• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Президент 06 Қыркүйек, 2021

Цифрландыру көлеңкелі экономиканы әшкерелейді

472 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында цифрлы технологияларды белсенді енгізу арқылы елдің бәсекеге қабілет­тілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Терең цифрландыру отандық бизнесті дамытуға мүмкіндік береді және тауарлардың «көлеңкелі айналымына» қарсы күрестің ең тиімді әдістерінің бірі болуға тиіс.

Елдегі «көлеңкелі эконо­миканың» үлесі 23,5 пайыз дең­гейінде екені белгілі. Біздің ел бұл көрсеткішті Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің деңгейіне дейін – 15-17 пайызға дейін төмендетуге ниетті. Айналымды ашық ете отырып, кедергісіз сауданы қамтамасыз ету маңызды. Контрафакт елден елге өтіп кетпеуі керек.

Бүгінгі таңда жаһандық цифр­ландыру процесінде тауарларды цифрлы таңбалау және қадағалау қойылған міндеттерге қол жеткізу триггерлерінің бірі болып саналады. Себебі таңбалау – тиімді басқарудың маңызды факторы. Ол онлайн режімде алынған нақты және объек­тивті деректерге негізделген бас­қару­шылық шешімдер қабыл­дауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, тауарлар қозғалысының барынша ашықты­ғына байланыс­ты цифр­лы таңбалау кәсіпкерлер үшін тәуе­келдерді азайтып, бизнесті жос­­пар­­лаудың дамуына едәуір әсер етеді.

Қазақстанда алдымен темекі өнім­дерін цифрлы таңбалау басталды. Саланың өзі дайын болғандықтан, осы жоба қолданды. Әрі қарай аяқ киімді, одан кейін фармацевтикалық препараттарды цифрлы таңбалау жоспарланып отыр. Еуропа елдері дәрі-дәрмектерді таңбалап жатыр. Сонымен қатар пандемия жағ­дайы бұл процестің қажеттілігі мен маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Дәрілерге сұраныс артып, көптеген жалған препараттар нарықты жаулап алды. Ал оларда цифрлы Data Matrix коды болуы керек. Сонда дәрі-дәрмектің контрафакт емес екендігіне бірден көз жеткізуге болады.

Жалпы, нарыққа жүргізілген талдау контрафактілік көлем бойынша жеңіл өнеркәсіп пен аяқ киімнің алда екенін көрсетті. Аяқ киім нарығының 48 пайызы «көлеңкеде» жатыр. Ал жеңіл өнеркәсіптің 63 пайызы «көлеңкелі айналымда». Сондықтан цифрландыру процестерін белсенді енгізу қазіргі уақытта «көлеңкелі экономикамен» күресудің тиімді жолдардың бірі болатыны даусыз.

 

Бикеш ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры