• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Өнер 15 Шілде, 2021

Көрермен күткен керуен

477 рет
көрсетілді

Биыл Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры қазақ труппасының құрылғанына 30 жыл толды. Ел тәуелсіздігін алған жылы қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы ғалым, композитор, ұстаз, академик Ахмет Жұбановтың туған жерінде бірнеше өнер ұжымы ашылып, жұмысын бастаған болатын. Соның бірі осы қазақ театры еді.

Ұлттың рухани кемелденуіне, ұлт­тық және әлемдік әдебиеттің киелі сахна арқылы оқырманына жетуі­не қызмет ететін театр өнерінің бар жауапкершілігін мойнына алған ұжым алғашқы күннен бастап бұл мис­сияны түсіне білді және соның жолын­да тынымсыз еңбек етіп келеді.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасын іске асыру мақсатында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен театрдың қазақ труп­пасының құрылғанына 30 жыл толу мерекесіне орай облыста «Ұлы дала театр керуені» атты гастарольдік сапар ұйымдастырылған болатын. Бұл – театрдың жаңа жобасы. Осы жоба аясында театр ұжымы облыстағы аудан орталықтары мен ауылдарға гастрольдік сапармен барып қайтты. Жоба екі бағытта жүр­гізілді: бірінші топ Абайдың ту­ғанына 175 жыл толуына байланыс­ты ұлы ойшылдың және жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау мақсатында әдеби-та­нымдық кештер ұйымдастырды. Ал екінші бағыттағы топ көрерменге С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясын, Ұ.Есдәулеттің «Қара пима» драмасын және балаларға арнал­ған М.Әлібектің «Алдар көсе­нің сиқырлы дүрбісі» ертегісін ұсын­ды.

– Бұл жоба  мақсаты – көрер­менді рухани құндылыққа тәрбие­лей отырып, театр әлеміне қы­зы­ғу­шы­лығын арттыру, театр өне­­­рін кәсіби тұрғыда дамыту,­ қа­зақ қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттау, ұл­тымыздың мәдениетін, салт- дәс­түрін жандандыруға атсалысу, тұр­ғындардың өткен шарадан алған пікірін саралай отыра, театр өнерін өркендетудің  сратегиялық жоспарын жасау, – дейді Тахауи Ахтанов атын­дағы Ақтөбе облыстық драма театрының директоры Олжас Ибраев. 

Театр ұжымы Шалқар, Әйтеке би, Алға аудандары секілді бірнеше елді мекендегі көрерменімен қауышты. Соң­ғы бір-екі жылдықта әлемді жай­лаған қауіпті індеттің салдарынан карантиндік шектеулер жарияланып, бір-бірімен еркін араласуға да мүмкіндігі болмаған аудан, ауыл тұрғындары үшін театр­дың келуі қуанышты жаңалық болды. Театр­дың бұл жобасы осы рухани оқшау­ланудың орнын толтырғандай болды.

Маусым айының аяғында театр ұжымы Бершүгір, Шалқар, Қара­бұтақ, Ақай, Қарақобда ауылдарына барып, бірнеше қойылымды көрермен назарына ұсынды. Ал екінші топ Шалқар, Әйтеке би аудандарында «Абай әлемі» атты әдеби-поэзиялық кеш өткізді. Бұл әдеби шараның мақсаты – жастардың қазақ әдебиетіне, мәдениетіне деген қызығушылықтарын оятып, Абай шығармашылығын насихаттау. Өнерпаздар Абай өлеңдерімен қоса қазақтың халық әндерін орындап, жиылған көрерменге де ақынның қарасөздерін кезектесе оқуға мүм­кін­дік берді. Әсіресе, балалар бел­сенді болды.

– Карантиндік шектеу шаралары­ның жеңілдеуіне байланысты гас­трольдік сапарымызды аудандардан бастадық. Театрымыз өзге өңір­лерге үздік қойылымдарымен үлгі болуы керек. Бұл іс-шарамыз ең әуелі сах­на майталмандарына шығар­машылық тәжірибе сыйлады, әрі ізденіске жол ашты, – дейді театр дирек­торының орынбасары Жандос Жәумітұлы.

Гастроль аяқталар тұста театр ұжымы Алға ауданындағы Ақай, Қарақобда секілді бірнеше ауылға барып қайтты. Балаларға арналған Мейіржан Әлібектің «Алдар көсенің сиқырлы дүрбісі» ертегісінде қазір­гі шетелдік мультфильмдердің Өр­мекші адам, Макуин, Маша секілді кейіпкерлері де сахнаға шыға­рылған болатын. Оны көрген балалар өздері образға кіріп, мәз болысты.  Ал кешкі уақытта таяуда ғана театрда премьерасы өткен Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» психологиялық драмасы ұсынылды.

– Ел арасында түрлі проблема болады. Көрермен бұл қойы­лым­­ды ықыласпен тамашалады. Көрер­меннің пікірін тыңдап, қоғам­дағы «маскүнемдік» мәселесі­нің ешқашан ескірмейтіндігін байқадық, – деді театр директорының орынбасары Жандос Жәумітұлы.

Ал осыдан бірнеше ай бұрын режиссер Айдын Салбанов сахна­лаған Барзу Абдуразаковтың «Айна­лайын» драмасында екі кейіпкер ғана бар: ана мен бала.

– Қойылымда ана рөлін сомдаған актриса Майра Ильясованың бұл образы ерекше болды: актриса жүре­гі нәзік те, қайсар ана рөлін өз биігінде орындап шықты. Ана мен бала­ның диалогы әрбіріміздің жүре­гіміз­дің түкпірінде жатқан сезім­дерді оят­қандай болды, – дейді көрермендер.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