• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Қыркүйек, 2021

Қазақстанның тәуелсіз рейтингін растады

231 рет
көрсетілді

Жуырда S&P халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан Респуб­ликасының тәуелсіз кредит рейтингін «ВВВ» деңгейінде растады, болжамы «Тұрақты».

S&P сарапшыларының баға­лауынша, Қазақстанның рейтингін қолдаған негізгі факторлар – бұл тұрақты фискалдық және сыртқы резервтер. S&P сарапшылары өз­гер­мелі айырбас бағамының режімі экономиканың 2020 жылы мұнай бағасының күрт төмендеуіне байланысты пайда болған сыртқы қы­сымға бейімделуге көмектескенін атап көрсетті.

Біртіндеп жүргізіліп келе жатқан фискалдық шоғырландыру, Ұлттық қордан бюджетке трансферттер көлемін шектейтін фискалдық ере­­жені енгізу және мұнай өндіру кө­лемінің ұлғаюы Қазақстанның сыртқы позициясын нығайтуға әсерін тигізеді.

S&P пікірі бойынша, 2021 жыл­дың қорытындысы бойынша ин­фляция 8,5%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш ынталандырушы фис­кал­дық саясаттың әсеріне, импорт­та­латын тауарлар бағаларының өсуіне, сондай-ақ азаматтардың зей­­нет­ақы жинақтарын мерзімінен бұ­рын шешуіне байланысты.

Агенттік Ұлттық банктің ашық- ­тығын арттыруы, атап айт­қанда, Ұлттық қордың ва­люталық операцияларын жария­лау, Ұлттық банктің Қаржы министрлігімен кірістілік қисығын құру бойынша бірлескен жұмысы, қаржылық реттеу функциясын Ұлттық банктің өкілеттігінен бөлу сияқты шаралар ақша-несие саясатына сенімділікті арттыратынын атап өтті.

S&P сарапшыларының пікі­рінше, Ұлттық банктің 2025 жыл­ға дейін экономиканы қолдау бағ­дар­ламаларынан шығу орталық банктің тиімділігін арттыруға кө­мектеседі.

S&P болжамына сәйкес, Қазақ­стан экономикасының өсу қарқы­ны 2021 жылы 3,5%-ды құрайтын болады және оны шикізаттық емес сектордың өсуі, шектеулердің жұм­сартылуы есебінен экономикалық белсенділіктің қалпына келуі, ин­вес­тициялардың өсуі, негізгі сау­да серіктес елдеріндегі іскерлік бел­сенділіктің қалпына келуі қамта­масыз ететін болады.

 

«Егемен-ақпарат»