Елдің рухын серпілтіп, еңсесін көтерген, елдігіміздің ерен үлгісін әлемге паш еткен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асқаны баршаға мәлім.
Нақты айтар болсақ, осыдан 18 жыл бұрын Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік бағдарламасын жария етіп, сұрыпталған Тұжырымдама бойынша айқындалған басым бағыттарды толық атқарып шығуды Үкіметке тапсырған болатын. Осы іске негіз болған басты міндеттердің бірі – әлемдiк ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттiң таңдаулы жетiстiктерi негiзiнде гуманитарлық білім берудiң мемлекеттiк тiлдегi толыққанды қорын құру еді.
Бұл орайда, жоғарыда атап өткеніміздей әлемдік ой жетістіктерін аудару арқылы қазақстандық қоғамның әлеуетін арттыра отырып, тарихи мәні зор ұлттық мәдени мұра қатарына жататын сирек кездесетін отандық қолжазбалар мен құнды кітаптарды жарыққа шығару нәтижесінде, еліміз тарихының беймәлім беттері айқындалды.
Атап өтер болсақ, бағдарламаны іске асырудың алғашқы екі жылында 218 аталым кітап әзірленіп, жарыққа шықты. Осының ішінде: «Қазақ әдебиетінің тарихы» 10 томдығының 9 томы жарық көріп, «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясы бойынша 34 том кітап қазақ тілінде, «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы», «Әлемдік философиялық мұра», «Батыс дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» жобаларының әрбірінің 10 томдығы, «Қазақтар құқығының ежелгі әлемі» сериясының 8 томы жарық көрді. Ұлт тарихында бұрын-соңды мұндай орасан бай, рухани қазына жарық көрген жоқ.
2007 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру жөніндегі қоғамдық Кеңес мүшелерімен кездескен Елбасы Н.Назарбаев, жоғарыда атқарылған рухани және ағартушылық қызметтерге қанағаттанарлық деңгейде баға беріп, сонымен бірге еліміздің мәдени мұраларын сақтау және тиімді пайдалануда үлкен жұмыс атқарылғанын атап өтті.
Осылай Тұңғыш Президенттің қолдауына ие болған рухани-мәдени ағартушылық жұмысы Бағдарламаның әрі қарай жалғасын тауып, орыс, ағылшын және қазақ тілінде «Қазақстан Республикасы» ұлттық энциклопедиясы, «Синонимдер сөздігі», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі», «Қазақстан археологиясы», «Қазақстанның орта ғасырдағы қалалары» қатарлы кітап-альбомдар көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туындыларға Бағдарлама логотипі қойылып, біртекті дизайнмен безендіріліп, көркемдік, техникалық және полиграфиялық жағынан жоғары дәрежеде жасалды.
Бағдарлама аясында аса мән берілген бағыттың бірі – «Әлем әдебиетінің кітапханасы» сериясы бойынша: Джорж Байронның «Чайльд Гарольдтың сапары. Қабыл. Теңіз көкжалы», Оноре де Бальзактың «Шегірен былғарысы», Мулуд Маммеридің «Апиым мен таяғы», Уильям Шекспирдің «Трагедиялар мен сонеттері», Гетенің «Фаусты», Эрнест Хемингуэйдің «Қош бол, майданы», Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтары», Владимир Набоковтың «Машенька» және «Лужин қорғанысы» атты әлемдік жауһарлар қазақ оқырмандарымен қауышса, «Қазақстан тарихы» сериясы бойынша көптеген құнды жазба деректер араб, парсы, түркі, қытай, манжур, шағатай, моңғол, көне славян және батыс тілдерінен аударылды.
Сондай-ақ «Қазақстанның тарих және мәдениет мәселелері» сериясы бойынша жүздеген тиражбен 442 аталым кітап жарық көрді. Бұл туындыларға жеке-жеке тоқталар болсақ, «Әлемдік тарихи ой сана» 10 том, «Қазақстан тарихы ежелгі дүние шығармаларында» 2 том, «Қазақстан тарихы ІХ-ХVІІ ғасырлардағы араб дереккөздерінде» 3 том, «Қазақстан тарихы V-ХVІІ ғасырлардағы иран-парсы дереккөздерінде» 5 том, «Қазақстан тарихы ХV-ХХ ғасырлардағы түркітілді дереккөздерде» 5 том, «Қазақстан тарихы қытай дереккөздерінде» 5 том, «Қазақстан тарихы моңғол дереккөздерінде» 3 том, «Қазақстан тарихы ХVІ-ХХ ғасырлардағы орыс дереккөздерінде» 10 том, «Қазақстан тарихы ХІІ-ХХ ғасырлардағы Батыс дереккөздерінде» 10 том, «Әлемдік философиялық мұра» 20 том, «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы» 10 том, «Әлемдік әлеуметтану ой-санасы» 10 том, «Әлемдік саясаттану ой-санасы» 10 том, «Экономикалық классика» 10 том, «Әлемдік психология» 10 том, «Әлемдік психология ой-санасы» 10 том, «Ерте дүниеден бүгінге дейінгі қазақтың философиялық мұрасы» 20 том, «Батыс философиясы», «Шығыс философиясы», «Антика дәуірі философия үлгілерінің қазақ тіліндегі аударма мұрасы», «ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдағы Батыс және Қазақстан кәсіби философиясы», «Орта ғасырлық ислам-түрік және Жаңа дәуірдегі Батыс философиясы», «Қазақстан ХІХ ғасыр суретшілерінің шығармаларында», «Қазақстан Мемлекеттік Орталық музейінің археологиялық коллекциясы: Сақтар мен Үйсіндер мәдениеті», «Қазақстан Мемлекеттік Орталық музейі қорындағы бірегей қолжазбалар мен басылымдар», «Қазақ Алтайының көне қазынасы», «Есік қорғаны мұралары» қатарлы құнды еңбектер әрқайсысы бір-бір том болып шықса, «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» қазақ және орыс тілінде 2 том, «Әлемдік өнертану тарихы» және «Қазақ өнерінің тарихы» әрқайсысы 3 том, «Қазақстан архитектурасы» 8 том, «Психология» 5 том, «Қазақ музыкасының антологиясы» 8 том, «Әлемдік әдебиеттану», «Әлемдік өнертану», «Әлем фольклористикасы» әрбірі 3 том болып баспадан шықты.
