• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 06 Қыркүйек, 2021

Вирусолог мамандарды даярлайды

189 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен (БҚПҒЗИ) бірлесе отырып, вирусолог мамандарды даярлайтын болады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша жоғары оқу орны осы бағытта магис­транттар мен докторанттарды оқытады. Министр әлемдік пандемия эпидемиология және вирусология саласындағы мамандарды даярлау қажеттілігін айқындай түскендігін атап өтті.

Еске сала кетейік, дәл осы БҒМ БҚПҒЗИ-ның қызметкерлері отандық COVID-19 вакцинасын әзірлеген болатын.

Ұлттық жоғары оқу орнының ректоры Ж.Түймебаев пен Биоло­гиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ бас директоры К.Закарья тиісті келісімге қол қойды. Қазір ҚазҰУ ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, вирусология саласында жаңа білім беру бағдар­ламасын әзірледі.

«Алғаш рет әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универси­теті Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерт­теу институтымен бірлесіп, вирусолог мамандарды даярлайтын болады. Аталған бағытта бұ­рын-соңды бакалавриаттың ұқ­сас білім беру бағдарламалары бо­йынша оқыған жоғары оқу орындарының түлектері оқи алады. Олар ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің базасында әрі БҚПҒЗИ BSL-2 және BSL-3 зертханаларында білім алатын болады. Вирусологтерді даярлау кезінде студенттердің тео­риялық қана емес, практи­ка­­лық білім алуына басты назар аударылады. Жетекші вирусо­логтер зерттеу мен диагности­каны қалай жүргізу қажет, вирус­тың жаңа түрлерін қалай анық­тау керектігін көрсетіп, өз тәжі­рибе­лерімен бөліседі. Сон­дай-ақ білім алушылар моле­куляр­лық биология, биохимия, мик­робиология әдістерін мең­­ге­реді», деді Білім және ғы­лым ви­це-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Практикалық сабақтар басым болғандықтан, студент­тер БҚПҒЗИ базасында тәжіри­бе және тағылымдамадан өте­ді. Инс­титут ғалымдары, соның ішінде коро­навирусқа қар­сы вакцина жаса­ған ғалымдар вирусология, био­логия және биотехнология сала­сында прак­тикалық сабақтар мен се­минарлар өткізеді. Оқуды үздік аяқ­таған түлектер одан әрі био­ло­гиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу инс­титутына жұмысқа орналасуы мүмкін.

Алдағы уақытта ғылыми-зерттеу институты базасында докторлық жұмыстарды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес құрылады. Ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын жүргізу кезінде әдіс­темелік-консультациялық көмек көрсету үшін шетелдік ғалым­дарды тарту көзделіп отыр.

Биологиялық қауіпсіздік проб­­лемаларының ғылыми-зерт­теу институты мамандарының био­логиялық қауіпсіздік, биотехноло­гия, вирусология, микробиоло­гия, иммунология саласында мол тәжірибесі бар екенін атап өт­кен жөн. Институт ғалымдары пре­параттардың 60-тан астам атауын, оның ішінде 30 вакцина, 16 тест-жүйе және 15-тен астам түр­лі биопрепараттарды әзірлеп, енгізді. Соңғы 10 жылда институт аса қауіпті ин­фек­цияларға қар­сы вакциналарды, оның ішінде отандық QazVac вакцинасын да­йын­дау технологиясын жасады.