Бұл – Жорж Брактың жаздағы жан толқыны. Картинадан теңіздің жұпары аңқиды. Жалғыздықтан жалтарып кете алмайсыз. Ақиқаты осы. Өнерде бәрі оңаша. Сол ауыр да азапты жолда жұмсаған уақытыңыздың құнын осындай ғажайып туындылар өтейді. Міне, көңіл мерекесін теңізден тапқан суретшінің ғажайыбы осында. Теңізде де түйсік бар. Сенбесеңіз, «Эстактағы үйге» қонаққа келіңіз!
Франциядан шыққан әйгілі суретші Жорж Брак 1908 жылдан бастап өзінің импрессионизмге деген құмарлығынан және фауистік стильдегі кейінгі жұмыстарынан үзілді-кесілді бас тартты. Неге дейсіз ғой!? Оның көңілі Еуропа өнерінің басым тенденцияларын көрсететін революциялық кубизмге ауды. Ең ғажабы, ол осы стильде өзін тапты.
Аспан түстес теңіздің тәкаппар мінезі жан көзесін шайқайды. Ұйытқыған желмен арпалысқан ақжал толқындар жағаға барып жан тапсырады. Бояулар жалған өмірдің жаршысындай буырқанады. Көздің мөлдір тамшысындай езіледі. Бұл – момақан Марсельдегі ежелгі Эстак жағалауы. Жо-жоқ, жай жағалау емес, суретші біткеннің сүйікті мекені.
Суретші Ж.Брак теңізге қылқаламын малып, тағдыр көріністерін таспалауға құштар. Ол осы бейсау тыныштықтан беймәлім ләззат алатындай әлдебір ән ырғағына бой жазады. Кубизм идеяларынан нәр ала отырып, жан толғанысын жеткізеді. Содан да болар, табиғат пейзаждары мен қала тақырыбына келгенде өзін құстай еркін сезінеді.
Картинада шебердің кеңістік геометриясын қалай қызықтағаны және алдағы перспективалардың құрылысын мұқият зерттегені анық байқалады. Автор үйдің әрбір кескіні үшін текше пішінді басты деталь ретінде пайдаланды. Суық түстердің матасу әдісін қолдана отырып, бұлыңғыр ойлардан қашуға тырысты.
Құм реңкті, үш бұрышты аласа ғимараттар жарықты шебер ойнатудың нәтижесінде кенеп бетінде тегіс көрінеді. Картинаның жоғары бұрышындағы ағаш бұтақтары мен жапырақтар геометриялық иллюстрация түзген. Қызығы, олар композициялық орталықта жинақталған және суреттің шекарасынан тыс кеңістікпен үйлеседі.
Қылқалам шебері Эстак жағалауында өткен жазға арнап кубизм стилінде алты сериялы картина жазады. Алайда бұл шығармаларды оқырман бірден қабылдаған жоқ. Суретші мұны ескеріп, туындыларын жеке көрмесінің алғашқы сөресіне жайғастырды. Ондағы мақсат – кескіндеменің жаңа үлгісіне көрерменді бейімдеу. Яки авторлық шешімдерді радикалды түрде қабылдануға дайындау.
«Эстактағы үй» картинасы – кубизмнің дамуында және оны басқа бағыттағы сыншылар мен суретшілердің мойындауында маңызды рөл атқарған туынды. Сонысымен әйгілі.