақтылықтың жаршысы, бітімгерлік пен келісімге келудің алаңы ретінде таныды.

Осы жылдар ішінде, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы мәртебесінде ұйымдастырған «Астана Саммиті», VII Қысқы Азия ойындары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съез­дері, Ислам конференциясы ұйы­мы елдерінің форумы, Астана экономи­калық форумы сынды әлемдік іс-шара­ларды елорда атынан қабылдау жұмыс­тарына белсене араластық. Елдің көңі­лінен, Елбасының сенімінен шығып, тұтас ұжымдық ұйымшылдықпен бар­лығын да абыроймен өткізе білдік. Жал­пы қай қызметте жүрсем де, елорда­мыз үшін еңбек еткен жылдарымды өмір­баянымның жарқын белестерінің бірі деп санаймын және әрқашанда жылы сезіммен еске аламын.

«Астана – Отанымыздың жү­ре­гі, Тәуел­сіздігіміздің тірегі» (Н.Ә.Назар­баев). Астана – ұлан-ғайыр еліміз­дің бас қаласы, әлем таныған жас қала. Біздің дәуіріміздің ХІ-ХІІІ ғасырларында Ар­қада қыпшақ тайпалары көшіп-қонып жүрген. Өткен ғасырда археологтер Ақмола жерінен көне қаланың орнын тапты. Бозақ – қазіргі астанадан небәрі 15 шақырым жерде. Қалашық Х-ХІІІ ғасырларда гүлденіп, Жібек жолы бо­йын­дағы сауда орталықтарының біріне айналған. Сондай-ақ Бозақ қыпшақ билеу­шілерінің елордасы болған. Демек Ел­басымыздың астана орнын Арқа тө­сіне таңдауы кездейсоқтық емес, та­рих­ты болжап, болашақты түйген көрегендік. 1996 жылы Ақмола қаласын астана жасаймыз дегенде қоғамның басым бөлігі күмәнмен қарады. Алайда 1998 жылдың 10 маусым күні тәуелсіз Қазақстан жаңа да жас қала – Астананың атын бүкіл әлемге паш етті.

Етек-жеңін енді қымтап, есін жиған егемен елдің бірегей ұлдары Қазақ елі­нің болашағы үшін барын сала еңбек етті. Халқымызда «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген дана сөз бар. Астана дамып, көркейе түсті. Айбын­ды астанамыз жарық жұлдыздай жар­қыра­ды. Астанамыз әр күні жылға татитын, әр жылы ғасырға тең қарқынмен даму­­­дың даңғыл жолына түсті. Астана – сәу­ле­ті келіскен алып шаһар. Бас қала­дағы ең ғажайып, әсем мұнара – Бәйтерек. Тір­шілік иелеріне тірек, сүйеніш, қорған, пана деген ұғымды білдіретін алып мұнара еліміздің символына айналған. Гүлденген астанамыз, түрленген жас қала­мыз – елдік пен тұтастықтың ғажа­йып үлгісі. Жас ұрпақтың келешегін ойлай­тын кемеңгер тұлға – Нұрсұлтан Әбіш­ұлының ұлы дала төрінен асқақ та ғажап қала тұрғызуы – теңдессіз қай­сарлық. Әр елдің Астанасы – сол елдің төл­құжаты. «Астанасына қарап елін тани­ды» деген Елбасы сөзінде терең мән бар. Астанадай ғаламат қала Қазақ жерінің мәңгілік жерұйығына айналады.

Сарыарқа төсінде XXI ғасыр ғажа­йыбы, әлемдік мегаполис, арман қала бой көтерді. Осы жылдар ішінде қала халқының саны үш есе артып, 298 мың адамнан 1 миллион адамға жетті. Қала хал­қының табиғи өсімі 5,5 есе ар­тып, әрбір мың адамға шаққанда 4,8-ден 26,4-ке дейін өсті. Елордадағы жо­ға­ры оқу орындарының саны үш есе кө­бейді. Жыл сайын жас отау, жаңа­дан шаңырақ құратын жастар саны 3 мыңнан 11 мыңға дейін көбейіп, төрт есе артты. Осы жылдар ішінде жаңа жұмыс орындарымен қамтылған астаналықтар саны 136 мыңнан 466 мың­ға дейін өсіп, 3,5 есе артты. 20 жыл ішінде қала аумағы 258 шаршы шақы­рымнан 800 шаршы шақы- рым­ға дейін өсті. Еліміздің елордасы Ақмола­ға қо­ныс аударғаннан бергі өткен 20 жыл – мемлекетіміздің қауіпсіздігін, гео­саяси еркіндігін, территориясының мыз­ғымастай беріктігін, ел экономикасы­ның қарқынды даму стратегиясын қам­та­масыз еткен тәуелсіз Қазақстан тари­хындағы бетбұрыс кезең. Айта кетер­лігі, осы жылдар ішінде Астанада Тәуел­сіздігіміздің символдарын айшықтайтын алып та бірегей нысандар бой көтерді. Мәселен, «Бәйтерек» пен «Қазақ Елі» мону­менттері Мәңгілік Еліміздің ең­се­лі ескерткішіндей. Халықаралық дең­­гей­­дегі алқалы іс-шараларды өткі­зу­ге ар­налған Тәуелсіздік сарайы, Бей­біт­шілік және келісім сарайы әлем­дік маңыз­ды мәселелер қаралатын, ше­шімдер қабыл­данатын орталық ретінде таныла бастады.

Ал «Қазақстан» концерт залы, «Ас­тана-Опера» опера және балет театры, «Шабыт» сарайы секілді бірегей өнер сарай­лары әлемдік сәулет өнерінің озық үлгі­леріне жататын ғажайып ғима­рат­тар ретінде келушілерді тәнті етуде.

Тәрбиелік тұрғысы жайлы толғасақ, Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы біз еліміздің келешегі  жас ұр­пақтың бойына отансүйгіштік қасиет­терді дарытып, қанына патриоттық сезім­дерді сіңірудеміз. Осылардың бар­лығы бір арнаға тоғыса келе, ұлтты ұйыс­тыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға қыз­мет етіп жатыр.

 

Аида БАЛАЕВА,

Ақпарат және қоғамдық

даму министрі