Сонымен қатар «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» сөздігін дайындау жұмысы да қолға алынды. Осы мақсатта, үйлену әдет-ғұрпы; бала тәрбиелеу дәсүрі туралы; діни әдет-ғұрыптар мен мерекелер; қазақтардың нанымдары мен танымдары; отбасылық, шаруашылық, өндірістік және қолөнер, т.б. тақырыптарда ғылыми әдебиеттер зерделеніп, қажет материалдар жиналса, Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық мұражай «Қазақ халқының тарихи антропологиясы» атты монографияны баспадан шығарды. Бұл еңбекте Қазақстанның ежелгі және қазіргі тұрғындарына жүргізілген кешенді антропологиялық зерттеулер негізінде ежелгі қоныстанушылар мен қазіргі қазақтар арасында 40 ғасырға созылған антропологиялық даму мен генетикалық тұқым қуалаушылық үрдісі алғаш рет ғылыми дәлелін тапты.
Жыл сайын Қоғамдық кеңес негізінде құрылған секциялар жұмысы ғылыми-зерттеу институттарының ұсыныстарын зерделеп, ғылыми ортаның тілектерін ескере келе, «Әл-Фараби шығармалары» 10 том, «Қазақ хандығының тарихы мен мәдениеті туралы қытай архивтеріндегі құжаттар» 2 том, «Әдеби жәдігерлер» 20 том, «академик Әлкей Марғұланның шығармалары» 14 том, «Шоқан Уәлиханов шығармалары» 6 том, «Қазақ музыкасының антологиясы» 8 том, «Қазақстан сәулет өнерінің тарихы» 10 том, академик Салық Зимановтың ұсынысымен «Қазақ құқықтануының көне әлемі» 10 том, «Тарих және мәдениет ескерткіштер жинағы» 5 том болып, сондай-ақ Қазақстан бейнелеу өнерінің классиктері Әбілхан Қастеев, Сергей Калмыков, Орал Таңсықбаевқа, өнер тарландары Ғазиза Жұбанова және Әзірбайжан Мәмбетовке арналған жеке-жеке альбомдар аталған Бағдарлама арқылы жарыққа шықты. Сонымен қатар Қазақстан тарихы өнертану, мәдениеттану, тарихи-мәдени аспектілерін қамтитын жинақтар мен ғылыми еңбектердің баспа серияларын әзірлеу мақсатында құрылған «Тұран мұрасы» жобасын жүзеге асыру жоспарына сәйкес «Арал-Каспийдің тарихы мен мәдениеті» атты бірінші кітап шығып, «Сарыарқа – дала өркениетінің бесігі» атты ғылыми жинаққа материалдар әзірлеу аяқталды. Бұл жинақ «Тарих», «Археология», «Этнография», «Өнер. Сәулет. Музыка» атты бөлімдерден тұрды.
Бағдарламада көрсетілген басым бағыттар қатарына жататын саланың бірі ғылыми энциклопедиялық туындылар десек, бұл орайда «Қазақстан ғылымы» энциклопедиялық анықтамалығы; «Ислам» энциклопедиялық сөздігі; «Қазақ мәдениеті» энциклопедиялық сөздігі; «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық сөздігі; «Қазақстан тарихы» энциклопедиялық сөздігі; «Қазақстан топонимикасы» энциклопедиялық анықтамалығы; «Экономика» энциклопедиялық анықтамалығы, т.б. құнды кітаптар жарық көріп, бұл туындылардың кейбірі орыс тіліне аударылып шығарылды.
Оған дейін тәуелсіз мемлекет ретінде жаңадан дайындалған «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы» атты 10 томдық іргелі еңбек жарық көріп, ол барлық еліміз кітапханаларына, кітап дүкендеріне таратылды. Келесі кезекте аталған энциклопедияның ықшамдалған нұсқасын 5 том етіп орыс тілінде дайындау ісі ойдағыдай атқарылды.
«Алғаш Бағдарламаның іс-шарасына бекіткен тұста жоғарыда атап өткен кітап «қазақ тілінде дайындалсын» деген пәрмен болды. Алайда қолжазбаларды әзірлеу барысында ішінара өзгерістер енгізілді. Яғни бірер серияларды орыс тілінде шығаруға мәжбүр болдық. Оның да объективті себептері бар-тын. Оған кейбір шет тілдерінен тікелей қазақша аударатын аудармашы тапшылығы әсер етті. Сондай-ақ Бағдарламаны атқаруға бөлінген уақыт шектеулі болғандықтан, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, кейбір серияларды тездетіп түпнұсқадан орысшаға аударғанды жөн санадық. Әйтеуір орысша мәтіні дайын тұрса, кейін қазақшалай жатармыз деп шештік. Сөзімізді түйіп айтар болсам, осы жылдар ішінде таралымы екі миллионға жететін алты жүздің үстіндегі аталым кітап пен альбом жарық көрді», дейді «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының сол кездегі жауапты хатшысы, танымал қаламгер Әлібек Асқар мырза.